Таным-Таразы

ШӘКӘРІМ ШЫҒАРМАШЫЛЫҒЫНДАҒЫ «НӘПСІ» МӘСЕЛЕСІ
Нәпсі мәселесін Шәкәрім шығармашылығындағы басты ұғымдардың бірі болып табылады. Бұл қазаққа сіңісті болып кеткен сөздің төркіні арабтың нафс (жан) деген сөзі. Белгілі ислам ғұламасы Абул Хамид әл-Ғазали нәпсіні үшке бөледі. Жануарлық (ан-нафс ал-аммара бис-су – жамандық бұйырушы, әмір етуші), адамдық (ан-нафс ал-лаууама – мақұлдаушы, сөгуші) және жоғарғы, ұлық (ан-нафс ал-мутмаинна – тыныш). Бірінші жан – «ашу мен тілек күшін жинайды», ол адам бойындағы бүкіл жаман қасиеттердің басын құрайды, сондықтан да онымен күресу қажет. Екінші және үшінші жан – адамның ішкі – жоғарғы бастаулардың көрінісі. Тек «сөгуші жан» жануарлық жанға қарсыласып, оған кедергі келтірсе, ал «тыныш жан» — бұл «құдайдың әмірімен тыншыған», адамның адамшылық халінің ең биік шыңы.
Шәкәрімнің қазақ мәдениетінде нәпсінің табиғатын толымды түрде бірінші рет ашып көрсететін және онымен қалай күресуге болатынын айтатын әйгілі сыр сөзі бар. Енді сол өлеңнің толық мәтінін келтірелік, әрі қарай ыждағатты талдау нысанына айналдыру үшін:
«Бас көзімен қарасаң, нәпсі – жалған,
Бір сұлу қыз сықылды жұрт таңданған.
Анық ақыл көзімен қарағанда,
Өзін берер қалыңға ол қызды алған.
Қылықты қыз сияқты көрінсе де,
Өлшеусіз сансыз байдан жесір қалған.
Күнінде қызыл гүлдей жүз күлсе де,
Сырт айналса, жүрекке жалын салған.
Бас алуға жаралған бір жәдігөй
Өткір қылыш сықылды уға малған.
Өлмей адам осыдан құтылар ма,
Неге қылып жүргеміз өлімді арман?
Нәпсі үйінде байлаулы Ынсап жатыр,
Мұның емін, тегінде, сол аша алған.
Сопысынып, ақсынып әуре болмай,
Ер болсаң, босатып ал сол зынданнан.
Ақыл, ғылым әртүрлі айтса-дағы,
Жиыны осы сөзбен аяқталған».
Бұл өлеңдегі ең бірінші көзге ұрып тұрған нәрсінің табиғаты (нәпсі – жалған). Бірақ оның жалғандығы бас көзімен қарағанда ашылмайды, ол «сұлу қыз сықылды». Көзді арбап, көздің жауын алып, адамның есін шығарады. Адам еріксіз нәрсінің алдауына душар болады, торына түседі. Шәкәрім бұл жерде жоғарыда келтірілген нәпсінің қай түрін айтып отыр? Әлбетте, біріншісін – жануарлық нәпсіні. Ойшыл кейде бұл нәпсіні құмарлық деп те атайды («құмарлық деген бір ит бар»). Нәпсінің жалғандығы құмарлықтың табиғатында жатыр десе де болады. Адам бір нәрсеге құмар болса, сезімнің арбауына түсіп, құмарлық нысанынан басқа еш нәрсе көрмей қалады. Қашан енді құмарлығының құмары өтелгенше тыным таппайды («өзін берер қалыңға ол қызды алған»). Өтелген сәтте құмарлық нысанына көңілі суып, жерініп шыға келеді. Сол кезде адамның өзегін өкініш табы өртейді. Шәкәрімше айтсақ, «Сырт айналса, жүрекке жалын салған». Нәпсі құмары бір көрмеге сондай сұлу, мінсіз десе де болады. Абай ескертеді:
«…Біреуді көпкі бар деп жақсы көрме,
Лапылдақ, көрсе қызар нәпсіге ерме!
Әйел жақсы болмайды көркіменен
Мінезіне көз жетпей, көңіл берме!»
Қысқасы, бастағы көзге сенуге болмайды. Ол – алдайды. Ол – жалған: бастағы көз арқылы нәпсі (жануарлық жан, құмарлық) көреді. Ол сені алдап тұр. Шаруасын бітіріп алған соң айнып шыға келеді. Сөйтіп адам танымы қателікке ұрынады. Сондай бір нәпсі – жалғанның алдауына түскен қазақтың «сырқатынан» айығып, құмарлықтың мастығы тарқаған кезде шығарған бір мақалы бар: «Қыз күнінде бәрі жақсы, жаман қатын қайдан шығады» — деген. Ал шын мәнінде «жаман қатын» қыз кезінде де жаман болған; бірақ оны көретін көз қайда? Егер  ол жігіт бас көзімен қарамай, ақыл көзімен (жүректің көзімен) қараса, дәл мұндай опынатын жағдайға түспес еді.
Нәпсінің қорлығын әбден көрген жан одан құтылуды армандайды. Ол құтылуды Шәкәрім «өлім» деп атайды. Өлім болғанда, адамның өз өлімі емес, оның жануарлық нәпсісінің өлімі. Нәпсісі өлмей адам құмарлықтың азабынан әсте құтылмақ емес. Сондықтан ойшыл өлімді армандайды, нәпсінің қазасын аңсайды. Бірақ бұл оп-оңай бола қалатын шаруа емес. Оның да жөн-жобасы бар. Нәпсіден қалай құтылуды Ынсап біледі, бірақ ол нәпсінің үйіндегі зынданда жатыр. Енді қалай болғанда Ынсапты босатып алу керек, сонан соң ол нәпсіден құтылудың жолын көрсетеді. Құмарлық ауруының емін табады.
«Ынсап» — арабтың «инсаф» (екіге бөлу, ортасына дейін жету, әділ үкім жүргізу деген мағыналарға ие) деген сөзінің қазақша баламасы. Ынсап – Шәкәрімнің шығармашылығындағы басты мағынаға ие ұғымдардың бірі. Ынсапты ол кейде ақылдың көзі деп те атайды. Және оның басты қасиеті – әділдігінде: ол артық та қылмайды, кем де қылмайды, дәл ортасын табады:
«… Ынсап, рахым, ар, ұят, сабыр, сақтық –
Талапқа алты түрлі ноқта тақтық.
Алтауының ішінде ынсап әділ,
Өзгесінің тізгінін соған ұстаттық»
Ынсап деген аспайды, кем қылмайды,
Орнын таппай ол, сірә, қозғалмайды…
Сондықтан, сопысынып, ақсынып, әуре болмай, шын ер болсаң, нәпсінің зынданынан ынсапты босатып ал. Сонда ғана көздеген мұратыңа жетесің дейді ойшыл.

Омар ЖӘЛЕЛҰЛЫ
24 ақпан 2020 ж. 744 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№101 (10366)

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

Хабарландыру

Байқау

Байқау

24 желтоқсан 2024 ж.

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031