» » » Сайдақтың кербестісі

Сайдақтың кербестісі

qarmaqshy-tany.kz Тегінде қазақ халқы мал десе ішкен асын жерге қоятын. Алғашқы сөзін «Мал-жаның аман ба?» деп амандасатын біздің халқымыз төрт түлік малын қадір тұтқан. Әсіресе, «Ер қанаты – ат» деп жеті қазынамызға балап, қастерлеген. Небір жүйрік тұлпарлар болған адамзат тарихында. Осы сөзге дәлел ретінде менің атам Қожаберген айтқан мына бір аңыз-әңгімені баяндағанды жөн көрдім.
Малбике аталығының (Шөмекейдің Аспанынан тарайтын ру) бір баласы Сайдақтың Кербестісінің дауы деген аңыз-әңгіме Қызылды жайлаған қалың елдің қырға көшкен уақытында болған деседі. Ол кезде Сайдақ атамыз жарлы-жақыбайлы тұрады екен. Ізтілеу, Жөлек, Шынтек, Шағатай, Тыран, Бекетай атты алты ұлын әрең-әрең асырап, қоңторғайлау күн кешіп жатады. Сүт кенжесі Бекетай бүкір болып туылып, ауруынан жазылмайды. Мал соңында көшіп-қонып жүрген әкесі Сайдақ науқас баласы Бекетайдың көңілін аулап, әлі келгенше айтқанын екі қылмай тыңдайтын еді.
Бір күні Бекетай әкесіне жылап келеді де:
– Әке, менің бір тайға қолым қашан жетеді, – дейді.
Жарымжан баласының ойламаған жерден бұлай сұрақ қойғанына жауап бере алмаған әкесі біраз тосылып қалады.
Бар-жоғы он жастағы бала Бекетайдың аурудың азабын тартқанымен көріпкел әулиелік қасиеті де тегін емес еді. Сол күні бала Бекетай ұйықтап жатып түс көрді. Түсінде бір топ қасқырдан тайға мініп қашып келе жатады. Қанша айла жасап, қашса да қасқырдан құтыла алмайды. Бір кезде ерден ауып кетеді де, құлайды, сол кезде тайы кетіп қалады. Топ қасқыр қуып жетіп, боршалап беске бөледі. Көкжалдың азу тістері денесіне батқанын Бекетай сезбейді. Алланың пәрменімен шыбын жаны ұшып шығады. Бас пен иығы кеудесінен бөлініп, денесіне көз алмай қарап тұр еді, әлгі тайы қанат бітіп қайтып келіпті. Оны көріп қасқырлар бұған жоламайды. Өз денесі ақ кебінге ораныпты. Тыран тайдың жалына жармаса бергенде оянып кетеді.
Түсінен шошып оянған бала біраз уақыт мас адамдай теңселіп отырды да, өзі түсін жорып, былай деп жылайды: Тәңірім, маған аз ғұмыр беріпті. Менің қайғымды кім түсінер. Бірақ әкем бестісінде топтан озар ерен жүйрік тай мінеді екен. Денемді бес бөлек қылып кескілегенін аттың жасы бесті дегені. Жалына жармаса бергенде қолым жетпегені арманда кеткенім емес пе? Осы сөзімді айтсам, баланың шатпағы деген жұрт бұған нана ма деген оймен әкесіне келіп жылауының мәнісі осы еді.
Баласының сөзінен тосылған әке сәлден соң былай деді:
– Балам-ау, сенің тайға мінер әлің бар ма? Астымда қойға мінетін жалғыз атаным бар. Одан басқа нем бар? Шалқып таситын қу кедейдің жөні бар ма? Атқа мінем деген сөзді қой, балам. Жаяудың аттыға еріп таңы айрылыпты деген, о несі-ай түге, – деп жүре бергенде, баласы:
– Әкетай, ең соңғы тілегім, – деп кескестеп алдына тұрып алады.
Баласының сөзінен күдіктеніп тұрып қалған Сайдақ «ең соңғы тілегім деп неге айтты жазған бала» деп ойлады да:
– Біле білсең, жас балаға ең соңғы тілек айту әке үшін ауыр екенін біле білгін, балам. Бір тайды бас кетсе де алып берем, тек таусылып жылама, – деп, баласына уәдесін береді. Бұған көкке қолы жеткендей болған баласы қатты қуанады.
Сөйтіп Сайдақ атамыз баласы Бекетайды ертіп тай алуға шығады.
Қызылқұмның Ақтам, Қарақыз деген жерлерін мекен еткен Айымқұл деген жылқылы бай бар еді. Байлығымен аты аңызға айналған Айымқұл бұл елдің биі де, ханы да саналатын. Айымқұл байдың жылқысының ішінде малының құты Көкаласынан кілең жүйрік шығып, әркімдер тайының өзін пұлдап зорға алатын.
Әкелі-балалы екеуі сол Айымқұл байдың қалың жылқысының үйіріне келеді. Әкесінің қошы болмай отырғанда, кенет Бекетай ұшып тұрып, анадайда төбеден төмен түсіп, кісінеп келе жатқан жетім тайды көреді. Өзін ауру меңдеп тұрса да, жанын жалдап, жетім тайға қарай құлдыраңдай жөнеледі. Әкесін қолын бұлғап шақырып:
– Іздеген тайымды таптым, – дейді.
Сонда әкесі Сайдақ тайға қарап күліп:
– Мына маймақ қалайша саған ұнап қалды. Көп жылқының ішінен бір ат таппай, өзі көтерем, өзі маймақ жабыға жармасқаның не? – дейді.
Бұл сөзді бала Бекетай ұнатпай:
– Әке, бүгін уәдеңде тұршы, жылқышымен барып, саудаласайық. Осы тайды алсақ, қолымызға бақ құсының қонғаны, – дейді.
Ақыры әкесі келісіп, жылқышыға барады. Жылқышы немеде айлакер қудың өзі екен. Маймақ тай кімдікі десе, Айымқұлдың маған еңбегіме бергені, мен сатамын дейді. Әккі жылқышымен саудаласа келе тайды астындағы атанына айырбастайды. Жылқышы «айламды асырып, атанды алдым» деп мәз болса, Сайдақ «шашылсам, балам үшін шашылдым» деп көңілін демдеп үйіне қайтады.
Арада үш жыл өтіп, Бекетай он үш жасқа келді. Баяғы жабағы тай бесті болды. Шашасы ұзын, тұрқы биік, жалы жібектей, қамыс құлақ, шоқтықты иық, етсіз бас, салпы ерін, бөкен танау, сауырлы, бота тірсек, жолбарыс жон, тұяғы бақыраштай Кербесті он үшке келген Бекетайдың ертелі-кешті ермегі еді. Бір күні Бекетай ұйықтап жатып шошып оянды, оянса баяғы түсін тағы көреді. Содан бұл дерттен оңалмасын біліп, әкесін шақырып, көрген түсін жасырмай баяндайды. Бұл жайды есіткен әкесі өзін кінәлайды. Сонда Бекетай:
– Әке, сізге бір жайды тапсырамын, енді, бәйгеге Кербестіні қосу керек. Кербестіден тұяқтыда мал озбайды. Мен оралмайтын сапарға кетіп, бұл қызықты көре алмаймын. Жылатып үш қайтара шаққа алып едің. Енді сол жаман тайдың даңқына бөленесің, – дейді. Сөйтіп бала Бекетай мәңгілік сапарға аттанады.
Қош, сонымен Сайдақ атамыз баласының қайғысы жанына қатты батқанымен, тірі адам тіршілігін қылады дегендей, күн артынан күндер өтіп жатты. Бір күні ойланып отырып, Бекетайдың айтқанын есіне алып, атты сынап байқап көруге бекінеді. Атқұмар, тақымы берік баласы Жөлекті атшабар қылып үйреткенде, Кербестінің бабы келісіп шапқаны ойынан шығады. Ел ішінде Бозғұл руындағы бір байдың ұлы үйленіп, қалың елге сауын айтып той жасайды. Сол тойдағы аламан бәйгеге Кербестісін қосуға Сайдақ та баласы Жөлекті ертіп, басқа аты жоқ болған соң, Кербестіге мінгесіп тойға барады.
Той күні бай, кедей деп бөліп-жарып қарамайды, алыстан келген ауылдың ақсақалдарын қонақ қылып күтіп, бар қызметін жасайды. Тойға жиналған жұрт мәре-сәре. Тек Сайдақ қана елеңдеп жата алмады. Таң қылаң бере Кербестіге Жөлекті мінгізіп, айдаушының алдына салып қоя берді. Алпыс ат бақ сынасқан аламан бәйгеге елу қара тігілген еді. «Кербесті бәйгені алса, кедейдің бір байығаны емес пе?» деп ойлаған Сайдақ та тағат таппады.
Бұл кезде айдаушылар аттарды қарақшыға апарып, келген ізбен қайта қуды. Кербесті бұрын-соңды аламан сойқанын көрмеген, айқай-шуды жақтырмайды, бұған атының сырын білетін есі бар Жөлек бала да өзі аттардың шаңынан көзін аша алмай келе жатса да, бас амандап жел жаққа шығып алады. Тасада қалып бауырын жаза алмаған Кербесті сол сәт осқырынып шығындана жөнеледі. Бар жүйрік артта қалып, алдында тек үш шаң кетіп барады екен. Сол сәтте бала Жөлек жолдың тарлау қалтарысындағы күдікті екі аттыны байқап қалады. Біреудің ала жібін аттамаған періштеге Алла тағалам өзі көмектесті. Екі аттыға жақындай бере жалт бұрылып, құла дүзге қарай шаба жөнелді. Екі атты да алғашында түсінбей қалып, артынан қуа берді. Тың аттар әуеліде жететіндей болып қуғанмен, Кербестіге жете алмай өкпесі өшіп, арыны басылып қала берді.
Жастайынан атқа құмар болып өскен Жөлек те енді Кербестінің қаңтаруын босатып, бағанағы үш атқа жетемін деп аттың басын жолға салып қоя берді. Тас түйін боп ат үстінде ойнақтаған Жөлек алдындағы үшінші атқа көп ұзамай қуып жетті. Үшінші аттағы өзіндей жас бала:
– Алдағы екі жүйрік мен білсем қарақшыға барып қалды, – дейді.
Мұны есіткен Жөлек «Нар тәуекел, жетемін» деп аттың басын жіберді. Кербестінің екпіні үдеп, омырауы мен шашасынан тер саулай берді. Жүйрік ат сол шабысымен түп белгінің төбесі көрінген кезде қос атқа құйрықтасып жеткен еді. Шашасына шаң жұқпаған Кербесті жүйрік сөйтіп түп белгінің тұсынан жалғыз өтіп, бұл тойдан Сайдақ байып қайтты.
Сонан соң Сайдақ Кербестіні үш-төрт аламанда бағын сынап, бас бәйгені ешкімге бермей алып қайтып, көкейінде жүрген күдігін сейілтті.
Бұл кезде баяғы Айымқұл бай қызғаныштың қызыл итіне ерік беріп, өзінің көкаласынан озған Кербестіні жарлы Сайдақтың қайдан алғанын әркімдерден сұрастыра келе мән-жайға қанығып, тайды сатқан жылқышысын шақырып алып, ашумен сабап, маймақ тайдың бодауына алған атанды тартып алады.
«Бай–байға, сай–сайға құяды» демекші, Айымқұл байдың құдасы Әбілтай дүйім ел сөзін қоштайтын, сөзі өктем, өзі бай, өзі болыс еді. Құдасынан тайдың жырын тыңдап болып:
– Құдеке, топқа түсіп, дауыңды көп ұзатпай баста, – деп отқа май құяды. Сөзін қостаған құдасына қосылып Айымқұл да «Жүз қара бас бәйгеге тігілген асқа Сайдақтың Кербестісін қостырмаймыз», деп ойласады да, сөйтіп Сайдаққа «жылқышы маймақ тайдың иесі емес, атты бер» деп хабар айтады.
Бүкіл Әлім, Шөменді тәнті еткен жүйрік аттың арты өнбес дауға айналады. Кербестінің дауы Есім руындағы Күнбергеннің асына дейін келіп жетеді.
«Дөйт» деп ұрандаған Шөмекейдегі Сайдақтың Кербестісінің дауына алты Аспанның билері түгел келіп, дау иесінің сөзін тыңдайды. Билерден «Төбе би» сайлаған Бақа биге соңғы сөз, соңғы шешімді айтуды қалдырғанда, Бақа би:
– Қасқыр тартып кететін жаман тайға екі Аспанның таласқаны бекер болды, жарасқаның жөн еді. Ал мен соңғы сөзді айтар болсам, аты Қыр мен Сырға әйгілі Кербестіні бәйгеге қосамын. Бұл тай күнінен өсірген Малбикенің көңілін аулағаным. Ал, бәйгеден озып келген Кербестіні тың тұрған екі жүйрік қарақшыдан түре қусын. Жете алса Кербестіні алар. Бұл Кедейімнің көңілін аулағаным. Ал, жете алмаса даудың басы анықталар. Менің соңғы сөзім осы, – деді маңғазданып.
Тығырыққа тірелген Сайдақ түнімен ойланып, баласы Жөлекке:
– Балам, біз бүгін сын сағатқа тірелдік. Аттың жарауында мін жоқ. Бірақ жол ұзақ. Ет пен сүйектен жаралған соң жүйрік те әлі бітіп шаршап келеді. Сен мынаны ұғып ал: «Алдыңғы екі-үш аттан ұзама. Моншаққа жеткенше, тыным бермей, аттарды қамшылап, қуалай бер. Алдыңғы аттағы екеуі де сенен кіші жас бала. Олар артта қалып жеңілгісі келмейді. Қызбаланып озамын деп шауып-шауып екпіндері бәсеңдеген тұста, бұл кезде Кербесті де терін үгіп, Кәрібай тамының тұсынан өтеді. Есептеп қарасам, Моншақ пен Палуан төбе арасында атың біраз демалып қалар. Содан қарақшыға жетем дегенше қинама. Қарақшыдан оқ бойы ұзап өткен соң аттың басын жіберіп, ауылға қарай тарт. Соңыңнан екі аттылы астыңдағы атыңды алуға тұра шабады. Тұлпардың төрт тұяғы бірдей емес. Маңдайға жазғанды көреміз. Нар тәуекел» деп әкесі баласына барынша тапсырады.
Таң сыз бере айдаушы аламан бәйгеге қосқан екі жүз атты алдына салып кете барды. Жұлқынған кілең жүйрік күн қыза қарақшыға жақындайды. Түпбелгі Палуан төбе мен Қарақшының (Манастың Шатыр төбесі) арасы шамамен сексен-тоқсан шақырымдай.
Қарақшыдан шыға бере Кербестінің шылбыры қолдан сусып түсіп, тірсегіне оралады. Шылбырына тұсауланып, қатты шиленгендіктен, Кербесті секіріп, қосаяқтап шаба берді. Мұны көрген ат айдаушы көрсе де көрмеген боп «тоқтама» деп жанынан көмектеспей өте берді. Бұл сәтте Кербесті аламанға жетемін деп ұмтыла берді. Құдай оңдап Қызылбайдан өте бергенде шиленген шылбыр шешіліп кетеді де, босанғанын сезінген жануар ақбөкендей орғыды.
«Ат шаппайды, бап шабады» деген нақыл сөздің растығы осындайда білінеді. Екі жүз аттың ішінен дараланып шыққан Кербестінің алдында үш ат қана келеді. Атшабар баланың үшеуі де жас екен, Жөлек жете бергенде, қызбаланып, аттарын оңды-солды қамшылайды. Сөйтіп Жөлектің ішкі есебі орындалып, Моншаққа үшеуі бірге жетіп, сонан соң екі жүйріктің арындары басылып, сыр бере бастады. Жөлек атын бірде шоқытып, бірде желіп, басын тартып терін үкті. Әке айтқанымен Моншақ пен Кәрібайдың арасында Кербестіні демалдырды. Жасынан талай сыннан өтіп, әруақ желеп-жебеген бала Жөлек Палуан төбе мұнартып көрінген сәтте Кербестіні тақымдай берді. Жиналған жұрт ентелеп, даланы ақ шаңға орап, шылбыры көкке шаншылып келе жатқан шын жүйрікті Кербестіні көріп: «Пах, жануар, Кербесті десе, Кербесті» деп қауқылдасты.
Бұл кезде Бақа бидің шешімімен Айымқұлдың көкаласы мен Әбілтайдың қараласы қарақшының түбінде Кербестіні қууға дайын тұрған еді. Кербесті жебедей түп белгіден ағып өткенде, Бақа би «Қуыңдар», деп айқайлады. Қос жүйрік оқтай зулап қуа жөнелгенде, Жөлек те Кербестіге қамшы басты. Бойына бұла күш біткендей Кербесті де ышқынып, жаны қалмай шаба береді. Артынан қуған қос жүйрікті шаңына да ілестірмей, кең жазық далаға шығып, ауылы Малбикенің Ызасына қарай тарта береді.
«Кершабақ, Кербесті деп еркелеткен Сайдақтың шын жүйрігі осылайша өзінің басын даудан арашалап алған екен» деп әңгімесін аяқтаған еді марқұм атам Қожаберген.
Атамыз Қожаберген де тегін адам болмаған. Көненің көзіндей ел аузындағы әңгімелерді санасына сіңіріп, қарып танымаса да, құйма құлақтығынан жатқа айтатын. Сонымен қоса көрік ұстап, ат әбзелдерін, қақпан, қалақ, пышақ соққан, ат жаратып, бәйгеге қосқан. Қызылда Қожабергеннің Қара атын білмейтіндер бірен-саран болған шығар. Қара ат туралы әңгіме алдағы уақыттың еншісінде.
Қымбат МОЛЫБЕКҚЫЗЫ
13 ақпан 2023 ж. 595 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 024

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031