Адалдықтың алмайтын қамалы жоқ

Төленді Мырзабайұлы 1951 жылы орта шаруа кісілердің отбасында дүниеге келген. Тұңғышы өмір есігін ашқанда әкесі Мырзабай 48 жаста екен. Жүздеген жылқысы, төрт түлігі бар, заманында беделді жан қуғын-сүргіннің кезінде Өзбекстанға жер ауып кеткен. Байдың баласы деп көпке дейін тергеуде болып, қаншама азап көрген. Одан кейін Ұлы Отан соғысы. Елге аман-есен оралып, теміржол саласында еңбек ете жүріп, 5 бала өсіріп, тәрбиелейді.
Төленді ағамыз 1969 жылы №105 мектепті бітірген. Соңындағы бауырларына қамқор болмақ ниетте мектепті бітіре сала еңбек етуге бел буыпты. Жосалы астық қабылдау кәсіпорнының басшысы Қасқыр Наметшаевқа жұмыс сұрап келеді. Бойы аласа, жұқалау келген жігітке «Әй бала, біздегі жұмыстың дені қол күшімен атқарылады. Сен оған жараймысың? Мұндағылардың көбі ересек адамдар. Тым кішкентай екенсің» деп сенімсіздік танытқан сыңайлы.
«Жоқ аға, сенім білдірсеңіз, ойыңыздан шығамын. Қара жұмысқа шынығып өскенбіз. Ебім бар» дейді ол қорықпай. Осылай жұмысқа қабылданған жас жігіт небәрі 7-8 айдан кейін құрылыс саласына ауысады. Бірер жылдан кейін ауданның астығын қабылдайтын 3 жауапты адамның біреуі болып бекітіледі. Кісі көңілін қалдырмай, үлкенге ізет, кішіге қамқор бола алатын оның аз уақытта мұндай жетістікке жетуі жауапкершілігінде еді. Қоғамдық жұмыс қатар жүреді. Жалынды жасты комсомол ұйымының хатшысы етіп сайлайды. ҚазКСР дайындау министрлігінің шешімімен республика бойынша өз мамандығының «Ең үздік шебері» атанады. 1973 жылы ВЛКСМ орталық комитетінің «Құрмет грамотасымен», «Алтын масақ» төсбелгісімен марапатталады. Қазақстан комсомолының ХІІІ съезінің делегаты, облыстық комсомол комитетінің мүшесі болады.
Бала күнінен спортпен шұғылданатын жігіт 8 сыныптан бастап ауданның құрама командасында болған. Волейбол мен еркін күрестен облыс бойынша бірнеше рет чемпион атанған. 1978 жылдан бастап еңбек жолын педагогикалық жұмысқа арнайды. Жасөспірімдер спорт мектебінде жаттықтырушы, аға жаттықтырушы, облыс құрама командасының аға жаттықтырушысы, директордың орынбасары қызметтерін абыройлы атқарады. Кейін №105 мектепте мұғалім, №30 орта мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, аудандық оқушылар үйінде директор, психолог, «Жас өркен» тынығу орталығының директоры қызметін қоса атқарады. 2014 жылы зейнет демалысына шығып, Нұр-Сұлтан қаласында да жауапты жұмыстар атқарған.
Төленді Мырзабаев спортқа қалай шебер болса, жұмысқа да сондай ықыласты. Қайсыбір жұмыстың саласы болмасын ұршықша айналдырып, тез меңгереді. Сол еңбегінің нәтижесінде Президенттің, облыстық білім басқармасының, білім беру департаментінің, аудан әкімінің алғыс хатының иегері. «Қармақшы ауданының құрметті ұстазы», Қармақшы ауданының 90 жылдығына орай «Ескерткіштер» төсбелгісінің иегері. «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының аудандық кезеңінің жеңімпазы. Зайыбы Жұпар Аташқызымен бірге 5 бала өсіріп, тәрбиелеген. Балалары әке жолын жалғап ұстаздық қызметті таңдады. Тұңғыштары Аманкелді Нұр-Сұлтан қаласындағы технология, бизнес менеджмент университетінде аға мұғалім болса, Ербол да Нұр-Сұлтан қаласында тұрады. №48 мектепте мұғалім. Малика – биология ғылымдарының докторы, Назарбаев университетінің ғылыми зерттеушісі, халықаралық «Болашақ» бағдарламасының сарапшысы ретінде С.Сейфуллин атындағы аграрлық университеттің аға оқытушысы. Нұрбол – аудандық денешынықтыру және спорт бөлімінің басшысы, кенжесі Ләззат – Нұр-Сұлтандағы Еуразия ұлттық университетінің ІІ курс студенті. Немересі Мадина Ерболқызы мектепті «Алтын белгіге» бітірген. Еуразия ұлттық университетінің 4 курс студенті болса, Нұрділда волейбол федерациясының аға жаттықтырушысы.
– Қазір Тәуелсіздіктің таңы атқанына 30 жыл. Әкелеріміз осы азаттықты аңсап кетті. Сауаттары болмады. Қиын күндерін айтып отыратын. Баламыз ғой, мән де бермеппіз. Бірақ ата-анамыздың атына кір келтірмедік. Бауырларыма қамқор болдым. Кітапқа жасымнан құмар едім. 2-3 сыныпта қисса, дастан, батырлар жырын ата-анама оқып беретінмін. Әлі күнге сол қалып болып қалған. Күніне бір кітап оқымасам барымнан айырылып қалғандай болып тұрамын. Ең алғашқы айлығыма Энциклопедия сатып алғанмын. Қазіргідей интернет жоқ. Керегімізді содан табатынбыз. Ауданда алғашқылардың бірі болып энциклопедияның барлық томын жинағандардың бірімін. Үйдің бір бөлмесі кітапхана болды. Балалар керегін үйден-ақ табатын. Балаларымның білімге құмарлығы кітап оқуға баулығанымнан болса керек, – дейді ол ағынан жарылып.
Жұмысқа адалдық танытсаң алынбайтын қамал жоқ. Өз ісіне тиянақты, жауапты, сөзіне берік, әрбір істе қара қылды қақ жаратын әділ, жасағанын міндетсінбейтін адамды адал адам деуге болады. «Осы біз тамақ жемесек баяғыда байып кетер едік» деген екен бір кісі. Сол секілді мына біз өмір сүріп жатқан қоғамда адамның барлығы Төленді ағамыздай болса дамудың биігіне шығып, өмір сүру әлдеқайда жеңіл болар еді. Адамның өзін-өзі жақсылыққа жетелеуі өзге адамдар үшін пайдалы көрінгенімен өзі үшін мол игілік екенін ұққанымыз абзал.
Гүлжанат ДҮЗЕНОВА