» » » Мәуліт – тағылымға толы мереке

Мәуліт – тағылымға толы мереке

Мұсылман қауымының мәні мен маңызы ерек мерекелері бар. Мәселен, әр аптада келетін қасиетті жұма күні, айлардың сұлтаны – Рамазан және ұлық мейрам – Құрбан айт, тағы басқаларын атауға болады. Ал бұлардан өзге барлық адамзаттың, тіпті бүкіл әлемнің ортақ мерекесі тағы бар десек ол – Пайғамбарымыздың дүниеге келіп, әлемді қуаныш пен нұрға бөлеген күн. Яғни сүйіншілеп айтсақ – Мәуліт мерекесі.

Қасиетті рәбиғәләууал айында Пайғамбарымызға салауат айтып, мәулітті атап өту дәстүр болып қалыптасқан. Осы уақытта көптеген мұсылман елінде кең көлемде мейірім мерекесі аталып өтсе, аудандағы «Қармақшы ата» мешітінде де көппен бірге ұлық күн тойланды. Мерекені тойлаудағы басты мақсат – ардақты Пайғамбарымыздың діни ілімін насихаттап, оған салауат айту. Өскелең ұрпақты имандылыққа тәрбиелеп, адамгершілікке, мейірімділікке тарту.

Сенбінің таңында аудан жұртшылығы «Қармақшы ата» мешітінде Пайғамбарымызды еске алып, оған салауат айтуға жиналды. Аудандық мешіттің бас имамы Нұрболат Ғабитұлы жамағатқа екі дүниенің сардары болған Пайғамбарымыздың өмірінен сыр шертті.

– Адамзаттың асыл тәжі болған, сүйікті пайғамбарымыз Мұхаммедтің туған айы Мәуліт мерекесімен араға жыл салып, қайта қауышып отырмыз. Бұл мерекені атап өту – абзал амалдардың бірі. Ардақты пайғамбарымыз Исламның асыл құндылықтарын адам бойына сіңіру үшін басқаларға өнеге көрсете отырып, бар күш-жігерін сарп етті. Ол қою қара түнек жапқан қоғамға жарық сәуле шашып, дүниені нұрға бөледі. Ендеше осы айда мүмкіндігімізше пайғамбарымызға салауатты көбірек айтып, осы амалды айналамыздағы ағайын-туысқа, балаларымызға насихат етуді ұмытпайық. Мәуліт мерекесі баршаңызға құтты болсын, – деді бас имам.

Мәуліт мерекесінде қайырымдылық жасап, панасыздарға пана тұрғызып, жүректеріне жылу сыйлап, жұртқа сусын, тамақ таратып, сыйлықтар беріп, басқа да игі шаралар жасау жақсылықтың белгісі болмақ. Рухани іс-шараға аудан әкімі Жандос Еркінбек, аудандық мәслихаттың төрағасы Әділ Үсенұлы, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Асқар Мереков және аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Әбдірахман Құлдүйсенов қатысып, жиналған жұртшылықты мерекемен құттықтады. Мұнан соң Ұлу жылында 1976 жылы туған, аудандағы №26, №27, №30, №105, №121, №183, №250-ші мектепті 1993 жылы бітірген азаматтар «Ел үлесі пәтерге» жобасы негізінде кент тұрғыны Ермек Нұрланұлына 2 бөлмелі пәтер кілтін табыс етті. Қайырымды азаматтар бұл іспен шектеліп қана қоймаған. Биыл өмірден өткен үш құрдастарының отбасыларына 100 мың теңгеден қаражат үлестірсе, кенттегі әлжуаз бір отбасының үйіне көмек ретінде газ кіргізіп берген. Сонымен қатар бүйрек ауруымен дәрігердің есебінде тұратын азаматшаға дәрі-дәрмегіне және кентте салынып жатқан «Марал ишан» мешітінің құрылысына қаржылай көмек көрсеткен. Одан бөлек, әлеуметтік аз қамтылған 12 отбасыға азық-түлік қоржыны таратылды.

Мерекенің жылдағы үрдісі бойынша 1976 жылы туған аудан азаматтары мүшел жасқа аяқ басқан кейінгі толқын 1977 жылғыларға игілікті істі жалғастыруға аманат хат тапсырды. Іс-шара соңында жамағат мешітке кіріп, уағыз тыңдады. Іс-шараны ұйымдастырған азаматтар жиылған жұртқа ас беріп, өмірден өткен құрдастарына Құран бағыштады.
Ерсін СӘДУҰЛЫ
17 қыркүйек 2024 ж. 167 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№79 (10344)

05 қазан 2024 ж.

№78 (10343)

01 қазан 2024 ж.

№77 (10342)

28 қыркүйек 2024 ж.

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 2 181

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031