» » » Ұстаз есімі шәкірт жүрегінде

Ұстаз есімі шәкірт жүрегінде

ӨМІРДІҢ ӨЗІ ДЕ – ҰСТАЗ. БІРАҚ ОСЫНАУ «ҰСТАЗ» СӨЗІНІҢ АСТАРЫНДА ШЕКСІЗ БІЛІМ МЕН ҒЫЛЫМ, МАХАББАТ ПЕН СҮЙІСПЕНШІЛІК ЖАТҚАНЫН БАЙҚАЙ БЕРМЕЙМІЗ. ҰСТАЗ БОЛУ КЕЗ КЕЛГЕННІҢ ҚОЛЫНАН КЕЛЕ БЕРМЕЙДІ. ШӘКІРТ ТӘРБИЕЛЕУ, ОНЫ БИІККЕ ЖЕТЕЛЕУ, ҚАНАТТАНДЫРУ, ЖАНЫ МЕН ТӘНІН, БОЛМЫСЫ МЕН БАРЫН БЕРУ ТЕК ҰСТАЗДЫҢ ҚОЛЫНАН КЕЛЕТІН ҚАСИЕТТЕР.
Әлемге әйгілі ғалым Д.Менделеев «Ғылымды күшті меңгерген және оны сүйетін мұғалім ғана өз шәкірттерінің бәріне жемісті ықпал жасайтын болады» деген екен. Ал ғылым игерудің өзі оңай шаруа еместігі бесенеден белгілі. Сөзімнің басын мұғалім болмысын ашудан бастауымның бірден-бір себебі менің ұстазымның бүгінгі біз жетіп отырған деңгейге жетуімізге себепкер болуының алғы шарты деп білемін. «Ұстаз» сөзінің маңыздылығын талайдан танып та, тарқатып та келеміз. Сол үшін де әрбіріміздің бүтіндей бір тұлға болып қалыптасуымызда ерекше орын алып тұратын ұстаз мәртебесінің тұғыры биік қамалдай мәңгі қаланып қалатыны заңдылық деп білемін.
Әр таңның атысы мен әр күннің батысы өзінің емес, сіздің қамыңыз үшін қамығып жүретін әрбір ұстаз атаулы жандардың еңбегін ұлы демей не дейсіз. Тарыдай болып кірген күніңізден бастап мектеп қабырғасында сіздің еркелігіңізді көтеретін де, қателіктеріңізді кешіретін де, сабақ бере отырып сүйіспеншілікке баурайтын да, махаббатқа тәрбиелейтін де, өмір сүрудің қыр-сырын үйрететін де ұстаздар қауымы. Таудай болып шыққан күніңізде де талабыңызға тілекші болып отыратын тағы да – ұстаз.
Ұстаздардың еңбегін ұлы ететін өздері емес, шәкірті. Білім нәрімен сусындатып, үйретуден талмаған ұстаздың сан жылдар бойғы еңбегінің жемісі – аяулы әрі білімді шәкірт. Бәйгеден оза шауып, мыңнан тұлпар, жүзден жүйрік келген шәкірт үшін ұстаздың қуанышы сіз бен бізге елестетуге келмейтін сезім. Ұстаз туралы толғануымның да бір себебі менің жетістіктерге жетуіме ұстазым Кәдірбек ағайымның үлесі зор деп есептеймін.
Ұстазым Кәдірбек Нұрашұлы бала кезінен білім атты шексіз теңіздің толқынына ілесіп, ұстаздықтың ұлы жүгін арқалай отырып, еліміздің талай үздік мамандарын даярлап шығарған нағыз кәсіби маман болатын. Киелі Қармақшының төрінде дүниеге келген ұстазымыз тағдырдың талай сынағын көрсе де, оқу мен білімді қатар ұстап, жандүниесін рухани байлыққа толтыра білген, сөйтіп кемелдікке ұмтылған ерекше жан еді. Мектеп табалдырығын аттап, балалық шақтың бастауы болған бастауыш сыныпты бітіріп, бой түзеп, біршама есейген сәтте бізді қарсы алғандағы жанарының ішінен ерекше мейірімділікпен ұштасып жатқан ұшқынды көрген сәтте бала көңіліміздің жайлы ұяға қонған балапан құстай жадырап сала бергені әлі есімде. Біз үшін «ағай» деген ұғымның қандай болатыны тым қызық болып келген кездегі балаң сезіміміз осылай ағайымыздың болмысын көрумен-ақ сәулелі шамшыраққа айнала кеткен еді. Химия және биология саласын оқушыларға барынша түсіндіре отырып, пәндік ғылым негіздерін кеңінен ұғындыруда маңдай терін аянбай төккен болатын. Білімді білген бір бөлек, ал оны өзгелерге үйрете алу күрделі жұмыс екені мұғалім атаулыға таныс дүние. Кәдірбек ағайымыз болса өмірден сантүрлі мысалдар келтіру арқылы кез келген тақырыптың тек қана пайдалы тұсын нұсқап көрсете отырып, қызықты әрі тың деректерді қиыннан қиыстыра білетін нағыз өз ісінің маманы еді.
Біз үшін ағайымыз мәуелі бәйтеректей көрінетін. Себебі, бүгінгі таңда сол бәйтеректің жемісі болып, біздер де қолымыздан келгенше еліміздің білім саласына айтарлықтай өз үлесімізді қосып, ұстазымыз аманаттаған құнды білімді бөлісумен өз бағытымыздан жаңылмай жүріп келеміз. Ағайдың дерлік барлық шәкірттері әр салада жетістікке жетіп, шәкірт тәрбиелеп, ұлы көштің тоқтамай жалғасын табуына себепкер болып жүр десем артық айтқандық болмас.
Ұстаздың міндеті – пайғамбарлық миссиямен пара-пар екендігі даусыз. Бұл қызметтің өзі кез келген адамның қолынан келе бермейтін киелі әрі құнды іс. Барлық мамандықтың бастауында тұрып, әрбір адамның өзіндік кірпішін қалауда маңызды рөл атқаратын және жауапкершілікті қажет ететін қызмет. Сөз басында ұстаз мәртебесін «мәңгі» ұғымымен байланыстырған едік. Ал «мәңгі» сөзінің өзі тұғырынан таймай қадірі әркез биік тұратын, болмыстың шексіз өмір сүруін білдіретін философиялық категория. Міне, біз үшін ұстазымыз Кәдірбек Нұрашұлының тәлім мен тәрбиені, талапшылдық пен мейірімді қатар ұстауымен өз биігін тапқан, сонау мектеп қабырғасында көрген сәттегі қос жанарындағы мейірім ұшқыны әрбіріміздің жүрегімізге өзгеше ұстаздық сезіммен жол тапқан күйінде күні бүгінге дейін сақталып келеді. Демек, мәңгіліктің мәнін ерте жастан ұғынып, оны шәкірттерінің бойына да сіңіруге тырысқан ұстазымыздың ұлағатты жолы шексіз өмір сүріп, өз жалғасын таба бермек.
Бибігүл ӘБДІРАСЫЛОВА,
«Ыбырай Алтынсарин» төсбелгісінің иегері

07 тамыз 2022 ж. 814 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 038

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031