» » БАЛАЛЫ ҮЙГЕ БАҚ ҚОНАДЫ

БАЛАЛЫ ҮЙГЕ БАҚ ҚОНАДЫ

Күн батып, қас қарайған уақыт. Жұрт ұйқыға кіріскенде біз қызу әңгімеге ойыстық. Айгүл ханыммен тілдесуге мүмкіндік тек осы сәтте туды. Күні бойы мемлекеттік қызметтегі маманды кеш батса бала-шағасы асыға күтеді. Отбасында көзге көрінбейтін, айналып келе беретін  әйелдің тіршілігі біте ме? Жұмыстағы көңіл күйді сол қалпында қалдырып, әдеттегіше тағыүйге асыққан. Есіктен енгенде«анашым» деп бірінен соң бірі шулап шыққан балаларды көргенде сірә бұл балабақша дерсің.  «Құлындарым» деп құшағына қысып,  маңдайынан иіскеп, әрқайсысының айтарын тыңдаған ананың мейірімі нет­кен шексіз. Бірі «Тапсырған жұмысыңызды орындап қойдым» десе, бірі «Тәтемнің тілін алдым», «Мынадай сурет салдым», «Кесте тіктім» деп  алғыс алуға асыққан.
Өмірге 8 бала әкелген 44 жастағы алтын құрсақты ана, аудандық қазы­нашылық басқармасының бас маман, бас қазынашысы Айгүл Қозбақова кеңсе киімін лезде ақ орамал мен кең етек көйлекке ауыстырып, 1 жастан 4 ай асқан Қайсарды омырауына алды. Мазасызданып, ана сүтін аңсаған бөбегі сағынышын басқан соң ойнап кетті. Ұл мен қыздың ас-суын әзірлеп, жолдасының  қас-қабағын баққан отанасы балаларын жайлы төсекке жатқызбай қолы босамайды.
А.Айтуарқызы ауданға белгілі азамат Әбдірасыл Қойшыбаев пен он құрсақ кө­тер­­ген Тазагүл Әбішованың келіні. Мон­шақтылардың ортасында өскен атқамінер Алмат үйленгенде ата-анасы барын шашып, ұлан-асыр той жасапты. 21 жаста жылы ұясынан ұзатылған бойжеткен келген қонақты күтіп, келіндік міндетін атқарды. Құда-жекжат пен жақын-жуығы көп, қызметте беделді Әбдірасыл әкенің төрінен қонақ, дастарқанынан дәм үзілген жоқ. «Келіні жақсы үйдің керегесі алтын» деген бар. Шоқ самаурынды бұрқыратып қайнатып, қою сүт қатқан шай ұсынатын қабағы ашық келіннің қолынан ас ішкісі келетіндер көп-тін. Ал Алмат бауырмал, балажан. Әкенің тұяғы екенін жастай сезініп, жауапкершілік арқалап өскен ұл. Әпкеге  тыныс, қарындасқа қамқор. Айгүл осындай азаматтың жары,  көпбалалы ана боламын деп ойлаған жоқ. Бұл – жаратқанның берген сыйы мен нығметі. Үйдің берекесі ене мен келіннің қолында. Тазагүл апа келінін қызындай қабылдап, білгенін асырды, білмегенін жасырды. Бастысы сабырлы, төзімді болуға  тәрбиеледі. Әйел үйдің шырағы екенін санаға сіңірді. Қызметтен қол үзбей жүріп  Марал, Айгерім,  Бақнұр, Бірғаным, Тайторы, Махмұдсұлтан, Омар, Қайсар есімді ұл-қызды дүниеге әкеліп, өсіріп отыр. Бұл отбасындағы тәрбие тым бөлек. Өзімшілдіктен ада. Үлкенді сыйлап, бір-біріне қамқорлығы көз сүйсінтіп, жүрек елжіретеді.  Өмірден өткен ата мен әжесін немерелер әлі күнге іздейді, сағынады. «Атам айтатын, әжем үйреткен» тіркесі күніне бір айтылмай қалмайды. «Бала бер, бала берсең сана бер» деген. Қыздар әкесіне жақын. Еркелейді, ақылдасады, әкенің тамақтанып, демалуына бәйек болады. Әке де солай. Жазда бәрін  қыдыртып, жақсы демалыс сыйлауға тырысады. Үлкендері оқу тәмамдап қызмет жолын бастаса, қалғаны мектеп қабырғасында. Сүт кенженің қылығы тіпті тәтті. Алмат Әбдірасылұлының 7 бауырынан тараған жиендер нағашының үйіне жиі келеді.
– Марал мен Айгерім ата-әжесінің ба­уырында өскен. Жолдасым бәрін айналып-тол­ғанып жақсы көреді. Солармен балаша қуанады. Жарымның балаға деген осынша мейірімін көре тұра дүниеге сәби әкелмеуге қалай болады. Жаратқан ие сол пейіліне сұрағаны мен тілегенін берген болар. Әуелгі 4-еуі қыз да кейінгі 4-еуі ұл. Дәруменіміз осы­лар. Олардан қуат пен нәр аламыз. Пайғамбардың өзі үмметімнің көптігімен мақтанамын деді емес пе? Шүкір, бармыз, көппіз. Кейде отбасымен қыдырсақ көлікке сыймаймыз. Екі бөлінуге тура келеді. Сонда бір-бірінен ажырауды қимайтын балалар «бізге шағын автобус керек» деп әзілдеп жатады. Қазір дүниеге көп бала әкелу сирек. Жас келіндер жауапкершіліктен қаша ма, әйтеуір көпбалалы болуға құлықсыз. Алтын алқалы ана ретінде айтарым, көпбалалы отбасы береке мен бірлік бастауы. Әйелдің пешенесіне  ана болу жазылса, ал көп баланың анасы болу нағыз ерлік, батырлық. Баланы қалай асыраймыз деп қорықпау керек. Әр бала өмірге өз қуанышымен келеді. «Бір қозы артық туса, бір түп жусан артық шығады» дегеннің мәнін кейін түсіндік. Қалай тауып, біліп айтқан. Көп бала өсіріп жақсы тәлім-тәрбие берсең, түбінде сол еңбектің жемісін көресің. Бақ пен бақытты байлықтан немесе басқадан іздеудің қажеті шамалы. Бақ тек балалы үйге қонады, – дейді кейіпкеріміз.
Ол өзі секілді көп бала дүниеге әкеліп, бірақ жұмыссыз отырған аналарға әр баласы үшін ай сайын 21 мың теңге берілетініне дән риза.
Баланың бәрі бірдей. Олар бақытты болуы үшін жаралған. Елімізде ана мен балаға көрсетіліп отырған мемлекеттік қолдау алда да жалғасатын болса, халық саны күрт өсетіні айқын.

Гүлжанат ДҮЗЕНОВА
29 шілде 2019 ж. 895 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№101 (10366)

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

Хабарландыру

Байқау

Байқау

24 желтоқсан 2024 ж.
Хабарландыру

Хабарландыру

18 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 081

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031