ЖИЕНБАЙ ЖЫРДЫҢ ДҮЛДҮЛІ
Жырау – ауыз әдебиетінің байырғы өкілдерінің бірі. Өз заманындағы қоғамның зәру мәселелерін толғаушы, ұлы даналық ойларды өсиет етіп таратушы, қоғамның ақылман сыншысы. Сыр елі жыраулықтың туын көкке көтерген киелі мекен. Бұл аймақтан небір саңлақ жыраулар, зерделі сөздің зергері шежірешілер, сүлейлер шықты. Соның бірі де бірегейі біз сөз еткелі отырған даналықтың бастауы, өнері жеті ұрпағына сабақтасып жатқан дүлдүл жырау Жиенбай Дүзбенбетұлы бүгінде 160 жасқа толып отыр.
Жиенбай атамыз 1864 жылы Қазалы уезі, Қармақшы ауданы, Қуаңдария болысында №2 ауылда Ақтайлақ – кезеңі деген жерде дүниеге келген. Әкесі Дүзбенбет атамыз елі қадір тұтқан, сөзі өтімді, аузы дуалы жан болған екен. Анасы белгілі дүр шайыр Омар Шораяқұлының туған апасы. Нағашы атасы жиенді болдық деп атын Жиенбай қойған деседі. Бала күнінен зерек, зейінді, өнерге бейім болып өсіп, жастайынан қолына домбыра алып, ел аралап, бүкіл елге қазақ ұлтының өнерін танытқан. Жиенбай атамыз төгілтіп термелеткенде тыңдарманының құлақ құрышын қандыратын қасиетімен ерекше болған екен. Өзінің жыр бастауы әнінде:
«Сөйлеші, тілім сөйлеші,
Жан шіркіннің сауында-ай,
Дауысым бірден жүрмейді,
Төгіліп терім ағылмай.
Бүгежектеп жатырмын,
Әлі де болса жазылмай.
Сонда да тілім сөйлеші,
Төлеп мінген дөнендей
Аузыңды ашып арылдай», – деп бас тайды.
Жиенбай атамыз заманында өз жама ғайыны Орынбай молдадан ескіше хат таниды. Нағашысы Омардың жырларын жаттап, насихаттаған. Сыр бойы ақындары Ешнияз сал, Балқы Базар, Дүр Оңғар, Кете Жүсіп, Шегебай жырларын жаттап, елге таратқан жырау. Жоқшылықтың зардабын көп көрсе де, өмір тауқыметіне мойымаған. Жиенбай атамыздың жары Балшаш әжеміз Сыр сүлейлерінің бірі Даңмұрын Кенже бекұлының туған апасы екен. Жиенбай атамыз өн бойына тұнған өнерін халқына ұсынып, ел қошеметіне бөленген жан. Халық әр сәтте разылығын білдіріп, ат мінгізіп, шапан жауып көрсеткен сый-сия патына ризашылық білдіріп, алған сыйын жоқ-жітік жандарға таратып береді екен. Бірде Арқа жаққа барып, жыр жырлап, Сыр бойына қайтарда сыйға алдына үш жүз жылқы салып беріпті. Бұл хабарды Сыр елі түгел естісе керек. Жиенбай атамыз елге келем дегенше жол-жөнекей жылқыларды таратып, үйге өзінің астындағы шолақ жорғасымен келіпті. Мұны білген ауылдың би-болыстары Жиенбайды сынамақ болып, ескертпестен қонаққа келіпті. Шәй ішіліп, біраз әңгіме-дүкен құрған соң қонақтар қозғалақтап, кетуге сыңай танытады. Сыртқа шықса бір тайқазан ет қайнап жатыр екен. Сөйтіп Жиенбай атамызды сыннан сүріндірмек болған биболыстардың алдында атамыздың сағын сындырмай, мерейін үстем еткен зайыбы Балшаш әжеміз екен. Астына мінген жалғыз атын сойдырып, Жиенбай ұяттан өлгенше, құдай жолы болсын деп, қазанға салдырыпты. Не деген көрегендік!
Әйел – ананың құдіреті, осынша ерлігі жайлы бүгінгі аналар, келер ұрпақ оқып, танып, тәлім алса екен. Балалары көп тұрмаған соң Балшаш анамыз өзінің келісімімен атақты атамыздың Ұлжан анамызбен бас қосуына себепші болыпты. Ұлжан анамыз өмірге төрт перзент әкеледі. Рүстембек, Марқыма, Алқыма, Дастанбек, атты балалары өмірге келеді. Рүстембек атамызды Балшаш әжеміз етегіне салып, айрықша ықыласпен бауырына басыпты. Дастанбек 1942 жылы соғыста Сталинград шайқасында ерлікпен қаза табады. Дастанбек әкеміздің де дауысы ерекше зор болған деседі. Құрдастары Дастанбек қолына домбыра алса, «Әй, Дастанбек көк ішегіңді ақтар» деп әзілдейді екен. Рүстембек әкеміз бала күнінен қолына домбыра ұстап, жыр жырлайды. Он екі жасынан бастап үлкен топ алдында жыр жырлаған. 1917 жылы атақты Шоңай бидің асы болып, осы асқа Жиенбай атамыз 12-13-тер шамасындағы баласы Рүстембекті жырлатады. Үш жүздің билері жиналатын бұл аста Жиенбай атамыз белгілі билер отырған ақ боз үйге кіріп, «Уа, ағайын, мына тайды бірінші рет бәйгеге қосайын деп отырмын» деп бала жырау Рүстембекті таныстырады. Он екі жасар жырау бала қолына домбырасын алып, кең дауысымен қайырған кезде отырған жұртты аузына қаратыпты. Түн ортасы ауғанша жырлаған бала жырауға тамсанбаған жан қалмады деседі. Түн ортасы ауа бере Жиенбай атамыз домбырасын қолына алып, үсті-үстіне жырды төге орындағанда тыңдаушылар үйге сыймай, сегіз қанат үйді көтеріп жіберген деседі. Осылай Рүстембек атамыз қасиетті баба дәстүрін жалғастырды. Рүстембек атамыз жыршы, ақын, композитор болған. Оған дәлел «Ақтолғай», «Жаным Моншан» әндерінің өміршеңдігі әлі сахнадан түскен жоқ. 1937-1938 жылдары қуғын-сүргіннің қызып тұрған уақыты ғой. Қазақстанның тұңғыш прокуроры, қоғам қайраткері Сүлеймен Есқараевпен туыстық қатысы бар еді. Ол кісі «халық жауы» болған соң, С.Есқараевтың туысы деген желеу сөзден аулақтап, нағашы жұрты керейттерге қоныс аударады. Атамыз небір дүбірлі тойларға қатысып, баба дәстүрін қастерлеп, халқына жеткізген жыршы. Рүстембек атамыздың әйелі – Әнапия әжеміз. Рүстембек атамыздан Ыдық, Ерші апаларымыз, Көшеней, Бидас ағаларымыз тарайды. Атадан балаға жалғасқан қасиетті өнер Көшеней, Бидас ағаларымыздың бойына қонақтайды. Көшеней ағамыз талантты жыраудан дүлдүл жырауға айналды. Өзінің мұғалім дік қызметіне қосып бабадан қалған асыл мұраны бойтұмардай құрмет тұтты. Моск ва қаласына үлкен білім ордасына барып 1971-1973 жылдары КСРО Ғылым Академиясы А.Горький атындағы дүние жүзі әдебиеті институтының аспирантурасында оқиды. Ондағы мақсаты – бабадан қалған асыл мұраны, өрелі өнерді жаңғыртып бүкіл әлемге паш ету еді. Осы оқуда жүргенде арнайы шақыртумен Алматы қаласында өткен Жыр алыбы Жамбылдың 125 жылдық мерейтойына қатысып, жырдан шашу шашады. Жыр жырлағанда әртүрлі мақамға салып түрлендіре айтып, құбылта жырлауына таңғалған 80 жастағы павлодарлық ақын Бұхар жыраудың ұрпағы Жүнісбек Жолдинов өз ризашылығын былай суреттеген екен:
«Жырлағанда Жиенбай,
Құлақтың құрышын қандырған
Өрен өнер өшпепті,
Ұрпағына қалдырған.
Тыңдаушысын баурады,
Ақындарды арбады.
Бұл не деген сыбызғы,
Есімізден тандырған.
Ата жолын қуыпты,
Бала жырау балдырған.
Жиырма үште жасы бар,
Таңдайдан бал тамдырған.
Домбыраны қолға алып,
Сұлу сөзін салмақтап.
Жалықтырмай жиынды,
Тақылдады тақпақтап.
Соғылды сарт-сұрт алақан,
Көтеріп кетті бұл жақты.
Сәбит, Ғабит, Ғабдуллин,
Оларда жатыр мадақтап.
Ата-анасына мың алғыс,
Өсірген екен ардақтап.
Көрұғлыны айтса Көшеней,
Келістіріп кестесін.
Сыбызғы болып сайрайды,
Қобландыны айтса Көшеней,
Қобыз алған қолына,
Нысанбай болып сайрайды.
Домбыраны қолға алса,
Қамбар мінген бедеудей,
Қолды-аяққа тұрмайды,
Дарындыға дауа жоқ,
Талапсызға қонбайды.
Үлкен өнер көргенмен,
Оқығанменен ұл мен қыз,
Дәл осындай болмайды.
Тереңнен жырлар сайлаған,
Бұлбұл болып сайраған,
Кетеден шыққан не саңлақ,
Сырдың бір бойын жайлаған.
Көшеней ұқсап айтады,
Айтыңдаршы қай балаң,
Бұхар жырау ұрпағы,
Мен берейін батамды.
Жиенбай жырау ұрпағы,
Ұмытпа біздей атаңды.
Өткен күннің бәрі ойда,
Шыққан еді ақын әр жайда,
Мәшһүр Жүсіп атақты,
Тұрмағамбет ол қайда.
Олардың сөзін сайраттың,
Мұндай бір тәтті тіл қайда?
Өзіңнің әкең Рүстембек,
Арғымақтай асыл тек.
Жыраулармен жарысқан,
Талай тойда жекпе-жек.
Ата көрген оқ жонар,
Ана көрген тон пішер.
Олардан мұра қалмаса,
Аламыз қайдан үлгіні?
Бас бәйгеге қосамын,
Сырдан бір шыққан сәйгүлік.
Көшеней атты құлынды,
Атаңа ұқсап ұл болдың.
Алғаш көрдім түріңді,
Сексен жасқа келсем де.
Еңбектесем де барар ем,
Естісем егер бұрынды.
Көп жасаған қарт едім,
Шашпайтын досқа сырымды.
Сыпайы жүрген сыншы едім
Айтатұғын шынымды,
О, халайық, қараңдар,
Арқасында өнердің.
Жұрт танысын ұлымды,
Жыраулық туын көтеріп,
Көшті бастап Көшеней,
Саған бір арттым сенімді», – деп дарындылығын даралап, Жиенбай атасынан мұра болған асыл қасиеттің тот баспаған саф алтындай жарқырай түскеніне риза болып батасын берген екен. Көшеней ағамыз түн ұйқысынан шошып оянатын көрінеді. Анасы Әнапия әжеміз «Балам не болды?» деп бәйек болады. Сонда «Бір жолбарыс келіп жауырынымнан тістеп жатыр екен, содан шошыдым» дейді. Анасы мұның мәнін түсіндіріп, «жолбарыс сенің Жиенбай атаңның демеуші аруағы еді, енді жыраулық саған ауысты, балам» деген екен. Көшеней ағамыз Сыр бойының шайырлары Базар жырау, Кете Жүсіп, Шораяқтың Омары, Тұрмағамбеттің шығармаларымен қатар «Көрұғлы», «Қыз Жібек», «Рүстем-Дастан», «Қобыланды батыр» жыр-дастандарының төрт түрлі музыкалық әуенін нотаға түсіреді. Жырау лық өнерімен қатар «Құлагер» поэмасына қойылған «Ас» фильмінде Ақан серінің баласы рөлінде ойнайды. Талантымен танылған, қазақтың жарық жұлдызына айналған Көшеней ағамыз 1973 жылы 9 наурызда дүниеден озды. Исі қазақ күңіреніп, қабырғасы қайысты.
«Мен едім көкке бойлай жанған жалын,
Тыңдамас қиындықтың ақты жарын.
Жиенбай жырау атам асқақ жырмен,
Халқынан аямаған тіл мен жағын.
Өз әкем Рүстембек тыңдаушыға,
Орнатқан сұлу ән мен бұлбұл бағын.
Солардың ізін қуған ізбасармын,
Киіктей кетпейтұғын тастап қағын».
Осындай жалын жүректі жанды халқы сағынышпен еске алуда. Талай Әна пия әжеміздің батасын алдық, Жұпар жеңгеміздің шайын іштік. Жұпар жеңгеміз мінезге бай, өте ибалы жан еді. Еңсені басқан ауыр қайғыдан кейін халықтың өтінішімен араға біраз уақыт салып Бидас ағамыз қолына домбырасын алды. Асыл мұраны жалғастырған Бидас ағамыздың жырсүйер қауым ортасында алатын орны ерекше. Жиенбай жырау мектебінен дәріс беріп, қаншама шәкірттерді түлетті. Өте ақжарқын, бауырмал, өнердің жанашыры Бидас ағам көшті бастап аман болса екен деп тілейміз.
Көшеней ағамыздың балалары Арбалы, Нұрбол, Ақнұр, Арнұр барлығы баба өнерін құрметтеп өнер жанашырлары болды. Әкесі дүниеден өткенде небәрі сегіз айлық Арнұр әке мұрасын жалғастырушы мұрагері болды. Ел-халқы сүйсініп тыңдап, мейірленіп жақсы көретін өнер тарланы еді. Өнердің шоқтығы биік жарық жұлдызы болып жарқырап тұрғанда мезгілсіз ағып түсті. Өкініш өзекті өртейді. Артында жан-жары Салтанаты, шаңырақтың иесі болып Әулеті, балдай тәтті Балнұры қалды. Артындағы ұрпақтарына қарап шүкірлік дегеннен басқа лажың жоқ. Бүгінде бабадан қалған асыл мұраның жалғасы Көшеней ағамыздың немересі Байбол Көшеней қолына домбырасын алып, ұрпақтар сабақтастығының сапына қосылды. Аллаға сансыз тәуба деп болашағының жарқын болуын тілейміз. Бүгінде Жиенбай атамызға 160 жыл толды. Ел-халқы, ұрпақтары алып жыр иесін еске алып мақтан тұтуда. Ақын Қуаныш Баймағамбетұлының:
«Жиенбай жыр дүлдүлі кетедегі,
Шәкірт қып көп шайырды жетеледі.
Баласы Рүстембек ол да жүйрік
Демейді Жиенбайдан бөтен еді», – деп жырлауы осындай баға жетпес асыл мұраның ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып, жүздеген жылдар өтсе де Сыр өлкесіндегі мәдениеттің, рухани құндылықтардың әлемдік деңгейде танылуын, бабалар өнерінің өміршеңдігін танытқандай. Бү гінде Жиенбай атамыз 160 жасқа толса да елі күні кешегідей жырын жырлап, әнін орындап еске алуда. Шашасына шаң жұқтырмайтын арғымақтай дүлдүл жыраудың қалың елдің жадында жатталып, терең ойлы, астары сырға толған көркем жырлары, толғаулары «Сыр елі – жыр елі» деген атаудың мағынасын ашқандай. Баға жетпес баба мұрасы жалғасып, ғасырдан-ғасырға жаңара беретіні хақ.
Зарипа ТАСЫМОВА,
Тұрмағамбет ауылы