Дарқан дала дәстүрі жаңғырған күн
Қазақтың салт-дәстүрі мен әдет-ғұрыптарына жан-жақты ғылыми-зерттеу және әдістемелік жұмыстарды жүйелі түрде жүргізіп келе жатқан, ғасырдан-ғасырға жеткен рухани байлығымыз бен мәдени мұрамызды кеңінен насихаттаудан, дәстүрдің жауһарларын халыққа паш етуден жалықпаған әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығының ашылғанына биыл 10 жыл толды.
Бұл орталық осыдан он жыл бұрын Шымкент қаласында ашылған. Жуырда осы орталықта «Дарқан дала дәстүрі мен ойындары» атты республикалық этнофестиваль өтті. Бұл сайыста аудан атынан барған «Қармақшы» тобы үздіктер қатарынан көрініп, көрермен қошеметіне бөленіп қайтты.
Ұмыт болған әдет-ғұрып, қолөнер, дархан даланың ұлттық ойындарын қайта жаңғырту мақсатында ұйымдастырылған этнофестиваль 6 кезеңнен тұрды. Әр өңірдің өнерпаздары тақырып бойынша дайындап келген дәстүрге байланысты сахналық көріністерін көрсетсе, сахна сыртында асық ату, қол күресі секілді ойындар ойнатылды.
Мерейтойды жыршы-жыраулардың жарысы, жілік шағу, арқан тарту, қол күресі секілді жігіттер сайысы қыздырды. Бір жағында келіндер қамыр илеп, кеспе кесуден бәсекелесіп жатса, бір жағында он саусағынан өнер тамған қолөнершілер құрақ құрап, жіп иіріп, дәстүрдің бар бояуын көрсетті.
«Келіндер сайысы» бойынша Жансая Ахметова І орынды, «Бұқа тартыстан» Арман Кеңшіліков І орынды, «Қошқар көтеруден» Серік Хамит ІІІ орынды, «Асық ату» бойынша Орынбек Құндыбеков ІІІ орынды, «Салт-дәстүр театрландырылған көрініс» бойынша Бекқадыр Әмзеев ІІ орынды жеңіп алса, «Дәстүрлі өнер жанры» бойынша өнер көрсеткен Эльмира Мыңжанова «Ел ардақтысы» төсбелгісімен марапатталды. Жалпы командалық есеп бойынша «Қармақшы» тобы II орынды иеленді.