» » » Қара шал һәм күрең қасқа

Қара шал һәм күрең қасқа

Уақыт бейне бір сағым секілді. Оны қанша ұстаймын десең де, жылп етіп қолыңнан сусып шыға кетеді. Әйтпесе, кеше ғана ат жалын тартып өскен бозбала бүгінде қарттықтың қайығына отырып, ақсақал атанбас па еді?! Бірақ сол уақытың өзінікін жасағанымен, оның еркіне ырық бермейтін де кездер болады екен. Оның басты өлшеуіші – әдемі қартаю. Қарттықтың қазынасын халықпен бөлісу. Ұрпаққа ұлағат ізін қалдыру. Тән мен рухты кірлетпей, ұлттық дәстүрді дәріптеу. Салт-сананы жаңғырту. Біздің жазғалы отырған кейіпкеріміз де осы үдеден табыла білетін ұлағатты тұлға. 83 жастағы т.көмекбаев ауылының тұрғыны жәнібек әбдіраманов халықтық дәстүрдің жібін үзбей келе жатқан қазыналы ақсақал.
Тегінде аттың үстінде өмірі өткен атабабамыздың рухы мен күш-қайратын осы кісіден анық көргендейміз. Кеңес кезеңінде елді мекенде жүргізушілік қызмет атқарған көкеміздің ауыл тарихында өзіндік ойып алар орны бар. Кеңшар құрыла бастағанда-ақ басшы ағасының соңынан ілесіп, осы ауылға келіп тұрақтаған. Отбасын құрып, ұрпақ өсірген. Мариямкүл анамыз шалғай ауылдағы өнегелі де көпбалалы Батыр ананың бірі.
Міне, содан бері де жарасымды жанұя елді мекеннің ыстық-суығымен бірге жасасып, бірге көркейіп келеді. Бұл жай ғана көркею, өсу емес. Кәнігі қазақтың салт-дәстүріне деген ынтызарлық һәм қызығушылықпен өркен жаю, биікке құлаш ұру.
Сексеннің үшеуіне келген Жәнібек ақсақал сөзге суырылып тұрмаса да, одан істің адамы екенін аңғару аса қиын емес. Жасын біреу тәптіштеп айтып бермесе, білмеген адам оған өз қатарынан едәуір жас берген болар еді. Бәлкім, әдемі қартаю деген осы шығар. Білек күші кетпеген, ширақ қимылды атамыз әңгімені созбай, төтесінен салды. Манадан бері сыр тартумен отырған біздің де бұл отбасына алып келген ол кісінің ертеден келе жатқан ұлттық дәстүріміз – атсейістік қыры болатын.
– Ат баптауды құдай нәсіп қылған шығар. Қазақпыз ғой. Бала кезден тазы жүгіртіп, құс ұшырып, бәйгеге жүйрік қосамын. Талай бәйгенің тартысын, қиқуын көрдім. Кейін келе өзім де солардың біріне айналдым. Яғни, ат баптауға толығымен ден қойдым. Мені атсейіс еткен – атқа деген қызығушылық. Жылқы малына деген ықылас. Жылқы басқа жануарға қарағанда ерекше, есті болып келеді. Жас кезімізде мал бағып жүргенде бір жерде көкпар тартып жатыр дегенді ести қалсам, ештеңеге қарамастан жаяу тартып кететінмін. Бұрын қазақы торы атым болды. Аздап бәйге алды. Одан соң "Ұшқыр" келді. Оған да 9 жыл болыпты. Араб тұқымы. Қазалы, Арал аудандарындағы көптеген атжарыстарға қатысты. Қазір – 18-ге шықты, – деді қора жаққа көз қиығын салған қарт атсейіс.
Әкей қараған қораға біз де жалт-жалт қарап қоямыз. Сондағымыз елдің аузында аңыздай атылатын жүйрік атты көруге деген ынтызарлық.
– Ауылдастарыңыз жүйрік аттың мақтауын келтіріп жатыр. Аламанның алдында келеді деп. Жүлдесі көп болар, көке?
– Айналайындар жүлде, дүние үшін ат жаратпадым. Кәсіп етпедім. Оған қызыққан да емеспін. Осы ұлтымыздың ат баптау дәстүрін жоғалтпай, келешекке жалғасақ, сол біздің мұратымыз да мақсатымыз. Басқа ой болған емес менде, – деп атсейіс сөзін бір түйді.
Бір айтарлығы, аймақта ұшқыр аттың даңқы жұртшылыққа жақсы таныс. Қандай да бір бәйгеге келгенінде атамызды күрең торысымен бірге көрген ағайын "Қарашал мен күрең ат" келді деп шуласатыны бар екен. Бұлай айтылуының да өзіндік сыры жоқ емес. Ауылда 8 мәрте және Қазалыдағы атжарысында 5 мәрте кермені бірінші болып қиып, бәйгенің алдын бермесе, осылай айтпағанда қалай айтсын. Талай тайды жүлдеге алған. 24 шақырымға шабатын аламан бәйгенің оңай болмасы анық. Оған тек бабы келіскен, уақытымен тер-суы алынған, күтіліпбапталған сәйгүлік қана шыдас берері сөзсіз. Тоғыз жылда бас-аяғы 30-ға жуық бәйгенің іріліұсақты жүлдесін жұмырына тату етіпті.
– Бақ та керек, бірақ бәйгеде баққа сеніп отыруға болмайды. Жылқыға бап керек. Қартайдым деп кәрілік басып отырған адам емеспін. Әліге дейін өзім баптаймын, өзім күтемін. Балаларға күнделікті жем-шөбін, суын бергізіп отырамын. Қатаң режим сақталмаса, бәрі бекер. Күтім бір уақытқа бағытталады. Малдың қоңына қарай тер-суы алынады. Ол кем дегенде бір ай уақыт алады. Қанша тамақ берсең, қанша бақсаң, соны қайтып аласың. Ретімен істейсің. Осы кезге дейін дәрі беріп, шаншып көрмеппіз. Жануар, жылқы сезімтал мал ғой. Мен қасына жақындағаннан-ақ "Мына қарашал келді ғой" дегендей өзін-өзі тартып, жарата бастайды. Аттың өзі солай дағдыланған, – дейді ат баптаушы қария. "18-20 жыл жылқы малына аз жас емес. Ол бәйге аты болса, тіпті демалдыратындай уақыт" дегенді көнекөздерден күнде болмаса да, аракідік естіп қалатынымыз бар. Ұшқырды да иелері биылдан бастап демалдыруды ойлауда. Қазір оған байтал қосып қойған. Ағылшын тұқымды. Атсейіс енді осы құлыннан үмітті. Айтпақшы, Жәнібек атсейіс ата дүстүрге туған перзенті Жаңабергенді де баулығанына біршама болыпты. – Ауылда басқа да атсейістер болған. Кезінде Қартаңбай, Мырқы, Төлеген, Бектібай, Сәт деген атсейістер ауылдың даңқын аспандатып тұрған. Сол кісілердің ізімен келеміз. Әкемнің жолын жалғағаныма қуанамын. Бұл маған берілген үлкен мүмкіндік. Ұшқырға Башимов Руслан есімді жігітті шапқызғанбыз. Ол да аттың тілін түсінетін азамат. Бізбен жақын қарым-қатынаста. Әкеміздің бір баласындай, отбасының бір мүшесіндей болып кеткен, – дейді Жаңаберген Жәнібекұлы.
Сөзімізді аяқтап, орнымыздан тұра бергенімізде Ұшқырды жетектеп Жаңаберген де келді. Сымбатты, сұлу малды көргенде оған қызықпау мүмкін емес. Талай бәйгенің бас жүлдесін ұтып алған жеңімпаз ат та өзіне ерекше құрметті қалайтындай, паңдана келіп алдымызға тоқтады. Пай-пай! Неткен әдемілік! Оның артында сирағы ұп-ұзын өзінен аумайтын күрең құлыны шапқылап жүр. Бұйырса, ол да ертең-ақ аламанның көрігін қыздырар бәйге аты болып шығар.
Сәрсенкүл ЖАУДАТБЕК
12 қыркүйек 2020 ж. 1 218 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 053

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031