» » » Інжу терген тереңнен

Інжу терген тереңнен

Асылы, адам бойындағы ізгі қасиеттің бірі – халыққа ететін қызметін қарабасының күйбеңінен жоғары қойып, белгілі бір мақсатта тынымсыз еңбек ету, сол жолда аянбай тер төгу болса керек. Өнер қуу, техника мен жаңа технологияның жетістігін меңгеру, мансапқа ұмтылу, ғылыми ізденіске қадам ұру сияқты адам алдындағы толған таңдау мен мақсатқа қол жеткізу кімді де болса халық алдында құрметке бөлейді, танымалдыққа жетелейді.
Алты асуды артқа тастап, жетіншісіне табан тіреген Темірханның ғибратқа толы ісі мен мазмұнды тірлігі, әдеби, ғылыми ортадағы абырой- беделі Ақжардың асыл топырағына аунап өскен, «Бестам мектебі» деп аталған ұлағатты ұядан түлеп ұшқан азаматтардың мақтанышына айналған бұл күнде.
Өткен ғасырдың елуінші жылдарының аяғында мектеп табалдырығынан имене аттап, екі сыныпқа бөлінген елуге тарта баланың ішінде қалың қабақты, қақпақ жауырынды осынау қара бала «болар баланың» кейпін танытып, ерекшеленіп тұратын. Сондықтан болар Таян ағайымыз «Сақаев класком болады» деп белгілеп, біздің сабаққа қатысуымыз бен тік тұрып, түзу жүруімізді осы Темірханға бақылатып қоятын.
Кардон қағаздан бесжұлдыз етіп қиылып, қызыл шүберекпен қапталған омырау белгіден бастап, алдыңғы жағы ұзынды-қысқалы болып алқымға түйілген қызыл галстук таққанымызға, комсомолдық билет, партиялық билет атанған қатырма қағаздардың төсқалтадан орын алғанына мәз болған заманды да бірге өткіздік.
Қызылорда қаласындағы Н.Гоголь атындағы педагогикалық институтты 1972 жылы бітірген ол еңбек жолын аудан орталығынан шалғай жатқан Қуаңдария ауылындағы №186 орта мектепте қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болудан бастады. Шәкірті ұнатқан мұғалімін ата-анасынан артық көретін, ұстазы шәкірт десе ішер асын ұмытатын, сыйластығы мол, татулығы тәтті мажыражай уақыт еді сол бір кез.
Жас қосылған жұбайы Сәпура ауылда клуб меңгерушісі, Темірхан мұғалім болып, екі өнерпаз ауыл мәдениетінің ұйытқысы болған сол жылдарды қуаңдариялықтар әлі ұмытқан жоқ. Бірі – ән айтып, екіншісі – баянмен сүйемелдеп, жастар кешінің көркі болған, ойын-сауықтың көрігін қыздырған екі жас арада екі жылдың қалай өткенін білмей қалған. 1974 жылы институттағы ұстазы, үлкен ғалым Әуелбек Қоңыратбаевтың қолдауымен Қызылорда қаласына ауысқан Темірханмен қуаңдариялықтар қимай қоштасып еді-ау!
Қызылордадағы №10 Алтынсарин қазақ орта мектебінде, одан соң педагогикалық институттағы «Бастауыш оқытудың педагогикасы мен методикасы», «Қазақ тілі әдебиеті» кафедраларында жұмыс атқарған уақыт оның ғылыми карьерасының бастауы болған жылдар еді деуге болады. Алғашқы мақалалары мен ғылыми конференцияларда жасаған баяндамаларынан-ақ оның болашақ бағдары айқындалғандай болатын. Арамыздан шыққан талантты әдебиетші, болашақ үлкен ғалым, шәкірттерінің зор ілтипатына ие болып, аты ауызға іліне бастаған жерлесін ақжарлықтар мен Қуаңдария ауылы сол кезден-ақ мақтан тұтатын.
Төлқұжатына өзінің тегі мен атын, әкесінің атын Тебегенов Темірхан Сақаұлы деп жаздыруы да Темірханды өзгелерден ерекше етіп көрсететін қайталанбас бір қыры деп білемін. Себебі Тебеген мен Сақа ағалы-інілі адамдар. Әкесі Сақадан бірінші сыныпта оқып жүргенде айырылғанына қарамастан есею жылдары оған сонау қуғын-сүргін жылдарының құрбаны болған әкесінің ағасы Тебегенді де ұмыттырмады. «Тебегенді де елі ұмытпасыншы, Қожаназардан тараған ұрпақтар сабақтастығын осылай жалғайыншы» деген ізгі арман кәмелеттік аттестат пен азаматтық жеке құжатын алар кезде жас жігітті осындай шешімге келуге итермелеген еді.
Ғылым жолындағы кандидаттық диссертациясын «Ақындық дәстүр және Нартай Бекежанов поэзиясының ерекшелігі» тақырыбында қорғауының өзі 1987 жылдары «әлі де болса кібіртіктеп, жазыла алмай жатқан» Сыр сүлейлері деп аталған шайырлардың, ақиық ақындардың, жыршы термешілердің елге танымал болуына елеулі үлес қосқан ғылыми қадам. Жас зерттеушінің бұл қадамын С.Киров атындағы Қазақтың Мемлекеттік университеті жанындағы мамандандырылған кеңес мүшелері бірауыздан қолдап, кандидаттық ғылыми дәрежесі Жоғарғы Аттестациялық Комитеттің шешімімен мақұлдан-ды сол жылы.
Жыраулар поэзиясының дамуына, Сыр бойы жыршы-термешілерінің бүкіл қазақ, туыстас түркі елдеріне танымал болып, жұртшылықтан лайықты бағасын алуына әр кездерде үлкенді-кішілі аудиторияларда, концерттік залдарда домбыра ұстап шығып, көрерменін дүр сілкіндіру аз. Сондықтан ақындардан қалған ой маржанын, сүлейлерден мирас болған сұлу сөз бен әсем әуезді сүзгіден өткізіп, ғылыми тұжырым жасау, әдеби айналымға ендіру қажет екенін сол кезде-ақ түсінген ғалымдардың бірі деп білемін Темірханды.
Бұдан әрі 1991 жылы КСРО халыққа білім беру мемлекеттік комитетінің шешімімен «Қазақ тілі әдебиеті» кафедрасының доценті, «Қазақ әдебиеті және араб тілі» кафедрасының меңгерушісі сияқты лауазымға ие болғанын айтпай-ақ, ана тілімізді дамыту жолында ұйымдастырылған облыстық Құрылтайдың шешімімен халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының республикалық басқарма мүшесі, облыстық басқарманың төрағасы қызметтерін қоғамдық негізде атқарғанынан хабардар ете кетуді жөн көріп отырмын.
1991 жылдан Алматы қаласындағы Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінің «Қазақ әдебиеті» кафедрасының доценті бола жүріп, «Ақындық поэзиядағы фольклор мен әдебиет дәстүрі» тақырыбында докторлық диссертация қорғады, осы кафедраның меңгерушісі ретінде көптеген ғылыми ізденістер жасады. Нәтижесінде оның жетекшілігімен 1 докторлық, 13 кандидаттық, 7 магистрлік диссертация қорғалды. Ғылым жолындағы 21 адамның бағын ашты, ағалық ақылын айтты, аталық батасын берді.
Аз десеңіз де, көп десеңіз де осы жылдар ішінде ғалымның 500-ден астам ғылыми мақаласы жарық көрді. Ресейде, Татарстанда, Башқұртстанда, Қырғызстан, Өзбекстан Республикалырында, Қытайда, Түркияда, Болгарияда басылған 15-тен астам мақаласынан ғалымның басқа елдердегі әдебиетші, тарихшы ғалымдармен үзбей байланыс жасап тұратынын көруге болады. Көршілес, туыстас елдермен ортақ ғылыми орта қалыптастыруға, ортадағы достық қарым-қатынасты нығайтуға атсалысты десек, қателескен бола қоймаспыз.
Оқырман көпшілікке, жоғары оқу орынының студенттеріне, мектеп оқушыларына арналған 15 кітап, 5 монография, 11 оқулық, басқа да авторлық бағдарламасы тынымсыз ізденіс пен маңдай терлеткен еселі еңбектің нәтижесі.
Ал еңбектің бағалануына келсек, Жамбыл атындағы халықаралық сыйлықтың, Түркі әлемі халықаралық «Қызыл алма» сыйлығының лауреаты атануы, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің «Ы.Алтынсарин» медалі, Қырғызстан Республикасының «Тоқтоғұл Сатылғанов-150» мерекелік медалі, «Бейбітшілік әлемі» халықаралық қазақ творчестволық бірлестігінің «Ел ардақтысы» медалі, Қорқыт ата атындағы Қызылорда Мемлекеттік университетінің «Үздік түлек», Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінің «Абай» мерекелік медальдары оның ғылыми көкжиегінің ауқымы кең, ішкі, сыртқы ортамен байланысы мол екенінен хабар береді. Өзі болса, күнбе-күнгі тірлікте «Қармақшы ауданының құрметті азаматы» төсбелгісін омырауынан тастамайды. Мұның өзі оның туған елге, өскен жерге деген ыстық ықыласының айшықты белгісіндей.

Шегебай ҚҰНДАҚБАЕВ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі
22 қазан 2019 ж. 696 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№101 (10366)

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

Хабарландыру

Байқау

Байқау

24 желтоқсан 2024 ж.

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031