Әке туралы бір үзік ой
Бастауыштан кейін үлкен сыныпқа қабылдаған ұстазымның өзін таныстырғаны әлі күнге есімде қалыпты. Салмақты, жайдары мінезбен оқушыларының есімін бір-бірлеп сұрап келіп, кезек өзіне келгенде тегін ерекше таныстырды. «Менің аты-жөнім Ләйлі Құндақбаева. Тегім атамның есіміне қойылған. Ол кісі осы ауданның соғыс ардагері» деген бірауыз сөзі оның қандай алып тұлға, батыр екенін сол кезден-ақ барлығымызды қызықтырған-ды. Ұлы Отан соғысының ардагері Құндақбай Құпияевтың ерлігі жайында кейінгі жас ұрпақтың білгені дұрыс-ақ.
Батырдың ұрпағы Шегебай ағамыздың айтуынша, Құндақбай атамыз 1910 жылы Ақжар ауылының Дауылкөл деген жерінде туып өскен. «Әкем «Барыс жылы туылдым» деп айтып отыратын. Сонда нақты 1914 жылы дүниеге келсе керек. 1932 жылы елге ашаршылық жайлаған уақытта аң аулап, қайықпен балық ұстап, отбасын асырап аман қалған екен» деді ол. Құндақбай жас кезінде жақын ағайыны болып келетін Қойшыбай молда деген кісіден ескіше сабақ алады.
1985-1990 жылдардан кейін дін жолына түсіп, аудандағы молдалардың «жиырмалығына» кіріп, молдашылықпен айналысады. Кейін Қуаңдарияда ашылған Сейітпембет әулие атындағы мешіттің алғашқы имамы болады. Құндақбай атамыз үлкейген кезде Құран кітапты көп оқыса керек. Шай, тамағын ішіп ертерек жатып, түннің бір уағында қайта тұрып алып Құран оқуға кіріседі екен.
– Бір таң қалғаным, жасы сексеннен асқан кезде көзәйнегін кимей оқитын болды. Көзәйнегі сынып қалды ма, болмаса көзіне сәйкес келмей қалды ма деп сұрағанымда: «Құран қаріптері үлкен. Қазір көзім жақсарып, кітаптағы «асты», «үсті», «секін» деп аталатын майда сызықшаларға дейін көріп отыратын болдым. Соған қарап, Құран қаріптерінен тараған нұрдың көзді сау қалпына келтіретін қасиеті бар екеніне көзім жетті. Тек тұла бойыңды таза ұстап, шын ниетіңмен оқуың керек. Сол кезде жүрегің де тазарады, жүрек арқылы ағзаға тарайтын қан да тазарады» деп айтқаны әлі есімде, – дейді Шегебай ағамыз.
Құндақбай атамыздың әскерге шақырылатын сәті 1941 жылы соғыспен тұспа-тұс келеді. Алғашында Түркіменстанның Ашхабат қаласы маңында жаттығудан өтіп, одан кейін 63-дивизияның 223 атты әскер полкінде жаумен бетпе-бет соғысады. Ер қанаты атанған жылқы жануар да батыл екенін Құндақбай сонда бар-ақ біледі. Талай рет жаңбырша жауған оқтан астындағы күреңнің арқасында аман қалады. Халқымыздың малды жанына пара-пар атауы осыдан екен-ау деп те ойлайды. Қиян-кескі соғыста Құндақбай оң қолынан жарақаттанып госпитальға түседі. Ол жерден айығып шыққаннан кейін дәрігерлік қорытынды оны әскерге жарамсыз деп табады. Сөйтіп 1943 жылдың сәуір айында денсаулығына байланысты ерте елге оралады.
Туған ауылы Ақжарға келгеннен кейін жұмысшы болып, кейін шопан таяғын ұстайды. 1964 жылы Қуаңдария ашылып, Ақжардағы қой түгелімен осында өтіп, шопандар жаңа шаруашылыққа ауысады. Шөбі шүйгін Қызылқұм өңірі қой малына жайлы болады. Шопандықтың қыр-сырын меңгеріп қалған Құндақбай атамыз мал өнімдерін өндіруде нәтижелі көрсеткіштерге қол жеткізіп, фермадағы алдыңғы қатарлы шопандардың бірі болып жүреді. Мал басын аман сақтау, қаракөл, жүн өндіруде қол жеткізген табыстары үшін бірнеше рет жарыс озаты белгісімен, «Еңбектегі ерлігі үшін» медалімен марапатталады.
– Әкем аса ірі деуге келе қоймайтын, онша шағын да емес, ортадан биіктеу, өзіне лайық денесі бар адам еді. Мен білетін кезден мұрты бар, шашының алдыңғы жағы сұйықтау болғанымен кескінді жүзіне жарасып тұратын, бет әлпеті келісті сұлу кісі болатын. Әнші атанбағанымен дауысында ерекше саз бар, Құран сүрелерін мақаммен қырағаттап құйқылжыта оқитын. Домбыраны жақсы шерте алмаса да, үйге қонақ келіп, екі-үш адамның басы қосылып отырғанда өзі жатқа білетін жыр-термелерден орындап беріп, қонақ кәде сұрайтын әдеті бар-тын, – дейді өткенді еске алған батырдың ұрпағы.
Иә, бұрын Құндақбай атаның өмір жолы, естелігі өрбіген шаңырақта қазір ұлы Шегебай Құндақбаев ұрпағымен жасап жатыр.
Ерсін ӘЛІБАЙ