» » » ЖАҢАШЫЛДЫҚ – ЗАМАН ТАЛАБЫ

ЖАҢАШЫЛДЫҚ – ЗАМАН ТАЛАБЫ

Бүгінде еңбек нарығы біраз өзгерген. Олай дейтініміз, бұрын-соңды атын естіп көрмеген SMM, таргетолог, мобилограф, байер сынды түрлі мамандық трендке айналып келеді. Бұл бір ғана ұялы телефонмен табыс табатын мамандар. Қысқасы, нарықтың қазіргі сұранысына бейімделген, ақшаны да жақсы табатын мамандықтар пайда болуда. Осылайша заман мен ғаламның түрленуіне байланысты түрлі мамандықтар қатары толығып, озығы дамып, тозығы жаңғырып келеді.
Цифрлық дәуірде еңбек нарығы тез өзгеріп, сәйкесінше физикалық емес, ақыл-ой еңбегі бірінші орынға шықты. Бейресми деректерге сүйенсек, әлемде 40 мыңға жуық мамандық бар екен және олардың көпшілігі цифрлық революцияның салдарынан өзгеріске ұшыраған. Бұрын сұраныста болған, бірақ қазір жоғалып кеткен мамандықтар жетерлік.
Жердегі өркениеттің өзгеруі, климаттық жағдайлар мен мәдени дамудың әсері, қазіргі адамзаттың қажеттіліктерін анықтайтыны белгілі. Тарихқа көз тастасақ, өткен ғасырдың 20-жылдары механизацияға дейін де ел естімеген біраз мамандықтар болған. Олардың көпшілігі сол кезеңде қажеттілік тудырғанымен, бүгінде құлаққа ерсі әрі қызықты естілуі мүмкін. Мәселен «дабыл соғушы» немесе «адам оятқыш» мамандығы Ұлыбританияда өнеркәсіптік революция кезінде өзекті болған. Бұл жұмысты әдетте балалар мен жасы келген кісілер атқарған. Олар зауыт жұмысшыларының терезесін ұрып, ұсақ тастарды лақтырып кейде арнайы ұзын таяқшаны қолданып, ұйқысынан оятқан. Мұндай адамдар аптасына бірнеше пенни ғана алған. Адам оятқыштарды жалдау үшін адамдар терезесіне «ояту керек» деген белгі қалдырған.
Ендігі мамандықтың бірі – дәріскер. Әдетте дәріскер (лектор) дегенде көз алдымызға университеттегі сабақ пен көпшілік алдында дәріс оқитын адам елестейді. Бірақ бұл термин бір кездері жұмысшылардың көңілін көтеру үшін қолданылыпты. Дәріскерлер темекі зауыттарындағы жұмысшыларды жалықтырмау үшін газеттердегі саясат пен өнеркәсіп жайлы мақалаларды дауыстап оқиды екен. Алғаш рет бұл мамандық Кубада пайда болып, артынша Нью-Йоркте танымал болған. Кейіннен аталған мамандықтың орнын радио алмастырды.
Қазір жойылып кету қаупі төніп тұрған мамандықтар қандай деген сұрақ әр адамды ойландыруы мүмкін. Өйткені бірі маман атануға талапты болса, енді бірі өз болашағына алаңдайды. Бұрын оқу орнын бітіріп, қолға алған дипломның сандықта сарғайып жатқаны көңілге қаяу түсірсе, қазір дипломсыз да жұмыс істеуге мүмкіндік өте көп.
Онлайн түрде үйден шықпай-ақ табыс табуға болады. Бес баласы бар сыныптасымның түрлі мамандықты меңгеріп табыс тауып жүргенін көріп жүрмін. Алғашқы баласын босанған соң біршама уақыт үйде болды. Екінші баласын дүние әкелгенде сұлулық салонында жұмыс істесе, кейінгісінде тапсырысқа түрлі тәттілер пісіруді қолға алды. Мұнан соң киім-кешек сатумен айналысты. Бір қызығы «бала босандым болды» деп қарап жатпады. Әр баласында әртүрлі қабілетін сынап көрді. Бесіншісінде мобилограф мамандығын меңгерді. Соған қарап «жұмыс жоқ» деп жалқаулыққа салынатын адамдардыкі тек сылтау секілді көрінеді.
Әлеуметтік желілердің дамуына байланысты жаңа мамандықтар шығуда. Instagram желісінің өзінде ғана СMM-менеджер, мобилограф, таргетолог, сторисмейкер, рилсмейкер, контентмейкер секілді мамандықтар бар. СMM-менеджер – әлеуметтік желілерде брендті, компанияны, өнімді жарнамалайтын адам. Оның негізгі міндеті – сату стратегиясын, сатушы контент жоспарын құру. Одан басқа әлеуметтік желілердің статистикасын үнемі қадағалап отыру мен таргет жарнамасын жасау. Әлеуметтік желілерде көретін жарнама «таргет» деп аталады. Яғни біраз уақыт бұрын көйлекке қызықсаңыз, сіздің алдыңыздан көйлектің жарнамасы шығады. Ең бастысы, SMM маманға белсенділік талап етіледі. Сурет пен бейнеролик түсіре алу, камерамен жұмыс істей білу – басты міндет. Екіншіден, қырағылық. Ол дегеніміз, соңғы қарқынмен өмір сүру, қоғамға не қызық екенін білу маңызды. Мысалы, біз күнде Tik-tok сияқты бірнеше желіні бақылап отырамыз, трендтен қалмауға тырысамыз. Шынында қазір 2-3 жыл бұрынғы контент өте аз. Бәрінен бұрын сатып алушыны қызықтыра білу қажет. Әлемнің көптеген елінде бұл мамандық өте өзекті. Себебі, пандемиядан кейін онлайн жұмыс істеуді үйрендік. Үйде отырып, тауарға тапсырыс беру үйреншікті іске айналды.
Мобилография – кәсіби фотоаппараттың көмегіне жүгінбей, қолымыздағы телефонды қолдану арқылы сапалы бейне жасайтын жаңа саланың түрі. Ал мобилограф – әдемі кадрлар жасайтын адам.
Қазірде желілерден байқасаңыз, елге белгілі тұлғалардың, өнер адамдарының әр күні, жүрген-тұрғаны жарқ-жұрқ еткен сәттерге толы. Сонымен қатар әлдебір тауарлардың жарнамасын қарап отырсаңыз, бірінен-бірі өтеді, еріксіз еліктіріп әкетеді. Міне, соның бәрін қалта телефонымен-ақ сәндеп жасайтын жандар – мобилографтар. Смартфон арқылы түрлі креативті және қысқа ғана, үзік-үзік шолу бейнелерін түсіріп, оны монтаждауға, тікелей эфир жасауға болады. Бұл бағытқа, әсіресе, жастар бейім келеді.
Кез келген мекеменің, орталықтың, дүкеннің, қайда барғыңыз келеді сол жердің жұмысын көру үшін бірінші кезекте әлеуметтік желісін ашып қарайсыз. Қызықтырып әкетсе, көп ойланбай бас сұғасыз. Желілерден бұл мамандықтың сұранысы күннен-күнге артып жатқанын байқап жүрміз. Оқырмандарымен үнемі кері байланыста жүретін кез келген парақша мобилографтардың қызметіне мұқтаж.
Мобилография жас таңдамайды. Мектеп оқушылары да қазір осы салаға ерекше қызығушылық танытады. Тіпті бұрыннан келе жатқан мамандықтарға қарағанда мобилографтың табысы жоғарырақ болады. Қалай үйренемін десеңіз, арнайы курстарға қатысуға болады. Қаласаңыз, өз бетіңізше ізденіп, білім алуға да болады.
«Жай телефонға түсіру мен үлкен камераға түсірудің айырмашылығы қандай?» дегенге келер болсақ, ең біріншісі, олардың көлемі. Өздеріңіз білетіндей, камераның салмағы өте ауыр, оны алып жүру үшін жеке сөмке қажет. Ал телефон өте ыңғайлы. Сонымен қатар бейнеролик түсіріп жатқан кезде әдемі кадрлар жасауға жылдамдық керек, камерамен оны жасау өте қиын. Екіншіден, камераның жадындағы видеоны алу үшін ноутбук немесе компьютерді қолданасыздар. Ол белгілі бір уақытты алады. Демек, бұл жерде жылдамдық та басты рөл атқарады. Заман дамығандықтан, телефондағы қосымша арқылы видеоңызды әп-сәтте өңдей аласыз. Тапсырыс беруші де ұзақ күтпей, сіздің жұмысыңызға алғысын айтатын болады.
Таргет – маркетингтің негізі. Бұл арқылы біз қандай да бір әлеуметтік желілердегі пайдаланушыға жарнамалық ақпаратты жеткіземіз. Ал таргетолог – осы жарнаманы жасайтын адам. Басқа жаңадан шыққан мамандық сияқты таргетологтардың да сұранысы өте жоғары. Елімізде кәсіпкер көп болғандықтан, кәсібін дөңгеленту үшін таргетологтарды жалдайды. Қалалардың шетінде, ауылдарда онлайн кәсіпке кірмегендер әлі көп. Сондықтан да осы мамандық алдағы 3-4 жылда сұраныста болып, өсетініне күмән келтірмеймін.
Таргетолог үшін үш маңызды мәселе бар. Біріншіден, тапсырыс берушінің кәсібіне сараптама жасау. Екіншіден, мақсатты аудиториясын таңдай білу. Үшіншіден, таңдалған аудиторияға креатив құрастыра алу. Барлығымызға қолжетімді YouTube желісінде мағлұматтар өте көп. Сол жердегі ақпаратты дұрыс меңгеріп, тәжірибе жасасаңыз, табыс табуға болады. Білімді міндетті түрде арттырып отырған жөн. Мықты таргетологтардың жеке сабағынан өтсеңіз де, артық болмайды.
Әлеуметтік желілерде сіздің жеке имиджіңізді қалыптастырып, дамытатын мамандарды жеке брендменеджерлер деп атаймыз. Жеке брендті қалыптастыру – заманның басты талабы әрі қазіргі бизнес-коучингтің маңызды аспектісі. Нақты бір аудиторияға арналған бейнеңіздің болуы басқа мамандардан көш ілгері тұрып, қоғамда сұранысқа ие болуыңызға да ықпал етеді. Сондықтан да бұл мамандық иелеріне қажеттілік артып отыр.
Сонымен қатар сұранысқа ие мамандардың тағы бір тізбегінде ІТ саласы тұрғанын да айта кетейік. Себебі, интернет дүкендер, электронды қызмет саласы қарқынды дамыған тұста ІТ мамандар сұранысқа ие екені сөзсіз. Әсіресе, бағдарламашылар, мобильді қосымшаны өңдеушілер, сарапшылар сұранысқа ие.
Жастар – жаңа идеясы мол жандар. Техниканың барлығын меңгергендіктен, дәл осы мамандықтар бойынша 18 жастан асқан жандар өте үлкен сұраныста. XXI ғасырдағы сұранысқа ие мамандық санатына қосылған СММ, таргетолог, мобилограф сынды мамандардың жаңашыл бағытқа бет бұруы көңіл қуантады. Заманына қарай онлайн түрде қызмет ететіндердің дәуірі жүріп тұрған кезде түрлі курс оқып, жаңа кәсіп бастау артық етпейді. Ең бастысы, бұл салаларда уақыт еркіндігі бар. Тіпті жұмыс уақытыңызды өзіңіз құрап алуыңызға да қақыңыз бар. Ал еркіндік бар жерде, еңбектің де ақталары сөзсіз. Сондықтан заманнан артта қалмаймын десеңіз, жаңашылдыққа ұмтылмаса болмайды.
Ақнұр САҒЫНТАЙ
15 желтоқсан 2024 ж. 136 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

№97 (10362)

07 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 901

Сұхбат

Мәдениет

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.
БАБАДАН ҚАЛҒАН ҰЛЫ ӨНЕР

БАБАДАН ҚАЛҒАН ҰЛЫ ӨНЕР

08 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 935

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031