Судың қаупі – сақтықта сейіледі

Оның дені оқушылар болса, қалғаны үлкендер. Алайда, суға шомылу кезіндегі қарапайым қауіпсіздік ережесін тұрғындардың бірі білсе, бірі біле бермейді. Білсе де дұрыс сақтамайды. Бала тұрмақ, үлкендердің өзі қауіпсіздік шарасына аса мән бермейді. Соның салдарынан әр түрлі оқыс жағдайлар орын алуда.
Сараптамаға сүйенсек, былтыр 6 оқиға тіркелген. Оның 4-еуі ер егде адам болса, 2-еуі жасөспірім. Мұндай қайғылы жағдайға адамдар көбінесе суға түсуге болмайтын аймаққа шомылу, қарапайым қауіпсіздік ережесін сақтамау, балаларды суға түсерде қараусыз қалдыру, сол сияқты суға мас күйінде түсу кезінде ұшырайды. Осыған орай аудандық төтенше жағдайлар бөлімі мен полиция қызметкерлері бірігіп өзен жағасында рейд жүргізді. Суға түсуге келген тұрғындарға үн парақ таратып, насихат жасады. Тіпті рұқсат етілмеген су аймағына жастарға суға түсуге болмайтынын ескертіп, қатаң тыйым салды.
– Өзен жағасын күнде бақылаудамыз. Арнайы кезекшілік ұйымдастырып, мұнда келушілерге суға түсу қауіпті екенін жиі айтамыз. Қауіпті аймаққа ескертпе орнаттық. Алайда суға шомылушылар азаяр емес. Мына ыстыққа кім шыдасын? Оларды да түсінеміз. Десе де біздің міндет сақтық шарасын бақылау, – деді төтенше жағдайлар бөлімінің бас маманы Еркін Назарқұлов.
Рейд кезінде тұрғындардан: «Қайда барып суға түсеміз» – деген сауал да төтесінен қойылды. Соған сай арнайы шомылатын аймақты белгілеп беруін өтінді. Алайда мамандар Сырдария өзенінің жағасы тік жар екенін ескертіп, демалыс орнының талаптарына жағажай сәйкес келмейтінін алға тартты.
ТҮЙІН:
Сақтықта – қорлық жоқ. Күн ыстық деп суға қарай жүгіруден бұрын алдағы өміріңізді ойлаған жөн. Себебі тосыннан келген тілсіз жаудың орны толмас қайғыға әкелмесіне кім кепіл?
Ерсін СӘДУҰЛЫ