» » » Жалындап өткен жас ғұмыр

Жалындап өткен жас ғұмыр

Орталық Азия мен Қазақстан жастар қозғалысын ұйымдастырушылардың бірі, БЛКЖО мен Коммунистік Жастар Интернационалының қайраткері Ғани Мұратбаев 1902 жылы Қызылорда облысының Қазалы ауданында дүниеге келген.
Осындағы орыс-қазақ мектебін, жоғары бастауыш училищесін (1910-1918), Ташкенттегі орта білім беретін қазақ-қырғыз педагогикалық училищесі жанындағы ауылдық мектептер үшін нұсқаушы-лекторлар курсын (1919-1920), мемлекеттік үлгі-тәжірибелік мектебін және Орта Азия мемлекеттік университетінің қоғамдық ғылымдар факультетін (1920-1921) бітірген.
1919 жылы Коммунистік Жастар ұйымына мүше болып қабылданып, бірер жыл қалалық, уездік комитетте жұмыс істеді. Жетісу облысында мұғалімдер даярлайтын курстар ұйымдастырды, Жетісу облысы және Ташкент, Самарқант, Верный қалалары комсомол ұйымдарының негізін қалауға атсалысты. Өзбек жеріндегі жетім балаларды интернатқа, балалар үйіне орналастыруға белсене кірісіп, олар үшін ұйымдастырылған интернаттың директоры болды. 1920 жылы Түркістан комсомолының ІІІ съезінде ОК мүшелігіне сайланып, қазақ-қырғыз жастары бюросын басқарды. 1921 жылы алдымен Самарқант өлкелік комсомол комитетінің, кейін Түркістан Республикасы комсомол ұйымы ОК-нің бірінші хатшысы болып сайланды. Ол осы уақытта Ташкентте «Жас алаш» газетін ұйымдастырып, оның тұңғыш редакторы болды. Қазақстан комсомолының құрылуын жариялаған І өлкелік съезін (1921 жылдың 7-13 шілде) өткізуге тікелей басшылық жасады. 1922-1924 жылдары РКЖО-ның V съезінде Ресей Коммунистік Жастар одағы ОК-нің мүшесі, Коммунистік Жастар одағы ОК Орта Азия бюросының алғашқы төрағасы болып сайланды.
         1924-1925 жылдары Ресей Лениншіл Коммунистік Жастар одағы ОК-нің бюро мүшесі, Коммунистік Жастар Интернационалы атқару комитетінің Шығыс елдері жастар арасындағы жұмыс бөлімінің меңгерушісі болды. Ол Коммунистік Жастар Интернационалының 3-4, Коминтерннің 4-конгресінің делегаты болып сайланды.
         Ғани Мұратбаев 1925 жылы 15 сәуiрде, 23 жасында өкпе ауруынан көз жұмды, Мәскеудегі «Ваганьков» қорымына жерлендi. Хорезм Республикасының «Еңбек Қызыл Ту» орденімен марапатталған.
        Ғани Мұратбаевтың қысқа ғұмыры туралы Мағжан Жұмабаев, Ілияс Жансүгіров, Жұбан Молдағалиев сынды ақындар жыр арнаған. Қоғам қайраткерінің есімі Алматы, Қызылорда, Астана, Ақтөбе, тағы да басқа қалалардағы көшелерге берілген. Алматы қаласында оған ескерткіш орнатылып, Республикалық оқушылар сарайына Ғ.Мұратбаев есімі берілген. Қазалы қаласында мемориалды мұражай ашылған. 2002 жылы Ғани Мұратбаевқа арналған Қазақстанның пошта маркасы айналысқа енді. Көрнекті қоғам қайраткері туралы «Біздің Ғани» көркем фильмі, «Осындай қысқа ғұмыр» атты деректі фильмі түсірілді.
         Рас, Ғани Орта Азияда кеңес өкiметiн құруға, коммунистiк партияның идеяларын жүзеге асыруға, комсомол жастардың ұйымдарын құруға атсалысты. Алайда, Ғаниды коммунистiк партияның идеясын жүзеге асырғаны үшiн әсте кiнәлауға болмайды. Ол өз заманының батыр да күрескер ұлы бола бiлдi. КСРО тарап, комсомол ұйымдары жұмысын тоқтатқан кешегi тоқсаныншы жылдарға дейiн Ғани Мұратбаев Қазақстан ғана емес, бүкiл Орта Азия комсомол жастары үшiн идеал болып келдi.
Гүлмира ӨТЕГЕНОВА,
аудандық тарихи-өлкетану музейінің ғылыми қызметкері
30 маусым 2022 ж. 936 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 037

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031