» » » Қолөнер – нәзік жанға тән өнер

Қолөнер – нәзік жанға тән өнер

Байқап қарасаңыз іс келетін, шебер қолды жандардың жаратылысы тым бөлек. Олар кез келген жұмыста төзімді әрі сабырлы. Біз сөз еткелі отырған Рысты Ұзақбаева отбасының ғана емес, қоғамның қамын жеген, жас ұрпақ тәрбиесіне айтулы үлес қосып, ұлттық салт-дәстүрлерді жалғастырып, қолөнерді өміріне өрнек етіп жүрген жан.
1973 жылы Қазалы ауданында дүниеге келген ол Қорқыт ата атындағы педагогикалық институтын бітіріп, «Еңбекті оқыту мұғалімі. Жалпы техникалық пәндер оқытушысы» мамандығын алған. Еңбек жолын №85 қазақ орта мектебінде сызу, еңбекке баулу пәндерінің мұғалімі қызметінен бастапты. 2000 жылдан бері Байқоңыр қалалық Ю.Гагарин атындағы №8 қазақ орта мектебінде (қазіргі №275 мектепте) технология пәні мұғалімі болып қызмет атқарып келеді. 2016 оқу жылынан бастап «Озат шығармашылық», 2017 жылдан «Озат тәжірибе» мектебінің мүшесі.
– Жалпы қолөнер – қыз балаға тән өнер. Бірақ тани білсең баланың бәрі өнерлі. Қыз балалардың бірінші кезекте қолының икемділігіне қарай­мын. Талаптанған баланың бәріне бірдей үйретемін. Қолөнерге бейімі барлар алып кетеді. Өнерге деген қызығушылық анамнан дарыған. Анам киіз басып, үнемі жүн түтіп, ұршық иіріп, шұлық тоқып беретін. Бізді жанына алып, үйрететін. Менің басты ұстанымдарымның бірі әрбір жастың ұлттық қолөнерге деген қызығушылығын арттыру. Мен үшін әр бала өнерлі. Жолдасыммен бірге 2 бала тәрбиелеп отырмыз. Екеуі де мектеп жасында оқумен қатар өнерді бірге алып жүрді. Балам көркемсурет мектебінде оқыса, қызым әуез мектебінің домбыра сыныбын үздік бітірді. Қанша конкурстарға қатысып, жүлделі орындар иеленді. Әкімәлиім Мәскеу қаласындағы Мемлекеттік төтенше жағдайлар академиясын аяқтап, Қазалы аудандық төтенше жағдайлар бөлімінде инженер болып еңбек жолын бастады. Санелайым Алматы қаласында жоғары оқу орнын бітіріп, жұмыс істеуде. «Мамандық таңдау мектебі» ютуб каналының негізін қалаушы, профориентолог, оқушыларға өзінің бейіміне сай мамандық, жоғары оқу орнын таңдауға көмектесіп жүр, – дейді үлгілі ұл-қыз өсірген ұстаз.
Р.Ұзақбайқызы сабақтан тыс уа­қытта оқушылардың шығар­ма­шылық дағдыларының маңыз­дылығын ай­та отырып, біршама жетістіктерге қол жеткізген. Оның шәкірттері қатыспаған фестиваль мен конкурс кемде-кем. Мұғалімнің жетістігінің біршамасына тоқталсақ, ол «Нәтижеге бағытталған білім» республикалық www.bilim-gylym.kz порталының жи­на­ғына өзінің еңбегін жариялап, іс-тәжірибесімен бөлісіп, шығармашылық шеберлігін және теориялық-әдістеме­лік білім тереңдігін танытқан. ІІ ха­лықаралық «Этот Загадочный Космос» тақырыбындағы сурет байқауына, халықаралық ХVI «Забава» фестиваліне жүлдегерлер дайындағаны үшін дип­ломмен марапатталған. Қалалық оқу басқармасынан алған марапаттары бір бөлек.
– Мұғалім әрдайым ізденіс үстінде болуы керек. Сондықтан өзімнің еңбек жолымда кәсіби шеберлігімді шыңдау үшін білім жетілдіру курстарынан өтіп тұрамын. «Арнайы және инклюзивті білім беру саласындағы оқыту әдістемелерін жетілдіру» тақырыбындағы республикалық семинарда үздік баяндама жасағаным үшін алғыс хатпен марапатталдым. Республикалық басылымдарға, әдістемелік журналдарға мақалаларым шықты. Халықтың қолөнері арқылы берілген эстетикалық, рухани тәрбие адамды ұдайы сұлулық пен әдемілікті дұрыс ұғынуға жетелеп, сезім байлығын қалыптастырады. Көркем шығармалардың әртүрлі болуы өмірдегі сан алуан тақырыпты бейнелеп көрсетумен айқындалады. Сондықтан да академик И.Павлов «Ғылым өмірдің қаңқасын ғана жасайды, ал жаны мен тәнін өнер бейнелейді» деп атап көрсеткен. Қазіргі кездегі барлық білім берудің жаңа әдіс-тәсілдерінің алдына қоятын басты мақсаты – білім алушының жеке басының дара және дербес ерекшеліктерін ескеріп, олардың өз бетінше ізденуін арттырып, шығармашылығын қалыптастыру. Сабақтарымыз үнемі мазмұнды, нәтижелі болуы үшін ұстаз шеберлігі аса қажет. Сол үшін әрбір сабағыма, әрбір жұмысқа жауапкершілікпен қараймын. Ұнатпайтын қасиетімнің бірі – кешігу. Негізі тігін өнері қыз баланы шыдамдылыққа баулиды. Бір істі бастасам соңына дейін жеткізетін табандылығым бар. Адамның бойынан тек жақсы қасиеттерді көруге тырысамын, – дейді сөзі мен ісі келіскен өнерлі ұстаз.
Гүлжанат ДҮЗЕНОВА
09 қазан 2021 ж. 1 015 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 047

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031