» » » АБАЙ ҚАРА СӨЗІ – ТӘРБИЕНІҢ КӨЗІ

АБАЙ ҚАРА СӨЗІ – ТӘРБИЕНІҢ КӨЗІ

Ұлы Абайды Ахмет Байтұрсынов «Қазақтың бас ақыны – Абай Құнанбаев. Одан асқан бұрын-соңғы заманда қазақ даласында біз білетін ақын болған жоқ» десе, ұлы жазушымыз Мұхтар Әуезов «Абай лебі, Абай үні, Абай тынысы – заман тынысы, халық үні. Бүгін ол үн біздің де үнге қосылып, жаңғырып, жаңа өріс алып тұр» деп бағалаған.
Абай – ақын, ағартушы, жазба қазақ әдебиетінің, қазақ әдеби тілінің негізін қалаушы, философ, композитор, аудармашы, саяси қайраткер. Сонымен қатар ол публицистикалық шығармаларын яғни «қара сөздер» жазып қалдырған дана тұлға.
Бүгінгі күні Абай шығармашылығы несімен өзекті, өміршең, қажетті деген сұрақ барша қауымды толғандыратыны анық. Дана Абайдың туғанына 180 жыл толғалы отырған тұсында да, қанша уақыт өтіп, адамзат баласы жаңа формацияға, жаңа даму сатысына көтерілсе де, тұтас бір халықтың адастырмас темірқазығы, рухани суаты, сарқылмас қазынасы болып отыр. Шындығында, ұлылардың мұрасы заман мен уақыт төрелігіне бағынбайды. Өз шығармашылығын адамзат болмысына қатысты мәңгілік тақырыптарға арқау ете білген ғұламалар уақыт өткен сайын түрленіп, толығып, құндылығы арта түсетіні тағы бар.
Абай қара сөздерінде өз өміріндегі, жалпы қазақ елінің өміріндегі кемшін тұстарды айқындап жазып, тіпті қазақтың бойындағы жаман қасиеттерді жіпке тізіп осыдан жиреніңдер деп өсиет етеді. Бір сөзінде мақтаншақтық жайлы сөз қозғаса, енді бірінде иман жайында жазады. Ал енді бірінде біздегі кең қолданысқа ие болған алайда еш мағынасы жоқ мақалдарды сынай отырып, оқырманға оның дұрыс бұрыстығын нұсқап көрсетеді. Қара сөздерінің қайсысы болсын қазақты жақсылыққа, игі істерге шақырады, жамандық пен жалқаулықтан жирендіреді.
Қайсыбірін оқысаңыз да санаңызға қозғау салып, ойыңызды шымырлата түсері анық. Тіпті білім-ғылым жайында жазылған қарасөздерден ерекше қуат алып, шабыт алатын жандар да баршылық. Әрбір қазақ азаматы осы қарасөздерді оқып шығуға міндетті деп ойлаймыз. Бірлікке, тірлікке, ізгілік пен адамгершілікке шақыратын публицистикалық шығарманы неге жаттап алмасқа?! Ақыл, жүрек, қайрат үшеуін бірге ұстап Абай атамыздың нұсқауымен жүрсек келешегіміз жарқын болашағымыз баянды болары сөзсіз.
Осы орайда редакция ұжымы мерейлі жылдың құрметіне газетіміздің әр нөміріне құрметіне газетіміздің әр нөміріне Абайдың қара сөздерін ұсынып отыруды жөн көрдік.
БІРІНШІ СӨЗ
Бұл жасқа келгенше жақсы өткіздік пе, жаман өткіздік пе, әйтеуір бірталай өмірімізді өткіздік: алыстық, жұлыстық, айтыстық, тартыстық – әурешілікті көрекөре келдік. Енді жер ортасы жасқа келдік қажыдық, жалықтық; қылып жүрген ісіміздің баянсызын, байлаусызын көрдік, бәрі қоршылық екенін білдік. Ал, енді қалған өмірімізді қайтіп, не қылып өткіземіз? Соны таба алмай өзім де қайранмын.
Ел бағу? Жоқ, елге бағым жоқ. Бағусыз дертке ұшырайын деген кісі бақпаса, не албыртқан, көңілі басылмаған жастар бағамын демесе, бізді Құдай сақтасын!
Мал бағу? Жоқ, баға алмаймын. Балалар өздеріне керегінше өздері бағар. Енді қартайғанда қызығын өзің түгел көре алмайтұғын, ұры, залым, тілемсектердің азығын бағып беремін деп, қалған аз ғана өмірімді қор қылар жайым жоқ.
Ғылым бағу? Жоқ, ғылым бағарға да ғылым сөзін сөйлесер адам жоқ. Білгеніңді кімге үйретерсің, білмегеніңді кімнен сұрарсың? Елсіз-күнсізде кездемені жайып салып, қолына кезін алып отырғанның не пайдасы бар? Мұңдасып шер тарқатысар кісі болмаған соң, ғылым өзі – бір тез қартайтатұғын күйік.
Софылық қылып, дін бағу? Жоқ, ол да болмайды, оған да тыныштық керек. Не көңілде, не көрген күніңде бір тыныштық жоқ, осы елге, осы жерде не қылған софылық?
Балаларды бағу? Жоқ, баға алмаймын. Бағар едім, қалайша бағудың мәнісін де білмеймін, не болсын деп бағам, қай елге қосайын, қай харекетке қосайын? Балаларымның өзіне ілгері өмірінің, білімінің пайдасын тыныштықпенен керерлік орын тапқаным жоқ, қайда бар, не қыл дерімді біле алмай отырмын, не бол деп бағам? Оны да ермек қыла алмадым.
Ақыры ойладым: осы ойыма келген нәрселерді қағазға жаза берейін, ақ қағаз бен қара сияны ермек қылайын, кімде-кім ішінен керекті сөз тапса, жазып алсын, я оқысын, керегі жоқ десе, өз сөзім өзімдікі дедім де, ақыры осыған байладым, енді мұнан басқа ешбір жұмысым жоқ.
16 шілде 2025 ж. 53 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№52 (10420)

15 шілде 2025 ж.

№51 (10419)

12 шілде 2025 ж.

№50 (10418)

09 шілде 2025 ж.

Оқиғалар

Әженің ашуы
02 қаңтар 2025 ж. 1 075
Ақсұлу

Ақсұлу

29 желтоқсан 2024 ж.

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Шілде 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031