Құнды жәдігер: ат әбзелдері

Ер-тұрман – мал шаруашылығында, әсіресе әр түрлі ат үсті қимылдарында кем болса болмайтын, ең маңызды құралдардың бірі. Қазақ халқы атқа мінуге пайдаланылатын жабдықтардың барлығын «ер-тұрман» немесе «ертоқым» деп атайды. Жалпы ер-тұрманға – ер, терлік, тебінгі, тоқым, үзеңгі, айыл, пыстан, өмілдірік, құйысқан, ноқта, жүген, шылбыр, тізгін, қанжыға, шеттік, көпшік, ат көрпе, кежім, қамшы, шідер, кісен жатады. Ата-кәсібімізге байланысты құрал-саймандарға халқымыз жай ғана еңбек-құралы деп емес, өнер туындысы ретінде қараған. Шеберге тапсырыс берушілер ер-тұрман әбзелдерінің ешкімнің мүлкіне ұқсамайтындай, мейлінше әдемі жасалуын қадағалаған. Қандай шебер болмасын тұтынушыларды көп тартуы үшін де, өзге шеберлердің алдына түсу үшін де бұйымдарын бар өнерін салып жасайды емес пе? Ер-тұрман әбзелдеріне байланысты осындай сұраныстардың молдығын ескере келе ер-тұрман бір кезде ата-бабаларымыздың мақтан тұтар бұйымына айналып бүгін де өзінің маңызын жоймағаны, керісінше, қазіргі қолөнерімізде алатын орны ерекше демекпіз. Ертеде ата-бабаларымыз ат үстінде жүріп, ұлан-байтақ жерімізді қорғаған. Сондықтан ел аузында «Тұлпар ерді сақтайды, ер жерді сақтайды» деген сөз содан қалған. Ата-кәсібімізді танып білудің мәні зор. Осы бір ғана ер-тұрман әбзелдерінің айналасында қаншама кәсіби сөздер бар. Олардың бәрі сөздік қорымызды байыта түсері анық.
Е.ТОҚТАРОВ
«Қармақшы аудандық тарихи-өлкетану музейі» филиалының ғылыми қызметкері