Құнды альбом

Қазақ тарихының қатарын ауыз толтырып айтарлық құнды жәдігер толықтырды. Ол – қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде жарық көрген этнограф жазушы Тынышбек Дайрабай авторлығымен оқырманға жол тартқан "Түркістан" альбомы.
Бұған дейін де талай дүниені тереңінен ақтарып, ұлтымыздың шежіресін зерделеген қаламгердің бұл кітабының жөні бір бөлек. Болашағыңды бағамдау үшін де өткенің мен тарихыңды білу өзекті. Осыдан бір жарым ғасыр бұрынғы қазақ топырағынан сыр шерткен "Түркістан 1866-1972" альбомы несімен құнды? Жазушының айтуынша, өткен ғасырдың 80-жылдарында Қорқыт ата туралы ізденіп жүргенінде атақты ғалым Әлкей Марғұланның 1985 жылы жарық көрген "Ежелгі жыр-аңыздар" деген кітабына кез болады. Сонда ғалым Қорқыт атаның мазары туралы жазған жерінде "Қорқыт күмбезінің" ең алғаш фотоға түскені 1868 жыл еді. Бұл фото бүгінде тек "Түркістан" альбомында ғана сақталып тұр" дегенді оқиды. Содан соң альбомды іздей бастайды. Ізденістің арқасында "Түркестанские ведомости" газетінде альбом туралы жазылған мақаламен оқып танысады. Онда альбомның құндылығы – ХІХ ғасырдағы Орталық Азия халықтарының мәдениеті мен тұрмысынан ақпар берілгені жайында жазылған еді.
– Альбомды табуға Қазақстан Ұлттық кітапханасы мұрағаттарды қорғау орталығының бас маманы Жолдыбике Нүсіпқызының көп көмегі тиді. Альбомның шыққанын білгенмен, оның қайда сақталғанын табу оңай болмады. Бұл жолда маған сол тұстағы Ұлттық кітапхананың директоры Күлжахан Әбуғалиева мен Академиялық орталық кітапхананың директоры Роза Бердіғалиеваның тілектестігі күш берді. Солар жан-жаққа телефон шалып, іздеу жұмыстарын жүргізді. Нәтижесінде екеуі Санкт-Петербургтегі Ресей Ұлттық кітапханасының сол кездегі директоры А.Зайцевпен хабарласып, ол жерде біз іздеген альбомның сақталғанын біледі. Сөйтіп, Орта Азия халықтарының тарихи, мәдени, э т н о г р а ф и я л ы қ - а р х е о л о г и я л ы қ ескерткіштерінің озық үлгілерінің 1300 фотосуреті жинақталған альбомды елге алып келдім. Еңбектің маңызын терең түсінген, өзім қызмет еткен "Түркістан" газетінің сол кездегі басшысы Қалтай Мұхаммеджанов, ІІ шақырылған Парламент Мәжілісінің депутаты, жақында дүниеден өткен абзал азамат Исахан Әлімжанов сынды қазақ руханиятының жанашырлары "Түркістан" альбомының елге оралуына тікелей атсалысты, – дейді Тынышбек Майлыбайұлы.
Кімнің болмасын көкейінде "Түркістан" альбомы не үшін жасалған деген сауал туындауы мүмкін? Бұл туралы альбомның алғысөзінде былайша баяндалады. "Ресей империясы Орталық Азияны басып алмай тұрған кезде, яғни XIV-XVII ғасыр аралығында бұл елге келген шетелдік елшілер мен барлаушылардың мәліметтері туралы айта келіп, былай дейді: «Қоқан хандығы туралы деректерді алғаш рет осы ғасырдың (ХІХ ғасыр. – Т.Д.) бас шенінде Батыс Сібірден Қоқан қаласы мен Ташкент қаласына барған Бурна- шев, Поспелов және Назаров сияқты агенттер әкелді. Бірақ бұлардың бәрі тым қысқа әрі үстірт болатын. Орта Азияға сапарында аталған саяхатшылар кездескен қолайсыз жағдайлар орыс әскерлері Орта Азияның едәуір бөлігін Еуропа өркениеті үшін ашқанда жойылуы тиіс болды. Сөйтіп Ташкент қаласын, ал содан кейін Самарқан қаласын алу Орта Азияның орыс зерттеушілеріне өлкемен жан-жақты танысу үшін, ғылым адамдарының әуесқойлық ұмтылысы үшін кең өріс ашты. Жалпы, қызығушылықты қанағаттандыру мақсатында және бізге кірген елді оқырман қауымға тезірек таныстыру үшін Түркістан генерал-губернаторының, генерал-адьютант фон-Кауфман 1-шінің тапсырмасы бойынша әкімшілік қолдаған шаралардың қатарында өлкемен таныстыру үшін фотографиялық альбом жасалды" делінеді. Онда: Орта Азия халықтарының тұрмыс-тұрпаты, діни сенімі, салт-дәстүрі, киім-кешегі мен неғұрлым адам көп шоғырланған мекенжайлардың көріністері, өнеркәсіп пен техникалық тұрғыдағы елдің кәсіпшілігі, орыстардың осы жаңа елдерге ұмтылысы, сақталған көне ескерткіштер арқылы өлкенің өткен өмірі мен археологиялық бөлігі көрініс тапқан. Осындай мәліметтерге қарай отырып, орыс патшалығының бұл жерлердің не себепті маңызды болғанын аңғаруға болар. Бүгінгі ұрпақ үшін сол кезеңдегі Орталық Азия аймағындағы халықтардың, әсіресе қазақ халқының тұрмыс-тіршілігі туралы фотомәлімет һәм танымы терең ақпарат болумен бағалы. Альбомдағы Сыр бойы мен оңтүстік өңір қазақтарына қатысты фотолар – қайталанбас қазына. Ескере кетерлігі сол, мысалы сол кезеңде түсірілген альбомдағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесі мен оның маңайының суреті қазір жойылып кеткен. Сонау тарих тұңғиығынан тін тартатын дарияның жарқабағында тұрған Қорқыт ата бейітінің фотосын өкінішке орай, осы альбомнан басқа жерде кездеспейді. Сонымен бірге, құнды дүниеде туған жерімізге де қатысты материалдар бар. Біраз сырды ашып қойғандай болдық. Дегенмен, "Мың естігеннен, бір көрген артық" демекші, фотоальбомға қызығушылық танытқан көзі қарақты оқырман аудан, ауыл кітапханаларынан қайталанбас рухани құндылықпен тұшынып оқып танысуға мүмкіндігі бар. Себебі бүгінде альбомның бірнеше данасы кітапханаларға түсіп үлгірді.

Сәрсенкүл ЖАУДАТБЕК



23 қаңтар 2021 ж. 879 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 061

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031