Тазагүл

Төзiмiңдi берсе сенiң темiрге,
Темiрдiң де дымы кетпес көмiрге.
Қазақ қызы,
Қайран қазақ әйелi,
Не көрмедiң, не көрмедiң өмiрде.
                      Қадыр Мырзалиев                                                                                                                          
Мен бiлетiн Тазагүл есiмдi әйелдердiң барлығы – тазалықтың, махаббатқа адалдықтың, ерiн пiр тұтудың символы. Өзiм әңгiме еткелi отырған Тазагүл апаны өткен ғасырдың елуiншi жылдарының басынан бiлем. Бiз бiр  аулада  қатар үш үй тұратынбыз.
Әлi есiмде, 12-13 жастағы кезiм. Ол кiсiнiң сол кездегi жас шамасын дәл айта алмаймын. Мен үшiн бәрi үлкен кiсi сияқты көрiнетiн. Бiлетiнiм, Тазагүл апаның сөйлеген сөзiн, қимыл-әрекеттерiн ерсi көрiп, менiң анам Бибiсара және оның қатарластары Сақып, Гүлзағия апалар:
– Шiркiн, темекi шеккенi несi екен, күйгелектеу ме, қалай өзi?, – деп отыратын.
Шынында да, Тазагүл апаның  мiнезi бөлекше. Үстiне жаңа көйлек, қамзол кие қойса, соны көрсетiп, орнында тұрып, оң-солына жеңiлдеу айналып, жарасымының қалай екенiн сұрайды, сәл нәрсеге балаша қуанады. Көңiлi баладай аппақ. Бiр пенденi жамандамайды, жасы кiшiнi де, үлкендi де жақсы көрiп, құрақ ұшып тұрады. Жақын-жуық, ағайындар iшiндегi кiшiгiрiм қызмет iстеп жүргендердi қатты құрметтейдi. Солардың қолында барлық мүмкiндiк тұрғандай, олардың қолынан келе қоймайтын, тiптi де құзырына кiрмейтiн бiр жұмыстарды тапсыра салады.
Тазагүл апа – Бекет ағаның бәйбiшесi. Бекет аға руы он екi ата Байұлына жататын Ысық едi. Өздерi Сыр бойына танымал, белгiлi әулет – Оразбақовтардың туысқаны. Ол кезінде темiржол наубайханасында нан пiсiрушi, шебер болған. Аңшылықпен, балықшылықпен айналысатын. Ішiп-жемдерi мол болғасын Тазагүл мен Қанымкүл апалардың ауылдағы ағайындарының балалары: Сағынбек, Тұрақ, Тұрғанбай, Совет, Демел, Айғали, Зина, Күләштар осы үйде жатып оқыды. Қанымкүл апа деп отырғаным – Бекет ағаның екiншi әйелi. Кемпiр деп отырған Тазагүл апам сол кезде қырық пен қырық бестiң арасындағы жаста екен ғой. Қайран, өмір-ай десеңші.
Тазагүл апа Бекет ағадан он төрт құрсақ көтергенімен, он төртi де бiр жасқа жетпей өле берген. Екi-үш баласы шетiнегеннен кейiн балам тұрсыншы деген ниетпен есiмiн Тұрсынбек қойған, тұрмаған. Алдаберген қойған, оны да Алла өзi қайтып алған. Алладан рахым күтiп Рахима деп  те  ат  қойған. Рахима да Аллаға сүйкiмдi болып, Құдайдың құзырына аттанған. Тазагүл апа,  «Алла, Алла, мен шаршадым ғой, ендi аясаң еттi..» деп  келесі ұлының есімін – Аяған, «ендi қойсаң еттi», деп шамырқанып, қыздарының  есiмдерiн  Шаршаған, Ендiғой деп атап  та көрген. Осы арада Мырзалиев Қадырдың мына бiр «Қазақы қулық» деген өлеңi тiлiмнiң ұшына оралып отыр:
Қалған бiр жандай қапыда,
Қазекең iштей тыныпты.
Құдайың сәби атына,
Қызығады деп ұғыпты.
Келесi туған баланың,
Тойына бие сойыпты.
Шулатып байтақ даланы,
«Шуаш» деп атын қойыпты.
Одан соң туған баланың,
Тойына түйе сойыпты.
Шулатып байтақ даланы,
«Шоқпыт» деп атын қойыпты.
Бекет аға мен Тазагүл  апаның биесi де, түйесi де болған жоқ. Бала тұрмағанын бесiктен көрiп, бесiк те жаңартқан. «Қайың есiк қайғылы» деп есiктен көрiп, есiк те ауыстырған. Әулиелерге де түнеген, қоныс та өзгертіп жаңа  қоныста  дүниеге  келген  қызының  есімін  Қоныскүл, барақ тамда тұрып  перзентін  Барақбай  атағанымен де  амалы табылмай, iштен тынған.  Бiр емес, екi емес... он төрт перзенттiң өлiмi өзегiн өртеп,  қан жылаған  жүрегі  тiлiм-тiлiм  болып,  көзінен  жас аға-аға терiсі қуарып, етi суалып, құлағы мүкiстеу, тіпті сәл-пәл есалаңдау күйге душар болған жағдайы екен  ғой,  сол –  Тазагүл  апаны  алғаш  көретін  кез. 
Осыншама қайғы-қасiреттен жарылғалы  тұрған  Тазагүл  апаның  iшіндегi жалынды сорылған  темекiнiң түтiнiмен басып, оны сыртқа үрлеп шығарып, өзiнше жеңiлденiп қалатынының байыбына кім бойлаған дейсіз. Бiз, мұның бәрiн кейiн, тiптi көп кейiн түсiндiк. Бiрақ Тазагүл апаның уайымы жеңiлденген емес-тi. Ол кiсiнiң ең басты уайымы – құдай қосқан қосағы, өзiнiң пiрi – Бекеттiң бұл дүниеден мұрагерсiз, ұрпақсыз өтетiндiгi едi. Өзi ендi перзент көтермейтiнiн, барының сарқылғанын  сезiнiп  iздеп жүрiп, өз қолымен Қанымкүл апаны Бекет ағаға алып берген. Алып берген деп айта саламыз-ау, әйел үстiне әйел алу, бұрынғы атамыз қазақтың екiншi, үшiншi әйелдерiндей әрқайсысы бiр үй боп бөлек отырған емес, үйлесуi қалай болады, оған қоса кеңес үкiметiнiң көп әйелдi болуға салған тыйымы, жауапқа тартылатыны тағы бар. Осының бәрiн Тазагүл апа білмеді,  ойламады деу қиын. Қырық жастан жаңа асқан әйелдiң табиғи қажеттiлiгi де тежеле қоймаған шағы. Осы қиындықтардың бәрiн жеңiп, өзiнiң үстiне әйел алып беруге байлам жасауы, нағыз қазақ әйелiне тән биiк мақсаттан, шаңырақ шайқалмауының қажеттiгiнен туған асыл қасиет едi. Тазагүл апам Кеңес Одағының Батырлары Әлия да, Мәншүк те емес, бiрақ олардан бiрде кем емес-тi.
Қанымкүл апа бала көтердi. Дүниеге келген отбасындағы алғашқы перзент буыны қатайған соң,  «өзiмнiң балам болады», деп Тазагүл апа емiренiп, емшектен шығуын күтiп жүргенде, ол бала да көп тұрмады. Өлдi. Тазагүл апа зарланып, қаңғырып кеттi. Қаңғырғанда қайда барады? Қармақшы ауданының орталығы – Жосалы шағын ғана кент. Ауылдастар  кент  шетіндегі  қорымның iшiнен тауып әкелiп, басу айтты, жұбатқан болды. Бiраз күн төсек тартып жатып алды. Қашанғы жатсын, жатуды уақыт көтерер емес, сосын  тас-түйiн боп бекiнiп: – «Алла менiң бауырыма бала басуды жазбаған екен, ендi қойдым, өз балаң өзiңе!», дедi  Қанымкүлге. Содан кейін  Қанымкүл апа төрт ұл әкелдi дүниеге. Есiмдерiн ырым етiп, темiрден жасалған құрал-сайман, қару-жарақтардың атымен Балтабай,  Балғабай,  Қылышбек,  Найзабек деп қойды.
Төрт ұлдың басы қосылып, Бекет  ағаның отбасы енді мазардан-базарға айналды. Бiр аулада тұратын бiздер: мен, Сәдуақас, Ақбергендер әр баланы меншiктеп көтерiп, ойнатып өсiрдiк, өзiмiз де солармен бірге өстiк.
Тазагүл апа көпке дейiн балалардың ешбiрiн  жанына жақындатпады. Ол,  балаларды  өзiнiң мейiрiм шуағы  мен ыстық-ықыласынан күйіп  өлетіндей  көріп, маңына жолай алмай қорқасоқтап жүрдi.  Бiрақ аналық мейiрiм қайта оянды, сәбилердің күлкiсi, шаттығы, қылықтары берген уәдесiн ұмыттырды. Ұлдардың үлкенi Балтабайды  (жақында  дүние  салды,  жатқан  жерің  жайлы,  топырағың  торқа  болғай) меншiктеп  бауырына басты,  қасына алып жатты,  иiскеп  құшырлана сүйiп рахаттанды.
Тазагүл апаның бойына қан жүгiрдi. Бүкiл үй iшi шаттыққа кенелдi. Үшiншi ұлы Қылышбек кейiнiрек 7-8 жас шамасында  көрші  ауданға  қыдырып барғанда  жармаға,  суға  кетiп қайтыс болды.  Ал қалған үш ұлы ер жетiп, үйлi-баранды болды. Тазагүл апа мен Қанымкүл апа тату-тәттi жарастығымен ғұмыр кештi. Отбасылық өмiрдегi барлық қуанышты сәттерiн екеуі бiрге бөлiстi. Отағасы – Бекеттің  келiн түсiрiп, немерелер сүйгенiн көрiп, арманы орындалып, Тазагүл апа мәңгiлiкке көз жұмды. Бақилыққа аттанған Тазагүл апаны, өз қанасынан шыққан он төрт перзенттері, шапағатшылары болып қарсы алып, жұмақтың төрінде жүрген шығар деп көз алдыма елестетемін.
Бүгінде сол Тазагүл апаны әрдайым сағына еске аламын. Тұла бойы тектілік пен қазақы қадыр-қасиетке тұнған мұндай асыл аналар көзден бұл-бұл ұшқандай болады да тұрады. Бірақ жер бетінде кең пейіл, дархан көңіл қазағымыз барда олардың рухы жоғалмайтынына, ізгілік пен имандылық дәстүрі жалғаса беретініне кәміл сенгің келеді. Көкірегімізге бұл сенімді ұялатқан да сол аналарымыз екеніне тәуба ете отырып:  «Жатқан жерің жайлы, топырағың торқа болғай,  Сапарбайқызы тап-таза гүлдей – Тазагүл апа!» деген сөздердің еріксіз тіл ұшына оралғанын өзің де аңдамай қалатындайсың.

Сәпен Аңсатовтың «Болмыс» кітабынан 
28 қараша 2020 ж. 481 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 067

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031