» » » МЕН СІЗДІ ІЗДЕП ЖҮРМІН... (эссе)

МЕН СІЗДІ ІЗДЕП ЖҮРМІН... (эссе)

          Бәрі де кешегі күндей сол қалпында есімде. Жоғары сыныпта оқитын кезім. Кезекті пән қазақ әдебиеті сабағы болатын. Қоңырау шығуға соғысымен оқушылар сыныпты бастарына көшіріп, шулайтын әдеті емес пе? Шулайтыны соншалық, бірінің даусын бірі естімейді.
Қоңырау шырылы кіруге естілісімен сыныпқа үстінде ақ жейдеше, қара юбка-костюм киген дөңгелек жүзді, көз жанары өткір, орта жастағы бұрын-соңды көрмеген мұғалім кіріп келді. Апыр-топыр болып, орындықтарды әрлі-берлі сүйреп жүрген бірлі-жарым оқушы қолдарымен бас сипап, сасқалақтап тұрып қалды. Құйынша жүгіріп жүрген бұзықтау ер балалар ұстаздың салмақты қалпынан сескенгендей, әп сәтте-ақ, су сепкендей басылды да қалды. Аз уақытта әр оқушы өз орнынан табылды.
Жаңадан сабақ бергелі тұрған мұғалімге алғашында барлығымыз да тосырқай қарап, селтиіп қалғанымыз рас. Артынша, «Балалар, орындарыңа отыра беріңдер» деген жылы шұрайлы даусын естігенде, бағанадан бері көзіміз баданадай болған біздер, демімізді «Уһ» деп ішке тартқандай болдық.
Бітім-болмысы ер адамдарша, қабағы салқындау көрінгенімен, сәулелі сөзге жібімейтін адам бола ма? Сабақты бастамас бұрын жаңа мұғалима қолына сыныптың қалың жорналын алып, тізім бойынша біздермен танысып шықты. Сосын барып байыпты қалыппен өзінің аты-жөнін Әлия Бүркітбаева деп таныстырды.
Жұмбақ жан болып көрінген апайымыздың әр сабағын асыға күтіп, күндер өте келе сол кісінің көзіне бір түсіп қалғымыз келетін әдет шығардық. Апайдың сабақ беру тәсілі ешкімге ұқсамайтын. Бала бойында тұнып жатқан бұлақ көзін ашып, әдебиет пәніне деген қызығушылығын оятатын. Бәлкім менің де сөз өнеріне ықыласым осы бір кездерде ұшқындай түскен болар. Бұлақ көзін ашып қана қоймай, өзінің рухани жағынан бай адам екендігімен де біздерді таң-тамаша қалдыратын. Сабақ кезінде сыныптың барлық оқушысын жеке-жеке қамтып, ешқайсысын назардан тыс қалдырмайтын. Ұғымында жақсы оқитын, нашар оқитын оқушы деген түсінік болмайтын. Шәкіртке бірдей көзқараспен қарайтын. Оқушы аузынан жақсы сөз естісе, соны қайта-қайта айтып, балаша қуанатын. Балаға жекіп немесе арына тиіп сөйлеуге жаны қарсы болатын. Оқушысын өнерге, білімге, мәдениетке қызықтырып, құстың балапанындай қанаттарын қатайтып отыратын.
Тақтаға шыққанда үйге берілген жаттауда кітаптағыдай сылдыратып оқытып шықпай, шығарманы образға еніп оқуға баулитын. Жай күнде әдебиетке мойын бұра бермейтін оқушы да ақындар мүшәйрасына қатысып тұрғандай қолды сермеп, өлең шумақтарын шабыттана оқып бергенін өзі де байқамай қалатын. Жыр шумақтарын мәнерлеп оқығанымызда  құдды бір театрдың әртісіндей сезінетінбіз өзімізді. Ол кісінің тағы бір керемет қасиеті – көлгірлікке, өтірікке жол бермеуге тырысатын. Сабақтан кешігіп келген оқушыларға: не де болса шындарыңды айтыңдар, жаман әдет жұққыш келеді, қазірден өтірік айтсаңдар кейін соған бой үйретіп кетесіңдер, – деп ескерту жасайтын.
Кеңес Одағы тұсында кент мектептерінде білім алып жатқан жоғары сынып оқушыларын елді мекенге жұмысқа тартатын. Білім нәрімен сусындаған №183 мектеп Тұрмағамбет ауылына бөлінген-ді. Күзгі жиым-терімде бір ай масақ теруге баратынбыз. Бір айдың ішінде небір қызықты күндер де, қиындықтар да болып жататын. Арасында пішен орып, белуардан суға түсетінбіз. Оған жүрек жұтқандар ғана келісетін. Судың аты – су. Ішінде су жылан жүзіп жүреді. Түсі суық жәндікті көргенде денеміз түршігіп, сдан қашып шығатын едік. Артынан қорқынышымыз басылып, әлгіні ұмытқан соң сол жерде қайта жұмысты жалғастыратынбыз. Жейденің ішінен жыбырлаған бұл не деп, қолымызды салып қарағанда – саразбан деген дәу алақанымыздан бүлк етіп шыға келетін. Ауылдың сонасы мен масасына күндіз-түн талану тағы бар. Шыбын-шіркейден қорғанамыз деп масаның майын үстімізге сыбап жағып, апарған бес, алты құтымызды тез таусып тастайтынбыз. Кешке ауылдың бозбалалары келіп, доқ көрсетіп кететін сәттер болды. Суға қайнаған макаронды асап жеп алатынбыз. Түнге таман асхананың есігі ашық қалса, шибөрілер қазанның түбін жалап-жұқтайтын. Бәлкім, қиындығы осы болар да, қызығы – сол жазғы демалыста бізбен бірге барған ұстаздарымыздың арасында Әлия апайдың да болғаны, апайдың балаларды жұмысқа апарғанда басқа әріптестері секілді айқайға баспай, сабырмен сөйлеп, өнеге көрсетуінде жатқан болар. Казарма мен бригаттың басына біздерді шағын «Пазик» апарып, алып қайтатын.
Ұстадың қасиеті – жұмыс бастамас бұрын оқушылардың басын қосып, ойын ұйымдастырып, көңілдендіретін. Орақты құлшына ұстап кірсетінбіз жұмысқа. Егін алқабын жайсын не атыз дейді. Жайсын атызға қарағанда, көлемі жағынан әлқайда үлкен келеді. Оған түсуге құлықсыз едік. Осындайда Әлия апайымыз жайсынның бойынан аяғымен он қадам өлшеп, балаларды екі-екіден жұптап жайсынға түсіретін. Кімде-кім тапсырманы ерте орындаса, біраз тынықтырып алатын. Өзі де босқа уақыт өткізбей, әңгімелер айтып отыратын. Жайсыннан шығып болған оқушылардың басы жиналғанда тағы да ұлттық ойындардың бірін ойнатып, шаршағанымызды ұмыттыратын. Мәз болып масақ теріп жүргенімізде кештің қалай болғанын да білмей қалатынбыз.
Бір күні «Пазиктің» жүргізушісі аяқ астынан науқастанып, орталыққа жеткізуге алып кетті. Казармаға енді қалай жетер екенбіз деп тұрғанда Әлия апай: автобусқа кіріп, орындарыңа жайғаса беріңдер, деді. Түсінбеген біз, жан-жағымызға тосырқай қараймыз. Бәріміз көлікке жайғасып отырып алдық. Ең соңынан апайдың өзі кірді де, жүргізуші салонына қарай өтті. Орындыққа өтті де көліктің кілтін бұрап от алдырды. Күнделікті көлік жүргізіп жүрген адамша автобустың тізгінін басқарып кете барды. Кейін естігеніміздей, апайымыз елді мекендердің бірінде парторг болып қызмет еткен көрінеді. Ол кезде де жасыл «Уазикті» ұршықша иіріп кете барады екен.
Турашыл, шыншыл, әділ адам көрсем, мен Сізді сағынамын, шынайы сезімді кездестірсем, Сізге ұқсатамын, берекелі істі кезіктірсем, соның басы-қасында Сіз жүргендей болсыз, Әлия апайым!
Сәрсенкүл ЖАУДАТБЕК.        
  
02 мамыр 2018 ж. 2 862 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 037

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031