» » » Анамның бауырсағы (өлең)

Анамның бауырсағы (өлең)


Жарысқан желмен мініп пырағына,
Жастық шақ бір орында тұрады ма?
Аттандым арман қуып Астанаға,
Қарамай елден алыс, жырағына.

Көрмеген шығып бұрын жыраққа біз,
Сондықтан үлкен сапар, сынақтамыз.
Атандық бас шаһардың студенті,
Бас қойған білім атты бұлаққа біз.

Кездескен қиындықты жеңем дейміз,
(Қысының суығын да елемейміз).
Жүргенмен бас қалада алшаң басып,
Ауылға артта қалған елеңдейміз.

Алатын сені ерекше күтіміне,
Жоқ мұнда жанашыр жан беті мүлде.
Бәріне үнсіз көніп жүре бердік,
Тағдырдың басқа жазған үкіміне.

Үйреніп астаналық әлемге де,
Мәз болдық «қалалыққа» теңелгенге.
Ауылдан екі айдан соң інім жетті,
Көтеріп үй ішінен сәлемдеме.

Ерке інім азамат боп өсіп қалған,
Байыпты, ойына ой қосып та алған.
Төрт қалта базарлықпен тұтас ауыл,
Көрінді келгендейін көшіп маған.

Бұл жақта біледі олар күн суығын,
Соны ойлап көңілдері тыншуы мұң.
Күн-түні сығырайып тоқып шыққан,
Қос-қостан салыпты анам жүн шұлығын.

Осылай кеудемдегі кертілді мұң,
Көңілім ауылды ойлап желпінді мың.
Жинаған азын-аулақ қаражаты,
Ішінде тығулы жүр етігімнің.

Даланың пейілінен сыр тарта ма?
Ірімшік, құрт пен сүзбе, жүр малта да.
Қуырған қып-қызыл қып бауырсағын,
Толтырып салыпты анам бір қалтаға.

Мені анам түсінетін қабағымнан,
Дайындап сүйікті асым шама қылған.
Қуанып тістеп қалған бауырсағым,
Сол сәтте өтпей қалды тамағымнан.

Жеп қойсам бәрінен мен ұтылардай,
Ерекше бір өзінде құты бардай.
Есіме анам түсіп, ауыл түсіп,
Мен тұрдым бауырсақты жұтына алмай.

Елестеп анам байғұс ас үйдегі,
Бір өксік өзегіме тас түйреді.
Бір қалта бауырсаққа бір ауылдың,
Тұрғандай сыйып тірлік, қасиеті.

Түскендей шоқтан жаңа жұмсақ еді,
(Тежеді аш қарынды бұршақ демім).
Анамды, ауылымды көз алдыма,
Күн сайын елестетіп тұрса дедім.

Дәмін ап, бір тістеген жететіндей,
Алса да көздің жауын шеке тілмей.
Ауылмен жалғап тұрған алтын көпір,
Жұтынсам – шорт үзіліп кететіндей.

Бұл мүмкін сарылғаннан, сағынғаннан,
(Анадай жанашыр жан табылмаған).
Қимадым жеуге – онда маңдай тер мен
Анамның алақаны, табы қалған.

Жібімес тас жүректі елеңдеткен,
Мылқауға тіл бітіріп өлеңдеткен.
Жалғанда ештеңеге тең келмейтін,
Аналық махаббат, сен керемет пе ең?!

Нұрсұлтан МЫҚТЫБАЙ
07 наурыз 2021 ж. 1 373 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 055

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031