«Ісмерлік анамнан дарыған қасиет»
Әрбір нәзік жанды өміріне қажетті бір мамандық иесі болуға арнайы білім алып, алдыға талпынады. Сол біліммен қатар жеке басының өнерін дамыту да оған пайда әкелмесе, зиян бермейтіні анық. Мұны жай айтып отырғанымыз жоқ. Мамандық алумен қоса, үйде қыз балаға жарасымды дүниемен айналысу қандай ғажап? Іспен шұғылдану сұлу да инабатты қазақ қыздарын одан сайын ажарландырып жіберетініне келісерсіз. Сөзіміз дәлелсіз де емес. Оған өзіміз куә болған аудан орталығынан шалғайда жатқан Қуаңдария елді мекенінің тұрғыны, медицина саласының ардагері, қолөнер шебері Зульза Бұғаева апамыз.
Жастайынан анасы мен жеңгесінің ісмерлігін көріп өскен қаршадай қыздың тігін, тоқымаға деген ынтасы жоғары болыпты. Отбасы мүшелеріне керекті бөкебай, шұлық тоқитын жақын жандарының еңбеккештігін жадына тоқыған ол, өзі де бірте-бірте қолөнерге ықыласы ауа бастайды. Әлбетте алғашында бәрі бірден болып кетпейтіні сияқты, жас қыздың да бұл үрдіс басынан өткен. Десе де оның тоқымаға шындап кіріскен уақыты студенттік кезең болыпты.
Т.Көмекбаев ауылының тумасы, отбасындағы 9 баланың тұңғышы, ата-анасынан кейінгі іні-сіңлілеріне қамқор, үлгі бола жүріп бой жеткен Зульза орта мектепті үздік бағаға аяқтайды. Қатары сынды ол да арман қуып Алматыдағы медициналық училищесіне оқуға түсіп, «Медбикелік» мамандықты таңдайды. Сондағысы – жаны мен тәні ауырғанға сүйеу, қамқор болу, ем-шипасын жасау еді.
«Алматы – үлкен қала. Оқу орнына елдің әр түкпірінен білім қуып келген орыс, кәріс ұлтының қыздарымен бірге оқыдым. Сабақтан қол босағанда түрлі журналдардан тоқыма өнері жайында оқып-біліп, көбірек ден қойдым. Өзіме беймәлім талай сыры мен қырын аша түстім. Отбасында тігін тігіп, тоқыма тоқуды көзбен көріп өскесін бе, ынта-ықыласым алдамады. Ауылдағыдай емес, әрбір өрнекті тез үйреніп, тоқып шыға келетінмін. Дос қыздарыма, ауылдағы бауырларыма жаңадан көйлек, кофталар тігіп, қалпақ, шалма, қолғап, шұлық тоқып беру мен үшін қызыққа толы еңбек болды. Сәнге қандай бұйым шықса, алдымен соны ерекше ынтамен тоқып үйреніп алатынмын. Міне, қолөнердің тылсым құдіретін осы кезден бастап шын жүрегіммен қабылдап игере бастадым. Басында бір қолғап тоқу үшін жіпті неше тоқып, неше сөккен күндерім болды. Бірақ «Қалайда осыдан бір нәтиже шығарамын» деген мақсат жолынан қайтпадым» дейді кейіпкеріміз студенттік шағын еске алып.
З.Сәуиқызы медициналық училищені аяқтаған соң Қуаңдария ауылындағы ауруханаға жұмысқа келеді. Көп ұзамай жас маман Алланың қалауымен ауыл азаматы Мырзақұлов Саттарбек есімді азаматқа тұрмысқа шығып, шаңырақ көтереді. Ерлі-зайыптылар отбасында 3 баланы өмірге әкеліп, тәрбиелеп өсіреді. Бүгінде олардың барлығы да жоғары білімді мамандар. Бір айтарлығы, сонау тоқырау жылдарынан кейінгі уақытта үлкен қызы Әсел тұрмысқа шығады. Сонда анасы қызының киім-кешегіне жейде, белдемше, көйлектер тоқып беріп, ауылдастарын бір таң-тамаша қылғаны бар екен.
Шебердің шеберлігінен бөлек, оның ана ретіндегі мейірімі мен адамдармен қарым-қатынасының да қай кезде де жақсы болғанын жерлестері жылы сезіммен айтады.
«Апаймен көрші тұрдық. Өте ұқыпты, ісмер, тазайым кісі. Отбасы татулығын көзімізбен көріп өстік. Балаларына да өнегелі тәрбие бере білген жан. Адал жар, инабатты келін. Ардақты ана. Көршілермен араласуы ерекше еді. Негізі көрші – ағайыннан да жақын болады деген рас екен. Ол кісілермен сондай жақын болатынбыз. Апамызға тоқыма деген түкке тұрмас дүниедей. Әңгімесін айтып отырып, күрте ме, басқа ма жылдам бітіре салатын. Еңбегі жана берсін» дейді ауданға белгілі психолог Әмина Кетебаева ризалық сезіммен.
Бүгінде ауылдық ауруханада, одан соң мектеп мейірбикесі болып абыройлы қызметтер атқарып, зейнеткерлік демалысына шыққан сала майталманы көз тамсанатын бұйымдар тоқып, дос-жаранға сыйға тартудан шегінген емес. Сонымен бірге біраздан бері заман талабына сай кәсіп етуді де бастап кеткен. Қазақ атамыз «Білгенім – бір тоғыз, білмегенім – тоқсан тоғыз» деп айтқандай, ауылға ғаламтор желісі тартылғалы шебердің кәсібіне сұраныс артып, мол мүмкіндік туған.
– Әрбір тоқыған, тіккен туындым өзіме үлкен құлшыныс, қуаныш сыйлайды. Ересектер мен балалар киімдерінің қай түрін болсын тоқи беремін. «Шығармашылықта шек болмайды» демекші, қолөнермен айналысу адамға сенім, өмірге қызығушылық ұялатады. Сондай-ақ табыс көзі де болып отыр. Әлеуметтік желі арқылы тапсырыстар көптеп түсуде. Сапалы жіп таңдауға тырысамын. Барған жерімде алдымен дүкендерді аралап, жіп іздеп кететінім бар.
Әйел – отбасының ұйытқысы, берекесі де мерекесі. Үйдің ауласына егілген көкөніс, жеміс ағаштарын күтіп баптау, маусым сайын салат жабу, банка басу, май шайқау, құрт жасау, оны қысқа сақтау – менің жан-тәніммен атқаратын тіршілігім. Осы мақаланы пайдаланып айта кетерім, қазір әрбір отбасында киілмей жататын киім көп. Оларды да жарамсыз етіп тастамай, үйлесімін келтіріп табақ астына қоятын, есік алдына төсейтін кілемше етіп тігіп немесе тоқуға болады. Ұқсата белсең, қажетіңе жарайды. Сөзімнің түйінінде айтарым, қатарластарым, жастардың арасында осы тоқыма, тігін өнеріне қызығатындар болып жатса білгенімді, көкейге түйгенімді үйретуден, баулудан қашпаймын. Оған тек қана қуанамын. Жалпы менің бойыма еңбекқорлық, адалдық анамнан дарыған қасиет деп білемін. Аллаға шүкір, анамыз қазір туған ауылымызда өзі бағып-қағып, мәпелеп өсірген ұрпағының ортасында бақытты да баянды ғұмыр кешуде, – дейді он саусағынан өнер тамған шебер ана.
Сәрсенкүл АҚКІСІ