» » » Бабалар аманаты

Бабалар аманаты

Халқымыздың қаһарман ұлы Бауыржан Момышұлының келіні, батыр атамыздай тектінің тұяғы, асылдың сынығы – жазушы Бақытжан Момышұлының жан жары Зейнеп Ахметованың "Бабалар аманаты"  кітабы ұзақ жылдар жүргізген күнделігі негізінде жазылған. Мұндағы басты әңгіме арқауы Батыр атамыздың баяндауында ұсынылады. Автор осыдан отыз-қырық жыл бұрынғы оқиғаларды күні кеше ғана өткендей, тап қазір ғана болғандай көз алдыңызға келтіріп, сондағы Момышұлы шаңырағында айтылған әңгіме, шертілген сырды шешен тілмен баяндайды. Біз оқыған жанды ойландырмай қоймайтын мазмұнды кітаптан үзінділер бергенді жөн көріп отырмыз.– Бұрын қазақта қазіргідей үлкен-кіші, еркек-әйел жаппай сүйісіп амандаспайтын, – деді ата мен сусын апарғанда.
Әлгінде Бәкеңнің кішкентайдан бірге өскен, бірге оқыған досы келіп, екеуінің орысшалап сүйісіп сәлемдескенін көрген болатын. Мына айтқан сөзіне сол сүйісу түрткі болды-ау деймін...
– Әсіресе батпандай ер-азаматтардың кездескен жерде сүйісіп амандасуы деген қазақ қауымында бұрын атымен жоқ еді. Осы сүйісу Хрущевтің билік құрған кезінен кең етек алып, жайылып кетті. Жақсыны да, жаманды да алаламай тез қабылдай қоятын «талантымыз» бар. Бастықтың әр қимылын қалт жібермей, қайталап кәукелектейтін жағымпаз жампаңдығымыз тағы бар. Сөйтіп, жалпаңдап жүріп, жапалақ болып кетер ме екенбіз, құдай білсін...
Ер-азаматтар қолдасып амандасушы еді. Сағынысып көріскенде құшақ айқастырып қауышатын. Міне, осыларды «еркекше сәлемдесу» дейді. Ал әйелдер өзара құшақтасып, сүйісіп амандаса беретін. Қариялар өзінің баласындай, немересіндей жастарды жақсы көріп еміренгенде құшағына қысып, арқасынан қағатын. Осы жерде бір нәрсеге тоқтала кетейін. Бұрын қазақтар ер баланы еркелеткенде басынан сипамаған. Арқасынан қаққан. «Басынан сипау ұл баланы аяп, мүсіркеу сезімдерін туғызады, төмен қарап жүретін жасық болып қалады» деп түсінген. Ата-ана, ел-жұртына қорған болатын, шаңыраққа ие болатын ұлдың көзін жерден алмайтын жігерсіз, есіркеуді тілеп тұратын ынжық болғанын қаламаған. Ал арқасынан қаққанда ер бала батылданады, жігерленеді, еңсесін тік ұстап, тура қарауға дағдыланады. Неге болса да тайсалмай қарайтын қайратты, батыл болып ержетсін деп ұлды арқадан қағыпты. Ал қыздарды керісінше басынан сипаған. Қыз – жатжұрттық, қыздың бағы  үйде емес, түзде. Қыз басқа босағаны аттап, өзге үйдің отын жағады, ұрпағын өсіреді. Қызды «кететін бала ғой» деп еркелетеді. «Алдында не күтіп тұр екен, тағдыр-талайы қалай болады» деп басынан сипап аялаған. Қыз баланы басынан сипағанда басы еріксіз еңіс тартады, көз жанары төмен түсіп, жасырынады. Кісі бетіне бажырайып қарамайтын әдетке үйреніп, қызға лайық биязы мінез қалыптасады. Арқадан қағу мен бастан сипаудың осындай талғамды астары, тәрбиелік мәні бар екен.
Ал енді әжелер мен апалар жасы кіші жақындарын жақсы көргенде ұл болсын, қыз болсын, оларды құшақтап, маңдайынан не қолынан сүйеді. Қазір де ел ішінде жиі болмағанымен бұл әдет сақталып келеді. Жас балалардың маңдайынан иіскеп не сүйіп: «Үлкен азамат бол!», «Бақытты бол!», «Өркенің өссін!», «Өмір жасың ұзақ болсын!» – деп тілектерін қос қабат айтып жатады. Тегінде қазақ жас баланы, әсіресе кішкентай сәбиді бетінен сүймейтін, қызығып қарамайтын, таңданып сұқтанбайтын. Бұлар – тыйымдар. Ертеден келе жатқан осы ырым-ты­йымдар негізсіз емес. Сәби құстың балапаны сияқты, нәзік әрі сыртқы әсерді өзіне тез қабылдайды. Ересек адамдар баланы мейірленіп сүйгенде әр адамның бойындағы әртүрлі деңгейде болатын биоөрісті сәби көтере алмайды. Сәбиде қорғану күші әлі жетілмегендіктен науқастанып қалады. «Көз тиді», «сұқ өтті», «аш кірді» деп жатамыз ондайда. Бұрын халық емшілері сумен ұшықтап, адыраспан, аршамен аластап, тұзбен емдеп жататын. Әрине, ешкім де жас баланы әдейі ауыртайын демейді. Көп адамдар өзінің бойында, көзінде қандай дәрежеде өріс бар екенін біле бермейді, ол тіпті ойына да келмейді. Сондықтан сәбиге қатысты жерде үлкендердің абайлап, сақ болғандары жөн. Өте еміреніп жақсы көру зардапсыз емес, балаға қауіп болуы ықтимал, – деді ата.
Мен осы әңгімеден соң ойланып қалдым. Атаның өзі жас балаларға онша жұғыса бермейді. Балаға үйірсектігі шамалы. Бір қарағанда баланы жаратпайтын секілді әсер қалдырады. Өзге адамдар сияқты жас баланы құшақтап, елжіреп сүйгенін өз басым көрген емеспін. Біреудің баласына керемет көңіл бөлгенде «жақсы бала екен ғой» немесе «жігіт екен ғой өзі» деп қана қолынан ұстап, арқасынан қағып қояды. Жас балаға тура қарамай, басынан, иығынан асыра назар салады. Атаның тіке қараған отты жанарына бала түгілі ересек адамның төтеп беруі екіталай.
Өзгені былай қойғанда, елу тоғыз жасында алғаш көрген немересін де көпе-көрнеу жақсы көре бермейді. Алғашқы кездерде атаның осы салқындығын түсінбейтінмін әрі жүрегіме тікендей қадалатын. Біз атаның қолына көшіп келіп, бірге тұрған соң ғана сырын ала бастадым. Ата баламен ойнауды білмейді, олармен үлкен адамша сөйлеседі. Немересінің толып жатқан бітпейтін сұрауларына жалықпай жауап береді. Бала қиялын жетелеп, оны әдейі сөзге салып, ойлау қабілетін өрістетеді. Қате кеткен бұрыс жерін сол замат түзеп, түсінік береді. Керек жерінде солдат құсатып қақшитып тұрғызып қойып, қаталдығын да көрсетіп жібереді. Бірақ қорқытпайды. Атаның көп қолданатын әдісі – қайталау. Немересіне әлденені үйреткенде осы әдісі арқылы нәтиже шығарады. Ержанға деген аталық пейілін айналып-толғанбай-ақ өзіне тән ерекше табиғатымен жеткізеді. Сырттай көрсеткісі келмегенімен бір ауыз сөзінен, бір қимылынан, көзқарасынан бұлтты жарып шыққан күндей жарқ ете қалатын аталық мейірімі бәрібір анық та айқын байқалатын.
Зейнеп Ахметованың
"Бабалар аманаты" кітабынан үзінді
Жалғасы бар...
21 қараша 2020 ж. 1 348 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 067

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031