» » » Рухани жаңғырудағы өзгерістер – материя қозғалысының жемісі

Рухани жаңғырудағы өзгерістер – материя қозғалысының жемісі


Тіршілік пайда болып, адамзат өмірге келген уақыттан бері ол табиғатпен өзара тығыз байланысты. Адамды қоршаған барлық заттар үй, өсімдік, көлік құралы, су, ауа, дыбыс, жарық, жан-жануарлар, жәндіктер, насекомдар, атом мен молекула, радиотолқындар және тағы басқа физикалық денелер болып табылады. Бұл денелерді ғылым тілінде материя деп аталады. Материя біздің санамыздан тәуелсіз өмір сүреді, ол кеңістік пен уақыт арқылы өзгереді. Материя үнемі үздіксіз, тоқтаусыз қозғалыста өмір сүреді. Оның осы қозғалыстарының нәтижесінде ол бір күйден екінші күйге өтуі мүмкін немесе әсер етуші факторлардың әсерімен мүлде жаңа түрге, жаңа затқа айналуы мүмкін.
Адамды тірі ағза ретінде қарастырғанда, оның бойындағы қантамырларында қан үнемі қозғалыста болады. Жүрек бұлшықеттерінің жиырылуы арқылы қан оттегіні барлық жасушаларға жеткізеді. Жасушалар өз кезегінде жұмысын жақсартып немесе жасуша жасарып, тіршілік тынысын жасартып, жаңа күйге көшіп отырады.
Жалпы алғанда, бұл үрдістер табиғаттағы, ағзадағы биологиялық жаңарулар, физиологиялық жаңғырулар болып табылады.
Адамды да материя ретінде алатын болсақ, оның мақсаты алға қарай дамуға ұмтылған толассыз қозғалыс. Басқа тіршілік иелерінен адамның басты айырмашылығы – оның саналы тірлігінде, ой-өріс қабілетінде, өз санасында және қоғамда рухани жаңғыра алуы, өзгерістер тудыра алуы болып табылады.
Адам санасының жаңғыруы, сана сілкінісі, қоғамның жаңғыруы, рухани жаңғыру дегеніміз не? Біз мұны қалай түсінеміз және бұл бағыттағы әрекетіміз, тірлігіміз қандай болмақ?
2017 жылдың 12 сәуірінде жарық көрген «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында Елбасы Н.Назарбаев ұлттық сананы жаңғыртудың көптеген түйткілді мәселесін айқындап, сана жаңғыруының, саяси және экономикалық жаңғырудың өзекті тұстарын атап өткен еді.
«Елу жылда ел жаңа, жүз жылда қазан» дейді халқымыз. Тәуелсіз ел болып, тарихымызды танып, салт-санамызды түгендеп, Ана тіліміздің мерейін арттыруға талпынып, әлемдік көштен қалмауға тырысып келеміз. Кемшін тұстарымыз әлі де көп болса да, көш жүре түзелер деп бір елден ілгері, бір елден кейін ілгерілеудеміз.
Әлем бойынша қалыптасып, күллі адамзатты алаңдатып отырған қазіргі хал-ахуал, ғаламдық қасірет, тілсіз тажал рухани жаңғырудың дәл уақыты таянғанын көрсетсе керек. Бұрынғыдай алаңсыз күй кешу, аста-төк той тойлау, ұқыпсыздық, жайбарақаттылықтың заманы алыстап барады ма? деген ой туады.
Көптеген адамдар Алланың қаһарына ұшырадық, арды аяққа таптадық, мейірім мен махаббатты, обал-сауапты ұмыттық, көп күнәға баттық деген ой-болжамын алға тартуда. Алайда, өмірде қандай да бір түйткілдің, сұрақтың, мәселенің жауабы, шешімі бар екендігі кімге де болса мәлім. Адамзат жер бетіне жаратылып, тіршілік еткелі қаншама қауіп, қаншама сынақ, қаншама тар жол тайғақ кешу болмады десеңізші? Адамзат аштықты да, тоқтықты да, соғысты да, ауру-індетті де, қауіп-қатерді, небір нәубеті ғасырлар бойы басынан кешіріп келеді. Бірақ ол барлығына да бейімделе білді, барлығынан да өтті, асқақ рухымен, саналы тірлігімен, өрелі ақылымен, барлығын да жеңді, барлығын да артта қалдырды.
Кез келген індеттің таралуы кезінде ең алдымен тазалық пен тәртіп, карантин шараларын қатаң сақтау, дәрігер көмегіне дер уақытында жүгіну ерекше талап етіледі. Сақтансаң сақтаймын дейді Алла тағала. Әркімнің өз тағдыры өз қолында десек, әрбір адам өміріндегі кездескен жайттарға дайын болып, бейқам қарамауы, тіршілік үшін күресуі, әрине маңызды шарт.
Дүниені жайлаған қатерлі дертпен қазір адамзат әлем болып күресуде. Өлім мен өмір майданы, үміт пен күдіктің, ақ пен қараның алысуы жүріп жатыр, біреулер ауруды жеңіп айығып жатса, біреулер келместің кемесіне мініп кетіп жатыр.
Жоғарыда айтылған, мұндай ауыр жағдайларды адамзат басынан әр ғасырда кешіріп отырған. Ал ғылым мен білім, медицина қазіргідей дамымаған, бұрынғы уақыттарда біздің бабаларымыз осындай індеттердің қалай алдын алды, қалай қорғанды, қандай іс-шаралар жасады, өмірлерін қалай аман сақтап қалды деген заңды сұрақ туады.
Осы бағыттағы ойымды ортаға салып, оқыған-түйген, жинақтаған мәліметтеріммен бөлісейін.
Абай Құнанбаев Семейге келген бір сапарында елде оба ауруы тарап, адамдар, әсіресе әлжуаз балалар мен қарттардың ажал құшып жатқанын біліп, көзімен көреді. Халқының қамын жеген кемеңгер бұл індеттің алдын алып, дереу бір шара жасау керек деп ойлайды да досы Павловтың әйелі, дәрігер Александрадан ақыл-кеңес сұрайды. Ол кісі Абайға бұл аурудың Үндістаннан шығып, бүкіл әлемге таралып жатқанын, аурудың пайда болуы мен оның белгілерін айтып түсіндіреді. Ал індеттің жайылып кетпеуі үшін адамдар көп болып бір жерге шоғырланбау, яғни жиналмау керектігін баяндайды. Мұны түсінген Абай дереу өзі танитын Сармолла деген кісіні шақырып, оған халықтың көп жиналатын жерлерін азайтуды, яғни өлген кісіге шығарылатын жаназаға, құран қатымға халықтың өте аз жиналуын қадағалау қажеттігін айтып береді. Сармолла басқа да молдалармен ақылдасып, Абайдың айтқан сақтық шараларын ұғындырады. Сөйтіп елге Абай Құнанбайұлы бастаған топ аурудың алдын алудағы сақтық шаралары, көп жиналмау, әр адамның мүмкіндігінше өз үйінде болу керектігін жеткізеді. Осы шараның арқасында ел жағдайдың ауырлығын түсініп, айтқан ақылға құлақ қойып, ойын-тойға, өлім-жітімге көп болып жиналмай, нәтижесінде індет азайып, соңында тоқтайды.
Міне, осылайша, елінің амандығын, келешегін ойлаған ұлы ақынның арқасында індеттің беті қайтады. Бұл да дана ақынның өз заманында дер кезінде қимылдап, сананы сілкіп, рухани жаңғырту жұмысын жүзеге асырғаны деп білеміз.
Әл-Фараби ғылымды арифметикадан бастап, метафизикамен, яғни пәлсапамен аяқтаған дейміз. Ол барлық ғылымды жақсы көрді, барлығына қызықты, оларды зерттеп, әрбір салада өзінің өшпес ізін, туындыларын, мағыналы тұжырымдамаларын қалдырды. Музыкамен айналысып, дыбыстың қасиетін, дыбыс әлемін зерттеді. Адам өмірі үшін табиғаттағы 4 қасиетті нәрсені атады. Ғалымның зерттеуі бойынша олар от, ауа, су және жер болатын. Осылардың негізінде медицина, физика, алхимия ғылымдарымен шұғылданып, өзінің көптеген еңбектерін, тұжырымдарын дүниеге әкелді.
Адам өмір сүруіне, денінің саулығына, өмірінің мәнді-мағыналы болуына қатысты көптеген қорытынды жасады. Міне бұл да кемеңгер, қайталанбас ұлы тұлғаның өз заманындағы дүниенің рухани жаңғырып, әлем дамуының алға басуына қосқан өлшеусіз үлесі, есепсіз еңбегі еді.
Әр заманның өз ойшылдары елі үшін, жері үшін ерінбей еңбек етіп, тер төгіп, ұлт келешегіне, ел дамуына ерен еңбек сіңіргенін есте ұстағанымыз абзал. «Өткенге үңілмей, болашақты болжау мүмкін емес» дегендей, өмірден өтіп кеткен ғұлама бабаларымыздың өз заманындығы зиялы ойлары, құнды еңбектері, сана сілкіністері мен рухани жаңғыруға қосқан үлестері біз үшін үлкен өнеге, ұмытылмас дастан, ғибратты тағылым болып қала бермек.
Қорыта келгенде, көкіректі ашып, ойды оятып, біліміміз бен біліктілігімізді көтеріп, табиғат тылсымына терең үңіліп, әрбір індеттің ел болып алдын алып, санада сілкініс тудырып, сақтық шараларын сауатты түрде жүргізе білсек, қандай қиын қамалды да, төтеннен келген тажалды да қиратып, тоқтата аламыз деп сенемін.
«Жұмыла көтерген жүк жеңіл», «Төртеу түгел болса төбедегі келеді, алтау ала болса ауыздағы кетеді» дейді дана халқымыз.
Алдағы уақыттарда індеттің беті қайтып, еліміз есін жиып, өткеннен сабақ алып, қандай қиындыққа болсын тез бейімделе алатын іргелі де еңселі, мәңгілік ел болуымызды нәсіп еткей.
Адамзат үшін рухани жаңғыру өзгерісі, яғни материя қозғалысының жемісі де, жеңісі де міне осы болмақ.


Болат МАХМҰТОВ,
Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-дың
Технологияларды коммерциаландыру
офисінің басшысы, химия ғылымдарының кандидаты
21 шілде 2020 ж. 744 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№101 (10366)

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

Хабарландыру

Байқау

Байқау

24 желтоқсан 2024 ж.
Хабарландыру

Хабарландыру

18 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 081

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031