» » » Дәдем Қорқыт һәм қасиетті топырақ

Дәдем Қорқыт һәм қасиетті топырақ

qarmaqshy-tany.kz Болмысымыз қалайша басқа? Біз немен ерекшеміз? Рухымызды биіктетер нендей күш бар? Кіммен, қалай мақтанамыз? Әрине, тарихи ескерткіштеріміз бен өткеннің сайраған ізіндей, көненің көзіндей мәдени орындарымызбен. Топырағын түртсең, тасын төңкеріп қарасаң қарт тарихтан хабар беретін қазыналы жерімізде қанша әулие жатыр. Солардың бірегейі Қорқыт баба.
Аңыз бойынша, анасы Қорқытты құрсағында үш жыл бойы көтеріп жүріпті. Жылына бір рет толғақ қысып отырады екен. Қорқыт дүниеге келер алдында әлемді үш күн, үш түн бойы көзге түртсе көргісіз қараңғылық басады. Сұрапыл қара дауыл соғып, ел-жұртты қорқыныш сезімі билеген. Осыған орай баланың атын “Қорқыт” деп қойған дейді. Қорқыт ата ұйықтап кетіп, “егер өлімді есіңе алмасаң, мәңгі өмір сүресің” деген аян естиді. Біраз уақыт өткен соң бір баспақты қуып жүріп, жете алмағасын, “Өлсем де, жетемін!” дейді. Соны айтуы мұң екен, Әзірейіл келіп, “Сен өлімді еске алдың, енді өлесің!” дейді. Аңызда Қорқыт ата өзінің жүйрік желмаясына мініп, халқы бақытты өмір сүретін жерұйықты іздейді. Ел-жұртты өзінің жырымен де, күйімен де аузына қаратқан, ғұмырының соңында бірлігі ыдырай бастаған жұртының алауыздығына күйінген ол мәңгілік өмір сырын іздеп дүниенің төрт бұрышын кезген. Бірақ қайда барса да алдынан көр қазып жатқан адамдарды жолықтырады. “Кімнің көрі?” деген сауалына “Қорқыттың көрі” деген жауап естиді. “Қайда барсаң да Қорқыттың көрі” деген сөз осыдан қалған. Ақыр аяғында жер кіндігін тапсаң, тірі қаласың деген аян естіп, туған жері – Сыр өңіріне оралады. Содан мәңгі өмір тек өнерде деген ойға келіп, қобыз аспабын ойлап шығарады. Әлемге аты мәшһүр Қорқыт ата мемориалды кешені Жосалы кентінің солтүстік-батысындағы 18 шақырым жердегі Қорқыт станcасына жақын табиғи төбе үстінде орналасқан. Коммунистік партияның асқақтап тұрған шағында сол кезеңдегі аудан басшысы Елеу Көшербаев осы кешенді тұрғызуға ерекше ықпал жасаған. Соның нәтижесінде кешен құрылысы 1980 жылы архитектор Б.Ибраев пен физик-акустик С.Исатаевтың жобасымен басталған. 1997 жылы ескерткішті қалпына келтіру, жөндеу жұмыстары жүргізіліп, амфитеатр, қылует, қошқар мүсінінен тұратын тұтас сәулеттік ансамбль жасалған. Ал 2000 жылы кешен жанынан Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейінің филиалы ретінде Қорқыт ата музейі ашылды. Музей қорында ата туралы материалдармен қамтамасыз етілген 2500-ге жуық экспонат сақталған. Онда Қорқыт ата өмір сүрген дәуірдің тарихы мен мәдениеті жайлы ауқымды мәлімет қоры бар.
2014 жылы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Назарбаевтың тапсырмасымен Қорқыт ата мемориалды кешеніне берік құрылыс материалдарынан қайта жаңғырту жұмыстары (реконструкция) жүргізілді. Көркемдік деңгейі жоғары, тарихи-мифологиялық мән-мазмұны терең, архитектуралық шешімі заманауи талаптарға сай соңғы үлгіде жасалған кешен көркі көз сүйсінтеді. Аумағы да ұлғайтылып, көгалдандыру, абаттандыру жұмыстары жүргізілген. Мұндағы ғимараттар да қазіргі заман талабына сай үлкейтілді. Кешендегі басты ескерткіш – қобыз 8 метрден 12,1 метрге биіктеді. Жаңа әкімшілік ғимарат салынып, қызметкерлер қатары да артты. Бұл Қорқыт ата кешенінің бүгінгі архитектуралық кесенесін әлемге таныту, оны дүниежүзілік туристік орталыққа айналдыра отырып, әлемнің әр түкпірінен Сыр еліне келген қонақтарға Түркі өркениетін кеңінен насихаттау үшін жасалған өзгерістер болатын. Ал кешендегі амфитеатр көне Рим дәуіріндегі архитектуралық құрылыс үлгісінде салынған. Ол түрлі ойындар мен сайыстарды тамашалайтын орын. Амфитеатрдың ортасында дөңгелек алаң бар. Көрермендерге арналған орындар тұйық шеңберленіп келіп, сатылап көтеріле береді. Бүкіл түркі тілдес елдер арасында өтетін «Қорқыт және Ұлы дала сазы» атты өнер фестивалі дәстүрлі түрде екі жылда бір рет кешеннің амфитеатрында өтеді.
Кешенге туристердің көпшілігі Германия, АҚШ, Қытай, Түркия, Франция елдерінен келеді. Соған сәйкес Қорқыт ата мемориалды музейінде шетел тілін білетін мамандар жұмыс істейді. Қайта жаңғыртуға дейін кешенге келушілер саны 12-13 мыңға жуық болса, 2014 жылдан бастап 20 мыңға дейін жетті. Мұнда зиярат етушілер күннің ыстық-суығына қарамайды. Қасиетті мекен ешқашан меймансыз қалған емес. Мақтанарлығы сол, киелі орын «ЕХРО-2017» халықаралық көрмесіне келген туристер аялдайтын нысандардың қатарына енді. Қорқыт ата жерұйық деп танып, мәңгілік тыныс тапқан мекен жер шарының әр аймағынан келген қонақтарды қарсы алды. «ЕХРО-2017» халықаралық мамандырылған көрмесіне орай облыстың қолөнер шеберлерімен бірлесе отырып, арнайы кәдесыйлар дайындалды. Ұлттық құндылықтарымызды насихаттау мақсатында музей қорында сақталған этнографиялық экспонаттардан ұйымдастырылған көрме туристер емес жергілікті халықтың да қатты қызушылығын оятқаны жасырын емес. Кешен жанынан құрылған этноауыл, тігілген қараша үйлер салт-дәстүрімізді айшықтай түсті. Мекенге келушілер қатары күн сайын артып келеді.
Түркі халықтарына ортақ ұлы ойшыл, жырау, қобызшы Қорқыт ата мұрасы – баға жетпес рухани қазына. Сыр бойында өмір сүрген ежелгі Оғыз тайпаларының ұзаны (жырау), «Кітаби дәдем Қорқыт» эпопеясын тудырған үлкен эпос орындаушының асқақ кесенесі қасиетті мекеннің кереметін әлі де әлемге паш ете бермек.
Гүлжанат ДҮЗЕНОВА.
28 қараша 2022 ж. 520 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 020

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031