» » » Ұлтжанды, іскер азамат

Ұлтжанды, іскер азамат

Жан сарайы бай, сыртқы тұлғасына ішкі мәдениеті де сай, тіпті, ерекше жарасып тұратын елгезек мінезді, барынша кішіпейіл, жақсы көретін замандас інілерімнің бірі – Бағдат Кірекесовті көргенімде қазақтың: « Елдің атын ерттеп мінген» деген даналық сөзі ойыма жиі оралады. Бұл сөздің сайып келгенде, ел үшін жаралған деген мағынаны білдірері анық
Әдетте, рухани жаңғыруға байланысты жеке тұлғалар туралы мақала жазып, көп әңгіме, сырлардың тиегін ағытуға әбден болады ғой.Бағдат осыған өте лайықты азамат. Әрбір адамның рухани жағынан жаңаруы қоғам өміріне көп пайда әкелері сөзсіз. Осы тұрғыдан алғанда, жеке тұлға, алматылық кәсіпкер, жерлесіміз Бағдат Кірекесов жайлы шынайы әңгіме қозғаудың сәті енді түсіп отыр.
Ол 1963 жылы Қармақшы ауданында туған. Аудан орталығындағы №27 мектепті бiтiрген. 1982 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық мемлекеттік университетiнiң «Биология» факультетiне түсiп оқиды. Бұл оқу орнын 1987 жылы ойдағыдай бiтiрiп, арнайы жолдамамен өзi оқыған орта мектепте ұстаздық қызметiн бастайды.
1989 жылы Б.Кiрекесовті облыстық табиғатты қорғау басқармасы өздерiне бас маман етiп қызметке алады. Онда мол тәжiрибе жинақтаған Бағдат Ерділдаұлын 1992 жылы Қармақшы аудандық экология және биоресурс бөлiмiнiң бастығы етiп жібередi. Осы бір сан саланы басқаратын және үлкен жауапкершiлiктi талап ететiн қызметiнде жас ма- ман абырой биігінен көрінеді. Ол мұнда ауданның экологиялық жағдайын анықтап қана қоймай, оны жақсарту бағытындағы жұмыстарда тер төге еңбек етті. Ең бастысы, жауапкершіліктің ауыр жүгін мойымай көтере білді. Тыңғылықты қызметімен ел құрметіне бөленді.
Сол тұста облыста «Құмкөл» кенiшiнің ашылуына орай құрылған «Харрикейн Кұмкөл» мұнай компаниясына 1997 жылы 1 санаттағы маркетолог болып қызметке алынады .Мұнда да ізденісті жұмыстарды жүргізе білуінің арқасында абырой мен құрметке бөленіп, жұмысшы-қызметшілердің көңілінен шығады. Өндірілістің алға басуына өзіндік үлесін қосады.
1997-1998 жылдар Сыр елi өміріне кәсiпкерлiк дендеп ене бастаған шақ болатын. Жас маман осы тұста кәсiпкерлiк пен нарықтың заңдылығын айыра біліп, басшылардың көзіне түседі. Сөйтіп, Б.Кiрекесов осы жылы «Аруна» жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiгiн құрып, оның жұмысын өрге бастырады. Ол 10 жылдан астам уақытын кәсiпкерлiк салаға арнап, онда көптеген адамдарға жұмыс орнын тауып бередi.
Бағдат – жақсы ортада тәрбиеленген, ата-ананың ұлағатты тәрбиесін алған, соның бәрін өзіне өмірлік етіп келе жатқан салмақты да сабырлы ойдың иесі атанып жүрген зиялы қауымның өкілі. Өзі де сондай ортадан шыққан, өнегелі тәрбие көрген азаматтың бірі де, бірегейі. Оны әкесi Е.Кірекесов «Елдің Ердiлдасы», анасы Фатима Қосымбетова «Бибi Фатима» атанған жандар еді. Ерекең ауданда түрлі басшылық қызметтерді абыроймен атқарды. Ауданның құрметті азааттарының бірі болды. Аузы – дуалы, сөзі – әуелі ел ақсақалы атанған бедлді кісі еді. Бұл шаңырақтан мейман арылмайтын, Фатима ана дастарханы бай, көңілі де соған сай өте ақылды көпшіл кісі болатын. Ол кісінің бұрынғы үлкендерден алған өнегесi мен тәрбиесi, биiк адамгершiлiк пен парасаттылық қасиеттері кез келген адамды қызықтыратын. Көп балалы отбасында өскен Бағдаттың бойынан да осындай үлгілі қасиеттердің белгісін жазбай тануға болады.
Өмір болған соң, қуаныш пен қайғы алмасып отырады. Бағдат әпкесі Сәулемен бiрге әке-шешесiн ақтық сапарына жөнелтiп, бастарына құлпытас-ескерткiш орнататты. Ата-анасы туралы естелiк кiтапты баспадан жарыққа шығарған еді. Олардың бұл игілікті істеріне ел-жұрты дән риза болады. Сондай-ақ, Бағдаттың ағайын-туысқа, басқа да рухани дүние жасаймын деушiлерге әркез көмек қолын созып отыратындығы да кім-кімге үлгі болары сөзсіз. Әпкесі Сәуле мен жездесі Сағидолла да елге сыйлы, абыройлы да, беделді жандар атанған.
Бағдаттың зайыбы Индира аса инабатты, кішіпейіл әрі ішкі рухани жандүниесі бай, көркіне ақылы сай нәзік жан. Жұртына деген ілтипаты өте жоғары. Ол да жоғары бiлiмдi маман. Бiр-бiрiне жарасқан жұптың ұл-қызы бар. Олар – мектеп түлектерi. Бағдатпен кездесiп, әңгімелескен сайын мен оны жаңа бiр қырынан танғандай боламын. Ол сондай кішіпейіл әрі мәдениеттi, ой-өрісі жоғары азамат. Елдік іске жүрегін беріп, білегін түріп атсалысатын азамат. Үнемі күліп жүретін, сыпайы да жұмсақ мінезі кім-кімді болса да өзіне тартып тұрады. Тағы бір жақсы қыры: қазақтың салт-дәстүр-ғұрыптарына жетік. Жөн-жоралғыны жақсы біледі. Үлкенді де, кішіні де сыйлау дағдысынан жаңылмайды. Айтқан сөзіне, уәдесіне берік. Кісімшілігі, астамшылығы жоқ, ғайбат сөз айтуды білмейді. Бір сөзбен айтқанда, қазақ бизнесінің, яғни, кәсіпкерліктің ұңғыл-шұңғылын жетік меңгерген жан. Ең бастысы, ол біреуге қолдан келгенше жақсылық, қайырымдылық жасауға асығып тұрады.
Бүгінде дүкендер мен базарларда құстың сүтінен басқаның бәрін ақшамен сатып алуға болады. Ал, керісінше, өмірде, яғни, адамдар арасынан пейіл мен ықыластың тарылып бара жатқандығын байқау мен пайымдау еш қиын емес жайға айналып отырғандығы өкінішті-ақ. Бағдаттың ұстанымы олардан мүлдем бөлек. Өйткені, оның тұнық бастауы, су ішкен бұлағы мөп-мөлдір. Іштарлықтан, қулықтан ада. Халыққа адал қызмет етуді ғана біледі. Өйткені, текті азамат тегіне тартпай тұрмайды ғой!
Қазіргі таңда кәсіпкер, сегіз қырлы, бір сырлы азамат Бағдат Ерділдаұлын ылғи жақсы қырынан көруге болады. Қанға біткен қасиет қай кезде де өзінің дегдар қасиетін жоғалтпауға тырысады. Мысал іздемей-ақ, ақ ниетпен айтатын болсақ, қазақ тарихында ерекше орыны бар би елші атанып, кезінде Кіші жүз ханы Әбілқайырдың Ырғыздағы ордасында қызмет еткен бабаларымыз Тәтімбет және Мәмбет Бұлғақовтардың алда болатын мерейлі шараларына бірінші күннен бастап кіріскен Бағдат ініміз өзінің көрегендігі мен кең жүректілігін және нағыз намысты азамат екендігін таныта білді. Атақты қос бабасының атындағы, яғни «Тәтімбет би – Мәмбет Аталық» қоғамдық қорына бірінші болып, 1 миллион теңге қаржысын аударып, елдік іске ұлкен қозғау салған еді. Ол ол ма, осы игілікті істің басы-қасында жүрген азаматтарға Алматы қаласындағы жекеменшік асханасын ұйымдастыру жұмыстары кезінде басқосуға беріп, өз есебінен оларға дастарханын жиі жайып та келеді. Бұл, әрине, айтуға оңай болғанымен, анау-мынау адамның қолынан келе беретін шаруа емес. Бағдат ініміздің осындай да Атымтай мырзалығы бар. Бұдан оның өз ұлтына, тегіне жанашыр, ұлтжанды азамат екендігін байқау қиын емес. Мұны рухани жаңғырудың белгісі деп те толық айтуға хақымыз бар.
Сонау 1830-1831 жылдарда билiк басқышына шыққан ұлы бабасы Қазанбас, одан кейiнгi Кiрекес атасы да көп жыл болыс, би болған кісілер екен. Қазанбас бабасы кіре тартып жүріп, шығысқа барғанында Абайдың әкесі Құнанбай қажымен кездесіп, жан аямас дос болыпты. Құнанбай қажы Қазанбас бидің шақыруымен Сырға, оның ішінде қасиетті Қармақшыға келген бір сапарында оның отанасының аяғы ауыр екендігін байқап қалып кетерінде:
«Қазеке, үйіңде бір жаңалық болайын деп тұр екен. Алла жазып, құрдас аман сау босанса, жаңа туған сәбидің есімін Кірекес деп қоярсын. Екеуміздің ең алғаш танысқан кездесуімізден бір ескерткіш болсын!» деген екен.
Сөйтіп досының сөзін жерге тастамай уақыты келгенде дүние есігін ашқан сәбиінің есімін отағасы Құнекең айтқандай, Кірекес деп қойған екен
Қайран, даланың данышпандары-ай, сыйластықты қатты қадірлеген олардың мәрттіктерінің өзі не тұрады?! Біз әңгімелеп отырған Бағдат Кірекесов сол Кірекес бидің шөбересі болады. Бергі атасы Ермахан, өз әкесi Ердiлда да ел сыйлаған Сыр өңіріндегі, оның ішінде қасиетті Қармақшының атақты, iрi тұлғалары болған кісілер еді. Елділда ағамызды өзіміз көрдік.
Қазақта «Тектіден текті туады, тектілік тұқым қуады» деген ұлағатты сөз бар.Осы тәмсіл, осы қасиетті сөз Бағдат бауырыма да тікелей арналып айтылғаны даусыз. Қазақтың осындай атпал азаматтары лайым көбейе берсін дегім келеді де тұрады.
Ибрагим БЕКМАХАНҰЛЫ
04 тамыз 2020 ж. 1 590 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№101 (10366)

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

Хабарландыру

Байқау

Байқау

24 желтоқсан 2024 ж.
Хабарландыру

Хабарландыру

18 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 094

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031