» » » ҚОСНАЗАР БАЛУАН

ҚОСНАЗАР БАЛУАН

1973 жылдыңқысайы. Біздіңауылдан 90 шақырымдайҚАШЫҚТЫҚТА «Шаңырақты» дегенжердеәкеміздіңбажасыДәменбаласыДүзелбайағамызҚарақа­лпақстанныңжылқысынбағып, қыстапотыратын. БұлкісілердіІзтелеубалаларыдепатайды. ІзтелеудегенкісіӘмуменСырдыңарасындаҚызылқұмдыжайлаған, өззаманындадәулетті, қолқайырымолбайкісіболыпөткен. Бүгінгіұрпақтарынандаырыс-несібеортаймағанқонақжайәулет. Жылдағыкәдесі, әкемізгеатағансоғыммалыналуғақарбасқан, ақшағылтөбеніетектейотырғанқыстауларынақораптымашинаменкеліптоқтадым. АлдымнанРаушанапамшығып (нағашыапамыз) бетімненсүйіп, үйгебастады. Үйтолақонақекен. Апамқұлағымасыбырлап:
– «Жаңаталаптағы» Қожа әкең келіп жатыр,–деп ескертті. Ол кісінің аты Қойшықара қожа деген кісі еді. Төрт Шөмекейге пір болған Ер Сейітпенбет әулиенің тұқымы, біз Ер Мағзаман әулие  бабамыздан тараймыз. Қуанып кеттім. Бұл кісінің мәжілісінде болу – іздесең таптырмайтын олжа. Елге келгенде құдайыжолы, ас-тойда сәлем бергенім болмаса, алқалы кеңесіне жолықпай жүр едім. Ұзын бойлы, жауырынды, сақал-мұрты қою, қасты, көзінің аласынан қарасы мол келбетті адам, қасындағы адамдардан молдас құрып отырғанда бір бас жоғары, еңсесі биік көрінеді. Үстінде қара шибарқыттан сырып тіккен жеңіл шекпен, ақ көйлек, басында тақияның сыртынан сәлделеп ораған ақ орамалы бар. Ішіндегі жеңсізі мен шалбары да сол қара шибарқыттан тігілген, аяғында мық шегемен бекіткен қонышты мәсісі бар, кең маңдайлы, сақал-мұртын жинақтап қойған атжақты жан еді. Қоңыр орнықты дауысымен әңгіме айтып отыр, басқа жұрт сілтідей тынып, назары сол кісіде. Сырттан жуынып-шайынып, іштегі әңгіменің бәсеңдеген тұсында:
– Ассалаумағалейкум! – деп кең бөлмеге еніп, қонақтарға оң жақтан бастап төрге қарай қол алысып жағалай амандасып, Қойшықара әкеме сәлем беріп, алдына жүрелеп отырдым. Сәлемімді ықыласты алды. Төмендеу отырған Шахар қожа ағамыз:
– Бапа-ау! Бұл бала Алмат қожаның немересі, Нұрмахан ағамыздың баласы Алмас деген ініміз. Жаңақалада тұрады, – деп таныстырып жатыр. Ол кісі қолымнан ұстаған күйі: - Бақытты бол, айналайын! Ордалы тұқымның баласы екенсің. Алмат қожа, Таспа қожа аталарың мына, «Мырзалының» мешітіне жерленді. Бұл әулет, кешегі әлеметшілікке дейін Аспанның Кедей аталығындағы Әйбек пен Бақаның шаңырағымен еншілес қожасы еді. Әкең Нұрмахан қожа Алмат әкеміздің тоғыз ұлының кенжесі, жасы кіші ініміз. Жарықтық сопы адам ғой. Әкеңнің нағашысы Баубек Қаратамыр Тамдыдағы Есіркеп те, өзіңнің нағашың Сыр бойында Қорқытта тұратын Семетей Қаратамыр Жиенбайдың баласы Төремұрат та балуан емес пе еді? – деп сұрақ қойды.
– Я, солай әке, – дедім.
Көкемді Сыр бойындағы жеңгелері «Кеңбалақ», келіндері «Кеңбалақ қайнаға» дейтін. Мұратбек ағамыз екеуміз шалқасынан аяғын айқастырып жатқанда балтыр етін бесік қылып тербетіп ойнайтын едік. Төртпақ, артық еті жоқ кісі, екі жағына аударылып-төңкеріліп жүретін. Отан соғысына 47 жасында алынып, Калинин майданында болған. Денесі оқтан шұрық-тесік болған жан еді. «Жасырақ уақытында балтырының етінен өкшесі жерден сынық сүйем көтеріліп жатар еді»-деп отыратын Қазына әжем.
Үй егесі Дүзелбай ағамыз қожаға жиен, бұл кісі де әңгімешіл жан:
– Қожеке, Төкең менің туған атам. Ол кісінің топқа түсіп, балуандыққа шыққанын естімедік, өзінен сұрай да алмай қалдық. Біз құмда, ол кісілер Сырда болды. Әңгіме болсын айта отырыңыз,–деп  жолға салды. Әкеміз мені оң жағына жайғастырып әңгіменің әлқисасын әріден бастады:
– Ақпатшаның заманы аяқталып келген тұста, Сырда Кете Шонайдың асына үш жүзге сауын айтылып, хабар таратылды. Елдің толық, берекелі уақыты. Шонайдың баласы Бектібай, бұл да халық меңгеріп тұрған белгілі азамат еді. Ол кезде біз Қуаң бойында Шөмекей Дөсек  «Ерімбет қажының» мешітінде отырамыз. Өзім, сол Ерімбет қажының іс-шаруашылығын меңгеретін кісісі болдым. Атаң Төремұрат Сырдағы Сарғасқа  Сәндібай қажының мен секілді сенімді жігіті болды. Шөмекейдің Бозғұл аталығынан қажылыққа барып келіп, еліне мешіт-медрессе салдырып, Алланың жолына бастаған осы екі кісі бір-бірімен өте сыйлас жандар еді. Сәндібай қажы Меккеге үш қайтара барды. Төремұрат екеуіміз түйедей құрдас едік. Қанша құрдас болсақ та «Қожеке» деп алдымыздан кесе өтпейтін. «Теңдікке көнгенімен, кемдікке көнбейтін» қайратты, қасқыр жүрек адам еді. Талай сапарлас болдық. Сол астың кеңесінде Кете, Шөмекей еншілес ағайын болып, астың «Ошағы» мен «Тоғашылығын» өз мойнына алды. Біз көрген дәрежелі астың бірі сол болды. Асқа Ақмешіттен, Байұлы Жаппас Мұңайтпас ауылының азаматтары бастаған ағайын түйе балуандыққа адам сайлап келген екен, күні бұрын жаршылар хабар таратып, дәрежелеп тұрды. Келесі күні майдан құрылып, түйе балуан ортаға шықты. Атағы алысқа кеткен, сол өнерді кәсіп еткен отыздың шамасындағы адам екен. Дақпырт та жаман, талапкерлер іркіліп тұрды. Қабырғалы ел қарап тұрсын ба, ошақтан Кете, Шөмекей адамын сайлап, науша жас жігітті шығарды. Екі балуан ұстаса түсіп бір-бірін жамбасқа алып қайырғанда, жас жігіт жолбарыстай жұлқынып, қарсы қайырып, қарсыласының ортан жілігін сындырып жеңіп кетті. Жиналған ел «Дөйт-дөйт!», «Майлыбайлап!» ұрандап жатыр. Сұрастырсақ сол жас жігіт, сенің атаң Бозғұл Төремұрат палуан болып шықты. Таныстығымыз да сол астан басталды. Сәндібай қажы болған жағдайды естіп, қатты қапаланып Төремұратқа бұл кәсіпті қойдырды. Одан соң, көп кешікпей 28-жылдың «Байталауына» түстік. Екі қажыны үкімет мал-мүлкін тәркілеп, жер аударды. Соңы аштыққа ұласып, ел қынадай қырылды. «Қожа менен молданы, қойдай қуып  айдаймыз» деген ұран пайда болып, «Құдайсыздар ұйымы» құрылды. Қожа, молданы тізімдеп қырып салды. Мына Алмат қожа балаларының, тоғыз ұлының Алпамыс қожа бастаған алтауы үкімет қолына түсіп, айдалып, атылып кетті. Алпамыс қожа халық жағында болып, үкімет адамдарына елдің жағдайын айтып қарсылық білдіріп, соңы бүліншілікке ұласты. Қазалыдан әскер келіп толқыған елді басып, отыз адамды айдап кетті. Белсенділер мен үкімет адамдары Жаңадария бойындағы Мырзалының мешітін үш ай бойына штаб қылып, мешіттің имамы Дінқожа ишанды өзі жетімдіктен жеткеріп, адам қылған Омар белсенді көрсетіп, 73 жасында мойнына шылбыр салып, шілденің күнінде Қазалыға жаяу айдады. Ел шетіне шығып, әрі қарай жүре алмай отырған ишанды сол жерде атып тастады. Ал, бұл кісі Бұқари-Шарифтің медіресесін тауысқан, білімдар кісі еді. Бұқараның ғұламалары мойындаған Мағзаман әулетіндегі Дастан ишан мен Дінқожа ишан еді. Дастан ишан Ауғанстанға өтіп кетті. Бұл кісінің ажалы осылай болды. Қасына үш күнге дейін әскер қойып, елге сүйегін бермей қорлап өлтірді. Үкіметтің адамы кеткесін халық жылап-сықтап жүріп жатқан жеріне жандарма қазып жерлеп, үстін томармен үйіп белгі қойды. Бұл кісілер таза дін жолында жан берген шейіт еді. Дінқожа ишанды үкімет атып өлтірді дегенді естіп «Қызылқұмның» ішіндегі ел дүрлігіп кетті. Одан соң «Балапан басына, тұрымтай тұсына» деген уақыт болып, елдің тоз-тозы шықты. «Шымбай жолының» екі бетінде, Қазалыдан Төрткүлге жеткенше «ақ сүйек» болып аштан өлген адамның сүйегі шашылып қалды. Соны көзіміз көрді.
Үркінді елдің алды Ауғанстан мен Иранға өтті. Берісі Тәжікстан мен Өзбекстанға шұбырды. Сарғасқа елі пір тұтқан Дәулетназар ишанның сүйегі Тәжікстанның «Қылалы қышлақ» деген жерінде қалды. Қалдан батырдың шақыруымен Бұқарадан әдейі келген қожа туысқанымыз еді. Сол замандары бас қайттап, елден қашып шықтық. Алла, ол заманның бетін әрі қылсын!.  Уақыттар өтіп, дүрбелең саябырсып ел «ТОЗ» болып, ұжшар болып бірігіп қайта бас қосқанда, 41-жылдың үлкен соғысы басталып, елдің бас көтерер азаматтары майданға аттанды. Қаншама жан мерт болды. Төрт жылғы соғыс елді есеңгіретіп кетті. Жетім-жесір жұрттың тойынғаны кеше ғой. Аллаға шүкір дейміз!-деп, кідірді. Сәлем беріп қол алғаным себеп болып, қаншама әңгіме естідім!? Ол кездің үлкендерінің кәдесі осылай еді.
Ақсақалдың әңгімесіне үй толы кісі ұйып қалды. Сөзді тағы үй егесі Дүзелбай ағамыз алып, әрі қарай сабақтады:
–  Қожеке, Сізді де балуан болған деп естиміз. Айып болмаса айта отырыңыз. Мереке болсын тыңдайық, қолға түсе бермейсіз?! -деп, маған қарап қуланып қойды. Қойшықара әкеміз де көп күттірмеді, әңгімені қайта жалғады:
– Жас шағым. Жігітті 25-тің сәдірмегі буатын уақыты болады. Тең келген төрт жігітке бой берместей күшім болды. Үлкен ақсақалдарымыз топқа түсіп күресуіме рұқсат бермеді.
«Айналайын, қожаның тұқымысың. Біреуге қолың батып кетсе нала  болады, өзің майып болып жатсаң да абыройсыздыққа ұшырармыз. Атаның жолын ұстап, халыққа зәбіріңді тигізбеңдер», – деп қойған еді. Ол кезде ас, той мерекенің көп болатын уақыты. Аспаннан Рамадин балуан, Кетеден Асан балуан, Әлімнен Тәжі балуан, Тоқада Төребай балуан, Керейтте Қосназар балуандардың дақпырты шығып тұрған уақыты. Бір күні іштегі елден хабар келді. «Іштегі ел» деп, Бұқара аймағы мен Шорақан, Төрткүлді мекендеген төрт Шөмекейдің елін айтамыз. Өрінде Жетіру-Керейт, Табындармен қоныстас, ойында Әлім-Төртқара, Қарасақалдармен қоныстас- Бай Шөменнің елі. Шөменнен Шөмекей туады. «Дөйт» ұранды Шөмекейден төрт бала: Тоқа, Көнек, Аспан, Бозғұл болып тарайды. Заманында ауызбіршілігі мол, бай, жомарт халық болып, ел аузында «Жусан азбай - жер азбайды, Шөмекей азбай – ел азбайды», – деген, мәтел сөз қалған. Қырда – өрінен, Тарғылдың тауын етектеп бір шеті арқадағы Бұлантты, Білеутіні жайлап, Торғай мен Қабырға  өзенінде Арғын, Қыпшақтармен қоныстас отырады. Ойында Алты Әлім ағайынымен қанаттасып, Қарақұм арқылы Мұзбелден асып, Ақирек, Атанбасты басып, Борсық құмын жағалап, Ырғыздың үстіменен Жаманқалаға (Орск) дейін жайлап қайтатын заман. Хабар жіберген «Іштегі елді» – Тауелібай деп атаймыз. Ол ел, сол жақтағы Ақтау, Боқантау, Тобаберген тауы, Нұрата тауы, Құлдың тауы деген шұрайлы қонысты мекендеген Шөмекейдің Аспан, Бозғұл аталығынаң қалың елі. Олар бізді Сыр бойының елі деп атайды. Ел ішінде дау, барымта-қырымта болмай тұрмайды. Ол жақтағы Шөмекейлердің үлкендері мәміле шығарып, біздің елге жіберген хабары: «Кімде- кім Керейт Қосназарды көрсе ұстап хабарын берсін. Қарсыласып жазым болса құнын өзіміз төлейміз!», – деген екен. Ол заманда елдің бай, болыстары адам жұмсап, жүйрік ат ұрлатады. Таудағы Шөмекейлерден екі ат ұрланып, бір адам мерт болады. Сол жұмысты Қосназардан көріп, жіберілген хабар біздің елге жетті. Бір сапары Шөмекейдің жігіттері Қосназардың Боқантауға келгенін естіп, суыт ізіне түседі. Қыстың айы, құрған қосына келсе бір күн бұрын Сырға қайтып кеткен екен. Қарулары сай оншақты жігіт ізін басып соңынан қуады. Жолдағы  Жаңадарияның  суы қатып көкше мұз болып жатқан уақыт. Ізін кесіп, «атының тағасы жоқ, мұзға қамалап ұстаймыз»,-деп қуып кетеді. Қосназар да ізінде қуғыншы барын біліп келеді екен. Жаңадария  бетпе-бет қатып, айдын мұзға жолығады. Алды мұз, арты қуғыншы Қосназар атты жығып төрт аяғын байлап, жиектен атты ер-тоқымымен көкше мұздың бетімен қара жерге аяғын тіреп сырғанатып атқанда дарияның арғы бетіне шығарады да өзі жаяулап кете береді. Қуғыншылар келгенде оқ жетпейтін жерге кеткен екен. Олардың да аттары тағасыз.
Қуғыншылар: – Ай, Қосназар,  бүгін ажалың жетіп тұр еді. Алқа топта халықтан алған батаң ғой осы жолы сені құтқарған», – деп айқайлап қала береді. Ол оқиғаға да бірталай заман өтіп кеткен.  Осы әңгіме ойымда бар, бір күні атты ерттеп сол Қосназарды не болса да көрейін деген ой келді. Адамнан туған - адам болса тәуекел! Сәті түссе күш сынасып қайтайын деп, жалғыз өзім жолға шығып кеттім. Жастықтың желігі, болмаса аласы-бересім жоқ. Керейттің елі Сырдариядан жарма тартып Аққұм,  Аққошқар деген жерлерді жайлап егін салып отырады екен. Сұрастырып келіп, жайлауда отырған он шақты үйлі ауылдың төріндегі балуанның ықшам тігілген алты қанат үйіне түстім. Сәлем беріп ішке енсем төрде төртпақ, жауырынды, жасы елуге таяу, иығына мауыты шекпен жамылған қара торы кісі отыр екен. Қол алысып амандасып:
– Қосназар аға боларсыз? Әдейі сәлем бере келдім, аға. Шөмекей Ерімбет қажының мешітіненбіз,-деп жөнімді білдірдім. Ол кісі:
– Болсақ болармыз. Сәлемші болсаңыз төрлетіңіз. Әулеттің  тұқымы екенсіз айналайын, қош келдіңіз!-деп, төрге отырғызды. Салмақты, сабырлы кісі көрінді. Сол уақытта бәйбішесі де ішке еніп, сәлемдесіп төменнен тізе бүкті. Үй егесі иегін қағып, қам жасай беріңдер деген ишара білдірді.
Әйел ізетпен үйден шығып кетті. Бойжеткен қызы бар екен, шәй-су дайындалып, мал сойылып, әне-міне дегенше ауылдың үлкен-кішілі азаматтары да дастархан басына жиналып қалды. Байқаймын келген кісілер де тұрпатыма қарап, тек жүрмегенімді сезді ме, әңгімеге сақтық жасап, сараң  сөйлеп отыр. Ел ішіндегі қауесеттен хабардар екені белгілі болды. Қонақасы желініп болғасын үй егесіне келген кісілердің үлкені:
- А.Қосназар, қонағыңыздың уақыты қалай екен? Бірталай елміз, арнайы сәлем бере келген туысқан болса, қыдырып бұйырған қонақасын жесін. Өзі қатарлы азаматтармен таныссын,–деп жол-жоба айтты. Оған балуан:
- Ат басын тірегені, арнайы келгені ғой. Азаматтармен елді аралап біліскені жөн,–деп қонақ егесі келісім беріп жатыр. Өз ойым: «Келген жұмысым күресу. Тәуекел! Екі-үш күн болайын. Орайы келер», - деп ақырын күттім. Балуанның жасы егде тартса да, тобы шағылмаған, бітеу мойын, кең жауырын, топшылы, бойы ортадан жоғары, төртпақ, атан жілік, мұзбел адам екен. Мінезі жайшылықта судың төменгі сағасындай тұп-тұнық болып отыр. Сонысымен-ақ көп нәрсені аңғартып отырғандай. Менде де баяғы бір «тәуекел».  Көзім көріп, үйренісе келе  өзіме-өзім дем беріп, нығая бастадым. Елді аралап азаматтармен екі-үш күн қыдырған соң  балуанның үйіне қайта келіп түстік. Тағы бір мал сойылып, елдің жақсылары жиналып, бұрынғыдай емес, жақсы мәжіліс басталып кетті. Мәжілістің соңын ала сөздің реті келгенде  балуанға:
– Қосназар аға, сый-сияпатыңызға рахмет! Өзіңізді көріп сәлем бердім. Рұқсат болса елге қайтайын? – деп  жауап сұрадым. Балуан да:
– Рахмет, айналайын! «Жақсы көрген қонағыңның бұйымтайын қайтарында сұра», – деген, келген жұмысыңды айта отыр,–деп  тоқтады.
Жастық шағында жігіттің тәубасынан бұрын, тәуекелі жүретін әдеті. Алқаға түскен ер ғой. Не де болса келген жұмысымды айтайын, – деп шештім. Ұмтылған ісімнен кейін қалған жерім жоқ еді.
– «Атағы шыққан ерді көр»деп ілгергілер айтқандай, аға келген жұмысым өзіңізбен күш сынасып қайту еді. Басқа шаруам жоқ,- деп тоқтадым. Келгеннен бері қызылсыраған құстай шүйлігіп, сол кісінің белінен бір ұстасып сілкіспей қайтқым жоқ. Үйдің ішіндегі әңгіме су сепкендей басылды. Біреуі таңырқап, біреуі түсінбей, біреуінің жау қабағы түйіліп тыныштық орнады. Өз ойымша «қорқып кейін қайтқандай болмайын» деп айтып үлгердім. «Тәуекел!» деп отырмын. Қосназар балуан менің айтқан әңгімемді естімегендей кейіп танытты. Сабаз, бұл да адам баласынан сескенбейтінін байқатты. Сәл үнсіздіктен соң:
– Қонақтарға сусын әкеліңдер, – деп  иек қақты. Екі жігіт керсенді ортаға қойып, сапырып қымыз құя бастады.  Салмақты тыныштық орнады. Сәлден соң қонақтардың алды  рұқсат алып тарап жатыр. Күн кешкіріп қалған уақыт. Далаға шығып бой жазып біраз жүріп қайтсам, сыртқа өре  киізді қабаттап жайып, үстіне төсегімді салып қойған екен. Қоржыным мен ер-тоқымымды бас жағыма қойып төсекке жайғастым. Келген жұмысымды айтып мойнымнан салмақ түскендей жайланып жатып, қалың ұйқыға кетіп қалған екенмін. Түннің бір уағында сол жақ балтырымнан біреу шеңгелдей бүріп, тік көтеріп бара жатыр. Тез есімді жыйсам, Қосназар балуан екен, үстіме төніп тұрған. Алағат бұлттан түскен айдың жарығынан байқағаным белін буып, жау киімін киіп алған екен. Аяғымды сілкіп тастап жіберіп, кейін қарай кете берді. Орнымнан атып тұрсам, атына мініп жорытып ауылдан шығып бара жатыр. Шалт киініп, жүгіріп барып атты ерттеп, ізінен мен де жүре бердім. «Елдің көзінен аулақ, түнде күресетін болдық-ау», – деп  келемін. Сол жүріспен қозы көш жерге жетіп, ауылдан ұзап кеттік. «Е, енді екеуміздің біріміз қайтармыз» деген тағы ой келді. Құмның ортасындағы тақыр ойдың арғы басына өтіп, қабаққа барып атынан түсіп ортаға қарай келе берді. Мен де бергі қабақтан аттан жедел түсіп, беліме тұсауымды байлап жүгіре басып ортаға ұмтылдым. Бір-біріміздің қарауытқан сұлбамызды тақырдың бетінен анық көріп келеміз. Келе ұстастық. Ұстасқаны құрысын, аяғым жерге тимей кетті. Қайырып жерге ұрғанда тақырға оң иығымды ала құладым, басым тасқа тигендей есеңгіреп барып өзіме зорға келдім. Бір қолым ғана білегінен ұстап қалған екен. Жұлқып орныма қайта тұрғызды. Сол кезде білдім, бұл адам Қосназар болмай шықты. Бағанағы Қосназар балуанның жалғыз қызы екен. Не болғанымды білмей қалдым. Қыз үн қатпастан, қайырылып атына мініп жорытып, қараңғылыққа кіріп ғайып болды. Менің күресімнің басы да, аяғы да сол болды. Сенің де, «тал тастау қылып» сұрап отырғаның сол әңгіме ғой!?–деп Дүзелбай ағамызға тесіле қарады. Дүзекең көзінің жасын орамалымен сүртіп сылқылдап күліп отыр. Әңгіменің әсерінен үйдің ішіндегі қонақтар гуілдеп кетті. Өзім болсам, Қойшықара әкеммен бірге «тақырға құлағандай» есімді жия алмай отырмын. Соншама еңбек, босқа кетті. басқаша аяқталуы керек еді. Қап!? Жұрттың күлкісі де қытығыма тиіп бара жатыр. Шыдамай:
– Әке, ол қызға қайтып бардыңыз ба? – деуім сол, үйдің іші қайта күлкіге басты. Дүзекең:
– Ол қыз, әкеңді ауылының жарты жолына дейін шығарып салған жоқ па?! – деп, күлкіні қоздыра түсті. Қойшықара әкеміз маған бұрылып:
– Шырағым, бағанағы бас жағымдағы қоржыныма қайтып бара алмай сол бетінде елге келдім.
Алланың құдыретімен, адамды-құрсағында көтеріп, ішінде жаратқан анаңның күші – бір адамның күшіне қарай ма шырағым?!. Әйел затының бір мықтысын көрдік. Кешегі ашаршылықта ауылды асырап аман алып қалған әйелдер болды. Ерлерінің бәрі бас сауғалап кетті. «Ер таппаған ақылды қатын тапты, ер шаппаған қамалға қатын шапты»,-деген заман болды шырағым!? – деп сөзін аяқтады. Тыңдаған жұрт саябырсып, сабасына түсті. Өзім терең ойланып, жылқыдай жусап қалдым.
Алмас АЛМАТОВ
17 ақпан 2018 ж. 1 721 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 031

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031