» » » Алғашқы танысқаннан қамқорлығы ұнады

Алғашқы танысқаннан қамқорлығы ұнады

Өңір халқының демографиялық ахуалына үлес қосып отырған әулеттің бірі – алдашбайахундық Қуантаевтар отбасы. «Алтын алқа» иегері Күнсұлу Момынтай мен Нұрасыл Нұрадинұлы 2008 жылы көңіл қалауымен бас қосып, шаңырақ көтерген. Бүгінде ерлі-зайыптылардың ортасында үбірлі-шүбірлі 7 ұл мен қыз өсіп келеді.

К.Телқарақызы Тараздың тумасы. 1989 жылы дүниеге келген. №32 қазақ-орыс мектебін бітіріп, Тараз инновациялық-гуманитарлық университетінде «Стандарттау, сертификаттау және метрология» мамандығы бойынша білім алған. Оның отбасылық өмірге қадам басуы да сол студенттік кезеңнен басталған.

– Негізі Қармақшы топырағына келін боламын деген үш ұйықтасам да түсіме кірмеген. Бірақ, бұйырған кетпейді деген ғой. Студент кезімде қосымша табыс табу үшін жеңгемнің қасында дүкеншінің көмекшісі болып жұмыс істеп жүрдім. Сол дүкен болашақ жолдасымның туысқан ағаларының дүкені екен. Екеуміз 2008 жылы танысып, табыстық. Ол Алматы-Тараз бағыты бойынша жолаушылар тасымалымен айналысып жүрді. Сөйтіп, 19 жасымда Алдашбай ахун ауылына келін болып түсіп, босаға аттадым.

Жолдасымның алғаш танысқаннан бастап маған деген қамқорлығы ұнады. Қалада оқуға апарып, алып келетін. Жағдайымды жасайтын, еркелететін. Сөз салғанда қазіргідей қызылды-жасылды думан болған жоқ. Ол қызық болды. Дүкенде тұрғанымда қолында шеколадпен келіп, тұрмысқа шығуға ұсыныс жасады. Анам менің бала кезімде о дүниелік болған еді. Салт-дәстүрмен жеңешемнің алдынан өттіп, рұқсатын сұрады. Сырға тақты. Ырымын жасап, келісіміммен алып қашты. Ауылда беташар жасалып, үлкендер батасын берді. Содан беріде 16 жыл өтіпті. Бірге тату-тәтті келеміз, – дейді көпбалалы ана.

Әуеліде қала қызына ауыл келіні болу оңай болмағанға ұқсайды.
«Көшіп келген жылы ауылдың шетінде тұрдық. Балалардың әкесі жүк көлігін жүргізетін. Таң азанымен кетеді, кешкісалымда келеді. Басында үйренісу қиын болды. Айдала. Кеш қарая шағал, шибөрі шулайды. Қоқатынмын. Біразға дейін тіпті жылап та жүрдім. Уақыт өте ауылдың орталығына көшіп келдік. Шынын айтсам, жаныма Тараздан гөрі ауылым жақын. Төркінге тек сағынғанда бала-шағамен сән-салтанатымызбен қыдырып қана барамыз. Онда бауырларым, аға-інілерім тұрады. Келген отбасымда 7 бала тәрбиеленген. Қайынәпкем бар және одан кейінгілері менің жолдасымның іні-қарындастары. Өскен-өнген ортаға келін болып түскеніме бақыттымын. Атамды көрмедім. Ол кісі маған дейін қайтыс болып кеткен. Енем болды. Бірақ өкінішке орай, ол да өмірден өтті. Дегенмен, менің келін ретінде осы елге сіңіп, үйреніп кетуіме анамның (енемнің), күйеуімнің бауырларының көмегі көп болды. Кемшілік, қателіктерімді білдірмей, жауып жіберетін. Қазір енді елді мекеннің бір тұрғыны болып кеттік» дейді әңгіме барысында Күнсұлу.

Жарасым тапқан жас отбасында 5 қыз, 2 ұл – Мереке, Инабат, Нұрдана, Нұрислам, Нұриман, Медина, София есімді балалар тәрбиеленуде. Олардың үлкені 10 сыныпта оқыса, кішкентайлары  балабақшаға барады. Орта білім алып жатқан мектеп оқушылары озаттар қатарында.
– Бала тәрбиесіне аса бір көңіл бөлемін деп айта алмаймын. Көбіне өзімді дұрыстап жүруге тырысамын. Мен не істесем, қыздарым соны алады ғой. Ал, ұл бала әкесіне қарап ер жететіні сөзсіз. Анасымын деп балаларды өзімнен алыс ұстамаймын, өзімді олармен бірге қатар алып жүремін. Тірлікке жарағандарының бәрі де үй шаруасына қарайласады, көмектеседі.

Алда жоспарым көп. Жоғары мамандығым болғанымен оған жұмыс көзі болмауда. Мектепте физика-математика пәнін жақсы оқығанмын. Сол себепті де тағы жоғары білім алуды мақсат етудемін. Келер жылға талап етіп отырмын. Қолөнермен де айналыссам деймін. Моншақ, бисер тоқығанды жақсы көремін. Біз үшін отбасылық құндылық деген – жолдасымның, балалардың, өзімнің денсаулығымыз. Әкені құрметтеу басты орында қойылған. Қандай ситуация болса да, өзара сыйластығымызды сақтап, балалардың көзінше ұрыспауға тырысамыз, – дейді кейіпкеріміз.

Жүсіп Баласағұн әкеміз «Адам екі нәрсе арқылы қартаймайды. Біріншісі – қайырымды ісі. Екіншісі – мейірімге толы сөз» деген екен.  Осындай қасиеттерді ту етіп көтерген Қуантаевтар отбасының ұстанымы да осы қағидаға саяды.

Сәрсенкүл РАЙЫМБАЕВА
07 қыркүйек 2024 ж. 105 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№88 (10353)

05 қараша 2024 ж.

№87 (10352)

02 қараша 2024 ж.

№86 (10351)

29 қазан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 2 954

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930