» » » Құрақ құрау – бірігудің белгісі

Құрақ құрау – бірігудің белгісі

Қазақ халқының ертеден бүгінге өшпей жеткен қолөнерінің бірі – құрақ құрау. Астарында үлкен тәрбие жатқан бұл өнер түрі әлі күнге ел санасынан өшкен жоқ. Керісінше соңғы жылдары халықтың қайта қызығушылығын оятып, күнделікті қолданысқа кеңінен ене бастады. Өресі биік, өрісі кең қазақ халқының, құрақ құрау өнерінің тарихы тереңде. Әрі берер мағынасы да түрлі мән мен тәрбиеге толы.
Ертеректе тұрмыстағы ең қажетті деген киіз үйдің ішін әспеттегенде де, көрпе-жастығын әрлегенде де құрақтарды келістіріп қолданған. Негізінде құрақ құрау тәсілі маталардың қалдығын кәдеге жаратудан пайда болған. Қолынан іс келетін шебер әйелдер көрпеден бастап, кеудешеге дейінгі бұйымдарды құрақпен безендірген. Құрақ құрау үшін, ең алдымен, қажетті материалдар таңдап алынып, олар түрі, түсі, матасына қарай сұрыпталады, яғни маталардан барқыт, жібек, сиса, сәтен кесінділері жеке-жеке бөлініп алынады. Содан соң түрлі-түсті маталар қиыстырылып тігіледі. Бұл қолөнердің негізі әртүрлі символдармен де байланысты. Мәселен, үшбұрыш құрағының мәні әлемдегі үш дүниені ұштастыру, яғни үшбұрыш – су, жер, ауа – үш ғаламның белгісі. Бұл құрақтың мағынасы – ғаламдық тепе-теңдік пен тұтастық. Ал бал арасының ұясы негізінде «Алты табақ» құрағы пайда болған. Мағынасы, тәттілік пен молшылықты білдіреді. Сонымен қатар құрақ өнері арқылы жануар, құс бейнелерін де мата бетіне салған. Баяғы Сақ заманынан бастап, өмір құбылыстарын қолөнер арқылы көрсетуге машықтанған көшпелілердің қолөнер дәстүрінің өзіндік мәні бар. Сол кездегі «жұп», «су» секілді мағыналы ою-өрнектер күні бүгінге дейін өз мән-мағынасын жоғалтпады. Бүгінде құрақ қолөнерінде қолданылып жүрген «су символы» деп құрақ құрау қолөнерінде жүргізілетін бір түсті матадан кесіліп алынған жіңішке жолақты айтады.
Қашанда әдемілік пен сұлулыққа құштар ата-бабамыз ұзатылған қыздың артынан жасау апарғанда махаббат нышаны ретінде «Аққу құрақ» көрпесін апарған. Бұл дәстүр бүгінгі қыз жасауында да көрініс табуда. Сонымен қатар, құрақпен тұрмысқа қажетті әртүрлі заттарды безендіруге де мүмкіндік мол. Оған зат салатын әртүрлі қоржындарды, қыз-келіншектерге арналған бұйымдарды, күнделікті қолданыстағы жастық, аяққап, қолқапшық, қиық сырмақты жатқызуға болады. Құрақ құрау үшін арнайы қамқа, шағи, шыт, тібен, бояқ, насар, мақпал, қыжым секілді маталар қолданылады.
Қонағын төрге шығаратын халқымыз құрақ көрпесін төрге төсеген. Ол – сыйластықтың белгісі. Дүниедегі әрбір зат майда бөлшектерден құралады. Сол секілді әр үйде құрақтан жасалған бұйымның болуы отбасының берекесі мен ынтымағын құрайды. Қазақ халқының құрақты «өте киелі» деп бағалауының тағы бір себебі – «келген жаман көзден сақтайды» деп сенген. Мәселен баласы шетіней беретін ана нәрестесін қырық құрақтан жамалған көрпеге ораған. Яғни, ойлаңызшы. Қырық құрақтан құралу арқылы жасалған көрпеге кез келген адамның бірінші көзі түскен. Міне осыдан біз құрақты тек қана көрпешеге қолданбайтынын білуімізге болады.
– Біріншіден, қазақ әйелдерін ысырапшылдыққа жол бермеуге үйреткен дүние. Кезінде ата-бабаларымыз түрлі маталардың қиындыларын қоқысқа тастамай, кәдесіне жаратқан. Әртүрлі үзінділерден түрлі киімдер жасаған. Құрақ кестенің шығу тарихы осында жатса керек. Әжем және анамнан көргенім: ол – бір киімді тіккен кезде неше түрлі кесінділері қалады ғой, содан және жыртыстардан әртүрлі маталардың қалдықтарынан сан алуан дүниелер жасап шығаратын. Сол кезде әжем әртүрлі маталар қиындысынан қалың маталарды бір бөлек, жұқа маталарды бір бөлек іріктеп алады. Одан кейін түр-түсіне қарай бөлектеп қояды. Осылайша іріктеу болғасын өзінің қиялына қарай құрастыратын. Сол кезде керемет дүние шығатын еді. Қазір де көздің жауын алатын құрақ көрпешелер көбейіп, ол сәнге айналып жатыр. Ұлттық бұйымымыз төрімізде жарқырап тұрғанын көргенде қуанып қаламыз, – дейді ақжаулықты әжей Т.Қатарбаева.
Құрақ құрау қолөнерімен кез келген адам айналыса алмайды. Өйткені бұл қолөнердің де өз қиындығы бар. Алдымен, өнерді түсінетін, ұшқыр ой мен бояу сырын білетін танымы бар адам ғана істің көзін таба біледі. Сондай-ақ түс пен түсті сәйкестендіру аса жоғары шеберлікті қажет етеді. Құрақ өнерімен айналысудың пайдасы – адамды шыдамдылыққа, үнемділікке, төзімділік пен сабырлылыққа, тазалық пен әсемдікке баулып, жан дүниесін байытып, ой-өрісін кеңейтеді. Ерте заманда қыз балалар кішкентайынан құрақ құрауды біліп, үйренуге тиіс болған. Қазіргі кезде бұл қолөнерді ісмер қыз-келіншектер мен көнекөз әжелеріміз ғана ермек қылады.
Қазақтың дәстүрінде бар осынау қолөнер түрін әлем елдерінің біразы қолданады екен. Мәселен, құрақ өнерін орыстар «лоскутное шитье», жапондықтар «сашика», ал ағылшындар «почворк» дейтін көрінеді.
Ал таңғажайып көркемдігімен талайды тамсандырған қазақтың қолөнері бүгінгі жаһанданған заманда да өз мәнін жоғалтпай, жалғасын тапса, одан әрі дамып, ауқымын кеңейтіп тарала берсе нұр үстіне нұр болар еді...
Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ
15 қыркүйек 2022 ж. 2 780 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 006

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031