» » » ҰЛТТЫҚ РУХ ПЕН ПАРАСАТ БИІГІ

ҰЛТТЫҚ РУХ ПЕН ПАРАСАТ БИІГІ

2025 жылы қазақ халқының маңдайына біткен дара тұлғасы, әлемдік деңгейдегі ойшылы Абай Құнанбайұлының туғанына 180 жыл толып отыр. Екі ғасырға жуықтаған уақыт – ұлт тарихындағы айтулы белес, рухани құндылықтарымызды қайта саралайтын, Абайдың мұрасын жаңа қырынан танып, терең түсінуге арналған тарихи мүмкіндік. Абай – қазақ халқын ғасырлар көшінен адастырмай алып шығатын шамшырақ. Оның шығармашылығы мен дүниетанымы қазақ халқының рухани ұйытқысы, моральдық бағдаршамы болып қала береді. 180 жыл бұрын жарық дүние есігін ашып, халқының салтсанасына төңкеріс жасаған Абайдың ой-тұжырымдары бүгінгі таңда да өзектілігін жоғалтқан жоқ. Себебі Абай өмірі – ұлтымыздың айнасы.
Ақынның азан шақырып қойған есімі – Ибраһим. Абай – әжесі Зеренің еркелетіп қойған аты. Кейіннен бұл есім қазақ халқының өзіндік болмыс-бітімін танытатын кескін-келбетіне айналды.
Ақынның әкесі Құнанбай Өскенбайұлы өз заманының аса ықпалды биі, ірі реформаторы болды. Әжесі Зере мен анасы Ұлжан – қазақ әйелінің кемел үлгісі. Кішкентайының әжесінің тәрбиесінде болып, бойына ұлттық құндылықтарды сіңіріп өскен Абай имандылық пен парасатты, тіл мен ділді, шешендік пен даналықты терең меңгерді. Әкесі Құнанбайдың нұсқауымен Семейдегі діни медреседе жәдидтік бағытта, сонымен бірге орыс мектебінде білім ала жүріп, Абай өз заманындағы ең білімді, зерделі тұлғаға айналды.
Абай шығыс поэзиясы мен түркі философиясын терең меңгерумен қатар, орыс және Батыс Еуропа классиктерін де оқып-білді. А.Пушкин, М.Лермонтов, И.Крылов, И.Гете, Дж.Байрон сынды ұлы тұлғалардың еңбектерін аударып, қазақша сөйлетті. Осылайша қазақ әдебиетін әлемдік өркениетпен ұштастыруға тұңғыш болып талпыныс жасады.
Абайдың ақындық мұрасы – әдебиетіміздің алтын діңгегі. Оның қаламынан туған жырлар терең мағынаға, ұлт тағдырына, адамзаттық мәселелерге толы. Абайды оқыған сайын, жаңа бір қырынан танып, ой тереңіне бойлай түсесің. Абай әлемін мәңгілік руханият кеңістігі ретінде қарастырсақ та артық емес.
Абай шығармаларында бірнеше өзекті тақырып бір-бірімен мазмұндық тұрғыдан топтасып, бір ортаға тоғысады. Оларды жекежеке қарастыратын болсақ: білім мен ғылымға үндеу. Абай жастық шақты босқа өткізбеуге, оқу-білімді меңгеруге шақырады. Ақынның осы мазмұндағы «Ғылым таппай мақтанба», «Интернатта оқып жүр» өлеңдері – бүгінгі жастар үшін де жол көрсетер бағдаршам.
Адамгершілік пен имандылық. Абайдың «толық адам» ілімі осыған негізделген. Ақыл, жүрек, қайратты тең ұстаған адам ғана жан-жақты толысқан, рухани кемелденген, нағыз адам бола алады.
Қоғамдық сын мен жаңару идеясы. Ол рушылдық, мансапқорлық, жалқаулық, надандық секілді кесапаттарға қарсы болды. Бұған ақынның өз заманындағы кертартпалықты, парақорлықты, рушылдықты, билікқұмарлықты сынаған көптеген өлеңдері арқылы көз жеткізуімізге болады.
Махаббат пен табиғат сұлулығы. Абай табиғатты жанды бейне ретінде суреттейді. «Жаз», «Қыс», «Күз», «Желсіз түнде жарық ай» сынды өлеңдері қазақ поэзиясының жауһарларына айналды.
Абайдың қара сөздері – рухани тәлім мектебі. Абайдың 45 қара сөзі – философиялық ойлар жиынтығы, ұлт тәрбиесінің негізі. Бұл сөздерде ол жеке тұлғаның қалыптасуы, қоғамдағы әділет, дін мен білім, надандық пен жалқаулық, ұрпақ тәрбиесі туралы терең толғанады.
Абайдың қара сөздерін бүгінгі тілмен айтқанда, қазақтың рухани кодексі деуге болатын шығар. Ол жетінші қарасөзінде: «Жас бала анадан туғанда екі түрлі мінезбен туады: біреуі – ішсем, жесем, ұйықтасам деп тұрады. Біреуі – білсем екен, көрсем екен, үйренсем екен» деп баланың табиғи болмысы мен тәрбиенің маңызын саралап көрсетеді.
Абайдың қазаққа сіңірген тағы бір ерен еңбегі – аудармашылық қызметі. Ол Лермонтовтың «Теректің сыйы», «Қарасам қайғырар жұрт», «Қанжар», «Тұтқындағы батыр», «Жалғыз жалау», «Жартас», «Дұға», «Бородино» өлеңдерін, Пушкиннің «Евгений Онегин» романынан «Татьянаның хаты» үзіндісін, Крыловтың мысалдарын аудару арқылы қазақ әдебиетіне жаңа көркемдік бағыт әкелді.
Абай – ағартушы, себебі ақын білім арқылы елді оятпақ болды. Өз өлеңдерінде де, қара сөздерінде де «мал таппақтың жолын», «ар, намыс, иман» ұғымдарын қатар ұстануға шақырды.
Ол – реформатор, өйткені көшпелі қоғамның сана кеңістігін жаңартуға күш салды. Ескі көзқарас, кертартпа діндарлық, надандықпен күресті. Осы жолда көп тартыс, қарсылыққа тап болды, бірақ халқына деген сүйіспеншілігі бәсеңдеген жоқ.
Абай – әлем таныған данышпан. Абай мұрасы бүгінде халықаралық деңгейде танылды. 2020 жылы ЮНЕСКО шешімімен Абайдың 175 жылдығы дүниежүзі бойынша кең көлемде аталып өтті. Атаулы күнге орай, Үкімет қаулысымен 10 тамыз – Абай күні болып жарияланды. Осы мерейтой барысында ақынның шығармалары әлемнің 30-дан астам тіліне аударылды. Қазір Германия, Түркия, Ресей, Иран, Қытай, Франция секілді елдерде Абайға арналған орталықтар жұмыс істейді. Бұл оның әлемдік гуманитарлық ой кеңістігіндегі өзіндік орнын көрсетеді.
Абай Құнанбайұлының шығармаларын бір ғана ғылым саласында қарастыру мүмкін емес. Оның туындылары көркем әдебиеттің шоқтығы биік шығармасы болуымен қатар философиялық, педагогикалық ой-тұжырымдарды қамтиды. Белгілі бір дәрежеде тарихи шығарма ретінде бағаланады. Ақын өлеңдерінің бірқатарына ән жазыл­ды. Соңғы жиырма жыл көлемінде Абайдың бірнеше күй шығарғаны да белгілі болды. Бұл деректер оның музыка саласына өз қолтаңбасын қалдырған тұлға екендігін дәлелдейді. Сондықтан Абай туралы сөз болғанда, қазақ ғылымының бірнеше саласы бірге айтылады, бірге қарастырылады. Абай шығармалары жан-жақты талдауды, түрлі ғылыми көзқараспен талдауды қажет етеді.
Абай – қазақтың рухани шамшырағы, ұлттық танымның биігі, адамзатқа ортақ ой алыбы. Ақынның 180 жылдық мерейтойын атап өту оны ұлықтап, бүгінгі өмірімізге тірек етуді білдіреді.
Абайша ойлау, Абайша сүю, Абайша болуға ұмтылу – әр қазақтың парызы. Бүгінгі буын Абайдың үмітін ақтап, ғылым мен еңбекке, иман мен адалдыққа негізделген қоғам құруы тиіс.
Абайды оқу – өзіңді тану. Абайды тану – халқыңды сүю. Абайға оралу – болашаққа бет алу.
Лаура БАҚТЫБАЕВА,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі
13 маусым 2025 ж. 70 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№43 (10411)

14 маусым 2025 ж.

№42 (10410)

10 маусым 2025 ж.

№41 (10409)

03 маусым 2025 ж.

Оқиғалар

Әженің ашуы
02 қаңтар 2025 ж. 915
Ақсұлу

Ақсұлу

29 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Маусым 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
30