» » » Ораз ахунның тылсым киесі мен қасиеті

Ораз ахунның тылсым киесі мен қасиеті

ӨЛКЕЛІК "АРҚА АЖАРЫ" ГАЗЕТІНЕН С.БАЙБОСЫННЫҢ "ХАМБО" ЛАМАНЫҢ ҚҰПИЯСЫНА ТАҢДАЙ ҚАҚҚАНДАР МӘШҺҮР ЖҮСІПТІҢ ЖҰМБАҒЫН НЕГЕ БІЛМЕЙДІ? ДЕГЕН ҚЫЗЫҚТЫ ДА ТАҒЫЛЫМДЫ, ТАНЫМДЫҚ МАҚАЛАСЫН ОҚИ ОТЫРЫП, СЫР БОЙЫНДА СОЛ ЗАМАНДА ӨМІР СҮРГЕН ТАҒЫ БІР ДЕГДАР АТАМЫЗДЫҢ ҰҚСАС ТЫЛСЫМ СЫРҒА ТОЛЫ ТАҢҚАЛАРЛЫҚ ЖҰМБАҚ, ҚҰПИЯ КИЕСІ ЖАДЫМДА ЖАҢҒЫРДЫ.
Сонымен, менің айтпағым қаймана қара бұқараның қалың ортасында қарапайым қалыпта, қоңырқай ғана тірлік кешсе де ұрпақ жадында жатталып көпшіліктің көкірек түпкірінде қатталып, жаһанға жария болмаса да, ел арасында ұрпақтанұрпаққа ауызекі тарап, сақталып келе жатырған жекелеген оқымысты-білімдар, заманының зиялысыдіндар, ойшыл-дегдар аталарымыздың өз тұстастары мен кейінгі ұрпаққа тылсым сыры беймәлім жұмбақ күйінде қалып келе жатырған болмыс-бітімдері мен құпия қасиеттері жайлы еді. Соның бірін баян етейін... Сонау 19-ғасырда Сыр бойының Қазалы уезіне қарасты Жаман сыр, Қуаңдария болыстығы елінде 1836 жылы дүниеге келіп, 1893 жылы 56 жасында өмірден озған Ораз Бекетайұлы деген оқымысты, діндар кісі болған. Бала Оразды қозы бағып жүріп, ұйықтап қалған жерінен Балқы Сартай би деген кісі жолаушылап келе жатып жолықтырады да, «Япырмай, мына баланың үстінде періштелер ойнақ салып жүр ғой» деп қасындағы серіктеріне оятқызып, үйіне алып келеді. Әкесіне, «Осы балаңның тәрбиесін маған тапсыр, болайын деп тұрған бала екен, мен оқытайын» дейді. Кедей Бекетай келісімін береді. Сартай бидің елі Жалпақтаудағы Қарақалпақ молдаларынан дәріс алған бала Ораз өз зейінділігімен аз уақытта молда – ұстаздарымен тең дәрежеде білім игеріп, көп ұзамай Бұқарадағы «Көкалташ» медресесіне оқуға алынады. Кедейшілік тақсіретін тарта жүріп шәкірт Ораз кітаптан бас көтермей білім қуып, араб тілінде «Тәрекей» деген екі бөлімнен тұратын ғылыми қолжазба кітап жазып шығады. Осы кітапты 21 жасында жазып шыққан, терең білім, ізденімпаз, оқымыстылығына байланысты оның есіміне медреседегі ұстаздары Мұхамед деген қосымша атты телиді. Осылайша шәкірт Ораз 22 жасында «Ораз Мұхамед ахун» атанады. Ораз Мұхамед ахун «Көкалташ» медресесін бітіріп еліне оралған соң халық оған зор қошемет көрсетіп Сарықұм деген жерден мешіт салып беріп, (қазіргі Ақжар ауылы, «Алтай асар» алқабының оңтүстікбатыс беті) ұстаздық жолға түседі. Ал бұған дейін осы күнгі Қармақшы, Жалағаш ауданының Сырдария ауданымен шектесетін аймағында балалар оқитын мешіт-мектеп болмаған екен. Міне осы Сарықұмдағы Ораз ахунның мешітінен дәріс алып шыққан Мырзабай, Қалжан, Әлібай, Алдашбай, Қожабай, Тоқсанбай деген шәкірттері кейіннен Бұқарадағы «Көкалташ» медресесін бітіріп, олар да «ахун» атағын алады. Елдеріне келіп, өз алдарына бір-бір мектеп-мешіт ашып елді имандылыққа тәрбиелеп, сауаттандырған, халыққа қадірлі, білімдар кісілер болған. Олар Ораз ахунды өздерінің алғашқы ұстазы ретінде танып, құрмет тұтқан. Өйткені, өзге өңірлерден барғандарға қарағанда Ораз ахун мешітінен дәріс алған шәкірттер терең білімді деп танылып, «Көкалташ» медресесіне кедергісіз жеңілдікпен қабылданатын болған. Ораз Мұхамед ахун атамыз ғұлама-оқымыстылығы мен қатар аса мейірбан, жұмсақ тіл, жылы сөзді, барға қанағат, жоққа шүкіршіл көркем мінез иесі болыпты. Тіпті, айдағанға жүрмей, қайырғанға көнбеген малға да, «Әй, ұқсайсың-ау, ұқсамағырай!» деп кейістік білдіруден әріге бармайды екен, жарықтық! Міне, осы Ораз ахун атамыз 1893 жылы қайтыс болып, Сарықұмға, мешітінің жанына жерленеді. Сонан, 1903 жылы жазғытұрым Сырдария суы кемерінен аса тасып, мол ағын су Сарықұмды орап өтіп, сол кездегі дария аңғарынан 150-200 шақырым жырақтағы «Томар бөгет», «Түп бөгет» деп аталатын тоспаларға барып тіреледі. Сол жылы жаз ортасында Ораз ахун ата өзінің Қалжан ахун, Алдашбай ахун атты шәкірттеріне: – Менің жатқан жерімді су басып кеткелі тұр. Басқа жерге ауыс тырып қойыңдар, – деп аян бергендігі ел арасына тез тарап, мәлім болады. Қалжан ахун болса Ораз Мұхамед атаның күйеу баласы, ал Алдашбай ахун балдызы, жақын-туыс кісілер болған. Ол кезде, ежелгі қазақ ғұрпында марқұм болған кісінің қабірін бірнеше жылдан кейін ашып, мүрдені көшіріп жерлеу рәсімі тым сирек кездесетін, бола бермейтін оқиға. Сондықтан бұл мәселені бүкіл елдің талқысына салып, бір пәтуаға келу қажеттігі туады. Осы өңірдегі Қалдан батыр, Пышанның Төребайы деген би, Дәулетназар, Әлібай, Садық, Қожабай ахундар мен елдің игі жақсылары: Зарқұм, Рүстем, Аманбай тәрізді беделді кісілер бас қосып, Қалжан мен Алдашбай ахундардың өз ұстаздарын басқа жерге қайта жерлеу жөніндегі ұсынысын мақұлдайды. Сонан соң, алдын ала әзірлік жұмыстары жүргізіліп, жиналған көпшіліктің қатысуымен Сарықұмдағы қабірді ашады ғой. Сөйтсе, зираттың жан-жағын су алғанымен қабір табанындағы ыза судың деңгейі тым таяз, бір-екі елідей ғана болса керек. Бұл суды бейіт басында жиналған жұртшылық алақандарымен алып, бір-бір жұтымнан бөліп ішіп қояды. Ал, мүрдені сыртқа шығарып, сарғыш тартқан кебінді ашқан кезде жерленгеніне 10 жыл болған Ораз Мұхамед ахун ұйықтаған кісідей сартап болып сол қалпында жатыр екен. Мұны көрген қалың қауым қайран қалысыпты. Тек сақал-шашы мен тырнағы ғана өскен болып шығады. Сол жерде оның сақал-шашы да, тырнағы да алынып, денесі жуылып, жаңа шыны киімге оралады. Мәйітті жиылған халық иықтарына көтеріп, жаяу алып жүреді. Ел ағаларының ұйғарымымен Ораз ахун бұл аралықтан 30-40 шақырымдық, ыза су бармаған мойыны қашық, таза тегістік жерге қайта жерленіп, 1906 жылы басына екі бөлмелі, қос күмбезді үйтам тұрғызылады. Осы арада айта кетейік, атаның бұрынғы қабірінің бетіне жабылған әрбір тал қамыс пен ағашты жиналған жұртшылық әулиеден тәбәрік десіп, өзара қылдай бөлісіп алады. Кейіннен сол қамыс қиындысы мен ағаш жаңқалары қандай да бір науқасқа ем болған деседі. Ал, кебінді ашқан кезде марқұмның төссүйек шұқыршағына жиылып тұрған бірер тамшы суды іркілмей ұрттап ішіп қойған Жөнербайұлы Смайыл деген кісі көп ұзамай атақты тәуіп болады. Оның кез келген науқасты емдеп, жазғанын кешегі күнге дейін әке-шешелеріміз айтып отыратын. Смайыл 1937 жылы «халық жауы» деген жаламен ұсталып кетіп, қаза табады. Бұл әңгімелерді мен 14-16 жасар кезімде Сералы көкемнің (Сералы Қожамжарұлы, белгілі жазушы Нәсіреддин Сераливтің әкесі) айтқанынан, бертініректе өз әкем Сәденнің де аузынан талай рет есітіп, қанығып өстім. (Сондай-ақ Ораз ахун жайлы жазба деректер 1996 жылы Алматыдағы «Шартарап» баспасынан жарық көрген Тұрлыбек Деменұлының «Келте тонды Келмембет» атты кітабында баяндалады. Ораз ахунның нағыз әулие, киелі жан екендігін жергілікті жұртшылық жырдай етіп, жылдар бойы жадында жаңғыртып, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп, қастерлеп келеді. Жерлестері мен ұрпақтары 1996 жылы Ораз ахун атаның кесенесін жаңартып, қайта тұрғызды. Төңірегін қоршап, күтімге алды. Тағы бір таңғажайып оқиға ол, жерленгеннен кейін 50 жылдан соң орын алады: – Соғыстан кейінгі жылдары Қызылорда қаласының тұсынан Сырдарияға бетондалған алып бөгет-көпір салынып (плотина-гидроузель), әр өңірге сан тарау жармалар қазылып күріш дақылын көптеп егу қарқынды қолға алына бастайды. Қармақшы өңіріндегі сондай магистралды каналдың бірі – «Қурайлы» жармасы Ораз ахун атаның кейінгі жерленген тұсынан төтелеп, көктей өтетін жоба жасалынып, қазыла бастайды ғой. Жарма қазушылар Ораз ахун бейітінің тұсына жақындағанда техникалары өздігінен сөніп қалып, жүрмей, бірнеше күн бойы әбігер болады. Мұны Ораз ахунның киесі болар деп тұспалдаған жергілікті трактор жүргізушілер жұмыстан бас тартады, канал қазу бірнеше күнге тоқтап қалады. Сол кезде жобаға жауапты техник-механик орыс жігіті тұрып, сендердің «какой-то мертвый стариктерің» маған не етер дейсің деп арақ ішіп алып эксковатор руліне өзі отырмаққа көтеріліп бара жатқан да сүрініп құлап, басы техниканың темір табанына соғылып, мерт болады. Осыдан кейін канал жобасына өзгеріс жасалып, жарманың су жүретін табаны зираттың солтүстік бетінен 500 метр қашықтықтан орағытып өтіп қазылады. Ал, осы қорымның оңтүстік жағынан 50 метр жерден оралтып салынған асфальт жолмен жергілікті жүргіншілер жылдамдықты тежеп, баяу жүріп өтеді. Бейтаныс жүргіншілер қойылған арнайы белгіге мән бермей қатты жылдамдықпен жүрер болса, міндетті түрде техника бұзылады, сынады, әйтеуір күтпеген оқыс оқиғаға тап болып, ұзақ уақыт кідіріп, күтіп, тәубасына келуге тура келетіндігін өзіміз де талай көріп, куә болдық. Ал, осы жол бойымен жүргізілген жоғарғы кернеулі электр тогының желісін тарту кезінде зират тұсындағы бағаналар қайта-қайта құлап қала берген ғой. Сонан жергілікті көзі қарақты қариялардың айтуы бойынша энергетиктер жұмыс аяғында әрбір бағанға доңыз қанын жағып шыққан деседі. Содан кейін бағандар құлағанын қойған. Міне, құрметті оқырман, кезінде коммунистікатеистік тәрбие алып, ата-бабамыздан қалған ауызша шежіре-деректерге де, тарихи жәдігерлерге де мән бермей, көре-тұра құлақ аспадық, терең ден қоймай келдік емес пе?! Енді тәуелсіз ел болып, «Рухани жаңғыру» бағытында саналық сілкініс пен серпіліске апарар жолда қолда барымыз бен жадымызда сақтай алғандарымызды ескеріп, екшеп өзімізді-өзіміз танып, өзгеге де танытуға атсалысу бүгінгі біздің азаматтық парызымыз, ата-баба аманатына адалдығымыз, келер ұрпақ алдындағы қарызымыз деп білейік.

Тынымбай ДОСБАТЫР,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі
18 қаңтар 2022 ж. 802 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

№91 (10356)

16 қараша 2024 ж.

№90 (10355)

12 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 192

Сұхбат

ӨНЕР АЙДЫНЫНЫҢ БҰЛАҒЫ
19 қараша 2024 ж. 146

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 308

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930