» » » Өз үйімізді мешітке айналдырайық

Өз үйімізді мешітке айналдырайық


Иә, інді мекен ететін тышқан жылы келер келместен бүкіл әлемге аты жаман індет тарап, бәрімізді інімізден шығармай тастады. Алдымен адамдар көп жиналатын орындардың жұмысына шектеулер енгізілсе, кейіннен бұл талаптар күшейтілді. Оқушылар ұзартылған каникулға жіберілді, студенттер ауылға қайтарылды. Жағдайдың күрделене түсуі оқшаулану (карантин) режиміне өтуді талап етті. Бұның барлығы елдің амандығына, індеттің таралуына жол бермеу мақсатында жасалған шаралар. Әр азамат бұл тиымдарды бізге жасалып жатқан қысым, ауыртпалық секілді қабылдамай, тиісінше, медицинасы мен әлеуеті дамығанына қарамастан, бейғамдықтың, әсіресе оқшаулануға мән бермей індетті өршітіп алған елдердің қателіктерінен сабақ алып, саналы түрде өз игілігіміз үшін қабылданып жатқан қарарлар ретінде қабылдауымыз абзал.
Ислам дінінде басты құндылықтардың бірі – Адам құндылығы. Осы орайда Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жанындағы Ғұламалар Кеңесі де елімізде індет алғашқы тіркелген күні-ақ таралуының алдын алу мақсатында, жұма намазының алдындағы уағыздарды қысқартып оқу секілді шараларды қабылдаса, ҚМДБ-ның Қызылорда облысындағы өкілдігі аудан, қала имамдарын шұғыл жинап, санитарлық күшейтілген режимге ауысуға тапсырма берді. Ал елімізде төтенше жағдай жарияланған тұста мешіттерде адам көбірек шоғырланатын жұма намазы мен бес уақыт намаздарға, сонымен қатар құдайы-асты уақытша тоқтата тұруға, сондай-ақ жаназа намазын тек жақын туыстарының қатысуымен өткізуге қатысты пәтуа шығарды. Кейбір адамдар марқұм болған жақынымыздың бейсенбілігі, қырқы, жылы немесе қайтыс болған күні еді хабарласып жатады, біз оларға төтенше жағдай аяқталғанға дейін кешіктіре тұруды, немесе садақаны пісіріп, тек дастарқан басында тарату міндетті емес екенін, шындығында Алла разылығы үшін деп садақаға шығарған болса, осындай кезде азық-түлік түрінде қайырымдылық жасаудың да сауапты іс екенін түсіндіріп, мешіт арқылы таратуды ұсынудамыз. Ал індеттің біздің өңірімізден де бой көрсетуіне байланысты карантин режиміне көшкенде мешіттің азан шақырудан өзге барлық қызметтеріне уақытша шектеу қойылды.
Талай жылдар дінімізге қысым жасалып, тәуелсіздік алып, асыл дінімізбен қайта қауышып, мешіттердің есігі айқара ашылған тұста қуанбаған мұсылман жоқ. Ал, қазіргі кезде осынау көзге көрінбейтін індеттің таралуының жолын кесу мақсатында мешіт есігінің келушілерге уақытша болса да жабылуын әдетте мешітке келмейтін адамның өзі ауыр қабылдауда. Бұл да болса ата-бабасынан қанына сіңген имандылықтың бір белгісі. Мешітті кие тұтуының бір көрінісі.
6 сәуірден бастап елімізде мектеп оқушылары қашықтан оқытыла бастады. Бұл оқшаулану кезінде баланы жалықтырмайтын, уақытын тиімді пайдалану, білімнен қол үзіп қалмау үшін жасалып жатқан амалдар.
Қазір әлеуметтік желілердің салтанат құрған заманы. Әрине жақсы жағы мен қатар жағымсыз тұсы да жетерлік. Сол желілер арқылы келген бір келемеж суреттерде үйдің сызбасын сызып, бір бөлмесін кафе, бір бөлмесін кинотеатр, бір бөлмесін сән салоны, балконын саябақ деп белгілеп қойғанын көргенім бар. Ал, біз, қазіргі таңда сол үйіміздің бір бөлмесін мектеп қылып алдық. Бұл өте дұрыс. Ендігі жерде мешіт жабық демей бір бөлмемізді өз отбасымызға арналған мешіт деп белгілейік. Ол жерде күнделікті өзімізше азан шақырып, бала-шағамызды жинап намаз үйреніп, Құран, хадис оқып, мұсылманша сауатымызды арттырайық. Қазіргі уақытта жоғарыда айтылған әлеуметтік желілер (YouTube, Facebook, Instagram) арқылы жүргізіліп жатқан онлайн дәрістерімізге қатысып, әрі қарай бала-шағамызбен талқылап, сұрақ-жауап қылып, пысықтап отырсақ нұр үстіне нұр.
Алда мұсылманның ең қастерлі Рамазан айы келе жатыр. Алла қаласа Рамазан айын мешіттерде тарауихпен қарсы алармыз деп үміттенгенімізбен, барлығымызға мәлім себеппен елімізде төтенше жағдай мерзімі сәуір айының соңына дейін ұзартылды. Сондықтан ұлық айды үйдегі мешітте қарсы алуға мәжбүрміз. Рамазан айы келерде мешіт имамы мен жамағаты ерекше көңіл бөліп дайындалады. Биылғы жылы Рамазан айын үйіміздегі мешітте, имамы (отбасы басшысы) мен жамағатын (бала-шағасы) рухани дайындықпен күтіп алуға шақырамын. Рамазан айында балиғат жасына толған, ақыл-есі дұрыс, сапарда емес дені сау адамға ораза ұстау парыз. Бұл індеттің оразаға еш кедергісі жоқ, әркім өз үйінен шықпай оразасын тұта береді. Тек осы немесе басқа да дертке шалдыққан науқастарға дәрігер-мамандар ораза ұстау денсаулығына зиян деген тоқтамға келсе дертінен айыққанша ораза ұстаудан босатылады.
Дініміз адам баласына жеңілдік қалайды. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Мен үшін бүкіл жер беті таза әрі мешіт қылынды» деген. Әдетте намаз оқу үшін дәрет алу міндет. Ал су жоқ кезде, немесе, су азғантай болып, ішу үшін ғана жетерліктей болса, бұл жерде де адамның шөлдеп зардап шекпеуін басты назарға алып, таза жер жынысымен дәрет алу ишарасын (тәяммум) жасап намаз оқуға рұқсат береді. Дәл сол секілді, жоғарыдағы хадиске сүйене отырып, өз үйіңіздің бір бөлмесін құттыхана мешіт қылып, ол жерде де Алланы ұлықтайтын болсақ, Жаратушының мейіріміне бөленеріміз хақ.
Күнделікті дүние үшін арпалыста бір-бірімізге көңіл бөлетін, намаз оқуды үйренетін, балаларға қарайтын уақыт жоқ дейміз. Барлық нәрсе өткінші, Алла қаласа бұл індет те бір күні тарихқа айналар. Сол кезде әдетте үйренуге уақытым жоқ деген істерімізді уақытымыз көп уақытта неге үйренбедік деп өкініште қалмайық.
Ардақты пайғамбарымыз (с.ғ.с.) «Алла Тағаланың беріп қойған, бірақ адам баласы қадіріне жете бермейтін ұлы екі нығмет бар: Бірі – денсаулық, екіншісі – бос уақыт» деген екен. Денсаулығымызды Алланың берген аманаты деп оқшаулану арқылы қорғап, бос уақытымызды да мейлінше саналы, тәрбиелі істерге арнап, қадіріне жете білейік. Хакім Абай: «Адамды сүй, Алланың хикметін сез» деген. Әр нәрседе Алланың хикметі болады, біз тек соны сезе білуіміз керек. Дәл қазіргі таңдағы оқшаулану, бос уақыт, біздің бір сәт тыныстап, өзіне, жан-дүниесіне, бір шаңырақта тұрып жатқан ата-анасына, бауырына, жарына, бала-шағасына көңіл бөлуді үйренсін, араларында лайықты сүйіспеншілік қалыптастыруымызға берілген мүмкіндік шығар.
Бәлкім, мен өзім кіммін, қазақпын ба? Қазақ болсам, қазақтың қанша мақалын білем, қанша жырауын білем, қанша салт-дәстүрін білем? Мұсылманмын ба? Мұсылман болсам қанша аят-хадис білем, Жаратушы Иемізді, пайғамбарымызды қаншалықты танимын? Ата-анамның алдындағы перзенттік борышымды шын мәнінде қаншалықты өтей алдым? Жарымды жеткілікті түрде бағалай алып жүрмін бе? Ағайын-туыс ше? Бала-шағамның тәрбиесі мен болашағына жеткілікті көңіл бөліп, ата-ана махаббатын сіңіре алып жүрмін бе? Әлде... Осы өмірлік маңызы бар дүниелерімізде олқылықтар болса орнын толтыруға Алла Тағаланың берген мүмкіндігі деп қарайық.
Қазіргідей оқшаулану кезінде үйден шығу қауіпті болғанымен, үйде отырып-ақ интернет арқылы әлемді шарлап қайтуға болады. Бірақ ол да сізге бейтаныс әлем. Ішінде дұрыс жолға бағыттайтынымен қатар, санаңызды улайтын, өз ұлтыңызға, еліңізге, дініңізге кереғар пікір қалыптастыратындары да көп. Сондықтан діни мәселеде тек Muftiat.kz, kazislam.kz, aqmeshit.kz сынды Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ресми сайттары мен әлеуметтік желілердегі ресми парақшаларына ғана жүгінуге кеңес беремін. Білмегеніңізді үйреніп, аудио-бейне уағыздар тыңдап, сұрақтарыңызға білікті дін мамандарынан тұщымды, пәтуалы жауап алып, рухани дүниеңізді байытып алуыңызға үлкен мүмкіндік
Сол үшін де індет деп үрейленіп, сары уайымға салынбай, бұл карантиндегі бос уақытты Алла Тағаланың нығметі һәм хикметі екенін сезініп, ертеңгі күнге үмітпен қарайық!

Жақсыбек қажы ӘБИҰЛЫ,
аудандық «Қармақшы ата» мешітінің бас имамы
18 сәуір 2020 ж. 1 204 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 062

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031