» » » Дәстүрге дем берген даналық

Дәстүрге дем берген даналық

Алланың берген өлшеулі ғұмырында әркім өз өмір соқпағын өзі сомдайды. Біреу – баршылықта шалқып тасиды. Бірі – таршылықта жасиды. Енді бірі – ұрпағымды жалғар балаға жетсем десе, тағы бірі –ауылдағы бейнетті тастап, қалаға кетсем дейді. Әйтеуір бір кем дүние. Тағы да ауылда жүрміз. Бұл жолғы міндет «Киіз үй тігетіндер, құнды жәдігердің қасиеті мен қадірін білетіндер бар ма екен?» деген сұраққа жауап іздеу. Бір кездері екінің бірі баспана тұтатын киіз үйді қазір саусақпен санап, жәдігер дейтін жағдайға жеткіземіз деп кім ойлаған? Білетіндер Ақжар ауылының ең жасы үлкен тұрғыны, 80-нен асқан Батыр ана Злихаш Тортаеваға жол сілтеді. Алайда, әкімдіктегі мамандар мақтауды сүйе бермейтін ананың газет бетіне шығуға құлықты емесін айтып кідіріп қалды. Біз де көзге көрінген киіз үйге кірмей кетпейтінімізді айтып тұрып алдық. Есігі айқара ашық тұрған үй алдында өңі солыңқы тартқан ана көңілсіздеу күйде. Қонақты төрге шығаратын қазақы әдетіміз бен әдебіміз емес пе? Иығында фотоаппараты, қолында қағаз-қаламы бар қыз-жігіттердің тілші екенін білген болар. Әуелі «үйге кіріңдер» деп киіз үйді нұсқады.


– Дәрі ішіп, демалып отыр едім. Келін, шайыңды қой. Балалар шаршап келген болар, – деді мейірленіп. Күн түсіп, ысып кетпесін деп түндігін жапқан киіз үйге кіріп ентігімізді бастық. Алдымызға әкелген сапар кесемен салқын айранды сіміріп салдық. Артынан сары май жағылған таба нанды жұқалап жеп, әңгімемізді бастадық. Ұртымызда құрт, қолымызда ірімшік.


– Кеш құрым қыздарым келіп, осы жерде абыр-сабыр қылды. Сандықтағы басқұр, баулардың бәрін шығарып, үйді безендіруге кірісті. «Тыныш отырғанда қайдан шығардыңдар газетті. Менен басқасын жаза берсін. 50 жылдан бері тігіп келген киіз үйім кімге жаңалық болыпты. Тіксек те, жықсақ та өзіміз үшін. Ұят болады, – деп ашыла сөйлеп, әңгімесін айта бастады.

17 жасында теңім деп қосылған тірегі Мұқаш Қойшығұловпен мағыналы ғұмыр кешіп, өмірге 11 бала әкелген. Жолдасы өмірден озған соң 7 қызы мен 4 ұлына қарашаңырақтың төрінде қарайып, қорған да қамқор болып отырған жайы бар. Бейнетті де көрген. Шаруашылықта таңдамай қолдан келер шаруаның бәрін істеген. 7 қанатты үйдің жасау жабдығы өз қолынан шыққан. Өрнек тоқу, киіз қарпу, текемет басу, тігін тігу осы кісіден қалған жұмыстар. Жасында істеген талай бұйым қанша жыл өтсе де сол қалпы сұлу сақталыпты. Егде тартса да үй тірлігінен қол үзбепті. Еңкейіп жүріп тамақ пісіреді, нан жабады. Дастарқанынан айран-қатығы, құрт пен майы үзілген емес. Жаз басталса жан-жақтағы ұл-қызы жиналып, үйді базарға айналдырады. Қыс бойы әжесі сақтаған сүр ет пен түрлі тәттілер осылардың сыбағасы.

– Киіз үйді тігуге үлкен күш керек. Менің денсаулығым жарай қоймайды. Дегенмен бала күнінен осы бір орында ақшаңқан киіз үйді көріп үйренген ұлдарым тікпеске қоймайды. Тал бесікте тербелген, тәй-тәй басқан сәбилік, тай мінген балалық шақтарының куәсі болған осы үйді елеусіз, ескерусіз қалдыру тек өзіміздің өткенімізге ғана емес, арғы-бергі аталарымыз бен бабаларымыздың салтына сатқындық жасаған сияқты көрінеді оларға. Көз майымды тауысып жасаған барлық бұйымның мұрагері де ұлдарым мен келіндерім ғой. Артымда қалар құнды естелік те осы болар, – деді апамыздың жүзі жадырап. Суретке түсіретінімізді білде ме «тұра-тұрыңдар» деп әдемі көйлегі мен ақ жаулығын тартып үлгерді. Тыл ардагерінің кеудесіне «Жеңістің 75 жылдығына» орай таққан төсбелгі күн сәулесімен шағылысып, жарқырай түсетіндей.

Байқап қарасақ, ата кәсіптен қол үзу – дәстүр мен салттан, тарих пен тамырдан, жосық пен жоралғыдан, болмыс пен бардан ажыратады екен. Жеген асымыз бен тұтынған затымыз біздің бет-бейнемізді, тұрмыс-салтымызды, сана-сезімімізді аңғартады. Злихаш ананың көзінің қарашығындай сақтаған әрбір құнды бұйымына қарап осыны аңғардық.

Қоғамды дәстүрлі құндылықтар сақтайды. Ал бізде ұлтты ұйытатын осындай құндылықтардың сетінеп бара жатқанын мойындауға мәжбүрміз. Иә, бүгінгі бесікті түзеу – елдің ертеңін күзетудің басы екенін ұмытпайық.

Гүлжанат ДҮЗЕНОВА

16 маусым 2020 ж. 997 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 066

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031