» » » Ұрпақ тәрбиесі – ұлағатты іс

Ұрпақ тәрбиесі – ұлағатты іс

«Өсіңіз, жетіліңіз, тасқындаңыз,
Бірақ та биікпін деп асқынбаңыз.
Сен мықты, анау осал, мен орташа,
Бәріміз бір аспанның астындамыз.
Сіздің ой біздің оймен бірікпейді,
Шайқаңыз осы өмірде жүріп мейлі.
Ойлаңыз арзан атақ, сасық ырыс,
Сіз өлгенде қайтадан тірілтпейді».
Иә, Мұқағали ағамыздың осыбір өлеңі нағыз адамдық рухыңды биіктететіндей көрінеді. Әр адамның жүрген жолы бір тарих. Ұлт үшін тарихсыз, өткенсіз кемел келешек болмайтыны белгілі. «Әр бала дүниеге келгенде жүрегі ақ қағаздай тап-таза болып туылады» деген екен ағылшын ғалымы Джон Локк. Сол кіршіксіз таза парақ сияқты таза көңіл адам тарихында әртүрлі таңбалармен өрнектеледі. Бұл – адам тағдыры. Бабаларымыздың «Баланы бесіктен», «Еменді и,  иілетін кезінде, баланы тый тыйылатын кезінде» деп бала тәрбиесіне ерекше мән бергені байқалады. Сондай-ақ ең бір өнегелі сөз:
«Әкеге қарап ұл өсер,
Шешеге қарап қыз өсер» дейді. Міне, ақиқат осы. Әрбір отбасы мүшелері бала дүниеге келген сәттен «мен балама қандай үлгі бере аламын» деп өз жауапкершілігін арттыруға міндетті. Ол тәрбие қайдан бастау алады десек, жер бетіндегі әрбір халықтың өзіндік салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы бар. Әрбір өркениеттің, әрбір ұлттың өзіндік дүниетанымы бар. Халықтың атадан балаға дамып отыратын тарихи-әлеуметтік, мәдени-тұрмыстық, салт-сана, мінез-құлық әр елдің дәстүрі арқылы танылады. Біздің қазақ ұлтының дәстүр салты – бұлжымас заң ретінде орындалған. Мысалы, ата-ананы құрметтеу, үлкенді сыйлау, үлкеннің алдын кеспеу, сөзін бөлмеу сияқты ырым, ты­йым дағдылары арқылы ұрпақ тәрбиелеген. Бұл қадам халықтық педагогика деп аталады. Қазақ халқы жазу-сызу жоқ кезде де ержүрек ұл, ибалы қыз тәрбиелеген. Қаз дауысты Қазыбек би Жоңғар Қонтайшысына барғанда:
«Біз қазақ деген мал баққан елміз,
Ешкімге соқтықпай, жай жатқан елміз.
Елімізді жау баспасын деп
Басымыздан дау аспасын деп
Найзаға үкі таққан елміз» деуі әрбір ер азаматты өзін ел қорғаушысы, елдің панасы ре­тінде қалыптастырған. Қазіргі таңда жас­­тар ара­­сында көше-көше болып төбелесу фактісі кездеседі. Ал осы батыр бабаларымыздың ұрпағымыз, тектіліктен тамырланғанбыз деп мақтанар едік, әттең бала тәрбиесінде жіберіліп жатқан олқылықтар қаншама...
Қазір  адам шыр етіп жерге түскен минутынан бастап оның өмірін, денсаулығын, тыныштығын қорғайтын заң бар. Заң дегеніміз – қоғамның негізгі тірегі. Қоғам деп отырғанымыз мына біздер. Күллі адам баласын қор қылатын үш нәрсе бар: Олар – надандық, еріншектік, залымдық. Еріншектік – күллі дүниедегі өнердің дұшпаны, талапсыздық, жігерсіздік, ұятсыздық, кедейлік бәрі содан шығады деген еді Абай атамыз. Ал қазіргі таңда елдің көзі ашық, білім алуға даңғыл жол ашылған. Елімізде балаларды қорғау үшін қажетті құқықтық база құрылған. «Неке және отбасы туралы кодекс», «Тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасы туралы Заң», «Кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың профилактикасы» және «Балалардың қадағалаусыз және панасыз қалуының алдын алу туралы» және басқа да заңдар қабылданды. Заң баланы озбырлықтың түрлерінен, оның абыройын төмендетуден, ересектер тарапынан болатын қиянаттан қорғайды.
1959 жылы «Бала құқығы декларациясы» қабылданды. Осы декларациядан кейін 61 ел қол қойған 1989 жылы 20 қарашада «Балалар құқығы туралы Конвенция» қабылданды. Осы Конвенция  негізінде Қазақстанда 2002 жылы тамызда «Балалар құқығы туралы Заң» қабылданды. Бұл Заң 9-тарау, 53-баптан тұрады. Осы ережелерді бұлжытпай орындау – біздің Отанымыз, еліміз, халқымыз алдындағы парызымыз. Өмірде кездесетін кейбір келеңсіз жағдайлар осы Заң талаптарын, тәртіп талаптарын білмейтіндігімізден туындап жатады.
Халықаралық шарт бойынша бала деп кімді санаймыз?
Бесіктегі бала – нәресте. Балабақшадағы жаста – сәбилер, ал бастауыш сыныпта оқитын балалар – бүлдіршін, 5-8 сыныпта оқитын оқушылар – жеткіншектер делінсе, 16-17 жастағы балалар – жасөспірімдер деп аталады.  Конвенцияның 1 бабында 18 жасқа толмаған әрбір адамзат иесін бала деп санау шартты мақсат. Әрбір баланың бақытты болашағы, өмір сүру қауіпсіздігіне «Қазақстан Республикасының Конституциясы», «Бала құқықтары туралы Заң», «Неке және Отбасы Заңы» кепілдік береді. Ата Заңымыздың 30-бабында Қазақстан Республикасының азаматтары тегін орта білім алуға міндетті делінген. Құқық адамға тек жақсы, игі істерді жасау үшін берілген. Адамға зиян келтіретін істердің барлығына тыйым салынған. Заң балаларды озбырлықтың барлық түрінен, олардың абыройын төмендетуден, қадір-қасиетін қорлаудан қорғайды. Сондықтан ең жанашыр тұлға – ата-анасы. Әр ата-ана өз баласын кемел келешектің кірпіші болып қаланатын тұлға ретінде тәбиелеу маңызды. Ол үшін ата-ана мен білім беруші ұстаздың ынтымақты болуы аса қажеттілік. Баласына айтылған сын ескертулерді ауыр қабылдайтын ата-аналар кездесіп жатса, әттең-ай деп, сол баланың аярлыққа, өзімшілдікке, менмендікке байланып қалатынын сезбегені ойлантады.
«Ынтымағы жарасқан жерде ырыс жүреді,
Ынтымақ тұрақтамас жерде ұрыс жүреді» деген еді бабаларымыз. Сондықтан мұғалім мен ата-ана ынтымақты болса нағыз Отаншыл, адал перзент тәрбиеленер еді. Қазіргі жер жаһанды жалт-жұлт етіп еліктіріп тұрған жаһандану дәуірінде жасөспірімдер де, жеткіншектер де оң мен солын дұрыс білмей адасу, тұманға тап болу фактілері, ал одан бала тәрбиесіне зер салмай бейтарап жүрген ата-ананың хабардар болмауы  қайғылы жағдайларға соқтырып жатқаны шындық. Сондықтан балаларға жанашырлық – ортақ міндет.
«Алтау ала болса ауыздағы кетеді,
Төртеу түгел болса төбедегі келеді» демей ме, олай болса ата-ана, мұғалім, қоғамдық орта бір-бірімізден тырнақ астынан кір іздемей, алақанымызда Алланың аманаты, бүгіннің баласы, ертеңнің иесі тұрғанын естен шығармауымыз керек. Баланың ақыл ой жүйесінде ата-ана мен мұғалім ең жанашыр жан деген ұғым болуға тиісті. Алауыздықты, оқшау, бейтарап қалып қойған баланы жаман жолға салушылар әп сәтте дайын тұрады, тіпті әлеуметтік желі арқылы бопсалаушылардың есепсіз көбейіп бара жатқаны қорқынышты. Түрлі секталардың қызықтырып жалған ойындарға тартуы арқылы бала өмірінің құрдымға кетіп жатқаны, аяғы бала өліміне соқтырып отырғанын ешкім жоққа шығара алмайды.
Қазіргі уақытта елімізде бала құқын қорғау үшін құрылған құқықтық база баланың құқықтары мен отбасы туралы кодекс талаптарына сәйкес жұмыс істеп отыр. Уәкілетті органдар бірнеше бағдарламалық құжат пен жол карталарын іске асыруда. Олардың мақсаты –  балалардың өмір сүру сапасын қамтамасыз ету, құқықтарын мүлтіксіз сақтау болып табылады. Зорлық-зомбылықтың алдын алуға, жол бермеуге жұмыс жасайды. Дегенмен әлемдегі солақай тірліктер балалардың жарқын өміріне көлеңкесін түсіруде. Есірткі тасымалдаушылардың есепсіз көбейіп бара жатқаны, жүйесіз жанжалдың жиі етек алуы, кибербуллингтің қоғамға қаупі жанды ауыр­тады. Әрбір ата-ана, қоғамдағы ересектер осы балалар арасындағы жанжалды тоқтатуға адами тұрғыда байыппен қарап, қамқорлық жасау керек. Адамдықтан аттап, аярлыққа барғандарды қоғамның қолдап, қолпаштамайтыны анық. Саналы ұрпақтың санасын улайтын сауданың маңайынан жасөспірімдерді аулақ ұстау үшін әрбір отбасы тәрбиесінде аса сергектік қажет. 
«Естілердің сөздерін ескеріп жүрген кісі өзі де есті болады» деп Абай атамыз айтқандай, ұрпақ тәрбиесіндегі есті сөзге құлақ түрген жөн. Болашағымыз берекелі болсын десек ұрпағымыз азбасын.
«Берекені көктен тілеме,
Бірлігі мол көптен тіле» деген, сол үшін ел ертеңі ұрпағымыз үшін күш біріктіруіміз қажет. Сөз басында ұрпақ тәрбиесінің кілті – халықтық педагогика деген едік. Ата-бабамыздың озық тәрбиесінен артық тәлім жоқ. Сондықтан ата-баба дәстүрін, ырым-тыйымдарын ес білгеннен санада қалыптастыру шарт. Ата-ана, ұстаз, қоғам болып тәрбиелеген ұрпақ нағыз ертеңгі елдің иесі. Әжелеріміз айтушы еді:
«Адам бол, адам болсаң қоғам бол,
Бірің оған болсаң, бірің бұған бол» деп. Ынтымақ жүрген жерде ырыс бірге жүреді. Барша ағайын әрқашан ұрпағымыз үшін ынтымақта болайық!
Зарипа Тасымова,
 аудандық мәслихат депутаты,
№29 орта мектеп директоры
08 маусым 2021 ж. 1 747 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 046

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031