Жұбанбай би

qarmaqshy-tany.kz Жұбанбай Бұқабайұлы 1828 жылы туып, 1902 жылы дүниеден өткен. Қаракете тайпасынан, руы – Құлыс Кете Есеннің бай бұтағынан. Таратып айтар болсақ, Қаракетенің Құлысынан – Әлмембет, Сарымәмбет, Айтөк. Әлмембеттен – Мұртызалы, Құрманәлі, одан – Қараторғай, Мұртызалыдан – Аңдағұл, Добай, Қарба, Бостыбай, Күлкі, Қойбақ, Добайдан – Есен, Мырза, Әйімбет, Дулат, Алшаң, Маман. Есеннен – Өтеулі бай, Байсал, Шынгене, Барақы, Қозыбақ, Жомарт. Өтеулі байдан – Түлкібай, Бекше, Бөрібай, Түлкібайдан – Бұқабай, одан – Жұбанбай би, одан – Қалмырза, одан Қоянбай, Баянбай туады. (Бұл деректер әкем Шәдіден алынды).
Өтеулі байдың жаз жайлауы, қыс қыстауы Ұлы құмда (Қарақұмда) болған, ол «Сиырлы бай» атанған. Ол заманның базары Бұхарада екен. Сондықтан өгіздерін Бұхараға айдатып, сатқызып отырған. Сонда жетіп, өгіздерін сатқанда оны алған сарттарға бай: «Өгіздеріңе мықты болыңдар. Әйтпесе олар мені қайта табады» – деп ескертеді екен. Байдың малы сонау Бұхарадан Ұлы құмға иесіне талай қашып келіпті. Жолай сусыз шөл. «Тау Елібай» – өзбек жері. Қазір «Тамды» десе түсінеді. Сонда «Өгіз тауы» деген жер бар. Өтеулі байдың өгіздері Бұхарадан қашып, сол тауға жеткенде шөлдеп, өкіріп жерді тұяғымен қазады. Міне, сол тұяқпен қазылған жерден бұлақ шығыпты. Содан соң әлгі тау «Өгіз тауы» аталып кеткен дейді.
Ал, қазіргі Қармақшы ауданы жеріндегі «Далда», «Шұрық» деген бұлақтар – әлгі Өтеулі байдың сушыл, киелі өгіздерінің тұяқтарымен қазып шығарған бұлақтары. Сол бай атамыздың немересі Бұқабай Ұлы құмнан көшіп келіп, Сыр бойына қоныс теуіпті. Әдепкіде дарияның солтүстік бетінде екі кісіні көріпті. Оларға бай «Әй, кімсіңдер?» деп дауыстайды. Олар: «Маңдай, Сабдал дегендерміз. Талқаншы Найманбыз» депті. Бұқабай атамыз сол түбекті мекен етіп қалыпты. Содан бері сол түбек «Бұқабай түбегі» деп аталады. Бұқабай да сиырлы бай болған. Кешкілік мүйізді ірі қараларын «ау-хаулап» шақырады дейді. Олар түсте ауылдағы шаңлаққа түгел келіп жатады екен. Күндердің күнінде бір бұқасы келмей қалыпты. Ертесіне бұқасын іздеп шығады. Сырдың жарлы жағасының үстімен келе жатса, бір тұста жардың астынан сиырдың құйрығы көрінеді. «Бұл не құйрық?» деп жардың жайпауытынан түсіп келсе өзінің бұқасы екен. Бір жолбарысты жарға тақап, мүйізімен түйреп тұр. Жолбарыс өліп қалыпты. Бұл жануар жолбарыстың өлгенін қайдан білсін, жарға тақаған бойы тұра берген. Әукімдеп сипап, жолбарыстың денесіне кірген мүйізін зорға босатып алыпты. «Бұқабайдың өгізі жолбарыс алған» деп кешегі күнге дейін аталарымыз аңыз ғып айтып отыратын.
Сол жарықтық Бұқабай атамыз көпке дейін бала сүйе алмапты. Ол заманда Шөмекейдің Жолай руынан шыққан Төбе би Кетейбайұлы Өтетілеу бидің дәуірлеп тұрған шағы екен. Оның аузы дуалы, айтқаны болып, іздегені келіп тұрған кезі болса керек. Бұқабай атамыз бірде Өтетілеу бидің өз ауылының үстімен өтетінін естіп, бір көш жерден күтіп алыпты. Оған қол қусырып, бәйбішесімен екеуі үйіне түсіреді. Сөйтіп, жақсылап күтіп, бидің батасын алған көрінеді. Кетерінде би: «Ұлды боласыңдар, жұбанасыңдар, оның атын «Жұбанбай» қойыңдар» дейді. Бидің батасы қабыл болып, Жұбанбай атамыз дүниеге келіпті.
Жұбанбай би 9 жасынан билік құрған. Әділ болған, оны ауру меңдеткен кезінде бір топ інілері келіп, Әлмен батыр: «Жұртыңызға қадірменді болдыңыз, сөзіңіз жерде қалмады. Сіздің де арманыңыз бар ма?» – деп сұрапты. Сонда би: «Армансыз пенде болмайды шырағым. Жасымнан көп ісіне жегілдім. Бала болып асыр салып ойнай алмадым», – деген екен.
ХІХ ғасыр сырбойылықтарға аса қасіретті заман болды. Менің Бәти әжем бұл туралы былай деуші еді. «Менің 8-9 жастағы кезім еді. Ол кезде су көп, құрғақ жер аз болатын. Қыстың көзі қырау. Бір күні «жау, жау кеп қалды» деген дауыс естідім, ауыл адамдары қыз-келіндерді жинап, көлге қарай айдап әкеліпті, көл беті көкпеңбек мұз болатын. Әйел, қыз-келіншектерді көк мұзға апарып тұрғызады, себебі жау көк мұзға түсіп жүре алмас еді. Содан соң кәдімгі қара қойдың арқасына екі қанат керегені артып, көл ортасындағы бізге күрке жасап берді. Қой мұзға таймайтын көрінеді, әрі екі қанат керегені көтереді екен. Жау келіп, төбе басында найзаларын шошаңдатып, «Шақанай, шақанай» деп шулап тұрды да көк мұзға түсе алмай, қайтып кетті...» дейді. Келген жау хиуалықтар екен. Би Жұбанбай сондай заманда өмір сүріпті. Сол әділ бидің өмір жолын зерттеп, оның ұлағатты өмірін кейінгіге үлгі ету қазіргі ұрпақтың міндеті деп білемін.
Жұбанбай бидің ісінен бір дерек келтірейік. Генерал губернатор Перовский Ақмешітті қоқандардан тазартқаннан кейін қазақтың жақсы-жайсаңдарын шақырып, «Аламесекте» үлкен жиын өткізіпті. Онда қаралған мәселенің бірі қазақ жерінің шекарасы екен. Яғни, ол қай жерлерді қамтиды? Билер мәслихаты кеңесіп, «қазақ шекарасының қай жерлерден өтетінін би Жұбанбай айтсын» деп пәтуа еткен. Иә, сол заман картасы табылса, не сақталса, соның авторы Жұбанбай би деу керек. Міне, осы орыстардың алдында қасқайып тұрып, күллі қазақтың шекарасы қай тұстарды қамтитынын билердің атынан мәлімдеген Жұбанбай би Бұқабай баласының абырой-беделінің қандай екенін көрсетсе керек. Осы жерде айтылар тарихта губернатор Перовскийдің нөкерлері, геодезист, географ, картографтар генералға қазақ жерінің көлемін, шегін баяндап берген биді өздеріне жолбасшылыққа бекітіп беруді сұрайды. Жұбанбай би губернатордың бұйрығымен екі жыл жүріп, картографтарға қазақ жерінің көлемін көрсетеді. Осы еңбегі орыс патшалығы тарапынан бағаланған. Жұбанбай би көп жылдар «Жаман – сыр» болыстығына болыс болды. Кейіннен болыстықтан өз еркімен бас тартып, Төребай би Пшанұлына тапсырған. Ал кешегі кеңес өкіметі құрылған шақта Қазақ автономиясы жарияланып, қазақ шекарасы белгіленген кезде Орынборда қазақ азаматтары осы Жұбанбай би белгілеген шекара нұсқасын алға тартып, бекіткен.
Қызылорда қаласында паравоз депосының жұмысшысы Сүлеймен Есқараев Орынборда Жұбанбай би Бұқабайұлының еңбегін сол кездегі басшылыққа айтып, дәлелдеген. Бұрынғы кісілердің айтуынша, С.Есқараев Мәскеуге барып, Лениннің алдында бидің еңбегін дәлелдеп шыққан. Ол кейіннен Қазақ КСР-ның тұңғыш бас прокуроры болды. Өмірінің соңында Қарағанды облыстық атқару комитетінің төрағасы қызметін атқарды.
Атамыз елін отырықшылыққа бейімдеді. Мәселен, Қашқансу деген өзекті байлатып, інілері Орман, Наурызбай, Сұлтанбайларға арық қаздыртқан. «Орман», «Наурызбай», «Сұлтанбай» жармалары осы уақытқа дейін Қармақшы ауданының жартысын сумен қамтамасыз етіп келеді. «Ақтөбе», «ІІІ Интернационал», «Жаңажол», «Иіркөл» шаруашылықтары осы жармалардан су ішіп, егін егуде. Би дауыс көтеріп сөйлемеген, ашу шақырғанын кісі көрмепті. Ренжісе, сұқ саусақпен мұрнын сипап отырады екен. Оның ауылы төңірегінде дауыс көтеру, боқтық айту, ұрлық істеу атымен болмапты. Сондай атақты бидің бәйбішесінен туған балаларынан тұқым қалмады. Кіші әйелінен туған Қалмырза әкесінен 1 жаста қалған, кенжесі екен.
Жұбанбай би 1902 жылы күзге салым қайтыс болған. Би ауылының төңірегінде төбелі, биік жер болмады. Халық үш күн, үш түнде (ай жарық болған) қалтамен, дорбамен тасып төбе жасап, Жұбанбай биді өздері қолдан көтерген биікке қойған. Осылайша Жұбанбай ауылы биге деген сүйіспеншіліктерін білдіреді.
Қоянбай Қалмырзаұлы біздің заманымызда ел ағасы болды. Әртүрлі қызметтерді атқарды. Жаңақорған ауданы партия комитетінің бірінші хатшысы, атқару комитетінің төрағасы болды. Баянбай Қармақшы ауданы, Дүр Оңғар ауылында, бабасының туып-өскен жерінде көлік жүргізушісі болып жұмыс істеді. Бала-шағалары бар. Қазіргі уақытта Жұбанбай би қаздырған жармадан су ішіп, егіндері жайқалған Ақтөбе, ІІІ Интернационал, Иіркөл ауылдарының ішінен ІІІ Интернационал ауылдық округіне Жұбанбай бидің есімі берілсе, халық разы болар еді.
Майдан ТҮЙІМБЕТОВ,
еңбек ардагері, ІІІ Интернационал ауылы
19 қаңтар 2023 ж. 495 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 055

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031