Елдігімізді ұлықтайтын мереке

Иә, азат елдің тарихында қас-қағым сәтте бой көтерген Елордамыз Алаш жұртының бағын жандырғаны айқын. Астана қаласының дамуы жас мемлекетіміздің тарихымен тығыз байланысты. Елбасы Н.Назарбаевтың Елорданы Ақмолаға көшіру туралы идеясына кезінде күмәнмен қарасақ, бұл күні жемісті жүзеге асты. Бас қаламыз арқылы Қазақстан әлемге танылды, экономикалық және саяси жаңғырулардың орталығына, халқымыздың мәдени өмірінің темірқазығына айналды. Бас қаланың әр кірпішін қалауға Тұңғыш Президентіміз бар күш-жігерін салды. Дамуына сүбелі үлесін қосты. Алатаудың бөктерінен Арқа төсіне көшіру арқылы біз тәуелсіздігімізді нығайта білдік. Рухани байыдық, жаңғырдық. Тарихымызға көз жүгірттік. Төл мәдениетімізді таныдық, ұмыт бола бастаған әдет-ғұрып, салт-дәстүрлерлеріміздің қайнар бұлағын аша бастадық. Былтыр Астананың 21 жылдық мерейтойын жоғары деңгейде атап өттік. Алайда жыл сайын тойланатын мереке биыл 22 жылға қадам басқанда әлемдік пандемияға байланысты дүркіретіп өтілмейді. Себебі қазір той-тойлайтын уақыт емес.
Әрине, тарих үшін 22 жыл зымыраған сынаптай. Десе де осындай аз уақытта сәні мен салтанаты жарасып сәулеті талайларды тамсандырған бас қаламызды тұрғыздық. Елорда Тәуелсіздігіміздің тірегіне, экономикамыздың жүрегіне айналды. Астана біздің еліміздің күш-қуатын әлемге танытқан қасиетті орда болды.
Күлжауһар Раева,
аудандық мәслихат депутаты