» » » Адамзат өркениетінің ақыл-ой алыбы

Адамзат өркениетінің ақыл-ой алыбы



Адамзат өркениеті – мыңжылдықтар бойы ата-бабаларымыз бен ұрпақтардың ақыл-ой жетістіктерінен құралған материалдық және рухани мәдениет қазынасы. Ұрпақтардың адамгершілік-имандылық рухымен тәрбиеленіп қалыптасуында тарихтағы дара болмысты дарынды-данышпан тұлғалардың тәлімгерлік-тәрбиешілік ықпалы ғасырлар бойы жалғасып келеді. Қазақ өркениетінің ежелгі сақ, ғұн, түркі дәуірлерінде негізі қаланған, ғасырлар бойы жалғасқан осы дәстүрі әрбір жаңа буын өкілдерінің рухани жаңғыру, серпілу ұстанымдарымен дамытылуда.
Әлем өркениетінің өткен мыңжылдықтар белестерінде Жаратушы Алланың Елшісі Мұхаммед пайғамбарымыз (с.ғ.с.) және оның төрт досы (Әбубәкір, Омар, Оспан, Әлі) – адамзаттың ең басты тәлімгерлері-тәрбиешілері болды. Осы дәстүр аясында біз Жер планетасындағы бүкіл адамзаттың, халықтардың материалдық және рухани мәдениеті құндылықтарын өздерінің ақыл-ой дүниетанымының арқауы еткен хакім ойшылдарды (Лұқпан хакім, Конфуций, Әбу Насыр әл-Фараби, Лев Толстой, Шоқан Уәлиханов, Ыбырай Алтынсарин, Абай Құнанбайұлы, Ахмет Байтұрсынов, Мұхтар Әуезов, Шыңғыс Айтматов) – жалпыадамзатқа ортақ гуманизм шыңындағы тұлғалар тұрғысында бағалаймыз.
Хакім Абай – сөз арқауындағы жалпыадамзаттық гуманистік көркем ойлау тұтастығы сипатымен бағаланатын тарихи тұлға. Хакімнің жалпыадамзаттық гуманизм биіктігіндегі ұстаным көзқарастары төл лирикалық өлеңдеріндегі, поэмаларындағы азиялық («Масғұт», «Әзім әңгімесі»,«Мың бір түннен» нәзира), «Ескендір» (еуроазиялық сюжеттерден нәзира), көркем аудармаларындағы (Дж.Байрон, В.Гете, А.С.Пушкин, М.Ю.Лермонтов, И.А.Крылов), қара сөздеріндегі (Сократ, Платон, Аристотельдің философиялық-педагогикалық сұхбаты стилімен жазуы) – сарындарынан ұлттық және жалпыадамзаттық көркемдік-эстетикалық көркем ойлау тұтастығының феномен болмысын танимыз. «Сегіз аяқ» өлеңінде хакім осы ұстанымын айқын білдірген:
Ғылымды іздеп,
Дүниені көздеп
Екі жаққа үңілдім  (Абай  (Ибраһим Құнанбаев)
Хакімнің ақындық шығармашылық кезеңіндегі бірқатар өлеңдерінің («Иузи – раушан, көзі гауһар», «Әлифби өлеңі») Шығыстың классикалық поэзиясы дәстүрі ізімен жырланғаны мәлім. Шығыс классикалық поэзиясы алыптарының рухына арнауы да жасөспірім кезінен-ақ хакімнің жалпыадамзаттық-гуманистік биіктіктегі тұғырнамасын танытады:
Фзули, Шәмси, Сәйхали,
Науаи, Сағди, Фердоуси,
Хожа Хафиз – бу һәммәси
Мәдәт бер шағири фәрияд (Аталған кітап, 10-б.).
Хакім Абай – Шығыс, Батыс әдебиеттерінің философиялық-педагогикалық ғылыми-мәдени дүниетаным ұстанымы тұтастығындағы қайраткер-ойшыл. Ол жалпыадамзатқа мыңжылдықтар белестерінде Жаратушы Алладан түскен төрт кітапты (Інжіл, Тәурат, Зәбур, Құран Кәрим), Алланың – жалғыздығын, Құран Кәримнің – шындығын, Мұхаммед пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) Елшілік хақтығын жырлады. Адамзатты жаратқан адамзатты, пайғамбар жолы әділеттілікті сүюдің бүкіл адамзатты өркендететінін насихат еткен:
Алланың өзі де рас, сөзі де рас,
Рас сөз еш уақытта жалған болмас.
Көп кітап келді Алладан, оның төрті,
Алланы танытуға сөзі айрылмас.
...Махаббатпен жаратқан адамзатты,
Сен де сүй Ол Алланы жаннан тәтті.
Адамзаттың бәрінен сүй бауырым деп,
Және хақ жолы осы деп әділетті.
Осы үш сүю болады имани гүл,
Иманның асылы деп сен тахких біл.
Ойлан дағы, үшеуін таратып бақ,
Басты байла, жолына, малың түгіл.
Дін де осы, шын ойласаң, тағатта осы,
Екі дүние бұл тасдиқ – хақтың досы.
Осыларды бұзатын және үш іс бар:
Пайда, мақтан, әуесқой – онан шошы!
...Алланың, пайғамбардың жолындамыз,
Ынтамызды бұзбастық иманымыз.
Пайда, мақтан, әуесқой, шайтан ісі,
Кәні біздің нәпсіні тиғанымыз?»   (Аталған кітап, 247-248-б.б.).
Әдебиеттану ғұламасы Ахмет Байтұрсынов «Қазақтың бас ақыны» атты мақаласында («Қазақ» газеті, 1913, №4) хакім Абай өлеңдерінің поэтикалық-мағыналық тереңдіктерін, ата-бабалар мен ұрпақтарға жалғасқан көркемдік-эстетикалық дүниетаным кеңістігін, ойшылдық-сыршылдық ерекшелігін айқындап бағалаған-ды. Қазақ сөз өнерінің көпғасырлық ақындық өнер тарихында Абайдың ойшылдық-суреткерлік деңгейіндей ақындардың болмағанын атап көрсетті. Бұл – Алаштың ағартушы ғалымының Абай шығармашылығының адамзат өркениеті жетістіктері қатарындағы биік деңгейін бағалау көрсеткіші. Әлем өркениетінің классикалық мұраларымен жан-жақты таныс болған Ахмет Байтұрсынов – Абай шығармашылығын ұлттық сөз өнері үлгілерімен сабақтастыру аясында әдебиеттану ғылымындағы әлемдік әдеби ықпалдастықтарды, поэтикалық үндестіктерді кешенді қарастырудың негізін салушы.
         Хакім Абайдың әдеби-философиялық көзқарастары – оның поэзиясының да, қара сөздерінің де, көркем аудармалық шығармаларының да алтын арқауы.
         Хакім Абайдың М.Ю.Лермонтовтың отызға жуық өлеңін, оның ішінде Дж. Байронның, В.Гетенің де өлеңдерін, сонымен бірге А.С.Пушкиннің «Евгений Онегин» поэмасынан алынған хаттар негізіндегі жырларын, И.А.Крыловтың бір топ мысалдарын нәзиралап жырлауы – бәрі де оның әлем өркениеті кеңістігіндегі ақыл-ой алыптарымен деңгейлес шығармашылық-ойшылдық танымын танытады. Әлемдік фольклорлық-әдеби сюжеттер негізіндегі поэмаларындағы («Масғұт», «Ескендір», «Әзім әңгімесі») дидактикалық-педагогикалық, философиялық-психологиялық тұжырымдары да адамзат ұрпақтарына ортақ тәлімгерлік-тәрбиешілік ұстаным айқындылығымен ерекшеленеді.
         Хакім Абайдың қара сөздері – стиль, мазмұн жағынан көркемсөздің, өзіндік жаңашылдық үлгілері. Қара сөздері – сыншылдық-ойшылдық сипатымен адамгершілік-имандылық қасиеттерін саралап бағалаудың даналық ой қорытпалары. Хакімнің қара сөздері әлем өркениеті ойшылдарының (Сократ, Платон, Аристотель, Конфуций, т.б.) шәкірт пен ұстаз арасындағы философиялық-дүниетанымдық сұхбаттарымен де үндеседі.
         Абайдың қара сөздерінде халық тарихы, қазақ еліндегі қоғамдық құрылыс, елді басқару, оқу-ағарту, ғылым, өнер-білім игеру, халықтық тәлім-тәрбие, еңбек, шаруашылық, мінез-құлық, дін, имандылық, мағыналы өмір сүру мәселелері қамтылған. Қара сөздердің жанрлық жүйесіндегі түрлердің (тарихтық мақала-очерк, мысал-өсиет әңгіме, афоризм, дидактикалық-педагогикалық кеңес, көсемсөздік памфлет, мемуарлық мақала) жаңа жазба реалистік әдебиетіміздің әлем өркениеті деңгейіндегі көркемдік биіктігін дәлелдеді.
         Хакім Абайдың әдеби және ғылыми шығармашылық ұстанымы жүйесі – қазақ халқы мен әлем халықтары дүниетанымына ортақ әлеуметтік психологиялық хал-ахуалдың үндестігі-тұтастығы тұрғысында еңбек етуінін нәтижелері. Көркем аудармаларының осындай поэтикалық-психологиялық сипатын Мұхтар Әуезов айқын түсіндіреді: «Барлығын да өз жүрегіне түсінік, өз халіне жанасатын, өзінің әлеуметтік мұң-арманына тап келетін және өз хиялына үйлесетін, ерекше бір жақындығы болғандықтан аударады. Аудармалар ақынның өз жүрегінен толқып шыққан қайғылы шердің де айнасы, толас-тынысы сияқты болады.
         Абайтанушы ғұлама-ұстаз Мұхтар Әуезовтің хакім Абай шығармашылығының Шығыс әдебиетіне қатысты пікірлерін қазіргі рухани жаңғыру талабына орай қайталап еске аламыз: «Бізде бүгінге дейін Абайдың Шығыспен байланысын айтқанда, кейбір жайлар ұшқары сөйленеді. Абай мұсылманша оқығандықтан араб, фарсы тілін түгел білген боп суреттеледі. Кейбір зерттеушілер Абайды араб, фарсы классиктерін де түгел білген етіп қояды.
         Анығында, бес-алты жыл мұсылманша оқығанмен ол кездегі шабан оқытудың шалағай методикасын еске алғанда, Абай арабтың классик поэзиясын түгел ұғарлық дәрежеге жетті деу, асыра сөйлеу болады» (Аталған кітап, 94-б.). Мұхтар Әуезов тілдері түсінікті Науаидың, Фзулидің ескі өзбек тіліндегі түрікшеленген аудармаларынан Фирдоусидің, Сағдидің, Қожа Хафиздің өлеңдерімен танысқанын баяндай келе мынадай тұжырым жасаған:
         «Ал, олай болса, Абайдың Шығыс поэзиясымен таныстығын атағанда, оның үлгі еткендері осы күнгі ... шығыс елдеріміз: азербайжан, өзбек, тәжік сияқты елдердің  ұлы классиктері деу керек» (Аталған кітап, 94-б.).
         Тәуелсіз Қазақстан Республикасының салтанат құрып келе жатқан жаңа тарихының ұлттық-мемлекеттік идеологиясының басты арқауы хакім Абайдың әдеби-ғылыми көркем ойлау шығармашылық  мұрасы болып келеді. 1995 жылы Біріккен Ұлттар Ұйымының ЮНЕСКО бағдарламасы аясында әлем өркениеті кеңістігінде 150 жылдық мерейтойы тойланды. Хакім Абайдың сол 150 жылдық әлемдік мерейтойының салтанатты мәжілісінде «Абай туралы сөз» тақырыбымен баяндама жасаған Тұңғыш Президентіміз – Елбасы Н.Ә.Назарбаев хакім Абайдың ойшылдық биіктігінің шығармашылық-суреткерлік әлемінің ұлттық топырақтан өніп, жалпыадамзатық ортақ қазынаға айналған құндылығын атап көрсетті:
         «Абайдың әуелден-ақ әкенің баласы болмай, адамзат баласы болуды армандағаны белгілі. Бұл жолғы тойдың төріне сол көксеген мұратына жетіп, барша әлемге аты қадірлі, сөзі өтімді, пікірі қымбат. Адамзат Ардағы, Адамзат Ақыны, Адамзат Ақылманы болып көтеріліп отыр.
         ...Абай Құнанбайұлының әлемдік санадан өз орнын алатындай елеулі құбылыс болуы тек оның әдеби ізденістерімен шектелмейді. Әдебиет – Абайдың күллі дүниелік болмысқа, адами, ұлттық, кісілік, тарихи, заманалық болмыстарға бойлайтын кәусар дариясы; ежелгі дүниеден мәңгілікке дейін көл-көсір көсіліп жатқан рухани әлемге, рухани ғарышқа, универсиум деп аталатын ғалами дүниенің ғажайып қиырларына шегер бір жағынан азапты, бір жағынан ләззатты сапарының бастау қақпасы, әрі тереңге бойлап, кемелге ұмтылар талпыныстарының алтын баспалдағы болды. Абайдың ойшылдық қарымы мен зерттеушілік тегеуріні де өз заманының шым-шытырық қайшылыққа толы шындығы белгілеп берді. Сол шытырманнан шығар жол іздеп жүріп, ол өз халқының ұлттық бітімін жан-жақты пайымдады. Оның басындағы тақсыретті егжей-тегжейлі талдады. Сөйтіп, кеселіне дауа, келешегіне бағыт қарастырды. Халқына қамқор, ұлтына жанашыр болам деп жүріп, күллі адамзатқа мейірбан гуманистік өреге көтерілді. Кісі мен кісінің де, халық пен халықтың да арасында бола беретін кикілжіңдердің бәрінен жоғары тұра білді» (Назарбаев Н. Абай туралы сөз. – Алматы: Рауан, 1995. – 160 б.; 24-25-бб.).
         Бұл – қазақ өркениеті тарихындағы Ұлы Далада туып-өскен Жаратушының (Тәңірі – Алла – Құдай) құдіретімен өзіндік дара дарындылығымен әлем өркениетін мойындатқан тұлғаларымыздың барлығына да ортақ бағалау. Яғни, бұл арада әлем өркениетінің ҰСТАЗЫ атанған Әбу Насыр Әл-Фараби мен хакім Абай Құнанбайұлы ойшылдық-данышпандық тұлғаларының да тектестігін, үндестігін басты назарға аламыз. Сөз арқауындағы хакім Абайдың материалдық және рухани мәдениет салаларына арналған философиялық-психологиялық тұжырымдары  сыншыл ой қорытындылары, бағалаулары – бәрі де Әбу Насыр Әл-Фарабидің жаратылыстану, қоғамдық-гуманитарлық ғылымдар салаларындағы ойларының жалғастығын, тұтастығын аңғартады (Әл-Фараби. Таңдамалы трактаттар.-Алматы: Арыс, 2009. – 656 б.). Мысалы, Әбу Насыр Әл-Фарабидің «Өлең өнері туралы трактаттар» атты еңбегіндегі ақындарды үш топқа саралап, бағалаулары мен хакім Абайдың «Өлең сөздің патшасы, сөз сарасы», «Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін» өлеңдеріндегі үндестіктері анық. Ал, Әбу Насыр Әл-Фарабидің «Музыканың ұлы кітабы» атты трактатындағы әуез өнері туралы ойлары мен хакім Абай өлеңдеріндегі әуез, әншілік орындаушылық өнер туралы бағалаулар да бірін-бірі жалғастыра дамытқандай әсер береді. Әбу Насыр Әл-Фарабидің «Ғылымдар туралы» трактатындағы тұжырымдары мен хакім Абай Құнанбайұлының «Жасымда ғылым бар деп ескермедім», «Ғылым таппай мақтанба!» және қара сөздеріндегі ойлары да үндес. Ұлы Даланың жалпыадамзаттық өркениеттік биік деңгейдегі ақыл-ой алыптарының Жаратушыға (Тәңірі – Алла – Құдай) арналған тілектері де үндес. Екеуінің де шығармаларында Жаратушыға (Тәңірі – Алла – Құдай) арналған танымдық мағыналы мүнәжат тілектерінен ғарыштық-ғаламдық кеңістіктегі жалпыадамзаттық гуманистік-эстетикалық көркем ойлау ұлағатын сезінеміз.
         Қазақстан  ғылымының тарихында Әбу Насыр Әл-Фараби мұрасының туған Отанына – Қазақ Еліне қайта оралуын тұңғыш жүзеге асырған,  Әлемдік Ұстаздың жаратылыстану, қоғамдық-гуманитарлық ғылымдар салаларына арналған еңбектерінің барлығын әлемнің әр түкпіріндегі мемлекеттерден сабыла іздестіріп тауып жинаған, Қазақстанда кітаптарын тұңғыш жариялаған, Әлемдік Ұстаздың ғылыми шығармашылығы туралы халықаралық конференцияларда, симпозиумдарда баяндамалар жасаған ғалым-жазушы Ақжан Машановтың есімін айрықша бағалаймыз. Ғалымның «Фараби және Абай» атты ғылыми-танымдық монографиясында (Машанов А. Әл-Фараби мен Абай.-Алматы: Қазақстан, 1994. – 192 б.) Әбу Насыр Әл-Фараби мен хакім Абай мұраларындағы үндестіктер – сабақтастықтар жүйелене көрсетілген. Әсіресе, Фараби мен Абай шығармашылығындағы дүниетанымдық көзқарастардың табиғаттану-жаратылыстану құбылыстары аясында қарастырылуы жүйелене бағалануымен ерекшеленеді.
         Хакім Абайдың Шығыс және Батыс классикалық әдебиеті мен ғылымын өзіне рухани азық еткен ұстанымы ХХІ ғасырда да жалғасып келеді. ХХ ғасырдың 90-жылдары мен қазіргі ХХІ ғасырдың басындағы Тәуелсіз Қазақстан Республикасының мемлекеттік бағдарламалары аясында хакім Абай дәстүріндегі қазақ әдебиетінінің Шығыс елдерімен әдеби-мәдени байланыстары, шығармашылық ықпалдастықтары жаңа серпінмен дамуда. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты тарихи-танымдық, мәдени-стратегиялық мақаласының «Әлемдік мәдениеттің тұлғасы» бөлімінде «Ғұлама Абай – қазақ топырағынан шыққан – әлемдік деңгейдегі кемеңгер. Ол күллі адамзат баласына ақыл-ойдың жемісін сыйлады» деп бағалады. Мақаланың «Торқалы тойдың тағылымы» бөлімінде хакім шығармаларының, тұлғасының әлемге танылуындағы нақты жүзеге асырылу шараларын  атап көрсетті: «Маңызды жобаның бір - ұлы-ақынның шығармаларын он тілге аударып, басып шығару. Атап айтқанда, Абай еңбектері ағылшын, араб, жапон, испан, итальян, қытай, неміс, орыс, түрік, француз тілдеріне тәржімаланады.
         ...Абайдың тұлғасы мен мұрасын ұлықтау шетелдерде де жалғасады. Ресейдегі, Франциядағы, Ұлыбританиядағы және басқа да мемлекеттердегі Қазақстанның елшіліктері жанынан «Абай орталықтарын» құру жоспарланып отыр.
         ...Осы және басқа да ауқымды шаралар ұлы Абайдың рухына тағзым етіп, оның мол мұрасын дәріптеу үшін өткізілмек. Ендеше бүкіл Қазақстан халқын осы игі бастамаға белсене атсалысуға шақырамын» (Тоқаев Қ.К. Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан // Egemen Qazaqstan, №5 (2973) 9 қаңтар, 2020 жыл, 1-3-бб.; 3-б.).
         Қорыта айтқанда, хакім Абайдың әдеби, ғылыми мұрасы жалпыадамзаттық рухани құндылықтарды жаңа буын ұрпақтардың тануы, бағалауы үшін мәңгілік бағдар бола береді.

Темірхан ТЕБЕГЕНОВ,
филология ғылымдарының докторы, Қармақшы ауданының Құрметті азаматы

10 тамыз 2021 ж. 2 156 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 053

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031