» » » Рухани демалыс сыйлаған күн

Рухани демалыс сыйлаған күн


Қазір ештеңеге көңілі толмайтындар көп. Үйде отырып алып «өйту керек, бүйту керек» деп әңгіме бастайтындардың шын мәнінде өздері не істей алар екен? Барды бар, жоқты жоқ деп көрсетуге тырысатын, елді ауызбірлікке, жақсыдан үлгі алуға шақыратын қаламгерлер қатарындамыз. Жақсыны да, жаманды да көріп, таразыға салатын сәт бізде жиі кездеседі. Өлкеміздегі оң бастамаларға бірінші боп қуанатын, оны өзгеге де көрсеткенді қалайтын тілшілер қауымы жыл басында-ақ жұмыс жоспарын жасайды. Сонда әр аптаның бір күнін рухани демалысқа арнаймыз деген едік. Сөзімізде тұрдық.
Биыл – Тәуелсіздіктің 30 жылдығы. Бұл мерейлі белесті жарыса жазып та, айтып та жүрміз. Бірақ өткенге шегініс жасап, кеше мен бүгінді салыстырып көрдік пе? Жуырда аудан айнасы, 90 жылдық тарихы бар «Қармақшы таңы» газеті редакциясының ұжымы тұғырлы мереке төңірегінде рухани орындарды аралау саяхатын бастады. Шығармашыл топ әуелі баға жетпес байлық, мол қазына саналатын орталық кітапханаға барып, 30 жылдыққа ұйымдастырған кітап көрмесін тамашалады. 60-тан аса кітап, дәйексөз, фотосуреттер қойылған көрмені кітапханашы Бағия Сармолдина таныстырды. Кітап көрмесі Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты Жолдауынан бастау алған. Мұнда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Мәңгілік ел», «Ғасырға бергісіз жылдар» атты кітаптары жоғарғы қатарға қойылған. Қазақстанның экономикасы, дамуы, жеткен жетістіктері сол құнды кітаптардың ішінде сайрап тұр. «Cowоrking орталығы», «Абай залы», «Парасат жолы» деп бөлінетін бөлмелерді, жалпы кітапхананың жұмысы жөнінде Күлшара Қаниева айтып беріп, жеткен жетістіктеріне, жоспарларына тоқталды.
– Біздің мақсат тұғыры мықты, шекарасы нығайған, 130-дан аса ұлт пен ұлыс тату-тәтті ғұмыр кешіп жатқан бейбіт елдің тәуелсіздігін ұрпаққа таныстыру. Өнеріміз, спортымыз, мәдениетіміз дамыды. Жоғалған дәстүр салтымызды қайта жаңғыртудамыз. Жастарымыз озық мемлекеттерде білім алуда. Бағалай білгенге бұдан артық қандай бақыт керек, – деді кітапханалар жүйесінің директоры өз сөзінде. Бұрын кітапхананың оқу залында қаз-қатар тізілген парта мен орындықты көретін болсақ, қазір жұмсақ диван, әдемі креслолар. Еркін форматта, жайлы, жарық жерде отырып кітап оқуға бар мүмкіндік жасалған. Мұның өзі дамудың бір көрінісіндей.
Одан соң көркі көз тартар ғимараттың екінші қабатында орналасқан, тәуелсіздік құрдасы Тимур Леденов басшылық жасайтын аудандық тарихи-өлкетану музейіне көтерілдік. Көрме таныстырушы Баршагүл Сахиева ауданның қалай құрылғанынан бас­тап бүгініне дейінгі тарихын жік-жіктеп, тәптіштеп таныстырып шықты.
Бір қуантарлығы музейдің фойесіне «Тәуелсіздікке – 30 жыл» көрмесі орна­ластырылған. Онда 3 онжылдықта ауданда ашылған жаңа нысандар суреті бейнеленіпті. Музейде арнайы «Тәуелсіз Қазақстан» залы да бар. Онда аудан брендіне айналған Қорқыт ата кесенесі мен Байқоңыр ғарыш айлағының макеті орналасқан. Елбасының, танымал тұлғалардың Сыр елі­не сапары, Тәуелсіздік жылдарындағы жұ­мыстар, аудан экономикасының көтері­луіне атсалысқан кәсіпкерлер суреті ілінген. Артық ойдан арылып, көрген үстіне біле берсек деген мақсатпен музейден шыққан бойда Қорқыт ата мемориалды кешеніне қарай бет алдық. Батыс Еуропа – Батыс Қытай автодәлізі бойында жүйткіп келе жатырмыз. Жусанның аңқыған иісі мұрын жарады. Көлікті тоқтатып, табиғаттың тамаша тар­туына сүйсініп, терең дем алып алдық та діттеген жерімізге жеттік. Қызметтеріне адал азаматтар Нұрлан Бақтияров пен Мағауия Әлиев құшақ жая қарсы алып, «сіздердің білгендеріңіз абзал» деп тың тарихтың тінін тарқатып кеп жіберді. Мамандардың әңгімесін ұйып тыңдай жүріп уақыттың қалай өткенін де аңғармай қалдық. Бабамызға зиярат етіп, желдің уілімен қобыз сарынын тыңдап, бір тыныстадық.
Қарап отырсақ, көзі ашық, намысын жоғалтпаған кез келген ел өзінің тарихын мақтан тұтады. Оны өз азаматтарына насихаттап қана қоймай, қоршаған әлемде де орнын сол арқылы бекітеді.
Демалыс – нағыз тыныштық. Көңіл тыныштығы, жүрек тыныштығы, жан ты­ныштығы. Көпшілігіміз демалыс күні, демалыс маусымы басталғанда қалтамыздағы қаражатқа қарап көңілімізді түсіріп жатамыз. Үйде отырып, теледидардың алдында бос уақыт өткізуге әуестенеміз. Шын мәнінде қаражатсыз да демалуға болады. Көкжиегіміздің кеңеюі үшін міндетті түрде ел аралап, шет елге шығу маңызды емес. Аудан орталығындағы кітапхана мен мұражайға барып, балаларға көрсетіп, туған өлкеміздің тарихын таныстыра алсақ, сол арқылы өзімізге рухани демалыс сыйласақ мұнан артық қандай жаңғыру, жасару керек.

Гүлжанат ДҮЗЕНОВА
Қазбек ТАЙБАҒАРОВ (суреттер)
24 шілде 2021 ж. 1 914 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 053

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031