» » » Шайырлар өңірінің шамшырағы

Шайырлар өңірінің шамшырағы

«ҚАРМАҚШЫ ТАҢЫ» ГАЗЕТІНДЕ ЕРЕКШЕ КӨРІНІС ТАПҚАН ЖАНРДЫҢ БІР ТҮРІ – ПОРТРЕТТІК ОЧЕРК. «ҒИБРАТТЫ ҒҰМЫР» ДЕГЕН ТҰРАҚТЫ АЙДАРЫМЕН РЕСПУБЛИКАҒА ЕСІМІ ТАНЫМАЛ ТҰЛҒАЛАРДАН БАСТАП, АУДАН АЗАМАТТАРЫНЫҢ ДА ӨМІР ЖОЛЫ МЕН ӨНЕГЕЛІ ІСТЕРІ ОСЫ АЙДАР АЯСЫНДА БАРЫНША КӨРІНІС ТАПҚАН. ПОРТРЕТТІК ОЧЕРКТІҢ СОҢҒЫ ЖЫЛДАРЫ АЗ ЖАЗЫЛУЫНЫҢ БІРДЕН-БІР СЕБЕБІ, КӨПШІЛІККЕ ҮЛГІ ТҰТАР АЗАМАТТАРДЫ ТЕК МЕРЕЙТОЙ КЕЗІНДЕ ҒАНА ЕСКЕРУ БЕЛЕҢ АЛЫП КЕТКЕН СЫҢАЙЛЫ. ОНЫҢ ҮСТІНЕ ҚАЗІРГІ УАҚЫТ ЖЕДЕЛ АҚПАРАТТЫҢ ЗАМАНЫ БОЛҒАНДЫҚТАН, КӨПШІЛІК ГАЗЕТТЕН ТЕК ЖАҢАЛЫҚТАРДЫ, ТАЛДАМАЛЫ МАҚАЛАЛАРДЫ ҒАНА ОҚИТЫНЫ ЖАСЫРЫН ЕМЕС. АТАЛМЫШ АЙДАР ОҚЫРМАНҒА ҮЛГІ ЕТЕР ӨНЕГЕСІ МОЛ ТҰЛҒАЛАРДЫ ТАНЫСТЫРУ АРҚЫЛЫ ӨЗІНІҢ ТӘРБИЕЛІК ҚЫЗМЕТІН ҰТЫМДЫ ОРЫНДАП ОТЫР ДЕСЕК ҚАТЕЛЕСПЕЙМІЗ.
Аудандық газет Елбасының жыл сайынғы дәстүрлі Жолдауларын ұдайы назарға алып, пікір білдіріп отырады. Оны басылымды парақтаған әр жылдардан анық көреміз. «Жолдаудан туған ойлар» атты айдармен берілген мақалалардан Елбасы саясатына қолдау білдірген ойларды жиі ұшырастыруға болады. 2009 жылғы 14 наурызда Р.Жарылқасыновтың «Сара жолбасшы» атты мақаласында журналистер қауымына артылған жүк пен жауапкершілік туралы айтылады. Автор өз мақаласында оппозициялық басылымдардың кейде тым асыра сілтеп, артық кететін тұстарын ашық айтып, ең дұрысы, дағдарыстан бірлесіп шығуға шақырады.
«Қармақшы таңы» газетінде хабарлама жанрларының шағын көлемдегі хабардан бастап, көркем-публицистикалық жанрдың очерк, фельетон, суреттеме түрлері де жиі ұшырасады. Басылымның имандылық тәрбиесіне аса көп көңіл бөлетінін аңғару қиын емес. Дін мәселесінен бөлек, отбасындағы ұл мен қыздың, баланың тәрбиесі, келін мен ене қатынасы «Отбасы және қоғам» айдарында тұрақты түрде сөз етілуінің өзі осы ойымызды дәлелдей түссе керек.
Газет саламатты өмір салтын насихаттауға, оның ішінде ойлылар ойыны – шахматтың бұқаралығын арттыруға көп көңіл бөліп жүр.
Бірнеше жылдан бері «Қармақшы таңы» газетінің жүлдесі үшін шахматтан дәстүрлі жарыс өткізіліп келеді. Бұл газет пен оқырман байланысын нығайта түсуге септігін тигізеді. Шын мәнінде бұқаралық басылым деген сипатына сай жұмыс істеуге ұмтылыс сезіледі. Аға ұрпақ алдындағы жауапкершілік, қоғам мен ұлттың иыққа артқан жүгі, оқырман көңілінен шығатын дүниені ұсынуға ұмтылыс – осының бәрі уақыттың осы үдесінен шығуға талпыныс жолында жаңа қадамдарға жол ашты.
«Қармақшы таңының» ауылдық жерлерде тұратын белсенді тілшілері мен авторлары бар. Олардың қатарында ғасырмен кұрдас Т.Жанболғанов, сондай-ақ Ж.Сүйінбаев, З.Дәулетбаев, А.Байниязов, И.Сүйінішов, I.Пірімов, Т.Дямуршаев, Н.Түктіғұлов, Ү.Өндібаева, Н.Торманова, Д.Тілеубергенов, Т.Досымова, М.Бисембаева, Ж.Тілеуова, Г.Раева, Д.Нәзікбаев, Г.Досжанова, З.Тасымовалардың есімін ерекше атап айтуға болады. Газет тілшілері жылдан-жылға артып, оқырмандар легі көбейіп келеді.
Редактор Әзілхан Амановтың қолынан алғыс хат алып, штаттан тыс тілші атанған Дастан Нәзікбаев: «... мақала, әңгіме, өлеңдерімді жұртқа таныстырған «Қармақшы таңы» газеті. Қазірге дейін екі жыр жинағын шығардым. Мектеп бітірген жылы жазда жазған өлеңдерімнің екі-үшеуін «маңдайынан шертіп» таңдап алып, аудан редакциясына алып келгенімде «Талабың бар, өлеңдеріңдегі айтайын деген ойың дұрыс. Тек осыны жүйелі жеткізе білу керек» деп өлең құрылысы туралы қысқа-нұсқа түсінік берген газеттің тілшісі Толыбай Абылаев еді. Содан бері қырық жылға жуық уақыт өтіпті. Редакциямен байланысымды үзген емеспін» деп жазады.
Газеттің 85 жылдығында тыл ардагері Молдабек Көбеевтің: «Мен аудандық газеттің тұрақты оқырманымын. Сонау жас шағымда «Қызыл ту», «Коммунизм шамшырағы» атанған кезінде әр нөмірін асыға күтіп отыратынмын. Арада осыншама уақыт өткенде қоғам да тұтастай өзгерді, қоғаммен бірге газеттің түр-сипаты, мақалалар мазмұны, айтар ойы өзгерді» деуі де автор мен оқырманның сергек көңілін тап басқандай. Америкалық жазушы, журналист, қоғам қайраткері Марк Твеннің «Дүниеге жарық беріп, сәуле шашатын екі-ақ күш бар. Оның бірі – аспандағы күн, екіншісі – жердегі журналист» деген сөзіне сүйенсек, бұл лебіздер елдің қалам ұстаған қауымға ықылас-ілтипатын көрсетсе керек.
Аудан тарихында әр жылдары басылымның аты өзгергенімен заты сақталып, ол қашанда аудан өмірінің айнасы болып келеді. Аудан әкімдігімен мемлекеттік тапсырыс аясында «Бұқаралық ақпарат құралдары арқылы мемлекеттік ақпараттық саясатты жүзеге асыру» бюджеттік бағдарламасы бойынша «Жалпы мемлекеттік ақпараттық саясатты жүргізу» және «Нормативті-құқықтық актілерді ресми жариялау» лоттары бойынша бірлесіп жұмыс істеп келеді. 2007 жылдың қорытындысы бойынша «Президент Жолдауының талабы – бәсекеге қабілетті бұқаралық ақпарат құралдарын құру» атты II облыстық медиа форумында «Аудан айнасы» аталымымен ең үздік аудандық басылым ретінде жеңімпаз деп танылды. Республикаға танымал ақын, бір рет аудандық кеңеске, бес мәрте аудандық мәслихатқа депутат болып сайланған, сол кездегі «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалының партия бақылау комиссиясының төрағасы, газеттің бас редакторы Алтай Үсенов облыс әкімінің 2008 жылғы степендианты атанды. Редактор болу қаламы жүйрік, ойы ұшқыр журналистік шеберлікті ғана емес, қоғамдық-саяси қайраткерлікті де талап ететінін ескерсек, осы талап биігінен көрінген Алтай Үсенұлының ұжымға жайлы мінезі әріптестерінің лебіз-мақаласында баса айтылады.
2014 жылы «Сыр медиа» ЖШС құрамына кіру – газет өміріндегі елеулі жаңалық деп қабылданды. Баспасөздің екінші тынысы ашылғандай, мүмкіндіктер молайды. Газет форматы өзгеріп, көлемі ұлғайды. Аудан өмірінің түрлі жаңалықтарын кеңірек қамтуға жағдай жасалды. Аймақтағы әріптестермен байланыс жаңа деңгейге көтерілді. Журналистер республикалық жиындарға қатыса бастады. Редакцияның материалдық техникалық жарақтандырылуы заманауи сипат алды. Редакция жаңа қонысқа орналасты. Міне, мұның бәрі уақыт еншісінде елмен бірге жасап келетін «Қармақшы таңының» өмір тынысы.
«Сыр медиа» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің құрамындағы басылымдармен бірге бұл газетте жаңаша мазмұнға ие болды. Ауданның әлеуметтік-экономикалық, рухани-мәдени мәселелерін кеңінен қамтып, оқырман қауымның айрықша ықыласына бөленді. Жарқын істер мен ағымдағы мәселелерге лайықты баға берген көлемді мақалалар халық көңілінен шықты. Алдағы уақытта аудан газеті жарқын жолын жалғастырып, уақыт ағынымен тыныстап, ел көңіліндегі түйінді мәселелерді айқындайтын тың тақырыптарымен таныла беретініне сенім білдіреміз деп жазады сол кездегі газеттің бас редакторы Алтай Үсенұлы.
Аудандық газетте қырық жылдан астам уақыт еңбек етіп, оның жиырма жеті жылға жуығында бас редактор болған Алтай Үсенұлы зейнет демалысына шықты да, 2017 жылдың желтоқсанында басылымға Дастанбек Садық бас редактор болып тағайындалды. 2014 жылдың «Ен үздік жас журналисі» атанған, Қызылорда облысы әкімінің «Сыр үміті» сыйлығының иегері, республикалық қоғамдық-саяси апталық «Халық» газетінде тілші, облыстық «Ақмешіт жастары» газетінде жауапты хатшы, бас редактордың орынбасары деген еңбек сатысынан өткен Дастанбек Садық 2019 жылға дейін редактор болған жылдары газеттің дизайны мен мән-мазмұнын арттыруға айтарлықтай күш жұмсады. Орынды сын астарлы оймен, жағымды жаңалық сүйіншілейтін тақырыппен жарық көріп, тілшілерді ізденіске жұмылдырды.
Осы жылдары басылымның жауапты хатшысы болған Дәулет Қырдан: «Нағыз журналист болғың келсе, еңбек жолыңды газеттен баста» дейтін болса, соның ішінде нағыз журналист болу үшін аудандық газетте шынығу керек екеніне көзім жетті. Аудандық газет – тәжірибе мектебі. Мұнда түрлі идеяларымызды жүзеге асыра алдық. Басылымның соңғы бетіне «Қисық айна» деген атаумен әзіл-сықақ жаздық. Сонда көшеде кездейсоқ жолығып қалған оқырманның өзі пікірін айтып, өз ойымен бөлісетін. Осының бәрі бізге қызық көрінетін. Ел ішінде тақырып көп. Оны көріп, жаза білу де өнер. «Сапар» айдарымен ауылдарды араладық. Кәдімгі үйдің бұрышында өреде құрты жаюлы тұратын, ауласында қозы-лағы жамыраған ауылдар...
Қарапайым еңбек адамдары... Барлығын да шама-шарқымызша қағаз бетіне түсіріп, ағеден елдің ортасында жүрдік» деп жазады. Аудандық газет – тәжірибе мектебі. Жаңа жас толқынның келуі газетті мазмұндық жағынан байытты. Оқырманның таным аясын кеңей- тетін қызықты тақырыптарға жиі орын берілді. 2018 жылы Байланыс және ақпарат саласы қызметкерлері күніне орай өткен «Қанатты қалам – 2018» фестивалінде «Қармақшы таңы» газеті «Үздік аудандық басылым» номинациясымен марапатталды.
«Қармақшы таңының» сөзі – аудан халқының сөзі. Аудан жұртшылығы газет бетіндегі мемлекетіміздің ішкі және сыртқы саясаты, ел мен жер тарихын, ауданымыздың дамуына үлес қосқан еңбек ерлерінің өмірін, халықтар достығы туралы және т.б. көптеген көкейтесті мәселелерді күнделікті оқи отырып, оған өздері де үн қосады. Газет алдағы кезде де қандай жайға да халықтың мұраты, елдің мүддесі тұрғысынан қарайтын салтынан айныған емес.
02 қазан 2022 ж. 541 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 015

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031