Отбасы құндылығы – өмірлік мұратымыз
Қазіргі таңдағы өзекті мәселенің бірі – отбасы құндылығы. Ел іргесі бүтінделіп, Тәуелсіздіктің тұғырлы таңы атқан шақта осы бір шағын отанның шаңырағын шайқалтпай ұстау қиындап барады. Бүгін бірін-бірі сүйіп қосылған екі жас күні ертең жараспай, екіге кетіп жатады. «Үйлену оңай, үй болу қиын» деп қалай тауып айтқан аталарымыз.
Халқымыз неше түрлі тарихи кезеңдерді басынан өткерді. Ұлан-ғайыр жерін қорғау мақсатында жауға тойтарыс беріп, жарғақ құлағы жастыққа тимей, мұз құрсанып, етігімен су кешкен сәттердің ызғары әлі де болса денемізді қарып өтеді. Одан беріде ашаршылық, Ұлы Отан соғысы секілді сындарлы кезеңді де қасқайып тұрып қарсы алып, ұрпақ болашағының жарқын болуы жолында күш-жігерін аямаған ата-бабаларымыздың рухы неткен мықты еді?! Дегенмен, өткенді еске алып, тек бір қиындықты мысал етіп, бүгінгі өмірмен салыстыра алмайсың. Қазіргі кезеңнің де өз қиындығы, өз мәселесі бар. Тек соған шыдас берер қайсарлығымыз бен күш-жігеріміздің азайып бара жатқандығы болмаса.
Отбасы – алып діңгек. Оның түп тамыры тым тереңде. Адам баласы жаратылғалы жұп болып күн кешіп, қоғамдық дамудың белестерінен ұйымдасып, бірлесіп өтіп келеді. Бұл қасиет тіпті жан-жануар, жәндікке, жалпы қыбырлаған барлық тіршілік иесіне тән. Осы сәтте ойға еріксіз:
«Сен түгіл қасқыр қасқырмен, маймыл мен маймыл жұптасқан, өз теңін тапқан соң ғана адымын олар нық басқан» деген ақын Мұхтар Шахановтың өлең жолдары орала кетеді. Ал, адам баласының ерекшелігі – саналылығында.
Бірде ата-анасы ажырасқан бір ер баланың «Ажырасатын адамдарға өте үлкен көлемде айыппұл салса ғой» дегенін естіп, үлкен ойға қалдым. Яғни, желкілдеп өсіп келе жатқан жас шыбық өз ойын еш бүкпесіз, риясыз жеткізді. Бала қалауы – ата-анасының бірге, жанында болғаны.
Балалы болу, бала туу ешқандай ерлік те, мәртебе де емес. Ол – Тәңірдің сыйы. Ал, сол кішкентай сәби былдыры естілген отбасының беріктігін сақтап қалу, ерлі-зайыптының балаға тәрбие, білім беру жолында күш біріктіре отырып әрекет етуі – нағыз еңбек, ерлік.
Бала – адамның бауыр еті, яғни денеңнің бөлініп шыққан бір бөлшегі. Балалы болу адамға үлкен жауапкершілік жүктейді. Сол себепті ата-ана атанған сәттен бастап біз баланы емес, алдымен өзімізді тәрбиелеп, әр ісімізге сын көзбен қарауға дағдыланамыз.
«Тәрбие басы – тал бесік» деп, сонау шыр етіп дүниеге келіп, бесікке бөленген сәттен бастап тәрбиеге ерекше мән берген отбасында «әке-ана-бала» үштік бірлігі үнемі бір-бірімен тығыз байланыста, үздіксіз дамып отырады. Қолы қатты болса да жүрегі жұмсақ әкенің балаға ататек шежіресін таныстырып үйретуі, үй ішіндегі шаруаларды жасауы барысында ер баланы жанына ертіп, баулуы сынды әрекеттер нәтижесіз қалмасы анық. Қазір 7 атасын, өзінің шыққан тегін, руын білмейтін балалар көп.
Ал, ананың міндеті – қыз балаларды нәзіктікке, әсемдікке баулу. Мектеп жасындағы балалардың күн тәртібін түрлі үйірмелермен толтырып, жан-жағына қарауға мұрша бермей, жаттанды біліммен қаруландырғаннан гөрі жанында болуына көбірек уақыт бөліп, үй шаруасындағы ұсақ-түйекке араластыра берсе нұр үстіне нұр болар еді деп ойлаймын. Сыртқы ортадан бала тек берілген тапсырманы ғана орындауды үйренеді. Үйдегідей оны ешкім басынан сипап, арқасынан қағып отырмайтыны белгілі. Сол себепті мен өз басым баланың үйде көбірек болғанын қалаймын. Қосымшаға бермей, сабаққа дайындықтарын да өзім қадағалауға тырысамын. Сабақ оқу барысында баламен байланысым тығыз бола түседі. Мәселен, 2-сыныпта оқитын қызымның кітабында киіз үй туралы мәтін берілген делік. Оқулықтағы мәтінді оқу барысында мен киіз үй туралы өзімнің білгендерімді әңгімелеп беремін. Интернет желісіндегі қосымша мәліметтермен бөлісемін. Суретін көрсетіп, әрбір бөлшегін айтып түсіндіремін. Әрі қарай қызым жазда ауылға барғанда көрген киіз үйі жайлы айтады. Сөйтіп, халқымыздың бір ғана мұрасы жайлы бала қаншама ақпарат алады. Өз ойын жеткізіп айтуға, өзі көргенін, білгенін суреттеп беруге тырысады. Бұл – бір ғана мысал. Тәрбиеге арнайы уақыт бөліп, баланы қыдырта алмай қалдым деп уайымдаудың еш қажеті жоқ. Тәрбие күнделікті үй ішіндегі іс-әрекетпен қатар өрбіп, отбасындағы әңгімемен жымдасып, бірігіп жүріп отыруы тиіс.
Соңғы кездері отбасы құндылықтарына мемлекеттік деңгейде мән беріле бастады. Өнегелі отбасыларды үлгі ете отырып көрсетіп, өзгелерге ой салу мақсатында түрлі шаралар ұйымдастыруда. Сөзімнің жарқын мысалы ретінде отбасылық құндылықтарды дәріптеу мақсатында дәстүрлі түрде жыл сайын өткізіліп жүрген «Мерейлі отбасы» байқауы мен «КТК» телеарнасында көрсетіліп жүрген «Озат отбасы» сайысын да айтуға болады.
Отбасы институты – өз іргетасын Адам ата мен Хауа анадан бастап қалап, күн сайын жаңалықпен толығып отыратын, зерттеу нысанынан ешқашан жырақ қалмайтын білімнің, тәлім-тәрбиенің үлкен ошағы. Сол ошақтың отын сөндірмей маздатып, жылуын жан-жаққа таратып, бірін-бірі үнсіз ұғысқан жұп болып өмір кешіп, махаббатпен жаралған балаларды мейірім мен бақыттың құшағында тәрбиелеу баршамыздың өмірлік мұратымыз болсын дегім келеді.
Лаура БАҚТЫБАЙ