Нағашы ел

Туған жер, өскен елім аманбысың,
Жырыммен орнатайын саған мүсін.
Алақандай аяулы бейнеңменен,
Көтеріп тұрғандайсың ғалам күшін.
Байқожа десе көңіл алып ұшқан,
Кезім жоқ сені ойламай жаңылысқан.
Төркіні ұлы анамның нағашы ел,
Мұнда жүр бауырларым сағынысқан.
Айналып тәтті қиял елесіме,
Балалық шағым жатыр белесіңде.
Іргеңде Сырдария бұрала ағып,
Деп жатыр, – тағы оралып келесің бе?!
Алланың көр дегенін көресің де,
Бұйырған несібесін тересің де
Мен кіммін? Өзің жайлы толғағанда,
Келелі отырмасам кеңесіңде.
Кіндігімнен байланып кете алмаймын,
Өткеліңнен өр кеуде өте алмаймын.
Өзің бата бермесең өзекті елім,
Мақсатым мен мұратқа жете алмаймын.
Қызырымсың қолдаған Қырда жүрсем,
Сыбағамсың сақталған Сырда жүрсем.
Көре алмаушым күндесе қызғанышпен,
Сабырымсың сақтаған сында жүрсем.
Әжемнің тағдырына көнген жері,
Әкемнің итжуаны терген жері.
Ұмтылып аштық жылы – шаңыраққа,
Анамның келін болып келген жері.
Сағалап алты іні мен бір баласын,
Паналап Байқожаның құм даласын.
Қайғыменен қан жұтқан әжем пақыр,
Өмірі сән-салтанат құрмағасын.
Табаны тайып сонда сырғанаған,
Аштық жыл адастырып бір баладан.
Қайғылы хабар алды бір ұлынан,
Сұрапыл соғыс жазған жылнамадан.
Адамның жылатпасын Ұлы анасын,
Ұнасын, тағдыр осы, ұнамасын.
Мен сүйген елдің мына бірінің де,
Ұрпағын бұл сынақпен сынамасын.
Мына ел, мына жердің сүйем бәрін,
Көкірегіме тілектің түйем нәрін.
Пейіліңнен айналдым нағашы ел,
Ұлықтаған ұмытпай жиеншарын.
Көңілімнің желкілдеп көк құрағы,
Менде осындай сезімдер боп тұрады.
Ұмытып үлкендікті жас балаша,
Еркелегім сендерге  кеп тұрады.
Жыр құйылып ұшайын қанатымнан,
Менің тегім асылдан жаратылған.
Мәңгілікке кететін мақтаным  бұл –
Алты інісі әжемнің дара туған.
Сүрінгенде Ыбырай, Мұса деген,
Жүрсе-дағы көңілі құсаменен.
Бұл әжемнің өнеге – өсиеті,
Нағашыға өлсем де ұқсап өлем.
Әбдірей мен Мәдірей, Садық, Сыдық,
Сыр жатады сары алтын сыздықталып.
Алты інісін атамай Айшагүлдің
Сөзінің сәні кірмес тұздықталып.
Айшагүл  меніңәжем ай қараған,
Ісіңе көңілі толмас майдалаған,
Мамық төсі аққудай мені жауып,
Құшағында  өсіп ем аймалаған.
Алты інісі әжемнің алты алып,
Тау қопарып, тас жарған  арқаланып.
Есепсіз байлығының арқасында,
Әйелдері жүреді қамқа оранып.
Мәскеу мен Алматының арасында,
Бұлардың аты аңыз нанасың ба?
Еңбекпен тапқан Ленин орденінің
Жұлдызы жарқырайды жағасында.
Баласы осылардың Төлеген-ді,
Керейін дегендей-ақ керегіңді.
Батырып байлығына бар қазақты,
Мысына Жезқазғанның бөлеген-ді.
Ұрпағы алты алыптың мекенінде,
Суы – Сыр, жайлауы – құм етегінде.
Салмақты, салиқалы бұл әулетті,
Ешкімнің күші жетпес көтеруге.
Қабағы ашық қарсы алар ақмаңдайлым,
Саған ұлпа мап-мамық мақпалдаймын.
Өзіңнің батаңды алмай нағашы ел,
Сапарыма сірә да аттанбаймын.
Жылылығың жоғалмай көздеріңде,
Самал есіп тұрады сөздеріңде.
Тағы келем, айналып, тағы келем,
Нағашы ел сағынған кездерімде.
Ықыласыңа ып-ыстық көмілемін,
Құшағыңды аш маған керім елім.
Өмірімнің жұмағы сен деп білем,
Неткен, неткен ғажайып өмір едің?!

Талайлы ДОСЫМОВА
11 мамыр 2022 ж. 659 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 041

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031