Ел басқарып отырған азаматтардың мектепте оқу үлгерімі қандай болған?
25 мамыр - соңғы қоңырау шалынып, түлектердің ересек өмірге аяқ басатын елеулі кезеңі. Осы сәттен бастап әрбір жас болашағына жоспар құрып, мамандық таңдайды. Көбінде оқушылардың мектептегі оқуға деген ынтасы болашақ өміріне тікелей әсерін тигізеді. Себебі мектептегі білім - баланың ой өрісін кеңейтіп, ойлау машығын жетілдіруге бағытталған. Осы орайда Tengrinews.kz тілшісі қазіргі ел билігінде лауазымды қызмет атқарып жүрген азаматтардың мектептегі оқу үлгерімі қандай болғанын анықтап көрді.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Шамалғандағы Фурманов атындағы мектептен 10-сыныпта Қаскелеңдегі Абай атындағы орта мектепке ауысып, оқуын сонда тәмамдаған. "Елбасы сыныптастары" кітабында Елбасының ұстазы Әсет Асқаров оның химия-биология сабақтарынан зертхана жұмыстарын жүргізгенде көмекшісі болғанын айтады. Ал сыныптасы Күләш Әмірова болашақ президенттің оқу үлгерімі жайлы айта келе мынадай естелігін бөліскен: "Бір күні мен тригонометрия сабағынан "3" деген баға алып қалдым. Сол бағаны көрген Нұрсұлтан маған келіп, "Күләш, нені түсінбедің" деп түсіндіріп беруге тырысатын". Тағы бір сыныптасы Зейнеп Жақаева естелігінде Елбасының математика мен географияға қатты қызыққанын жазыпты.
Бүгінге дейін сақталған оқу үлгерімі бойынша табельде Нұрсұлтан Назарбаевтың ылғи бестік бағаға оқығанын байқауға болады.
Еліміздің білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев, минстрліктің баспасөз қызметінің мәліметінше, Алматыдағы №1 орта мектепте оқыған. Мектепте ол физика мен математика пәндерін жақсы көріп оқыған. Кейін ол ЖОО-ға философия мамандығы бойынша оқуға түскен.
Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев болса Брежневтің қолынан "Еңбек ері" атағын алған Маржан Тасова атындағы №12 мектеп-интернатын "Алтын белгімен" тәмамдаған. Мектеп архивінен мәлімет алған директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары Әтіркүл Өсербаеваның айтуынша, әкім жасөспірім шағында барлық пәнді беске оқыған, пәндерден қазақ тілі мен әдебиетіне қатты қызыққан.
Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев Сырдария ауданының орталығы Тереңөзектегі № 35 мектепті 1972 жылы тәмамдаған. Қазір бұл мектеп Иса Тоқтыбаев атындағы мектеп-лицей аталады. Облыс әкімінің баспасөз қызметіндегілердің айтуынша, ұстазы болған кісілер оның оқу үлгерімі өте жақсы болғанын айтыпты. Қырымбек Көшербаев математикаға өте бейім болған. Жастайынан бокспен айналысқан.
Еліміздің Инвестиция және даму министрі Жеңіс Қасымбек Архимед Мыңбаев басқарған жоғары сынып оқушыларына арналған республикалық эксперименталды мектепті тәмамдаған. "Мектепте 2-3 пәннен төртке шықтым. Қалғанын 5-ке бітірдім. Алгебра, физика, геометрия сабақтары ең жақсы көрген пәндерім болды. Ал, ЖОО-ны бітіргенде қызыл диплом алдым", - деді министр.
Қазақстанның мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы Ахмет Жұбанов атындағы дарынды балаларға арналған республикалық Қазақ мамандандырылған музыка мектеп-интернатында оқыған. Министр әдебиет, тарих және геометрия пәндерін ықыласпен оқығанын әрі үздікке бітіргенін айтты. "Мұғалімдерім керемет болды, жолым болды десем артық айтқандық емес. Бірақ шынын айтайын, барлық сабақтан тек беске оқымадым, физика мен химия пәндерінен "4+" деген баға алдым. Ал ән-күй мен дене шынықтыру сабақтарынан беске оқыдым", - деді министр.
Қазақстанның Ресейдегі елшісі Иманғали Тасмағамбетов Гурьев облысы Махамбет ауданының орта мектебін 1973 жылы тәмамдаған. "10 жыл бойы ең үздік оқушы болмасам да, әр уақытта жақсы оқитын 3 оқушының қатарынан табылатынмын. Бұл жағдайдың өзінше сыры болушы еді. Марқұм әкеміз бен анамыздың бар арманы: балаларым жақсы оқыса екен дейтін. Әкеміз анамызға: "Оқу деген - балаларға үлкен сын, үлкен жұмыс",-деп айтқан сөздерін жастайымнан санама тоқып өстім, сабақты жақсы оқуға тырыстым. Соған қарамастан, үй шаруашылығының ауыртпалығын да қатар алып жүрдім. Көпбалалы отбасынан шықтым. Бала кезден еңбекке ерте араластым. Бауырларыммен бірге атқа мініп, мал бақтық, шөп шаптық, бір сөзбен айтқанда, ол кісілерге көмекші болдық. Ізденіп оқитын пәндерімнің қатарынан үнемі тарих пен әдебиет табыла білді. Осы күнге дейін аталған сабақтардан дәріс берген ұстаздарымды есіме алып отырамын. Мен үшін Ұстаз - жас ұрпақтың рухани сәулеткері және сенімді өкілі. Олар сол сезімді ақтай отырып, зерделі де зерек, парасатты, ұлттық және адамзаттық құндылықтарды бойыма дарыта білді. Мәселен, бірі ақылы мен көркі келіскен Ақжүніс Сахиқызы апайымыз болса, екіншісі ер азаматқа тән - білімді де, көреген жан - Хасен Мұсағалиұлы болатын. Жалпы қай уақытта болса да мен үшін Ұстаз - ұлағатты есім. Шәкірттерін білім нәрімен сусындатып, тәлім-тәрбие беріп, жақсы қасиеттерді бойына дарытып, адамгершілік рухта тәрбиелейтін жандар", - дейді Тасмағамбетов.
Қорғаныс министрі Сәкен Әділханұлы Жасұзақов 1978 жылы Алматы жоғары жалпыәскери командалық училищесін бітірген. Ведомство баспасөз қызметінің мәліметінше, Жасұзақов мектепте озат оқушы болған.
Шығыс Қазақстан облысы әкімі Даниал Ахметов Павлодар қаласының № 9 орта мектебін тәмамдаған. Сүйіп оқыған пәндері математика мен тарих екен. Жалпы барлық пәнді 4 пен 5-ке оқыған.