» » » Білім сәулесін таратушы

Білім сәулесін таратушы

Қазір қолында смартфоны бар әрбір жан әлемжеліге тіркелген. Ондағы әдемі өмір мен қызықты контенттен көз алмай қарап отыра беруге болады. Алайда, оның зияны өзімізге келіп тиеді. Нәтижесінде босқа кеткен уақыт, телефонға телміріп шаршаған жанар. Қарап отырсақ, әлем көз тіккен әлемжеліде іздегеніңнің бәрі бар. Не нәрсеге сұрау салсаң, сол бойынша тізбектеліп шыға бермек. Көңіліме ұнаған кітап туралы білмекке, сұрау салғаным сол еді, алдымнан қазақша кітап оқушылар аудиториясы шыға келді. Сондағы ерекше көзге түскені шынайылығы басым – Айнұр Бұлақбайдың парақшасы еді. Жазбаларды оқи бастағанымда іздегенімді тапқандай болдым. Қармақшылық екеніне қуанып, хабарлама қалдырдым.
Ұстаздық жолымен қатар, заман талабына сай инстаграм жүргізуді де қолға алған Айнұр Бұлақбай осы өлкенің тумасы. А.Жанпейісов атындағы №105 мектепке алғаш табалдырық аттаса, кейіннен О.Шораяқұлы атындағы №30 мектепте білімін жалғайды. Роза Далабаева, Гүлжан Майқанова, Серік Шайкенов, Асылжан Айбытовтардан ұстаздықтың өнегелі жолын көріп, осы мамандықты таңдағанын айтады. 1998-2001 жылдары М.Мәметова атындағы педагогикалық колледжінен «орыс мектебінде қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі» мамандығын игеріп, жоғары білімді Қорқыт ата университеттен меңгерді. Еңбек жолын 2002 жылы қазіргі Т.Көмекбаев атындағы №250 мектеп-лицейінде ұстаздық етуден бастаған.
2005 жылы қармақшылық, Марал ишанның ұрпағы, дінтанушы Мәди есімді азаматпен отау құрады.
– Өмірдің ағысымен 2005 жылы Шымкент қаласына көштік. Онда Оңтүстік Қазақстан педагогикалық институтына қазақ тілі кафедрасына жұмысқа орналастым. 2006 жылы «Арман» элиталық гимназиясында бастауыш сыныптың тәрбиешісі, кейіннен қазақ тілінен сабақ бердім. Жұмыс ауыс­тыруда қиындық туындамады. Себебі, алғыр болуды, үйренуден қашпауды, ұстаз жолындағы ұлы қасиетті бо­йыма сіңіріп өсуді Меруерт Кенжеғұлқызы есімді білікті ұстаз санама құйған болатын. Мұғалім болам деген жанның жатпай-тұрмай еңбек етіп, тер төгу керек екенін, әрдайым «ұстаз» деген ұлы есімге лайықты болу керегін айтты. Осы сөздер жадымда мықтап бекісе керек, әліге дейін өз ісіме барымды саламын, – дейді кейіпкеріміз.
2007 жылы Астанаға қоныс аударып, бала күтімінен кейінгі демалыстан соң орыс мектебіне жұмысқа орналасады. Ұстаздық жолы орыс сыныптарына қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінен мұғалімдік етумен жалғасады. Ал инстаграм желісіне 2014-2015 жылдары тіркеліпті.
– Осы жылдары жолдасым заманауи смартфон сыйлады. Ел секілді мен де әлеуметтік желілерде қызықтап ашып, жұлдыздарға тіркеліп алдым. Дұрыс қолдануды да білмесем керек, сурет салып, жазба да қалдырмайтынмын. Солай өзгенің парақшаларын қызықтап отырғанымда біздің салтымызға жат дүниені насихаттап жатқанын көріп қалып, астына пікір қалдырдым. Менің пікірімді көп адам қолдап, жазба да қалдырыпты. Осы әсер етсе керек, оқып-білгенімді жазуды қолға алдым. Менің жазбамның астына бөгде адамдар қолдау білдіріп, жазылушылардың саны күннен-күнге арта бастады. Осы уақыттарда мектепте маған қазақ сыныбын берді. Астанаға келгелі тек орыс сыныбына сабақ өтіп жүргендіктен, тілімнің мұқалып қалғанын аңғарып, оны дұрыстамақ ниетпен шынықтыруды бастадым. Қисса-аңыздарды қайта оқып, парақшамда бөлістім. Жағымды пікірлер көбейіп, оқырмандар қуанта бастады. Сол кездерде Оңаш Мәжитова деген ақын, жазушы апамыз маған «Сенің тілің өте жатық қой, неге әңгіме жазып көрмеске» деген ой салды. Осыдан кейін өзім өскен Сыр өңірі туралы, Марал ишанның әулетіне келін болып түскенім туралы жаза бастадым, – дейді ұстаз.
«Заманына қарай адамы» демекші, технологиялар қарыштап дамыған уақытта оны тиімді пайдаланып, қажетіне жарата білу де өнер. Оқырман бойына саналылық пен зерделілікті, білім сәулесін бойға жинауды үйрететін парақшаны ақтарып, рухани байлық жинауға болады. Кітап ішіндегі құндылықты сіңіруде аянып қалмайтын Айнұр бүгінде «Бұлақ» атты жеке орталық ашқан. Оған себеп болған «Отбасы хрестоматиясының» оқулықтары дейді ол. Бұл кітаптарды өзі оқып қана қоймай, балаларына да күнде бір әңгімеден оқытып, бір тақпақтан жаттатып, әңгімені мазмұндатып, осылайша руханилықты ең бірінші балаларының бойына сіңірген. Берілген білімнің босқа кетпесі анық қой. Балаларының бойындағы оң өзгерістер қуантып, олардың тәрбиесіне байланысты көптен алғыс алғанда кітаппен сусындап өскен баланың болашағы жарқын боларын аңғарады.
– Қазір бетімізге бетперде кигенімізбен, ішкі бетпердемізді шешкен уақыт қой. Ата-аналар өз балаларынан қорқа бастаған, қауіпті қоғамды өсіріп келе жатқанын, кітап оқымайтын баланы өсіріп, оның болашағына алаңдаған кезең. Оған мен де қарап отырмай, өзімнің үлесімді қосайын деп шағын орталық аштым. Мұнда балаларға кітапты таныстырып қана қоймай, аңыз-қиссаларды оқытып, баяндатып, тақпақ жаттатамын. Баяндай алмаса, құлағында қалсын деп өзім айтып беремін. Әрі кітап дүкені, әрі оқу орталығы. Осы орталыққа бас сұққан әрбір жан өміріне азық боларлықтай ілім алып шықса деймін, – дейді А.Бұлақбай.
Жұмысына деген адалдығы өрге сүйреп, біршама марапаттың биігінен көрінген ол 2018 жылы «Астана қаласының ең үздік ұстазы» деген атқа ие болып, қала әкімінің қолынан 3 бөлмелі пәтердің кілтін де иеленген. Еткен еңбек пен төгілген тердің қайтарымы болатынын осыдан-ақ аңғаруға болады. Қармақшылық қос ұстаз бүгінде 5 перзенттің ата-анасы. Өз балалаларымен қатар, өзгенің баласына да рухани тәлім-тәрбие беріп, қазақилықты сіңіртіп жүрген жерлесіміз үлгі алуға тұрарлық. Рухани әңгімемен қаныққыңыз, көңіл көкжиегіңізді кеңейтіңіз келсе Айнұр Бұлақбайдың парақшасы қашанда ашық.
Ардақ СҮЛЕЙМЕНОВА
01 желтоқсан 2021 ж. 1 042 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

№91 (10356)

16 қараша 2024 ж.

№90 (10355)

12 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 192

Сұхбат

ӨНЕР АЙДЫНЫНЫҢ БҰЛАҒЫ
19 қараша 2024 ж. 146

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 308

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930