Өмір түйткілдері
qarmaqshy-tany.kz МАУСЫМ АЙЫНЫҢ АПТАПТЫ КҮНІ. СЫРДАРИЯ ӨЗЕНІНДЕГІ ӘЛСІН-ӘЛСІН ТЕРБЕТІЛГЕН ТОЛҚЫНДАР ЫСТЫҚТАП СУҒА ШОМЫЛҒАН АДАМДАРҒА ДӘРУ БОЛҒАНДАЙ. СУҒА СҮЙСІНЕ ШОМЫЛҒАН КӨПШІЛІКТІҢ КӨҢІЛ-КҮЙІ КӨТЕРІҢКІ. ОЛАРДЫҢ БАЛБҰЛ ЖАНҒАН ЖҮЗДЕРІНЕН ШАТТЫҚТЫҢ ЛЕБІ СЕЗІНІП-АҚ ТҰР. ТЕК ТОПТАН БӨЛІНІП, ӨЗЕН ЖАҒАСЫНДАҒЫ ЖАР БАСЫНДА ЖАС ШАМАСЫ ОТЫЗДА БОЛАР ҚОЛЫНА ҚАЛЫҢ КІТАБЫН ҰСТАҒАН ЖІГІТТІҢ ҒАНА ЕШТЕҢЕГЕ КӨҢІЛІ БӨЛІНЕР ЕМЕС. ОНЫҢ ЖҮЗІНЕН МҰҢ, ЖАНАРЫНАН УАЙЫМ АҢҒАРЫЛАДЫ.
Кеше ғана достары арасында күліп-ойнап, отбасында тәтті дәурен кешкен жігіт, бүгін өзен жағасында жалғыз отыр. Иә, сол бір кездер ол үшін енді қайталанбастай көрінеді. Бәрі өтті де кетті. Елес сияқты ғайып болды.
Қайран, тағдыр-ай! «Таң атпайын десе де, күн шығады» дегендей, желдей зымыраған уақыт та өзен ағысы сияқты тез жылжуда.
«Сыр жағалауында жападан жалғыз отырғанымды қарашы. Жанымда сүйіп қосылған жан жарым Ардақ, өмірімнің жалғасы, балам Ерхан болса ғой, шіркін! Бәріне де өзім кінәлімін. Өмірдің отбасымен ғана мәнді, қызықты екенін тым кеш түсінгенім. Сол бір ит те иіскемейтін ащы суды ішіп нем бар еді? Әкемнің өші қалғандай соншама құлап ішіп, әлімнен айырылғанша ішкенімді қайтерсің». Жігіт ішінде аласұрған ойға беріліп, өзін жерден алып, жерге салуда.
Қасынан бірі отбасымен, енді бірі достарымен өткендерді көрмеген кейіп танытып, қолындағы кітабын олай бір, бұлай бір парақтаумен отыр. Оқиын десе көзі мен ойы басқа жақта. Неғылсын енді бейбақ. Басына түскені осы болса. Ұмытайын деп қанша тырысты. Сонда да өткен күндер көз алдынан елес болып кетер емес. Міне, дәл жанынан қолтықтасып кетіп бара жатқан жас жұбайларды көргенде оның ойы тағы бөлініп кетті. Мойнына мінгізіп алған сәби әкесінің шашынан тартып, сықылықтап күледі. Әке де, бала да мәз. Жүзі бал-бұл жанған сәбиіне күлімдей қараған жас жұбайлардың да жүздерінде шаттықты күлкі ойнайды. «Не деген бақытты жандар еді» деді Жандос.
Тағы да ой, тағы да елес. Жігіт әбден неше түрлі ойдың шырмауына тұтқындалды. Ол әлі де өзін-өзі кінәлауда. Не бүлдіріп қойды екен? Осы бір арағы құрғыр оған кенедей жабысып, ақыры не болды, не тапты, не көрді, не ойлады?
Есіне әйелімен соңғы рет қонаққа барған күні түсті. Жолдасының үйінде отырыста болып, араққа сылқия тойып алған Жандостың үйіне қайтқысы жоқ. Ал, Ардақ өзін қоярға жер таппай жүр. Өздерінен басқа қонақтардың барлығы үйлеріне қайтып кеткен. Ардақтың «Үйге қайтайық» дегеніне Жандос құлақ асар емес. Ол арақ ішсе болғаны көше демей, арық демей, сол ішкен жерінде қалады. Тіпті ұйықтап та қалған күндері де болды. Жандос үшін өмір әншейін елес сияқты көрінетін.
Ол өткен күндердегі өмірін еске алып отырғанда манағы суға шомылуға келгендердің де қатары сиреп қалған екен. Күн де ұясына еңкейе бастаған. Алысырақ жерде бір топ бозбала мен бойжеткен ғана гитара әуеніне билеп жүр.
– Сағынасың, сен оны сағынасың,
Өмірдің азабына бағынасың, – деп жастардың шырқаған әні дәл өзіне арнап айтылғандай болды. Жандос орнынан тұрды да үйге қарай жылдамдата аяқ басты. Бірақ оның үйге кіргісі жоқ. Оған өз үйі де салқын тартып тұр. Қазір үйге кірген соң бөлмесінде жиналмаған төсекке қисая кетеді. Онымен сөйлесіп, мұңын айтып, шерін тарқататын бір жан жоқ үйде. Бәрі де өз қамымен жүргендер. Тәйірі мұны қайтсін, өздерінің проблемалары жетіп жатқанда. Оның қазіргі бар ермегі, бар алданышы манағы өзен жағасында оқып отырған кітабы. Балғабек Қыдырбекұлының «Алатау» романы. Ондағы Абақ пен Ұлтуған, Аман мен Нүрия, Ұлтарақ пен Інжірдің бір-біріне деген махаббаты мен бақытты өмір сүру мақсатында қиыншылықтарға төтеп беріп, қуаныш-қайғыларын бірге бөліскендері оның көз алдында жүгіріп өтіп жатты.
Әйелі Ардақ пен ұлы Ерханды ұмытар емес. Әсіресе, кішкентай Ерханның тілі шығып, алғаш «папа» деген сөзі әлі есінде. Тағы да тәтті елес, тағы да көзден тамған тамшылар. Ойға беріліп жатып ұйықтап кетті. Түсінде ол өмірден ерте өткен ата-анасының ортасында отыр екен. Ал әжесі оның маңдайынан сүйіп, иіскеп, аймалауда. Әжесінің мына бір сөздері оның есінде қалыпты. «Балам-ау, есің бар ғой, бұл не тірлігің істеп жүрген, ел-жұртқа күлкі болма, келінім Ардақтың, кішкентай немерем Ерханымның көз жасына қалмай, жұрт қатарына қосылар мезгіл де жетті ғой. Атаенең де жақсы, жүздерінен мейірім шуағы төгіліп тұрған жандар. Олар да баласының бақытты болғанын қалайды емес пе?...»
Есіктің сықырынан Жандос шошып оянды. Есікті ашқан қарындасы Әлияш екен.
– Бір жерің ауырып қалғаннан саумысың? «Апалаған дауысың қатты шығып кетті ғой. Тіпті далада жүрген бізге естілді, – деп оның үстінен терге малынған көрпесін алып, орнына басқасын жапты. Қарындасына тесіле қарап қалыпты. Бес ұлдың арасында әке-шешеден жалғыз өскен қарындасын ол құшақтап алғысы келіп, қайта жатты. Негізі қыз бала сезімтал. Олар қандай да болсын жағдайға байыппен, түсіністікпен қарайды. Аяушылық, сезімталдық дегендер қыз баланың бойындағы асыл қасиет екенін білеміз. Иә, Әлияш та оның бүгінгі өміріне аянышпен қарайды. Қандай қарындас ағасының бақытты болғанын қаламайды дерсің. Оған да оңай болып жүрген жоқ. Тұрып құшақтағысы келді. Мұңын айтып шерін тарқатқысы келді. Бірақ бата алмады. Көзінен тамып кеткен тамшы жас оны бөгеді. Қарындасы да әлдене дегісі келген еді. Алайда ағасына қарап сәл тұрды да бөлмеден шығып кетті. Иә, ағасы үшін оның да жанының қиналып жүргені байқалады.
Жандос төсектен тұрып, далаға шықса таң атып, күн де біраз жерге көтеріліпті. Көршілер қорадағы төрт түлігін өріске айдап бара жатыр. Ол үйге қайтып кіріп, бөлмесіндегі төсегіне жата кетті. Кенет оған бір ой келді. Ардаққа хат жазсам қалай болар екен. Бірақ қалай, не деп жазамын? Әй, тәуекел...
«Ардақ, амансың ба? Ерханның денсаулығы жақсы ма? Шауып жүрген болар? Ардақжан, айналайын сен мені теріс түсінбе. Онсыз да Жаратқанның менің маңдайыма жазғаны шығар. Болар іс болды. Өзегімді өкініш өртеумен келеді. Алладан тек сендердің амандықтарыңды ғана тілеймін. Рас, көкірегім өкініш пен отқа толы. Бұл жалғанда сағыныш, қайғы, күту деген адамзат баласы үшін қасірет екен. Мұны мен енді түсінгендеймін. Десе де, «Өткен күнге өкініш жүрмейді» деп қазақ даналары айтқандай, қанша бұлқынсам да сендерге деген сағынышым басылмады. Қайта күннен-күнге артуда. Сендерден айырылып қалдым деген жаман ой бойымнан алыстар емес. Не істейін, барар жерім, асар тауым жоқ. Көзімді жұмсам да, ашсам да сендер алдыма елес болып келесіңдер де тұрасыңдар. Талай мәрте ауылыңа барып, әкешешеңнің үйін жағаладым. Кеш бата сенің бөлмеңнің терезесін сығалап жүріп, оның ар жағында сықылықтап күлген Ерханымның дауысын естіп, талай көңілімді жайлап қайтқан күндерім болды. Тіпті күндіз үйден шығуды да қойдым. «Папа, мен келдім» деп Ерханым мен сені келіп қалар деп есікке алаңдаймын. Күтіп те жүрмін. Кейбір дос сымақтарым айтады. Жандос кеткен адамның артына алаңдап қайтесің? Одан да болашағыңды ойла. Қыздар көп емес пе? Таңдап жүріп жар қылатын қыздардың маңдайынан шертіп жүріп алуға болады дейді. Ой, пәтшағардың айтып тұрған ақылын қарашы. Рас, мен саған «Қош бол» деп айта алмаймын. Оны уақыт көрсетер. Мүмкін қайта табысармыз. Мен сендерден үмітімді ешқашан үзбеймін. Алладан сұрарым да, тілеуім де сендерсіңдер, аяулы Ардағым».
Хат осылайша жазылды. Бірақ Жандосты басқа да аласұрған ойлар етке таласқан аш қасқырдай жан-жақтан талап, кінәлап жатты. Қаламын үстел үстіне қойып, ойға кетті. «Осы менікі дұрыс па, әлде бұрыс па?» Осы ой мазалайды кеп...
Күн едәуір көтеріліп, уақыт сәскеге таяп қалыпты. Ол үйреншікті әдетімен мойнына сүлгісін іліп, қолына кітабын ұстаған күйде жағалауға кетіп бара жатты.
Тағы бір күн өтіп барады жарсыз, баласыз...
Нұрбай ЖАНӘДІЛОВ