» » » Саф гауһар тастың сынығы...

Саф гауһар тастың сынығы...

1973 жыл. Қаңтардың аяқ жағы, дәл күні есімде қалмапты. Әңгімем Сыр бойының біртуар азаматы, аяулы досымыз, өнердің шоқ жұлдызы Көшенеймен осыдан жарты ғасыр бұрынғы кездескеніміз жайлы болмақ. Кешке қарай қаңтардың қатты аязына қарамай ИЖ мотоциклімен қасында жары Жұпар екеуі үйге келді. Менің жолдасым ақын, журналист Зордан Салықбаев Көшеней, Жұпармен бір топта оқыған. Қызылорда Н.Гоголь (қазіргі Қорқыт ата) атындағы институттың қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі мамандығы бойынша бірге аяқтаған. Студенттік өмірдің қызық шақтарын бірге өткізген қимас достар.
Жалағаш аудандық партия комитетінің екінші хатшысы Қаһарман Табынбаев ағамыз, Ерші апамыз Көшенейдің бауыры Жалағашта қызмет жасайтын. Бұрында да сәл уақыты бола қалса, сәлем беріп келіп тұратын.
Екеуі күле келіп, менің атама сәлем берді. Мәскеуден демалысқа келген Көшекең енді оқуға қайтадан кететінін, бос уақытын пайдаланып үлкендерге сәлем беруге келгенін айтты. Жасқа толмаған бүгінгі ел ағасы, алтынның сынығы Арнұрды әжесіне қалдырыпты. Иә, не деген бауырмалдық, не деген досқа деген адалдық жатыр десеңізші, мұның астарында?!
Атамыз Салықбай Күзеров көпті көрген, көкірегі шежіреге толы жан еді. Базар атамызды көзі көріп, жырларын Қазалы өңірінде ізінен еріп жүріп тыңдаған және өлеңдерін жатқа білетін. Үйге Көшеней келсе қуанып қалатын бір жасап. Бұл келісінде де «Балам жақсы келдің, мен үлкендерді жинатайын, бізге қызмет жаса, жырла, тыңдайық» деп қолқа салды. «Жарайды әке, біз бауырларымызға барып қайтайық. Сіздерге қызмет жасауға қашан да дайынмын ғой» деп жарқ ете қалды. Атам маған ас-ауқат дайындатып, үлкен кісілерді шақыруды тапсырды. Көршімізде Зарқұмның Жүсіпбегі, дөсек Мырзабек ағамызды, ұста Омар әке, кете Алмұрат, Қали, ұстаз Амангелді Монтин, Жақсылық Майлыбаев және Хадиша анамызды шақырып келдім. Достарымыз ақын Жақсыбай Сарбалаев, Михаил Дүзелбаевтар да келді. Жұпарлар екі сағаттай кідірді. Халқымыздың өнерге деген ықыласы ерекше. «Көшеней келді» дегесін жастарының ұлғайғандығына қарамастан түгел жиналды. Амандық-саулық сұрасып қауқылдасып қалды. Таңғы үшке дейін жырлады. Керемет. Қонақтар ризашылығын білдіріп, батасын берді. Кісілерді шығарып салып, Жақсыбай, Михаил, Жұпар, Көшеней, Зордан және мен де оларға қосылып, әңгіме дүкен кұрдық. Қайран жастықай. Күн суық, жасқа толмаған бала, мотоцикл, жол болса қашық. Оны ойлап тұрған біз жоқ. Бір-бірімізді қимаймыз. Бұл сәттің Көшенеймен соңғы кездесу екенін кім білген?! Мотоциклды сүйреп, бәріміз элеваторға дейін шығарып салдық. Сағат таңғы алтының кезі. Көлігінің жарығы жоқ екенін атам ғана уайымдады. Бізде уайым жоқ. Өлім бар, қаза бар дегенді білдірмеген уақыт-ай.
Көшенейдің сол даусы жарты ғасыр бұрынғы қазіргі Т.Жүргенов көшесі, бұрынғы Садоваяда әлі күнге жаңғырып тұрғандай сезіледі. Олар ауылына аман-есен жетіпті. Мәскеуге кеткенін ұзын хабардан естідік.
1973 жылдың 8 наурызы. Зордан әкімшілікке кезекшілікке кеткен болатын. Сағат 1-лер шамасында үйге келгенде қатты күйзелісте екенін байқадым. Жұмыс бөлмесіне бірден кіріп кетті. «Мен қағаз жазамын» мазаламаңдар деді де, бір сағаттан соң қайта шығып ата-енемнің қасына барды. Бір оқыс жағдайды айтқалы тұрғанын сездім. «Не болды?» деп айта алмадық. Қобалжыған сыңайлы. «Папа» деді, айта алмай тұрмын, қимаймын, аузым бармайды, амал жоқ. Кешегі жырлап кеткен Көшеней балаңыз өмірден өтіпті» деді жаны қинала. Атамыз шошып кетті. Ол кездерде оқыс жағдайлар аз кездесетін. Жаңа хабар келіпті. Мәскеуден. Үйішімізбен абдырап қалдық, күні кеше күліп-ойнап, Жұпар екеуін шығарып салғанымыз көз алдымнан тізбектеліп өтті. Атам тұнжырап отыр, өкінішті жағдай. Алдынан жарылқасын деді төмен қараған күйі отырып. Көшенейдің өлімі өнердің, Сыр бойының, қазақтың ауыр қайғысы еді.
Зордан түстен кейін тағы жұмысына кетті. Бөлмесін жинауға кірсем, мына өлең жолдарына көзім түсті. Жазуы үш күнге созылды. Жасылмен жазады, қызылмен жөндейді. Досына деген қимастық қоштасуға, Көшеней өлді деуге аузы бармайтын болар. Талай ақындар өлең арнады. Сондағы қимастықпен досына жазған «Досым Көшенейге» атты қоштасу өлеңін оқырман қауымға жеткізуді жөн көрдім.
«Бақұл бол, бауырым Көшеней,
Таланттың қайнар бұлағы.
Жыр-домбыраның құлағы,
Ән-дарияның тұнығы,
Саф гауһар тастың сынығы.
Тұяғы ең қалған тұлпардың,
Көнеден қалған көз едің.
Ән-жырға барша іңкәрдің,
Өртедің от боп өзегін.
Шырқаушы ең бәрін ұмытып,
Қоңыраулатқан үнменен.
Әніңмен сүттей ұйытып,
Сен көштің мынау дүниеден.
Сен бардағыдай күн шығып,
Сен бардағыдай күн батып.
Зымырап жатыр тіршілік,
Еріксіз өзін тыңдатып.
Көп біздің игі салтымыз,
Жақсыдан күдер үзбейді.
Садағаң кетейін халқымыз,
Талантты дәйім іздейді.
Іздейді сені әуелі,
Атадан қалған мол мұра.
Іздейді Сырдың әуені.
Тартылмай тұрған домбыра.
Тойларда сені іздейді,
Кештерде сені іздейді.
Сенбейді сен жоқ дегенге,
Үмітін ешкім үзбейді...
Таланттың қайнар бұлағы ең,
Жыр домбыраның құлағы.
Ән-дарияның тұнығы ең,
Саф гауһар тастың сынығы ең,
Бақұл бол, бауырым, Көшеней!»
Арнауда айтылғандай, саф гауһар тастың сынығы Көшенейдің екінші ғұмыры басталып та кетті. Жастай қалған балалар өсті, оқыды, үйленді. Әке өнерін де, өмірін де ұрпақтары жалғастырды. Балалар қандай жетістікке жетсе де, ол жастайынан жесір қалған аяулы жары Жұпардың ұйқысыз түндері мен бейнетті күндерінің жемісі. Айтуға оңай, небір қиындықтармен бетпе-бет келмеді ме!?
1993 жыл. Облыстық білім жетілдіру институтының «Қазақ тілі мен әдебиеті» пәні бойынша ұстаздардың ұстазы Бақытжан Бекішов ағайдың басқаруымен пән мұғалімдерінің тәжірибе алмасуына облыс бойынша отыздай мұғалім қамтылған. Барлық ауданда болып, ұстаздардың ұсыныспікірлерін жинақтап, ой алмасатынбыз. Жылына төрт рет бас қосамыз. Бірлестіктің жетекшісі №26 мектептің білікті ұстазы Қалдыгүл Мұқышова. Наурыздағы басқосу Қармақшы ауданына түсті. Онда наурыздың 18-19-да болдық. Білім бөлімінің меңгерушісі Мұсахан Басшыбаев, әдіскер Талайлы Досымова, Бақытжан ағай бәріміз 19 наурызда Ақжар ауылында болдық. Көшенейдің мұражайының ашылу салтанатына қатыстық. Қатысқан ұстаздармен бірге Жұпар да бізді қарсы алды. Қуанышты. Кішкентай үш-төрт жасар немересі болар, «Ол атаның үйі, кірмеңдер, бүлдіресіңдер» деп қызғыштай корғап жүр. Немере көру пешенесіне бұйырмаса да, аталаған немересін көріп шүкіршілік еттік. Біз мектепке келгенде «Бақұл бол, бауырым Көшеней» атты өлеңі орындалып жатыр екен.
Жұпармен біраз жай-жағдай сұрасып, ол кезде Арнұрдың облыс көлемінде белгілі болған кезі. «Әкесі достың, баласы дос» дегендей, менің балама қызмет жасауға Арнұрды жіберерсің дегенмін сонда. Уәдемен 1999 жылы Арнұрды әкеліп, келіннің бетін аштырдым.
Мұражай ашылғалы да отыз жыл өтіпті. Арнұр мен менің Үсен деген балам ағалы-інілі болып кетті. Үнемі хабарласып, байланысып тұрамыз. Жетістіктеріне қуанамыз, амандығына тілектеспіз. Мақаланы жазудағы мақсатым – достардың сыйластығы, өнердің өлмейтіндігі. Жарты ғасыр өтсе де Көшенейдің даусы халқының кұлағында жаңғырып тұрғандай. Өлең арнаған досының өмірден өткеніне отыз бес жыл болды. Зымырап жатқан уақыт, қалған уақытта Көшеней мен Жұпардың ұрпақтарына ұзақ өмір тілеймін. Халқы барда өнері өлмек емес.
«Сен бардағыдай күн шығып,
Сен бардағыдай күн батып.
Зымырап жатыр тіршілік,
Еріксіз өзін тыңдатып», – дегендей тіршілік өз ағымымен жүріп жатыр. Көшеней мен Жұпардың жандары жәннатта болғай. Осы жазбаны достық көңілмен бастарына қойған бір шоқ гүл деп қабылдағай. Артында қалған ұрпағы мен бауырларына, халқына амандық тілеймін.
Дина НҰРЖАНҚЫЗЫ,
Жалағаш ауданының Құрметті азаматы,
Халықаралық ардагер ұстаз, «Қазақ тілі» қоғамының
Жалағаш аудандық филиалының төрайымы
01 наурыз 2023 ж. 780 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 024

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031