» » » Ойлы оқырман іздеп оқиды

Ойлы оқырман іздеп оқиды

Қазақ атамыз ертеден-ақ дүниені байлыққа санамаған. Себебі ол, тозады, ескіредіге есептеген. Нағыз байлық деп – рухани байлықты атаған. Бұл жөнінде әлем әдебиетінің абызы, халық жазушысы Әбіш Кекілбаев "Жалпақ әлемді аузыңа қарату үшін – рухани ерлік керек, жалпақ әлемге қысылмай, қымтырылмай қарау үшін – рухани байлық керек" деп ой түйіндеген. Рухани байлық алдымен өзіңді-өзің тану әрі білім, оқу-тоқу арқылы өзіңді қамшылау, жетілдіру болмақ. Соның бір сағасы – бұқаралық ақпарат құралдары. Күнделікті қоғам өмірінен хабар беріп отыратын ақпарат құралдары Тәуелсіздіктің таңы атқан 30 жылда ескі идеологияны өзгертіп, жаңаша көзқарас қалыптастыра білді. Осындай орасан еңбекте сала ардагерлерінің де толассыз еңбегі жатыр. Төменде аудандық газетке саналы ғұмырын арнап, зейнет демалысына шыққан ардагер-журналист Бақыт Қаналиевамен болған сұқбатымызды оқырман назарына ұсынамыз.
– Бақыт Тәжібайқызы, журналистика саласында ұзақ жыл еңбек еттіңіз. Түрлі тақырыпқа қалам салдыңыз әрі талай жастың осы мамандыққа келуіне себепкер болдыңыз. Жалпы мамандықтың маңызы неде және одан қандай ой түйдіңіз?
– Журналист болу – өте жауапты жұмыс. Елдің білімі қай деңгейдегі адамы болса да, соған айтарыңды түсінікті етіп айтуың, жеткізуің керек. Этикалық өлшем, жылы қарым-қатынас орнату, кейіпкердің болмысын аша білу – соның бәрі тілшінің мойнындағы дүние. Негізі, қоғамдағы болып жатқан жаңалықтар легін қабылдаудың өзі оңай емес. Ал енді оны алғаш болып халыққа таратып, насихаттау журналиске үлкен жауапкершілік жүктейді. Саланың маңыздылығы жаңалық таратумен бітпесе керек. Елмен етене жүріп, қызықты тақырыпты да, күнделікті ақпаратты да қамтуға тиіссің. Әдетте, барлық мамандықтың өзіне тән қуанышы мен қиындығы болады. Дегенмен, қырық жылғы еңбек жолымда түйгенім – журналистің жұмысы күрделі әрі үнемі ізденісті қажет етеді. Қазіргі көзбен қарағанда, халыққа газеттің қағаз нұсқасымен қоса, электронды түрі де қатар жұмыс істеуде. Заманның озық үлгісіне сай, сайттар мен түрлі әлеуметтік желілерге тарату да осы тілші қауымның еншісінде.
– Уақытпен санаспайтын бір мамандық болса, ол – өзіңіз білетіндей журналист...
– Менің еңбек жолым Кеңес одағы тұсымен де, тәуелсіздіктің тұғырлы жылдарымен де тығыз байланыс­ты. Өткен формациядағы қатып қалған қағиданы жаңа әлеуметтік-демократиялық көзқарасқа өзгертіп, егемен елдің жаңалығын насихаттауда біздің тілшілеріміз аянып қалмады. Әлі де тер төгіп, аттан түспей келеді. Оған бір дәлел – әлем басына ауыр іс түсірген пандемия кезеңінде жанкештілік танытып, алдыңғы қатарда, қауіпті аймақтарда жүрді. Көптеген репортаж, мақала, сұқбаттар жазды. Кейіпкерінің образына еніп, солардың әрбір атқарған жұмысы мен еткен еңбегінің нәтижесін шынайы түрде оқырманына жеткізе алды. Медицина, полиция, әскерилермен қатар, еріктілердің де еңбегін тұрақты ақпараттандырып, газет беті мен сайттарға, әлеуметтік желілерге үзбей жариялап отырды. Соның бір дәлелі – жақында жерлесіміз, "Сыр медиа" ЖШС-на қарасты Kyzylorda-news.kz ақпарат агенттігінің бас редакторы Нұрсұлтан Мықтыбай Қазақстанның баспасөз, радио және интернет-журналистика саласындағы "Үркер" Ұлттық сыйлығы байқауында "Жылдың үздік репортажы" номинациясы бойынша жеңімпаз атанды. Бұл біріншіден, Сыр елінің журналистикасына сүйінші жаңалық болса, екіншіден, карьерасын енді бастап жатқан жас журналистерге үлкен серпін.
– Жауапты қызметке жап-жас болып келіп, ардагер болып шыққан аудандық басылымда аға буын өкілдерінің қайталабас қолтаңбасы бар...
– Аудандық басылым – менің өмірімнің өнегелі мектебі. Еңбек жолы Қанибек Молдахметов, Сапабек Махмутов, Рашид Жарылқасынов, газетке басшылық еткен Әзілхан Аманов, Алтай Үсенов, Шегебай Құндақбаев тағы басқа әріптес-аға-інілеріміздің орны бөлек. Бұл кісілердің қай-қайсысы болсын ауылдың азаматтары. Елдің ағасы болған кісілер. Сонымен бірге, Алтын Убайдуллаева, Баян Әлиасқарова апамызды айта аламын. Мариямкүл, Ақсұлу, Галя, Жадыра, Жұмагүл, Баян атты замандастарым бүгінде әже атанған. Қазір ауылдың әкімі болып отырған Нұржамал Бектайқызы, «Қармақшы таңынан» еңбек жолын бастаған қыздарымыздың алды республикаға танымал тұлғалар. Олар – Жайна Сламбек, Гүлжазира Жалғасова, Бота Бөрібаева тағы басқалары.
– Журналисті өсіретін не нәрсе?
– Негізі қай мамандықта да ізденіс болмаса, бір орында тұрып қалады. Даму тежеліп, тоқайрайды. Соның ішінде сөзімнің басында айтқанымдай, журналиске әркез білімін жетілдіріп, айналасына сергек қарау ләзім. Әр тұстың өз саясаты болады. Уақыттың тынысын, ағымын саралау, қоғамды игілікке ұйыту, бірлік пен берекені назарда ұстау да – осы сала сарбаздарының үлесіндегі сүбелі дүние.
– Соңғы шамада газеттің келешегі жайында әртүрлі пікір айтылуда. Ардагер ретінде оған сіздің көзқарасыңыз?
– Мейілінше, мерзімді баспасөзге әркім өз сүйіспеншілігімен жазылады. Менің тұстастарымның бәрі газетті іздеп оқиды. Ауданның бас басылымы – «Қармақшы таңын» Қармақшының жыр, өнерсүйер халқы жақсы көреді. Тіпті оны нөмірлеп, отбасылық мұрағат үшін тігіп жинайтынды да кездестіріп жүрміз.
40 жылдық еңбек тә­жі­рибемде ұққаным, ойлы оқырман газетті іздеп оқиды.
– Қазір әлеуеттің назарын аударатын бір жүйе болса – ол әлеуметтік желі. Сіз осы желі дегенді қолдайсыз ба?
– Жаңалықтан соншалықты қашқаным емес. Бірақ кейде желіден ақпараттың ақиқаты мен жалғанын айыра алмай жататынымызды жоққа шығара алмаймыз. Сол себептен де қолдамаймын. Мен үшін газеттің орны ерекше. Оны қолмен ұстап, парақтап қарайсың. Түсінбеген жеріңізді қайтадан көз жүгіртіп, керек тұсының астын сызып тұрып оқу үшін де газетті жақсы көремін.
– Үш перзентті дүниеге әкеліп, мәпелеген анасыз. Ананың жүрегі қашаннан кең әрі мейірімге толы. Аналарымыз туралы да пікіріңізді білдіре отырсаңыз?
– Қазір әйелдер сауатты. Кәсіпті біркісідей дөңгеліп әкетіп жатқан да әйел-аналар. Олар адамға, әр жанұяға, балаға не керек екенін, сонымен бірге жастардың талғамының қандай болатынын біледі. Сондықтан да әйел кәсіпкерлер пысығырақ па деймін. Табиғаты жағынан үйлестіргіш, сұрыптағыш әйел ғой. Үйдің жиһазы, сәндік нәрселерді де екшеп білетін – солар. Осыны көріп жүрген кейбір ер кісі «әйелдер бұрынғыша күйеуін күтіп үйде отыруы керек еді, қазір өзгеріп кетті» деп нәзікжандыларға өкпе артатыны содан ба деген ойға келесің. Өз басым кәсіпте жүрген қыз-келіншектерді қолдаймын. Әйел – саясаткер, әйел – ұстаз, әйел – отбасында ұйымдастырушы, еріне – жар, балаларына – ана болып жүрген ана қаншама. Дәл сондай нәзікжандылар көбейе берсе екен деп ойлаймын. Әйел-ана туралы нашар көзге қосылмаймын. Кейбір енелер келіндерінің заманауи өзгерістерін көтере алмайды, түсіне білмейді. Түсінсе де соңынан барып түсініп жатады. Қазіргі кезде әйелдерге жаңаша көзқарас керек секілді.
– Жас журналистерге берер кеңесіңіз?
– Журналистика – тынымсыз ізденісті, терең білімді, ұшқыр қиял мен табиғи дарындылықты қажет ететін сала. Біздің тұсқа қарағанда, қазіргі журналистерге міндет өте зор деп есептеймін. Өйткені, біздің кезіміздегі саясат басқашалау болды. Қазір оқырмандардың талабы бұрынғыдан да күшейіп кеткен бе деймін?! Ел мен жер тарихын, мәдени мұра тұрғысында да әлі де болса материалдар жариялануы керек. Біздің қатарымыз пышақтың қырындай келетін жұп-жұқа Қазақстан тарихын оқыды. Жұрт кейде көшелерге әкелерінің, аталарының атын берді деп өкпе артып жатады. Ол – дұрыс емес. Сол кісілердің барлығының еңбегі бар адамдар. Тегіннен-тегін айтылмайды. Сондай тұлғаларды айта түсу керек. Әдет-ғұрып, салт-дәстүрімізге де орын берсек, артық емес.
– Ауданның бас басылымының оқырмандарына тілегіңіз болса?
– «Қармақшы таңы" қармақшылықтардың әрбірінің отбасының төрінен орын алсын. Газетке жазылып, рухани азықтанғаннан адам азбайды, керісінше түлейді. Айналасындағы жаңалықтардан хабардар болып отырады. Одан оқырман ұтылмайды. Өңірдің басылымы – біздің сүйікті газетіміз. Оның шыққанына көп ұзамай, міне 90 жыл да болып қалады. Тоқсан жыл бойы үлкеннің сырласы, жастың ақылшысы болып келе жатқан «Қармақшы таңы» ұжымына шығармашылық табыс тілеймін!
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұқбатты жүргізген Сәрсенкүл ЖАУДАТБЕК
21 қараша 2020 ж. 626 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

№91 (10356)

16 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 211

Сұхбат

ӨНЕР АЙДЫНЫНЫҢ БҰЛАҒЫ
19 қараша 2024 ж. 149

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 320

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930