» » » «Күмісай» әні немесе белгілі жырау Алмас Алматов шерткен сыр

«Күмісай» әні немесе белгілі жырау Алмас Алматов шерткен сыр

– Сыр сүлейлері шоқтығының көрнекті өкілі, атақты жырау, ақын әрі сазгер, Тұрымбет Салқынбайұлының сенімді ізбасарының бірі – Балқашбай Жүсіпов кезінде халыққа кең тараған бір термесінде: «Тұрымбет – ән атасы Кіші жүзде, тоғытқан әннің кесте көп өрнегін» деп ерекше бағалаған. Менің өз басым Тұрымбет жыраудың мақамдарын, әсіресе өзгеше мәнермен орындалатын «Күмісай» әнін жыраулық, әншілік репертуарымның басты арқауы санаймын. Бұл кісінің әндерін біз бала жастан жаттап өстік. Шіркін, Тұрекеңнің «Күмісай» әні бір керемет дүние ғой! – деген-ді бірде Қармақшыда өткен бір алқалы жиында Алмас Алматов тебірене әңгімелеп.

– Бұл әннің шығу тарихының өзі қызық. Жас кезінде Тұрекең, менің жарықтық нағашым өзбек елінің Тау-Елібай жерінде (Тамды ауданы) жүргенде, бір байдың өзге бір ауқатты кісінің бала¬сына айттырып қойған бойжеткен қызына ғашық болған ғой. Соны біреулер «Тұрымбет байдың қызымен әуей болып жүр» деп Сырдағы туыстарына жеткізеді. Бұл жақтағы ағайындары, әсіресе ақса¬қалдар жағы қауіп ойлап, Тұрымбеттің елге оралғанын жөн көреді. Ата сөзін жерге тастамайтын заман. Содан Бала жырау елге оралады. Сонда түйеге мініп елге көш басын бұрған беттегі Тұрекеңнің ғашық жарымен қимай қоштасқан әні – осы « Күмісай» еді…
Бұл әңгімеге мен ертеректе Қармақшы өңіріне белгілі шебер етікші, көне сөзге жүйрік Қисықтың Оспанынан қаныққан едім, – деп Алмас жырау сөзін одан әрі жалғастырған-ды.
– Ол былай болған. Әскер қатарынан оралған кезім. Ол кісінің өзі домбыраны солақай тартады, мәсіні де солай тігеді. Бастапқыда біреуден: «Қисықтың Оспаны Тұрымбет жыраудың «Күмісай» әнін жақсы біледі екен» дегенді естігенмін. Тұрымбеттің көзін көрген ғой. Оспан етікшіге қалай жағудың жолын қарастырдым. Құр қол барсам өзім де құр қол қайтуым мүмкін. Содан әуелі жөн білетін Сұлтан Сармолдин деген ағамызға барғанды жөн көрдім. Ол кезде Сұлтекең Қармақшыда, аудандық мәдениет үйінің директоры. Кеңсесіне барсам, қабырғада тізіліп тұрған су жаңа домбыраларға көзім түсті. Іздегенім алдымнан табылғанына қуанып, көз айырмай қарап қалыппын. Сұлтекең соны сезді білем:
– Қожеке, жай жүрсің бе? Райком шақырып жатыр еді, – деді қулана жымиып.
– Сұлтеке, мына домбыраның біреуін маған берші.
– Оны қайтесің?
– Бір Қаратамырға ат ғып мінгізем, нағашым еді… ( Ол кезде домбыра ескі ақшамен 22 сом тұрады).
– Кімге?!
– Қисықтың Оспанына…
– Немене, мәсі тіктіріп алайын деп пе едің?
– Жо-ға…Осекеңде Тұрымбеттің «Күмісай» әні бар екен. Соны үйренейін деп…
Байқаймын, Сұлтекең ойланып қалды. Бір кезде ол күлді. Сонаң соң:
– Әй, қожам-ау, бұл дегенің үкіметтің мүлкі емес пе?
– Үкіметтің мүлкі болса, сендерге беріп жатыр ғой. Сендерге бергені – біздерге бергені емес пе?!
Ақыры болмай, бір домбыраны алып кеттім. Айдап отырып Қисықтың Оспанының үйіне келдім. Аласалау үйдің құрқылтайдың ұясыңдай бір бөлмесінде өзінің үйреншікті кәсібімен айналысып отыр екен.Тозығы жетіп, әр жері жұлым-жұлым болған аяқкиімдер жан-жағында үйіліп жатыр. Жөндегенін жоғары жерге іліп қойыпты.
– Ассалаумағалейкүм! – деп кіріп барған менің сәлеміме басын көтеріп, аузын жыбырлата ажырая қараған етікші қарт:
– Уа, қай баласың? Сәлемші болсаң төрге шық! – деді тігіп отырған мәсісін былай ысырып қойып.
Мен жөнімді айттым.
– Е, айналайын, сен екенсің ғой. Әскерден аман-есен оралғаның дұрыс болған. Менің тірлігім осы ғой… Қатын жоқ. Қорадағы малдың біреуі Қожа- ныкі. Қонақасыңды жеп кет…
– Рахмет! Алла разы болсын, Осеке! Нағашымсың ғой… Сізге ат мінгізейін десем, оның реті жоқ. Мына домбыраны сыйлайын деп келдім.
– Өйбу, не ғыл дейт…
Домбыраны қолына алып, құлағын бұрап солақай тартып көрді.
– Тәуір домбыра ғой мынау… Ой, айналайын, талап оң болсын! Ал енді менде нендей бұйымтайың бар?
– Тұрымбет жыраудың әні «Күміcайды» сұрап келіп отырмын…
Содан көңілденіп домбыраны қолына қайта алды. Жіңішке мойын домбыраны өз ыңғайына бағындырып, солақай шертіп, біраз ыңылдап отырды. Неткен үн, сұлу ырғақ! Тыңдаған сайын елтіп, емініп барамын. Әп-сәтте әннің әуезін де, сөзін де жаттап үлгердім. Осыны сезген етікші қарт енді мені тыңдауға пейіл танытты. Оның солақайын оңқайға тез бұрып алып, өз пернемді дөп басқаннан кейін мен де тұңғыш рет «Күмісай» әнін нақышына келтіріп, шырқап жібердім. Бақсам, Қисықтың Оспаны екі көзінен жас парлап жылап отыр.
– Аға, неге жылайсыз? – дедім дұрыс айтпадым ба деп ыңғайсызданып.
– Айналайын Алмасжан, көсегең көгерсін, ілезде қағып алдың ғой… Тұрымбеттің әні өлмейді екен, алысқа самғайды әлі! Сол бақытты сен көресің! Соған енді көзім жетті. Артыңда ұрпағың өсіп жетіле берсін! Менің беретін батам осы, қарағым!
Қайран дуалы ауыз қарттарым-ай! Қисықтың Оспанының айтқаны келді.
1982 жылы сол Осекеңнен үйренген, Бала жырау атағы күллі Сыр бойына, Арқа, Ырғыз өңіріне, Өзбекстан, Қарақалпақстан, Түркіменстан жеріне кең тараған Сыр сүлейі Тұрымбет Салқынбайұлының «Күмісай» әнін қазақ өнерін шетел жұртына таныстырып, кеңінен насихаттау мақсатында ұйымдастырылған бір үлкен мәдени шараның шеңберінде мен бекзат Париж қаласында орындау құрметіне ие болдым. Сонда жалғыз Тұрымбет емес,Тұрмағамбет ақын, Базар жырау шығармаларының бал-шырындарына, бір сөзбен айтқанда, Сырдың сұлу мақамдарына париждіктердің құмарын әбден қандырғандай болдым. Мұны мен даңғайыр бабаларымның мейір, шапағаты, олардың аруақтарының өзімді қолдағаны деп әрдайым перзенттік шынайы көңілмен тебірене еске алып жүремін…
Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, Қазақ ұлттық өнер университетінің профессоры, «Парасат» орденінің иегері, жырау Алмас Алматовтың осы айтқан әңгімесін әйгілі Сыр сүлейі, кезінде Бала жырау атағымен дүйім елге танымал болған Тұрымбет жырау Салқынбайұлының туғанына 150 жылдығы қарсаңында оқырмандар назарына ұсынуды жөн көрдім.
Тұрымбет жырау 1868 жылы Сыр өңірінің Қар¬мақшы топырағында дүниеге келіп, 1946 жылы осы ауданның «Бозарқаш» колхозында (қазіргі Ақтөбе ауылы) қайтыс болған. Әдеби мұралары жи¬нақталып, «Талайды таңырқатқан жырау едім», «Атан¬дым жас күнімнен бала жырау» атты жыр, толғау кітаптары жарыққа шыққан. Сыр өңірінде атақ¬ты жыраудың туғанына 125, 140 және 145 жыл толуына орай мерекелік шаралары кең көлемде атап өтілді.
Алты Алашқа танымал игі жақсыларымыз бен жайсаңдарымызға, оның ішінде өнердегі дарабоздарымызға мейлінше құрмет көрсету біздің елімізде Тәуелсіздік таңы атып, көк Туымыз көкке желбірегеннен бері ерекше жанданып, жаңа мазмұн мен жарасымды сипатқа ие бола бастағаны көңілге қуаныш нұрын ұялатады. Мұның жарқын мысалын «Сыр елі – жыр елі» атанған Қызылорда облысының өмірінен жиі көруге болады.
Осындай игі шара атақты жырауды еске алу мақсатында 2013 жылы туғанына 145 жыл толуына орай жыраулар Отаны атанған Қармақшы ауданында «Тұрымбет – ән атасы Кіші жүзде» деген облыс жырауларының фестиваліне ұласқан еді. Мұндай маңызды шараның жиі ұйымдастырылуы – асыл өнердің онан сайын жандануына, жас ұрпақты тілді, ділді, өнерді қастерлеу рухында тәрбиелеуге игі ықпалын тигізері даусыз.
Тұрымбет жырау Салқынбайұлының «Күмісай» әні Сыр бойында, басқа да өңірде жыршы, жыраулардың орындауында жиі айтылады. Өнер – халықтыкі. Оның басқа да аймаққа кеңінен тарағаны абзал ғой. Осындай мақсатпен мақаламыздың соңында «Күмісай» әнінің толық мәтінін оқырмандар назарына ұсынуды жөн көрдік. Ән 1896 жылы Тау-Елібай жерінде (Өзбекстан, Тамды ауданы) дүниеге келген.

Қош, аман бол, Күмісайжан, жолыққанша,
Мал, перзентке ер тоймас молыққанша.
Өлгенше қызметіңді ұмытпаймын,
Шау тартып жас елуге толыққанша.

Қош, аман бол, Күмісайжан, көріскенше,
Естең кетпей жүрерсің көніскенше.
Білерсің қадір-мәулен кім бар, кім жоқ,
Енді айналып қолыңнан шай ішкенше.

Қош, аман бол, Күмісайжан, жолыққанша,
Мал, перзентке ер тоймас молыққанша.
Шойтық желке, тар мықын біз бедеу ат,
Шаршамайтын торығып, зорыққанша.

Күмісайжан, біздер көштік Сырға таман,
Армансың, қолды бұлғап құмда қалған.
Дүнияда бай болғанмен пайдасы не,
Айрылсаң жаның сүйген ғашық жардан.

Ибрагим БЕКМАХАНҰЛЫ 
18 қараша 2019 ж. 1 612 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 027

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031