» » » Ұлт ұлағатын ұлықтаған ұстаз

Ұлт ұлағатын ұлықтаған ұстаз

Ұстаз болу дегеніміз – «­Өзіңді-өзің аямау өзгелерді аяулау» деген сөздің байыбына көпке дейін бара алмай жүрдім. Басқа түссе, басқа амалың қалмай түсіне бастайды екенсің. Тым нәзік, шеті де, шегі де жоқ ұрпақ тәрбиесі қай заманда да өз ұстасын, өз шеберін күтіп келе жатқан халқымыздың ең өзекті арнасы.
Жоғары оқу орнын бітіріп келген кезім. Алғашқы тамыз кеңесі, алғашқы педагогикалық оқулар, алғашқы ұлағатты ұстаздардың тағлымды сабақтарын ала бастаған уақыттар сырғып өтіп жатты. Ағарту ісіне аяқ басқан сәттегі көзім көрген мектеп басшылары Ә.Жаназаров, ғасыр ұстазы атанған З.Әлімбаев, Т.Әбдиева, Р.Жұмаділдаева (бұлардың бәрі өмірден озды) мен үшін қайталанбас бейнелер болып есте қалды. Ал, Қ.Шыңғысов, Ә.Көбеева, М.Толыбекова, Б.Алтынбасов сынды мұғалімдердей бола алам ба деген арман жиі мазалайтын. Ауданымыздың мақтаны болған осындай құрметті ұстаздар қауымының арасына келіп алғашқы мұғалімдік қызметімді бастау мені үлкен жауапкершілікті істі алып жүруге үйретті. Осы сынды білікті басшылар мен мұғалімдердің сабағына қатыса жүріп, тағлым мен тәжірибені жинақтаудың арқасында үлкен көштің соңына келіп қосылдым. Көш арасынан өзіме рухани үлгі ретінде ұстанған жанымның бірі – Қамбарова Зибаш апай.
Аса талғампаздықпен, әбден саралап, сыни көзбен сарапқа салып барып Сыр ашатын Райхан, Тұрсынкүл, Қали ағайлардай емес, Зибаш апаймен алғашқы кездесуімде-ақ тонның ішкі бауындай араласа бастадым. Өте қарапайым, кішіпейіл, жарқын жүзді Зибаш апай әлі күнге сол қалпында жадымда жүр. Апайдың бойындағы ғажайып қарапайымдылық, танымындағы тектілік, біліміндегі тереңдік, адамға деген бауырмалдық қасиет пен мейірім, сабыр қуаты мен төзімділік жан-жақтылық сияқты қасиеттердің қайдан дарығанын білу қиын емес.
Үстіміздегі жылы сексен жастың зеңгір көгіне шыққан ұстаздың өмірдерегі бізге көп жайттың мағлұматын беріп-ақ жатыр.
Зибаш апайдың «Жүрегім мектебім деп соғады» деген мақаласында:  «Менің өмірім» пәлендей жұртқа үлгі-өнеге, не сабақ болар деп ойлаймаймын. Алайда, мен сияқты Ұлы Отан соғысы кезінде дүниеге келген әрбір азаматтың өмірі, тағдыры бір-біріне ұқсас деп ойлаймын, деп әрі қарай өмірінен мағлұмат береді.
Қамбарова Зибаш 1942 жылдың 18 наурызы күні Қызылорда облысының Қазалы ауданы, Ғани Мұратбаев атындағы ұжымшарда кедей-шаруа отбасында дүниеге келген. Әкесі Қамбардан бір жасында қалған Зибаш апайдың Оңжан атты анасынан өзімен бірге туған Лаубай деген ағасы мен Марияш деген апасы болған. Отбасының үлкен ауыртпалығын, Ұлы Отан соғысының зардаптарын жеке қарамай, халықпен бөлісе қараған көзқарасынан-ақ Зибаш апайдың жас күнінен-ақ қарапайымдылыққа тәрбиеленгені көрініп тұр. Кішкене ғана отбасындағы үш баланың бір-біріне деген құрметі мен қамқорлығы, бауырмалдығы зор. Апай бұл туралы тағы да  «Мен 1950 жылы Қазалыдағы №67 қазақ орта мектебіне 1-сыныпқа бардым. Жалғыз ағам теміржолшы болды, соның жұмыс бабымен 1953 жылы Қармақшы ауданына (Жосалы станциясы) көшіп келдік. Сөйтіп, №26 Ш.Уәлиханов атындағы мектепте, кейін Калинин мектебінде оқып, 7 класты бітірген соң Қызылорда қаласындағы М.Мәметова атындағы қыздар педагогикалық училищесіне түсіп, 1961 жылы бастауыш сыныптар мұғалімі мамандығы бойынша бітіріп шықтым. Ағам жұмыс бабымен Қазалыға қайта келгенде, мен де Қазалы ауданындағы №421 мектепте вожатый мұғалім болдым. Кейін аудандық Комсомол комитетінде мектеп бөлімін басқардым» дейді. Қарапайым отбасының ұйтқысы болған Лаубай ағасының қамқорлығында болған жандар бүгінде рулы ел десе болғандай.
Қарапайым кішкене ғана отбасында тәрбиеленген Зибаш апайдың бойындағы мейірім мен бауырмалдылық, шыдам мен төзім, ең зор қасиеті – қарапайымдылық анасы Оңжан мен қос бірдей бауырынан дарыса керек. Ал сөз басында айтып отырған терең білім мен танымындағы тектілікті тағы да Зибаш апайдың сөзінің сілтемесінен табамыз.
Бір айта кететін жағдай, дейді апай өз өмірі туралы сыр шерте отырып,  педагогикалық училищеде оқыған төрт жылым мен үшін ерекше, есте қалатын қызығы да қуанышы да мол жылдар деп есептеймін. Біріншіден, ондағы білім, тәрбие берген ұстаздарыма дән ризамын. Әсіресе, училище директоры Ұлмекен Рысбекова – ұстаздардың ұстазы. Училище қабырғасында жүріп ұстаздардан үлкен адамгершілікті, инабаттылықты, қайырымдылықты үйрендік. Әсіресе, қазақ қыздарына тән қасиет – шаш қимау, бетті опаламау, мезгілсіз жүрмеу, тағы басқа жақсы қасиеттерді бойымызға сіңірген. Бар мүмкіндікті пайдаланып, тәрбиешілер музыкаға, өнерге үйретті, оркестрге, биге қатыстық. 1960 жылы Қазақстанның 40 жылдық мерекесіне орай ұйымдастырылған Республикалық фестивальға қатысып, жүлделі орынға ие болдық. Сонда Ұлмекен апайымыз «Менің қыздарым»  училищені байытып кетті деп айтқан сөздеріне қарап Зибаш апай ұстазына деген шексіз мақтанышын білдіре келе, өзінің қандай ортада білім алғанын атап өтеді. Зибаш апай айтыскер ақын, ұлты орыс болғанымен тілі қазақ Надежда Лушникова, екі дүркін Парламент депутаты болған Мария Жүйріктаева, Сенат депутаты, Білім және ғылым министрі, қыздар педагогикалық институтының ректоры болған Шамша Беркімбаева, халық емшісі Алтын Сабыралиева, педагогика ғылымдарының кандидаты Қуанышкүл Меңдаяқова сынды қазақтың белгілі қайраткер қыздары ортасында білім алғанын ризашылықпен еске алады.
1964 жылдан бастау алған педагогикалық қызметінде З.Қамбарова ұрпақ тәрбиесі мен білімі жолында талай қиындықтармен бетпе-бет келді.
Қазіргі Ш.Уәлиханов атындағы №26 қазақ орта мектебінің 70 жылдық мерейтойы қарсаңында (1965 жылы) тарихи зерттеу жұмысын бір сәт тоқтатқан емес. Мектеп музейін ашып, өскелең ұрпаққа тағылым болар талай толымды да кемел істерді бағындыруға қол жеткізді.
Зибаш апай жан-жақты. Қолынан қаламын тастамаған жаңашылдықтың жаршысы болған тілші де. Оның мектеп тарихы, ондағы ұстаздар еңбегі туралы жазылған мақалалар аудандық, облыстық, республикалық басылымдарда жарияланып келді. «Жүрегім мектебім деп соғады», «Байырғы білім ордасы», «Ұстаздардың ұстазы», «Арулар аз болды ма атқа қонған?», «Ұстаз ана, айтыскер ақын» атты мақалалары танымдық тәрбие берер салмақты еңбектер.
З.Қамбарованың педагогикалық қызметтегі кезеңдеріне зер салар болсақ білім саласының басышынан жоғары сатысына дейінгі биікті бағындырғанын көреміз. Пионер вожатыйы, комсомол комитеті, бастауыш класс мұғалімі, 1965 жылы қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі, 1968 жылы аудандық оқу бөлімінде инспектор, 1972-1976 жылдары №26 қазақ орта мектебінің тәрбие жұмысы жөніндегі мектеп директорының орынбасары, 1976-1982 жылдары аудандық білім бөлімінің методикалық кабинетінің меңгерушісі, 1986-1987 жылдары аудандық атқару комитетінде жауапты хатшы, 1982-1994 жылдары Ш.Уәлиханов атындағы №26 қазақ орта мектебінің директоры қызметінде болған. 1994 жылы құрметті зейнеткерлік жасқа жетіп, еңбек демалысына шыққан.
Осы жылдардан бері Алматы қаласында тұрады. Өзі ұзақ жыл еңбек еткен мектебінде мемлекеттік стандартқа сай білім бере отырып, тәрбие жұмысында З.Қамбарова ұлт ұлағаты болған ұлттық тәрбиеге аса жоғары ден қойды.
Мектептегі педагогикалық ұжымы алдында ұлттық құндылықтарды ұмытпау деген қағида басты назарда ұсталынды.
Оның бір көрінісі – Қазақстан тәуелсіздігін жариялаған жылдан бастап мектеп жанынан құрылып жұмыс жасап келе жатқан «Әжелер» ансамбліне де 30 жыл толды. Ансамбльдің репертуарындағы әндер – ұмытылып бара жатқан халық әндері екені даусыз. Бұл әндер ансамбль мүшелерінің арқасында халық жадында қайта жаңғырып келеді.
Зибаш апай қазақ тілі мен әдебиет пәні маманы ретінде де, мектеп басшысы ретінде де қазақ тілінің мемлекеттік мәртебеде қолданыс табуына қамқорлық танытып отырды. Мектеп негізінде қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің аға мұғалімі К.Мұқашева жетекшілік етіп облыстық озат тәжірибе мектебінің ашылуына қолдау танытып үнемі қамқорлығына алып келді. Ал, орыс тілі пәні бойынша Д.Әмірәлиева жетекшілік ететін аудандық озат тәжірибе мектебі де №26 қазақ орта мектебінің негізінде ашылып, жұмыс жасады. З.Қамбарова – өзі басшылық еткен мектеп мұғалімдерінің методикалық жағынан өсіп, жан-жақты жетілуіне көп көңіл бөліп отырған басшы. Соның нәтижесінде Н.Өсеров, Т.Жұмабаева, Р.Ақкөзиева, Р.Шегенова, Р.Қаратаева, М.Крекесова, М.Тілеуқабылова, Т.Құлымова, Г.Жаханова, Р.Байназарова, М.Тоғызбаев, Б.Жұмабаев сынды білікті мұғалімдер легі жыл сайын толығып отырды. Бүгінде Зибаш апай алыста жүргенімен соңынан өзін іздеп хабарласып отыратын Раушан, Талмаш, Дина, Рая, Қалдыгүл, Қадиша Елеунорова сынды сіңілдеріне дән риза.
Зибаш апай өзінің ұзақ жылдар бойы жинаған бай тәжірибесін басқалармен бөлісуден тартынған емес. Қызметінің сан қырлы болуына қарамастан үш мәрте (Семейде 1969 жылы, Алматыда 1976 жылы, Қостанайда 1990 жылы) республикалық педагогикалық оқуға қатысты. 1992 жылы облыстық мектеп директорларының байқауына қатысып, 2 орынды иеленді.
Аудандық, облыстық, республикалық білім қызметкерлерінің Мақтау қағазымен марапатталған ұстаз 1977 жылы ҚР «Білім беру ісінің үздігі» төсбелгісімен марапатталған.
150 педагогикалық қызметкері, 1700 оқушысы бар мектепті басқарған уақытында З.Қамбарова мектептегі ұжымы арасынан 8 мұғалім  ҚР «Білім беру үздігі төсбелгісін, 12 мұғалім «методист», 2 мұғалім «аға мұғалім» атағын алған.
Осы уақытта мектеп 6 жасарларды оқытатын кабинеттік жүйеге көшті.
Зибаш апай тәрбиелеген мыңдаған шәкірттері арасында Ш.Битенова, Ж.Кенжебекова, Е.Жазықбаев, А.Серікбаева, Г.Әбдіқалықова, Ә.Маликов, Б.Байнаев, М.Мадиярова, тағы басқа Қазақстанның әрбір аймағында жауапты қызметте.
Білікті де кемел ұстаз З.Қамбарова отбасылық жағдайында адал жар, бақытты ана, мейірімді әже. Обаға қарсы күрес мекемесінде 40 жылдан астам уақыт еңбек еткен жолдасы Болатпен 55 жыл бақытты ғұмыр кешті. Болат аға 2019 жылы Алматы қаласында дүние салды. Кеудесінде қос бірдей «Ана» мен «Еңбек ардагері» медалі жарқыраған апай отбасына да, еңбек еткен ұжымы мен өскен өңіріне де сыйлы, құрметті де. Бүгінде 4 ұл, 1 қыз тәрбиелеп өсірген құрметті ана немерелерімен шуақты. Ұлдары Жаңа Қазақстанның білікті мамандары болса, келіндері:  Гаухар – ғылыми зерттеу институтының қызметкері, Гүлбану – мұғалім, Айгүл – педагогика ғылымдарының докторы, профессор, әскери академияда сабақ береді, Назгүл – медицина қызметкері, ал қызы Шолпан болса балабақша қызметкері.
Отбасылық жанұя бақыты мен ұлағаты мол ұстаздың қызметте абырой биігінен көрінген Зибаш апайға деген туған жері мен өскен өңірі, қызметтестері мен сүйіп тәрбиелеген шәкірттерінің шексіз ризашылығын жеткізгім келді.
Алатаудың аясында, Жетісудің жерінде жалғасқан ғұмырыңыз ұзақ болсын. Деніңізге саулық, жарастықтағы отбасылық бақытыңыз ұзағынан болғай.
Талайлы ДОСЫМОВА,
білім және мәдениет саласының ардагері
16 маусым 2022 ж. 869 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 041

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031