» » » "Бәбіш мола" кешені туралы не білеміз?

"Бәбіш мола" кешені туралы не білеміз?

СОНАУ ЖЕР БЕТІНДЕ ТІРШІЛІК АТАУЛЫ ҚАЛЫПТАСҚАН КЕЗДЕН ҚАНШАМА УАҚЫТТЫҢ ӨТКЕНІН, КЕЗ КЕЛГЕН САНАЛЫ АДАМНЫҢ ОЙЫН САРАЛАП ҚАРАСА, БІР ТҰЖЫРЫМҒА КЕЛУ МҮМКІН ЕМЕС. АРТТА ҚАЛҒАН МЫҢДАҒАН ЖЫЛДАР ҚАЗІРГІ БІЗДІҢ УАҚЫТЫМЫЗДА ҚҰПИЯ СЫРЛАРЫ КӨП ТҰҢҒИЫҚ ТЕҢІЗ ТҮБІНДЕГІ ДҮНИЕЛЕРДЕЙ БОЛЫП КӨРІНЕДІ.


Сол бір өткен уақытты жүйелі түрде зерттеп келе жатқан көптеген ғылыми орталықтар мен ғалымдар бар. Олардың қажырлы еңбегінің арқасында тарих ғылымы қалыптасып, өткен уақыттың кезең-кезеңі, хронологиялық шеңбері айқындалуда. Сонау замандарда өзіндік өркениеті қалыптасқан, бірнеше мəдени қабаттан тұратын, қазіргі уақытта елден жырақ дүз далада жерменжексен болып, жай ғана төбе-төбе болып жатқан, кезінде қалың елдің жұрты болған талай-талай тарихи орындар бар. Міне, сондай тарихи-мəдени құндылығы маңызды, орындар біздің жерімізде, яғни аудан аумағында да көптеп кездеседі. Нақтырақ тоқталсақ, ауданға қарасты ежелгі сақ кезеңдерімен мерзімделетін көптеген тарихи ескерткіштердің бірі – Бəбіш мола кешені. Мұнда қала-қамал, тұрақтар, ғұрыптық жерлеу орындары, суландыру жүйесі бар егіс алқаптары жəне белгілі бір бағытта жұмыс жасаған арнайы шеберханалар орны көптеп кездеседі. Бұл ескерткіштерді ең алғаш 1946- 1991 жылдары Хорезм археологиялықэтнографиялық экспедициясының басшысы С.Толстов пен орыс ғалымы Л.Ливина ашып, қазба жұмыстарын жүргізген. Кейіннен Тəуелсіздік алған соң, отандық тарихи-ғылыми орталықтардың ұлттық тарихымызды айқындау барысында 1998 жылдардан бастап Əлкей Марғұлан атындағы археологиялық ғылыми институттың бас ғылыми қызметкері Жолдасбек Құрманқұловтың барлау-зерттеу жұмыстарын өткізді. Нəтижесінде аудан аумағындағы көптеген ескерткіштің орны табылып, кординаттарын анықтап, топографиялық картасын жасап, сызба жұмыстарын жүргізіп, осы материалдарды алға тартып, бұл жерлерде бірнеше мəдени қабаттың жер астында жатқандығын тиісті орындарға хабардар етіп, қазба жұмыстарын жүргізу керек екенін айтқан. Елбасы Н.Назарбаевтың «Мəдени мұра» бағдарламасы аясында Ж.Құрманқұловтың ұсыныстары қолдау тауып, аудан айналасындағы тарихи ескеткіштерге толыққанды қазба жұмыстарын жүргізуге мүмкіндік туған болатын. Міне, сол 2004 жылдан бастап тарих ғылымдарының кандидаты Жолдасбек Құрманқұловтың басшылығымен Əлкей Марғұлан атындагы археологиялық ғылыми институттың жанынан құрылған «Шірік-Рабат археологиялық экспедициясы» жыл сайын өлкеміздегі ежелгі тарихи нысандарға қазба жұмыстарын жүргізіп келеді. Экспедицияға Ə.Марғұлан атындағы ар - хеология институтының бас ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының кандидаты Ж.Құрманқұлов басшылық етсе, экспедиция жетекшісі ретінде Ə.Марғұлан атындағы археология институтының аға ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының кандидаты Ж.Утубаев таңдалса, экспедиция құрамының мүшелігінде археология институтының кіші ғылыми қызметкері, керамика бұйымдарының маманы М.Сүйіндіковалар болды. Олардың тұжырымдауынша бұл орындарда осы маңдағы қалашықтарды қамтамасыз ететін ұсталар мен шеберлер орталығы болған. Хронологиялық шеңберіне келетін болсақ б.з.д IV-II ғасырлар кезеңіне жатады. Келесі қазба жұмысы Сақ кезеңіндегі жерлеу рəсімдерін жүргізетін киелі орында, қабырғалары қалың кесекпен қаланған б.з.д кезеңге жататын Цитадель нысанында, яғни жауынгерлер тұрағында жалғасты. Бұл қазба орнының үстіңгі қабаты толықтай ашылып, ошақ, жуынатын орындар тағы да басқа тұрмыстық белгілер анықталды. Алайда астыңғы қабатынан тағы да белгісіз құрылыс орны анықталып, қазба жұмысын келесі жылғы маусымда жалғастыруды ұйғарды. Жалпы биылғы маусымда үш нысанға қазба жұмысы, былтырғы қазылған жерлеу рəсімін өткізетін орынға консервация (сақталуын қамтамасыз ету) жəне тағы да басқа құрылыс, тұрақ орындарын анықтауға барлау жұмыстары жүргізілді. Елбасы Н.Назарбаевтың 2017 жылғы «Болашаққа бағдар, рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында сонау елден жырақ, ми далада, қазба жұмыстары жүріп жатқан жерге арнайы барып, тарихи мұраларымызды жаңғыртып, халыққа жариялау мақсатында, бұқаралық ақпарат өкілдері, археолог мамандардың жұмыстарына етене араласып, тиісті бейнекөрсетілімдер түсірді. Археолог мамандар да қазба жұмыстары қарқынды жүріп, жақсы материалдар табылып, биылғы маусымда сəтті өткенін айтуда. Өзімнің де археолог мамандармен əңгімелесу, бірге жұмыс істеу барысында ойға түйгенім мен көзіммен көрген дүнием көп. Бір түсінгенім, киелі Қармақшының маңында əлі де сыры ашылмаған құпияның көп екендігі.

Əзірбек БАҚТЫБАЕВ,
аудандық тарихи-өлкетану музейінің ғылыми қызметкері
17 тамыз 2021 ж. 606 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№87 (10352)

02 қараша 2024 ж.

№86 (10351)

29 қазан 2024 ж.

№85 (10350)

25 қазан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 2 813

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930