Қайырқұл әулие

ЕЛ АРАСЫНДА ҚАЙЫРҚҰЛ ӘУЛИЕ, ЯҒНИ, БІЗДІҢ АТАМЫЗ ТУРАЛЫ ЗЕРТТЕУДІ КЕЗІНДЕ ЕШКІМ ҚҰНТТАМАҒАН. МЕНІҢ ЖАДЫМДА ОЛ КІСІ ТУРАЛЫ КӨНЕКӨЗ ҚАРИЯЛАРДЫҢ ЖӘНЕ ӘКЕМ ТӨЛЕМІСТІҢ АЙТҚАН КЕЙБІР ӘҢГІМЕЛЕРІНІҢ НОБАЙЫ ҒАНА ЖАТТАЛЫП ҚАЛЫПТЫ.
Әкем Қарақұмның мал жайылымында Чапаев атындағы ұжшардың (қазіргі Ақтөбе ауылы) жылқысын бағатын. Менің ол кезде 7-ші сыныпқа көшкен кезім. Жазғы үш ай демалыста Қарақұмда әке-шешемнің жанында боламын. Жылқы қайырысамын, жас болсақ та қолдан келген көмегімізді аямаймыз. Сонда кейде әкемнен көнелікті сөздерді, әсіресе, атам Қайырқұл әулие туралы әңгімелерді көп еститінмін. Солардан жадымда қалғандарын ой елегінен тағы бір өткізіп, қалам тартуды жөн көріп отырмын.
Көнекөздерден жеткен дерек бойынша Қайырқұл атамыз шамамен 1847-1850 жылдары дүниеге келіп, 1913-1915 жыл- дар аралығында өмірден өтсе керек. Ата-тек шежіресін тарқататын болсақ, біз Кіші жүздің Шөмекейінен – Бозғыл – Қаратамыр (Емендәулет), – Жолақай (Қалпе) – Қанай – Тоң – Мәмбет – Көтібақ – Өтеген – Табыл- ды – Қайырқұл – одан Төлеміс тараса, одан Қашқынбай, Басқынбай атты екі ұлмыз. Бұл тізбекті біздерден тараған Ермек, Серік, Еркін, Ерболат, Дәулет балаларымыз одан әрі жалғастырады деп сенеміз.
Әкем Төлеміс Қайырқұл атаның ең кенжесі (6 ағайынды) екен. Ол кісі айналасында сөзі өтімді, көпке қадірменді адам болған. Жоғарыда айтқанымыздай, ширек ғасыр бойы ұжшар жылқысын бағып, ел абыройына бөлінген. Жылқы танығыш әрі мықты атсейіс кісі еді. Шашасына шаң жұқпайтын талай жүйрік аттарды баптады. Менің 10-13 жастан бастап аламан бәйгеге қатысып, шабондоз бала атануыма әкемнің көп ықпалы тиді. Атжарыстың қайнаған ортасында төселе жүріп көбінесе түйекеш Көбеген көкеміздің күреңімен, Киікбай шопанның сарықасқа аты және басқаларының жүйрік аттарымен талай бәйгеге қатысып, сан жүлдені қанжығама байладым.
Беу, сағынышқа айналған, намыс оты болып жанған, алыста қалған жылдар-ай десеңші!
Әулие атамыз туралы әкемнен естіген бірер қызық әңгімелердің нобайы еміс- еміс есімде қалыпты. Солардың біріне тоқталайын.
Атамыз бірде Төлеміс ұлына:
– Балам, менің әулиелігім саған қонуы мүмкін. Тек мынаны есіңе сақтағайсың. Шудасы жерге шұбатылған бір үлкен қара бура сенің түсіңе кіреді. Ол сенің қасыңнан қатты желіп өте бергенде, еш қорықпай, бураның шудасынан шап беріп ұста да, бар күшіңмен оны тоқтатуға тырыс, – деген екен.
Әкем әңгімесін одан әрі жалғастырып: "Е, бұл түсім еді ғой. Адамды таптап өтердей қатты желіп келген қара бурадан қатты сескенгенім соншалық, оның шудасынан ұстай алмай қалдым емес пе" деп сонда ол үлкен қынжылыс білдірген-ді.
Бұрынғы адамдардың болжамдары бойынша әулиелік және емшілік қасиет кейінгі төртінші немесе жетінші буынға қонады екен. Әулетімізде немере туыс болып келетін Теңізбай деген кісінің баласы Ораздың (шөбере) емшілік қасиеті бар екені белгілі. Әкемнен естіген тағы бір әңгіменің желісі мынадай.
Қайырқұл атамның бір ауылдасының оншақты қойы үшті-күйлі жоғалып кетеді. Іздемеген жері қалмайды. Ешкім көрдім не білдім демейді. Осыны ашуға бір көмегі тие ме деген дәмемен мал иесі атамызға келіп:
– Қайырқұл аға, малым қолды болды, соның бір дерегін біліп беріңізші, – деп өтінішін жеткізеді.
Атам әлгі азаматтың көңілін қимай, құмалағын шашып жіберіп, үңіле қарайды да:
– Е, малыңның дерегі шығып тұр. Анау көрші ауыл жақтан іздеу керек. Барып анығын біліп келейік, – деп мал иесі екеуі атқа қонады.
Көп ұзамай олар сол ауылдағы сезікті жанның үйіне келіп түседі. Ұры бірден басын алып қашып:
– Әулие аға, мен ешқандай мал ұрлаған жоқпын, – деп ант-су ішіп, ұрлығын мойындамайды.
Сонда Қайырқұл әулие құбылаға бір қарап алып, дұға оқиды да екі қолын жайып жіберіп:
– Ей, қарағым, мен мұнда еріккеннен кел- ген жоқпын. Не мына жігіттің алдына малын салып бересің болмаса өз обалың өзіңе. Енді сені бір Аллаға тапсырдым, – деп келген ізімен кері қайтып кетеді.
Олар ауылдарына жақын қалғанда арт- тарынан бір шаң көрінеді. Қараса, бұларды біреу қуып келеді екен. Келіп жеткен жігіт ат үстінде:
– Ойбай, әулие аға! Ана кісі өлейін деп жатыр. Кері қайтсаңызшы, – дейді аптыға сөйлеп.
Сонда әулие тұрып:
– Е, балам, бұл енді менің қолымдағы ша- руа емес. Ол бір Алланың құзырында, – деп ілгері жүре беріпті.
Сөйтіп, әлгі ұры адам жанын Аллаға аманат етіпті.
Бала кезден білетінім, біздің үйдің төрінде Қайырқұл атаның қасиетті бөркі ілініп тұрушы еді. Ол шаңырақтың кенжесі – менің әкем Төлеміске қалдырған бір мұрасы болатын. Сол бөрікті бала кезде қызық көріп, талай киіп көргенім бар.
Менің анамды абысын-ажындары мен қайнылары "Би Қоңыр" деп атап кеткен. Тұңғыш қызы марқұм апамыз Дәмегүлден кейін көрген екі ұл баласы 1-2 жастан аспай шетінеп кете беріпті. Сол бөрікті әжемнен кешегі күнге дейін босана алмай жатқан әйелдер мен ауырған балаларға сұрап алдыртатын. Қасиетті бөріктің шапағаты тиген шығар, ауырғандарға ем қонып, жақсы болып кеткендерін жиі естуші едік.
Өзім сол бөріктің тозған қиындыларын 2000-жылдары ырым етіп, білген дұғамды оқып, әйелім Бекзатхан екеуміз сақтап жүрдік. 1993-2003 жылдар аралығында күйзелген шаруашылығымыз түзеліп, балалар оқып, азамат болып кеткендері әлі есімнен кетпейді.
Көнеден қалған тәбәрік қой. Үлкен кісілердің әруақтары риза болса, соның өзі бізге үлкен медет емес пе?! Бұрынғылар "Атаңның әруағы жадыңда жүргені – Қызырыңның қасыңда жүргені" деп бекер айтпаған.
Бүгінгі жас ұрпақтың осындай ұлттық құндылықтарға құлақ түріп, тәрбиелі де көрегенді болып өскендерінің өзі ата-ана үшін бір ғанибет емес пе?!
Қашқынбай ТӨЛЕМІСОВ
02 тамыз 2022 ж. 816 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

№91 (10356)

16 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 230

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 335

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930